Дариғаны идеал тұтқан Райымқұлованың ендігі халі не болмақ?

  • 01.06.2020
  • Malim Админ

Мамыр айының соңғы күндері еліміздің мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға оңай тимегені анық. Министр боп тағайындала салысымен 3 300-ден астам терминді өзгерту туралы бұйрыққа қол қойып, көпшіліктің талқысына түсіп, басы дауға қалған Райымқұлова аузы күйген үрлеп ішедінің керін келтіріп, өте сақ қимылдауға көшкен еді. Алайда соңғы аптада бұл министрлік ақпарат құралдарының аузынан түспеді.

Алдымен осы министрлікке қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы тергеуге алынды. Ол мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуге, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызмет) актілеріне қол қоюға көмектескені үшін аса ірі мөлшерде пара алған деген күдікке ілінген. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров хабарлады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуге, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызмет) актілеріне қол қоюға көмектескені үшін аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша, сондай-ақ жалпы қамқорлығы пен салғырттығы үшін «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», – деді ол агенттік алаңында өткен онлайн брифинг барысында.
Артынша Спорт комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Нақтырақ айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары 380 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды.
Олар Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернаты» РММ-нің 300 орынға арналған оқу корпусы» құрылыс объектісін салу кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін мердігердің шотына 380,8 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын аудару арқылы жымқырған көрінеді.
Бұл жәйт Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің шымбайына қатты батса керек, комитет төрағасы егер орынбасарының жемқорлық қылмысын жасағаны дәленденсе, қызметінен кетуге дайын екенін бірден айтты.
«2018 жылы мектеп интернатының құрылысы басталды. 2019 жылы аяқталуы тиіс болатын. Сол жылдың аяғында біз келісімшартты өзгерттік, биыл жыл соңына дейін құрылыс аяқталуы тиіс. Қазір орынбасарыма қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді біз соттың шешімін күтеміз. Егер оның кінәсі толық дәлелденген жағдайда, мен өтініш жазуға дайынмын» деді комитет басшысы Серік Сәпиев.
Дәл осы кезде Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізіп, Мәдениет және спорт министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын" іске асыру кезінде іс-шаралар жоспарының 37 тармағын сапасыз орындағанын айтып салды.
"Әдетте талдаулар қорытындысы бойынша анықтамалар формальді түрде, кезекті ұсынымдарды шығару арқылы жасалады немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоқтығы мүлде нақтыланады. Бірқатар мемлекеттік органдар (Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, мәдениет және спорт министрлігі, ұлттық экономика министрлігі, сыртқы істер министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, қорғаныс министрлігі) бұл жұмысты 2016 жылдан бастап жүргізбеген", - делінген хабарламада.
Ақтоты Райымқұлова осылайша сыбайлас жемқорлық дауының шырмауында қалып, шақшадай басы шарадай болып жүргенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізуді тапсырды.
«Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруымыз керек. Бұл мәселеде Еуропа елдердің тәжірибесіне назар аудару қажет. Олар тіл үйрету барысында негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді» деді Мемлекет басшысы.
Яғни, мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта өзінің жілікті бір саласынан айырылғалы отыр деген сөз. Бұл да министр ханымға оңай тимегені анық. Осыдан кейін мәдениет және спорт министрінің алдын қара мысық кесіп өтіп, соңғы кездері алға басқан қадамы кері кетіп жатыр десе де болғандай...
Осыдан біршама уақыт бұрын мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова TalkLike жобасында журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында бұрынғы сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның саясат пен жалпы өмірдегі ақылдылығы мен ұстамдылығын аса қатты үлгі тұтып, жоғары бағалайтынын жасырмаған болатын. Патша қызының астына қалың көпшік қойған Ақтоты Райымқұлова министр лауазымына тағайындала салысымен батыл әрекетке көшті.
Кадр саясатына бірден бел шеше кіріскен министр Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрайымы етіп Дариға Нұрсұлтанқызының ең жақын құрбысы Сәрсенова Гүлнара Болатқызын тағайындады. Бұған дейін продюссерлік жобалармен ғана айналысып келген Гүлнар Болатқызының бұл орынға бір сәтте жайғасуының артында кімнің ықпалы бары айтпаса да түсінікті еді.
Мәдениет пен өнер саласындағы қырғи қабақ соғыстарды былай қойғанда кино саласындағы дауылдардың өзі кейде үлкен жыр-дастанға айналады. 2019 жылдың тамыз айында "Қазақфильм" киностудиясының жаңа президенті лауазымына тағайындалған Арман Әсеновті 2020 жылдың ақпан айында негізсіз қызметінен алып, белгілі киногерлердің бірден бас көтерген шуынан кейін бір күн ішінде орнына қайта тағайындауға мәжбүр болды. Яғни, мүйізі қарағайдай режиссерлар мен актерлар министрдің есігін қағып, Әсеновке араша түсіп, орнында қалуын талап етті.
Яғни, Тәуелсіздік алған жылдардан бері кино сүйер қауым мен шетелдік көрерменге жақсы таныс актер Арман Әсеновті жұмыстан босату туралы бұйрықтың мың құбылуы министрлікте о баста ойға алған кадр құйтырқылығының жүзеге аспай қалғандығын аңғартты. Енді экс-сенат төрағасының нұсқауымен мәдениет және өнер салаларына өз таныстарын орналастырып, мекемелер ішіндегі әділетсіздікке қарсы қаншама дау-дамайларға себепкер болған Ақтоты Рахметоллақызы ендігі кезекте қолмен жасаған былықтарын жалғыз өзі жуып-шая ала ма? Әлде мінберде жүріп мәдениет мекеніне тамырын тереңге жайып кеткен Дариға ұстазының айтар ойларына тағы жүгіне ме?
Бір білетініміз, жыл ішінде Ұлттық киноны қолдау орталығының көркемдік кеңес құрамынан қазақ театры мен киносының ең танымал тарланы Асанәлі Әшімов пен белгілі актер Досхан Жолжақсыновтар шеттетілді. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жақындаса да ана тіліміздің қадірі әлі артпай тұрған сәтте кино саласының ауаны орыс тілді туындыларға басымдық бере бастағаны ұлтқа деген жанашырлықтың қай деңгейде екенін байқатса керек.
Тіл дейміз-ау. Тілдің тізгінін қоса ұстаған ведомство басшысының өзі көпшілік жерде тек орыс тілінде сөйлейтінін жиі байқап жүрміз. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ана тілін төрге оздыруға бағытталған алғышарттарға жан ауыртқан министр болса халықтың нағыз батасын алар еді. Бірақ, әттең, былтырғы жылы қазақ тіліндегі терминдер жүйесіне қарсы шығып, қалың жұрттың наразылығын тудырған атышулы мәлімдемеден соң ол қателікті қайта түзеуге жаңаша әрекет жоқ. Есесіне тіл жанашырлары да екіге жарылды. Бірі министр сөзін қоштап көпшік қойса, ал бірі тіл тағдырына алаңдаулы.
Бәрін айт та бірін айт, тобырлық саясаттың құрбанына айналып, ұлттық сипатын жоғалта бастаған мәдениет, өнер, тіл салаларындағы жағдайға көпшілік те бей-жай қарамаса керек. Ойыншының қолындағы таяғы рөлін атқарудан әрі аспаған Ақтоты Райымқұлованың да шамасы белгілі болып қалды. Ал, дәл қазір ұлтымызға, мәдениет пен өнерге, ана тілімізге жанашыр басшы ауадай қажет.

Байланысты жаналықтар

Алты құрлық

19.04.2020

Түркістан облысы әкімінің орынбасары қайтыс болды

16.07.2020

Театрланған көріністер түбімізге жетеді

14.03.2020

Жас қаламгерлер «ақылды кейіпкер» феноменінен арылуы керек

26.04.2020

Ержан Алаштуған. Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!

27.01.2021

Еуро-2020: 1/8 финалдағы қарсыластар анықталды

24.06.2021