Әй, Бақытбек, шәбелеңдеме деп кәнден иттерге айтады

Malim Админ

  • 08.06.2020

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың 6 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен заңсыз митинг кезінде халық алдына шығып, әйел адамға дауыс көтергені көпшіліктің ашуына тиді.

Оқи отырыңыз: Депутат: Шабалаңдамай, келгеніме рахмет айт!

Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған депутаттың сөзіне қатысты қаламгерлер де пікір айта бастады.

"Шәбелеңдеме. Келгеніме рахмет айт. Сендей жаман қатындар халықты арандатады" - Бақыт Смағұлдың митингке шыққан Анаға айтқаны.

Әй, Бақыт бауырым!
Мына айтқаның шын болса, "Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын" деген мақал еріксіз еске түседі.
Сені депутаттардың ішіндегі ұлтжанды, қазақ тіліне судай, өзінің пікірін батыл айтатын азаматтың бірі санаушы едік. Аяғы сен де, Божко, Әйтімова, Косарев, Қарагузова т.б. депутаттардай, "аңдамай сөйлеп, ауырмай өлдің" ғой.
Мына сен айтқан үш ауыз дөрекі сөзді танымайтын адамға мәжіліс депутаты тұрмақ, көшедегі кез келген есі дұрыс, мәдениетті адам айтпайды" - дейді А. Бейсембеков.

Сатириктің сөзінше "Шәбелеңдеме" деп қаншық иттерге айтады екен.

"Бірінші: "Шәбелеңдеме!" депсің. Қазақ "шәбелеңдеу" сөзін, тек кәнден иттерге, бұралқы қаншық иттерге арнап айтады. Тіпті, төбет пен тазыға да айтпайды. Сенің бұл сөзің ҚР азаматының арына тию, қорлау болады. Бұл сөзің үшін статья!

Екінші: "Келгеніме рахмет айт!" депсің. Сен халық сайлаған, азаматтардың құқын қорғайтын депутатсың. Сен миллиондаған жалақыңды, сол "жаман" қатындардың төлеген салығынан алып отырғаныңды ұмытпа! Мемлекетте ақша болмайды, қаражаттың бәрі халықтың меншігі - қазба байлық пен салықтан түскен ақша!
Сендер - Президенттен бастап, үкімет, парламент халықтың 5 жылға жалдаған құлысыңдар! Халыққа дауыс көтеріп əкіреңдемеңдер! Сондықтан халық депутаттарға емес, депутаттар халыққа РАХМЕТ айтуы керек! Бұл сөзің де - есі дұрыс депуттатың айтатын сөзі емес.

Үшінші: "Сен сияқты жаман қатындар халықты арандатады!"  депсің. Бұл сөзің ҚР Азаматына жабылған жала. Бұл да статья! Оның халықты арандатқанын сот дәлелдеуі керек. Содан кейін ғана оған: "Халықты арандаттың!" деп айыптауыңа болады",  - дейді А. Бейсембеков.

Қаламгер сонымен қоса, депутаттың сол әйел адамдардың жағдайын білуге талпынбағанын, оның жағдайынан бейхабар екенін есіне салды.

"Әр қазақ Азаматы, өзінің сол қазақтың "жаман" қатындарынан туғанын ұмытпауы керек! Әрбір әйелдің жаман болсын, жақсы болсын Ана екенін есте ұстаған жөн.
Қазақтың арда ұлы Заманбек:
- Ақымақ билік наразы халықпен күреседі, ақылды билік наразылықтың себебімен күреседі, - депті.
Сол айтқандай, сен депутат ретінде сол "жаман" қатындардың көшеге неге шықан себебін біл. Содан кейін кінәла. Мүмкін ол - жалғыз басты, балаларын асырай алмай жүрген Ана шығар. Мүмкін ол - баспанасыз, жұмыссыз жүрген бір шаңырақтың Отанасы шығар.
Сен депутат ретінде сол "жаман" қатынды кабинетіңе шақырып, жағдайын біліп, не себепті митингке шыққанын анықтап, егер сен айтқандай "провокатор" болмаса, тиісті орындарға көмек көрсету туралы депутаттық хат жолдамайсың ба?
Сенің депутат басыңмен, еркек басыңмен ашынған Анаға айтқан дөрекі сөздерің үшін, біз ұялып отырмыз.
Депутат мырзалар мен ханымдар! Байқап сөйлесеңдерші!
"Үй артында кісі бар".

Жалпы айтарым, осы Парламент депутаттары "ұзақ отырыстан" әбден "шаршап", нервылары тозған тәрізді, Тездеп, сайлау өткізіп, 100% жаңартқан дұрыс-ау!", - деп аяқтайды сөзін А. Бейсембеков.

Аймұханбет Бейсембеков, Семей

Байланысты жаналықтар

Бақытбек Смағұл: "Бораттан" гөрі жерімізге көз сүзген қытайлықтар мен ресейліктер қауіпті

26.10.2020

Дариға мәжіліске қайта оралды

12.01.2021

Депутат: Шабалаңдамай, келгеніме рахмет айт!

06.06.2020
MalimBlocks
Бақытбек Смағұл: "Бораттан" гөрі жерімізге көз сүзген қытайлықтар мен ресейліктер қауіпті

Дариға мәжіліске қайта оралды

Депутат: Шабалаңдамай, келгеніме рахмет айт!