“КЕМШІЛІГІ ӘР ЖЕРДЕН КӨРІНІП ТҰР-АУ…” 1-бөлім

Malim Админ

  • 08.02.2020

Қаншама сүзгіден, салыстырудан өтсе де Абай өлеңдерінің текстологиясы күні бүгінге дейін бір ыңғайға келмей-ақ қойды. Әр басылымды қайталап оқып, ондағы мәтіндерді алдыңғы басылымдармен салыстырған сайын жаңа сұрақтар туындайды. Мұхтар Әуезов, Бернияз Күлеев, Сағди, Сұлтанбек Қожанов, Даниал Ысқақов, Әрқам Ысқақов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Әбіш Жиреншин, Қайым Мұхамедханов, Мұратбек Бөжеев, Бейсенбай Байғалиев сияқты араби қадыммен жазылған қолжазбаның мәтінін оқып, шағатай үлгісіндегі орфография мен сөздің түбірін ажырата алатын оқымыстылар да, Заки Ахметов, Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметов, Жұмағали Ысмағұлов сияқты     ғұламалар да атсалысты. Алайда ұлы ақынның мұраларының мәтіні орфографиялық, грамматикалық, емілелік жағынан бір ізге түсті деуге әлі ерте, оған да түрлі себептер мен қисындар бар. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің шығу тарихы мен шығыс тілдеріндегі сөздерге жасалған тәржімалық түсініктемелерде де жаңсақтықтар байқалады.

Оның басты кілтипандары: бірінші, өзім куә болған 1995 жылғы академиялық жинақты дайындау кезінде – Мүрсеиіт қолжазбасының екі нұсқасы және Самарбайдың, Оразкенің қолжазбалары өзара текстологиялық салыстырудан өткен жоқ. Мүрсейіттің М.Әуезов мұражайындағы қолжазбасымен және кейінгі басылымдармен шектелді. Сол мәтіндік мәтіндердің маманы Қайым Мұхамедханов пен Бейсенбай Байғалиевтің кей ұсыныстары ескерілмеді. Әр қолжазбадағы кей сөздер мен тіркестер мағыналас болса да, олар нақты ажыратылып оқылмаған немесе түпкі мәтіні нақты емес. Зады көшіре-көшіре жатталып кеткендіктен де, кейін ойша жазылған кезде түпнұсқадан ауытқып, дәлсіздікке жол берген сияқты. Мысалы Абай ауылының қарттары:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап, –

деп, ауызекі жатқа айтатын жолдар жинақтарда:

Ақылың мен еңбегің екі жақтап,­­-

деп басылған.

Бұл жаттап көшірушілер мен жатқа айтушылардың жадындағы жаңылыс. Еңбек пен қайраттың арасында мазмұндық алшақтық болмағанымен де, сөздің түпкі астарлы әдібін ашқан кезде, бұл екі сөздің мағынасы екіұшты емеуірін танытады. Еңбек – іс-қимылды, фанилік тіршіліктегі харекетті білдіреді, ал қайрат ұғымы – “суық ақыл, ыстық жүрек, рухпен – қайратпен” астасып, діни-философиялық терминге айналып кетеді. Яғни, «қайрат» деген сөзді шариғи тұрғыдан: рух, жаратушының бойға сыйлаған күші, ерік-жігері, онда шайтанның, яғни, диюдың – Ібілістің ессіз долылығы мен шағымы бар, сондықтан да, «қайрат – жыл жүрекпен, суық ақылға» сүйенуі керек – деп түсіндіруге тура келер еді. Ал, еңбекшілдердің мемлекетінде «еңбек» сөзі еш қылаусыз қабылданады, түсініктің де қажеті жоқ. Абайдың өзіне араша түсетін және араша түскен сөз. Омар Жәлелдің Абай поэзиясындағы еңбек туралы диссертация қорғауы сол мақсатты түсіндіруден туған деп есептеймін.

Екінші: Ахмет Байтұрсынұлының емлесіне дейінгі араб әрпінің жазу үлгісін тек көңілмен жобалап, мағынасын қуып қана оқуға болады. Дауысты әріптер (мысалы а, е, ы) кейде жазылып, кейде түсіп қалады. З, қ, т, х әріптері қос-қостан, үш-үштен таңбаланады. Олардың өзі өзара өте ұқсас. Мысалы, Жүсіп – Түсіп, Нүсіп, Несіп; Жәлел – Халел, Дәлел, Зәлел; бірі – бәрі, бәрі – бірі болып оқыла береді. Өйткені олардың тағдырын бір нүкте (.), екі нүкте (..) ғана шешеді. Ал қолжазбада оларды ұзын бір сызықпен (-) тарта салады. Содан барып “ық” – “иық” боп оқыла береді. Мысалы бұрынғы жинақтардағы:

Өзі зордың болады ығы да зор, –

деген жол 1995 жылғы академиялық басылымда: “Өзі зордың болады иығы да зор”,– деп түзетіліпті. Қайдағы иық? Сонда Абай:

Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,

Өзі зордың болады иығы да зор, –

яғни, арлының, ұяттының иығы зор болады дей ме?

Бұл пайымды текстологиялық түзету емес, кәдімгі абсурд.

Ал енді барынша қадағаланып, зер салынып шықты деген жинақтардың өзінде қаншама сәйкессіздік бар десеңші.

Үшінші себеп те осыдан туындайды. Әр бастырушы, не баспа, не ғылыми мекеме ешкіммен ақылдаспастан Абай өлеңдерін өздері редакциялдап, өздері грамматикалық, орфографиялық түзетулер жасап, өзінше тыныс белгісін қойып шығара береді. Баспаларға ешқандай шек қойылмағандықтан да, қай басылымды көшіріп басса да еркі. Сөйтіп 1995 жылы академиялық басылымда түзетілген сөз 1957 жылғы не 1977 жылғы басылымдағы нұсқамен жарық көре береді. Қадағалайтын адам жоқ болғандықтан да, оған ешқандай сұрау да, тоқтам да қойылмайды. Сондықтан да, түптің түбінде Абайдың басылымын бір мекеме – не мәдениет министрлігінің баспа жөніндегі департаменті, не Тіл комитеті, не әдебиет институты, не нақты бір адам қадағалап отырғаны құба-құп болар еді. Әйтпесе біріміз “ығы зор” деп, біріміз – “иығы зор” деп алмакезек “ықтасып, иықтасып” жүре беруіміз әбден мүмкін. Ал оқулықтар мен әдістемелік құралдарда бұл тіркестердің қалай жазылып, қалай жатталып жүргенін бір құдай білсін. Менің бір шәкіртім “Қалың елім, қазағымды” жатқа айтып тұрып:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

дегенді:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын

Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың, –

деп суылдата жөнелгенде төбе шашым тік тұрып, шәт-шәлекейім шыққаны бар.

Мен олардың уәжін бетбақтырмай: – Абай: елің, жерің, малың, таланға түсіп, империяның меншігіне айналды. Сенде билік жоқ. Өз ырқың өз қолыңнан кеткен соң енді оңалуың қиын деп отыр, – деп шыж-быж боламын. Шәкіртім: – Кітапта солай жазылған, – деп Абайдың мерейтойына қарсы қаптап шыққан қалта басылымдарының бірін көрсетті. Дымым шықпай қалды. Сөйтсем, жалғыз ол жинақта емес, ғылыми түсініктемесіз жарық көрген басылымдардың басым көпшілігінде солай екен.

Ал, енді бұған не дейсің?

Төртінші: Абайдың өлеңдеріне текстологиялық салыстырулар жүргізілгенде, тек қана бір өлеңдегі бір сөздің жалаң өзі алынады да, жадағай түсініктер беріледі. Ақынның бүкіл болмыс-бітімін ашатын оның көркем ойлау жүйесі мен көркемдік жүйесі назардан тыс қалады. Абай өзінің өмірінің екінші жартысында “Қара сөзге” қатты ден қойған және онда айтылған кейбір философиялық пайымдауларын поэзия тіліне түсірген. Сондықтан да өлеңдері мен “Қара сөздеріндегі” діни-философиялық терминдердің ұғымдық мағынасы бірдей, кейде сол екі жанрдағы көркем мәтіндердің өзі бір-біріне түсініктеме беріп тұрады. Әсіресе, Алла ісіне қарасты туындыларда бұл көркем машық анық байқалады. Текстологиялық салыстырулар мен түзетулер жүргізілген кезде Абайдың көркем ойлау жүйесіндегі осындай ерекшеліктерге мән берілмегендіктен де, аттас сөздер мен мағыналас ұғымдар, орайлас тіркестер әр қалай жазылып (хауас, Һауас, қауас), әр сипатта (һауас – өмір, бұл дүние, о дүние) түсіндіріліп келеді.

Бесінші: Абай өлеңдерінің шығу тарихы мен жазылған жылдары туралы мәліметтердің біразы жалаң ғана баяндалған немесе жалған топшылаулар мен болжамдарға құрылған. Ағайын-туыстарының жағымды-жағымсыз әрекеттері мен оғаш мінездерінің себебінен туған жырлар туралы мәліметтердің жасырылып қалғаны жөнінде Тұрағұл өзінің естелігінде атап өткен болатын. Заманы жақын, тумысы бір болғандықтан да, Мұхтар Әуезов те бұл мәселеге тереңдеп барудан бойын аулақ ұстаған. Бүгінгі таңда ол мағлұматтарды құпия ұстайтындай ешқандай себеп-салдар жоқ. Әр нәрсе анық та қанық айтылуы тиіс. Мысал көп, дәлел бар, түсіндіруші үнсіз. Тіпті, Абайдың өлеңдеріне өзінше түсінік беріп, «дауын – жау» деп, «жауын – дау» деп «өңешін кере жыртып» жүргендер шықты. Сол өңештеулер Абайдың ендігі басылымдарынан орын алып жатса және ондай абайтанушылар жүздеп саналса, мен таңғалмаймын. Өйткені, олар – емсіз дерттің науқасына ұшырағандар.

Алтыншы: өлеңнің өзіне тән буын, ырғақ, ұйқас сақтау заңдылықтары, ауыспалы теңеумен емеурін білдіру әдістері, сөзді дыбысталуы, айтылуы бойынша қолдану сияқты ерекшеліктері бар. Оны грамматикалық, орфографиялық қалыпқа салып, қарабайырландырудың зияннан басқа пайдасы жоқ. Міне, осындай тым “сауаттылықтың” да Абай өлеңдеріне кесірін тигізіп тұрған тұстары байқалып қалады. Мысалы: “Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп басталатын өлеңдегі:

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, –

дегендегі “тыныштық” сөзінің – “-тық” деген жалғауы маған үнемі артық жазылған сияқты көрінеді де тұрады. Егерде ырғақ пен буынға, сөз мағынасына жүгінсең:

Саудагер тыныш сауда қыла алмай жүр, –

болуы керек қой.

Бұл арадағы кілтипан араб қарпімен жазғандағы “тыныш” деген сөзде. Осындағы соңы “ш” әрпінің құйрығы сүйретіліп жазылғанда “қ” қарпінен айнымай қалады да, “тынышыңыз” –“тыныштықтық” боп шыға келеді. Бұл жаңсақтық барлық басылымға тән. Ырғақ пен буынның сақталып-сақталмауында тұрған ештеңе жоқ сияқты. Алайда, барлық мектептер мен арнайы курстарда Абайдың өлеңдерін жатқа айту міндет екендігін ескерсек, бұл тармақтың “тілге жеңіл, жүрекке жылы” тимейтіні анық. Мәселе – соны ажыратып, мағына, буын, ырғаққа сай дұрыс оқуда. Осы реттен алғанда менің:

Қатының сені сүйсе, сенде оны сүй,

Қоржаң суық келеді кей сасық ми, –

дегендегі “қоржаңға” да күдігім бар.

Неге ми “қоржаң” болуға тиісті. Қоржаңдаған ми суық бола ма? Жалпы, ми қоржаңдай ала ма? Зады жоғарыдағы қадыми әріптің жазылу заңдылығын және “ж” мен “д” әрпінің бір нүктемен ажыратылатынын, “а” әрпінің ерекшеленіп жазылмайтынын, жазылса да оны “а” деп оқу міндет емес екенін, “ң” әрпінің мүлдем жоқ екенін ескеріп:

Көрден суық болады кей сасық ми –

деп оқысақ қайтеді?

Сонда Абай: жаман әйелдің құшағы мен төсегі көрден де суық болады. Сондықтан да сүйгеніңнің көңілін суытпа. Сен де оны сүй – деп отыр емес пе? Сөз бен мағына енді үйлескен сияқты.

Сондықтан да, отыз-қырық жылдан бергі әдетім бойынша Абайды жыл сайын қайталап оқығанда, осындай сәйкессіздіктер мен селкеуліктерді байқап, көңіліме түйіп жүрген ой екшеулері мен тұспалдарымды жария түрде білдіріп, төмендегі мәтіндерге көпшіліктің назарын аударғым келеді.

 

 

 

І.

 

Бала жасымнан көңіліме қонбай жүрген бір жолдың түйінін шешудің сәті енді түскен сияқты. Әңгімені содан бастайын. Абайдың әр басылымынан әр жолы: “Құдай берген бұл достық – кәннің бірі” – дегенді оқығанда, сондағы “кәңге” және оған берілген: каң – қытайдың пеші, ол достық көңілдің жылылығын білдіреді, немесе – кеніш, рудник. Ауыспалы мағынасы – мейірім, Алланың бір аты – деген түсініктемеге осы уақытқа дейін еш мойынсынбай келетінмін. Академиялық басылымда “кеннің бірі” деп түзетіліпті. Маған осы “Құдай берген достықтың” мағыналық тұспалы да, оқылуы да, емеуріні де басқа сияқты болатын да тұратын. Абайды жыл сайын түгелдей оқып, қайыра саралаған сайын осы сұрақ мазалап, сол сөздің тұсына белгі қойыла-қойыла, оның өзі бір “ақ шомның көшіне” айналыпты. Сол “кәннің” кілтипаны мен үшін оп-оңай шешілді. Мәселе “кәнде” де, “кеңде” де емес, мәселе араб әрпіндегі “к” мен қатаң “т”-ның, “с”-ның ұқсас жазылуында және көшіріп жазған адамның қолтаңбасында екен. Олар: “---“ және “---“ деп жазылады. Енді арабша оңнан солға қарай сүйкеліп келе жатқан қалам “т” мен “с”-ның басын сәл көтере сүйретіп жіберсе (әдетте солай) бітті, аумаған “к”-нің өзі боп шыға келеді. Сонда:

Өңкей надан антұрған,

Қанша айтса жөн бе екен?

Бос жүріп құр қалған

Өміріңе тән (сән-?) бе екен, –

болып оқылады.

Яғни: осы антұрғандық сенің өміріңе тән бе, әлде бос жүрген өміріңнің сәні ме – деген мағынаны білдіреді. Біздің ойымызша бұл арада “тән бе екен” деп оқыған орынды сияқты. Сөз сонда ғана орнын табады деп есептейміз. Тағы бір тәмсіл:

Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз,

Жалғандықпен жасалған көңіл жүгі-

деген жолдардағы “көңіл жүгіне” күмәнмен қарап, өзімнің жастайымнан ақсақалдардың айтуы бойынша жатталып қалған жадыма жүгіндім.

Мен бұл жолды: жалғандықпен жалғанған көңіл жібі – деп айтады екенмін. Көңілдің жалған жібін жалғап жалған дос болуы – ұғынықты. Ал “көңілдің жүгі” деген не? “Көңіл жасалады” деп қолдану орынды ма, жалпы “көңілде жүк” бола ма? – деген сұрақ қоямын. Дәл осы жолдың:

Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз,

Жалғандықпен жалғанған көңіл жібі, –

деп жазылғаны дұрыс сияқты көрінеді де тұрады.

Себебі, мұндағы “жалғанғанның – жасалған, жібінің – жүгі” боп жүруі тағы да сол қолжазбадағы қолтаңбаны ажыратуда кеткен ақаулық іспетті. “Жасалған” мен “жалғанған” сөзі “жслғн”, “жүгі мен жібі” сөзі “жбг” деп жазылатынын, ал оған “а” мен “ү”-ні (“Ү” әрпі араб әліпбиінде мүлдем жоқ) ойдан қосып оқу керектігін ескерсек, біздің пайымдауымыздың шындыққа жақын екенін аңғару қиын емес. Тіпті бұлай оқуға келіспегеннің өзінде “көңіл жүгі” деп емес, “көңіл жігі” деп оқу керек. Сонда ғана “жасалған” деген сөз орынын табуы мүмкін.

Осыған дейінгі барлық басылымдарда “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” – дегендегі қарашаға – ноябрь, желтоқсанға – декабрь деп түсінік беріліп келді. 1995 жылғы академиялық басылымда бұл түсінік алынып тасталыпты. Зады, қазір қараша, желтоқсан айлары бақшадағы балаларға да белгілі болғандықтан, қажетсіз деп табылған іспетті. Шындап келсек, қазақтың ай қайыруында және осы өлеңнің шығу тарихын көркем бейнелеген М.Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясында желтоқсан – маусымның (тоқсанның) аты, қараша – октябрь, күздің айы. Ал декабрь – қыстың нағыз өзі, оны ұмытпасам, “бірдің айы” дейді. Ықтырмада қара суықтан қорғанған күздің соңғы айларында – қарашада шаңырақсыз күрке тігіп, қыстаудан қозы көш жерде ғана отырады. Қар түссе қыстауға жылжи салады. Демек, Абайдың қолдануындағы “желтоқсан мен қарашаның” мағынасы бүгінгіден өзгеше. Ендеше түсініктемені алып тастаудың қажеті жоқ. Осы өлеңдегі:

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

дегендегі “тоңған иі”- деген де орынын таппаған тіркес.

И (Ій) – тері, теріге тұз себіліп жағылған ашыған айран, жансыз нәрсе. Ал жансыз нәрсе “тоңа ма”? Тоңбайды, қатады. Ал Мүрсейіттің қолжазбасында бұл тіркес “мұздаған и (ій)” деп жазылыпты. Бәсе, и- тоңбайды, онда жан жоқ, иленген тері кебеді, қатады, мұздайды. Өзге мәтіндерді түзеткенде Мүрсейітке жүгініп, өзгерттік – делінеді де, енді Мүрсейіттің өзінде солай жазылған сөз неге қаперге алынбайды. 1909 жылғы басылымда қате көп кетті – деп Кәкітай мен Тұрағұлдың өкінетін жайының бірі осындай қателер болса керек. Демек бұл жол:

Мұздаған иін жылытып, тонын илеп, –

деп оқылуы тиіс. Сонда сөздің қисыны келеді.

Сөздің төркіні мен мәтінінің негізін іздегенде, сөздің сүлбесін не мағынасын қуа-қуа “шабыттанып” кетіп, әуелгі нұсқа мен емеуріннен ауытқып, “арқаланып Арқаға шығып кететін” кезіміз де бар екен. Сөзді – сөз, ойды – ой қуып, “сауыттан” – “суат” жасап шығаруға болады екен. Мысалы “Алла деген сөз жеңіл” деген өлең тек қана діни терминдер мен ұғымдарға құрылып жазылған. Бұл өлең – Абайдың “Отыз екінші”, “Отыз жетінші”, “Отыз сегізінші”, “Қырық үшінші” сөздеріндегі Алланы ақылмен танудың жолдары туралы пікірлерінің өлеңмен тиянақталған нұсқасы. Соның ішінде жан қуаты мен тән қуаты жөнінде ой толғаған тұсына арналған. Онда ақылмен ой қуатының өлшеуі – сауыты бар, одан асып кетсе: “жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хамы қылады, “һой-һой!” менен, мақтанменен қауымды адастырып бітеді... Дүниеден надан бір ессіз боп шығады, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады”, яғни “бекер босқа езе-дүр” – дейді. Бұрын бұл өлеңнің ортаңғы жолы:

Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл сауаты,

Махаббат қылар тәңірі үшін,-

деп басылып келді.

1995 жылғы академиялық басылымды дайындаған ғұламалар “сауаты” дегеннің қате екенін білген. Бірақ оның қара сөздегі “ақылдың сауыты” деген сөз екені еске түспей, поэтикалық мағынаны қуа келе: “Жүректің ақыл суаты” деп өзгертіпті. Жоқ, олай емес, дұрысы:

Жүректің ақыл сауыты, –

болуға тиісті.

Өйткені “жүректің ыстық қайраты мен ақылдың” “өлшеуін білмек – бір үлкен іс”. Ыстық қайратты суық ақыл суытады, сауытынан асырмайды. “Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын. Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез-келген қызықққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін – қыларлық, тұрам дегенінде – тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын” (“Отыз екінші сөз”), яғни:

Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл – сауыты,

Махаббат қылса тәңірі үшін, –

дейді Абай.

Жоғарыдағы “Отыз екінші”, “Отыз жетінші”, “Қырық үшінші” сөздердегі жүрек пен ақылдың қуаты, оның өлшеуіші, ақыл мен мінездің сауыты туралы ежелеп тұрып айтылған сөзден кейін, жүрек пен ақылдың “суаты” емес, “сауыты” екені туралы ешқандайда бақас әңгіме болуға тиісті емес. Қисындыдан қисынсыздық іздеу – Абай айтқан пәле мен күдік қуған “бақас ғылым” болмақ. Ал6 бұл екі сөздің жазылуында еш айырма жоқ, тек “а” әрпін орынына дұрыс қоя білсең болды. Сонымен “жүректің ақыл – сауыты” екендігіне шүбәсіз иланудан басқа лаж қалмайды.

Абайдың шығармаларындағы араб, парсы тілдерінен алынған сөздердің дұрыс оқылуы мен берілген түсініктерге кей кезде күмәндансам да, сөздікпен ғана тәржіма жасай алатын болымсыз сауатыма сенбейтін едім. Енді қадыми арабты да, ислами философияны да оқып-тауысқан оқымыстылардың көмегіне сүйене отырып, сол күдігімді ашық талқыға салғым келеді. Абайдың “Жаманбаланың баласы өлгендегі” шығарған бір шумақ өлеңіндегі:

Белгілі сөз: “ – Өлді, өлді”,

Белгісіз оның мекені, –

деген алғашқы екі жолдың мағынасы түсінікті. Ал одан кейінгі:

Не халатқа әурілді,

Қайда, қандай екені?, –

деген қос тармақтағы: “халатқа” дегеннің мағынасы – хал-ахуал, әурілді дегеннің мағынасы – қаңғыбас деп берілген түсініктер маған еш түсініксіз еді.

Енді қолжазба мен қадыми араб жазуындағы үлгіні салыстыра парықтап қарасам, бұл һаят, яғни, өмір деген сөздің ныспысына сүлдер тартып тұр екен. Араб қарпіндегі жазылуына қараңызшы: “Һаят” – пен “халат” қандай ұқсас. “Л” мен “я” да әлифпен жазылады. Мұны сүйкектетіп жазсаңыз олардың ешқандай айырмасы болмай қалады. Жоғарыда Абай өзінің “Қара сөздеріндегі” пікірлерінің кейбірін өлеңге түсіргенін айттық. Бақи мен фәнидің арасындағы ғайып дүниесін түсіндіруге арналған “Отыз сегізінші сөзіндегі” Алланы тану, өмір мен өлім туралы толғамында жаратқан иенің Тоқсан тоғыз сипатын айта келіп: “Оның екеуі ғылым мен құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы бұларға шарх (түсінік). Ал алтауының бірі – хаят», яғни, тірлік” – дейді. Міне, Абай жоғарыдағы өлеңде осы һаятты тілге тиек етіп отыр.

Демек, қандай халде “әурілдің” дегеннен көрі, қу жаның қандай һаятқа – өмірге тап болды, оның (рухыңның) мекені қайда? – деп сұрауы орынды. Сондай-ақ, осы жолдағы: “Әурілдінің” – қай жаққа кетті – деген мағынаны беретініне де дәркүмәнбіз. Әурілдіні парсы тіліндегі “уардтан” (ауард) шығару да тиянақсыздау тәржіманың бірі. Өйткені “уардтың” ішінде “л” әрпі мүлдем жоқ. Сөздің түбірін құрап тұрған “л” мен ”р”-сіз (біз “аулр”-ді іздеуіміз керек қой) сөздің мағынасын табу мүмкін емес. Одан көрі: «қай һаятқа ауды, қайда, қандай мекені?» – деп оқысақ, әлде қайда түсінікті. Біздің аңғаруымызша, осы “әурілдінің” шешуі жаңағы “Отыз сегізінші сөздегі” “Һаят” туралы түсініктен кейінгі: “Алланы бар дедік, ғылым құдіреті сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олуда (болуда – Т.Ж) боларлық нәрселер ме?” – дегендегі “олуда” – “күш, қуат болуда” – тұрған сияқты. Шағатай стиліндегі “олуда” – “болуда” – деген сөздің өзі боп шығады. Тек “олу-дүр” деген – “әурілді” деп қате оқылған. Бұл екеуінің қадымша жазылуында еш айырма жоқ. Демек бұл жолды:

Не һаятқа олу-дүр (бола-дүр)

Қайда қалай мекені?, –

деп еш күмәнсіз сеніммен оқуға болады.

“Дүр” – бара-дүр, келә-дүр, бола-дүр” – дегендегі бізге таныс “дүр”. Демек жанның мекені “не һаятта бола-дүр” дегеніміз, қай дүниені пана етеді – деген философиялық сұрақ болып шығады. Яғни бұл арада Абай: рухың не һаятқа тап болды – қандай дүниеге тап болды, қайда оның мекені – деп сұрап тұрғаны анық.

Бұрынғы қадыми араб, жадиди араб әрпінен крилл харпіне қотарылғанда қиындық тудыратын сөздердің де қатары бір шама (О, латын харпіне көшкенде бұл қатеге енді қанша қате қосылар екен?!.). Сондай-ақ, өлең сөздің ұйқасы үшін қажетті, өз кезеңінде ауызекі сөзде жұмсақ дыбыспен созылыңқырап айтылатын, ұйқасқа орайластырылған, араб әрпіндегі жұмсақтық белгіс ғайнмен “жәнә” (және), “кәнә” (кәні) деп оқылатын сөздер бар. Дыбыстауға құрылған бұл сәйкессіздік Абайдың ғана емес, Ахаңның, Жақаңның, Мағжанның шығармаларын қотарғанда да байқалып қалады. Кейінгілерінің заманы жақын әрі жадид емлесін өздерінің көзі тірісінде қолданғандықтан да, ондағы дыбысталу мен жазылу арасындағы үйлесімсіздік ешқандай мағыналық өзгеріс әкелмейді. Тек дыбыстық, ұйқастық қана айырма байқалады. Оның өзі де дауыстап оқығанда жойылып кетеді де, мағыналық сипатын жоймайды. Ал Абайдың тілі оған да көнбейді. Мұндай сөздердің қатарының өзі әжептәуір. Мысалы, барлық басылымдарда:

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат көрсе қызар, –

дегендегі “жаңа сүйгіш” тіркесі сондай үйлесімсіздіктің біріне жатады.

Неге екенін білмеймін барлық басылымда, оның ішінде емлелік тұрғыдан жан-жақты сараланған академиялық басылымда да “жаңа сүйгіш адамзат” делініп жүр. “Жаңа сүйгіш адамзат” дегеніміз – “жаңа қазақ” деген емеурін мен мағына береді. Бұған қарағанда “ескі сүйгіш адамзатта” болуы мүмкін ғой. Бірақ олай емес, Абай: жалыққан, орынсыз шалқыған, іш пысқан және сүйгіш, көрсеқызар адамзат бар деп отыр, яғни әлгі жолды:

Жәнә (және) сүйгіш адамзат, көрсеқызар –

деп оқыған орынды және шындығының өзі солай.

Бұған қарсы уаж айтудың өзі де қиын. Осы “және” мен “жәнәнің” ұйқасқа ілігіп, “жаңалап” жүрген бір тармақ – “Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол” атты өлеңнің үшінші шумағының екінші жолы. Онда:

Бала туса күзетер шілдехана,

Олар да өлең айтар шулап жана –

делініп жазылған.

Дұрысы: «Олар да өлең айтар шулап және» ғой. Мағынасы бұлдыр “жаңадан” мағынаны ашатын “және” әлдеқайда орынды. Ал оқыған кезде ескі дыбысталумен “жәнә” деп оқи берсе – айып емес. Пушкиннің шығармасындағы көне славян сөздерін сызып тастаған не өзгерткен орыс текстологі кездеспейді.

Абайдың тұсындағы жазба әдебиетте еміле, тыныс белгісі сақтала бермейтін. Тіпті, емле ережелері жоқ та болатын. Қадыми қазақ жазуында тырнақша, сызықша, нүктелі үтір, қос нүкте, бас әріп сияқты т.б. белгілер қойылмайтын. Ал бүгінгі таңда бұлар үлкен грамматикалық қате және сөздің мағынасын өзгертіп жіберетін күкірт қышқылы сияқты. Мәселен:

Қулық пенен құбылдан,

Жалықсаң, жақсы жансыңдар, –

дегендегі “құбылға – құбылу, өзгеру” деп (1961) түсінік беріліпті.

Академиялық басылымда бұл сілтеме алынып тасталыпты. Әрине, ежелеп барып емеурінді түсінуге болады. Иә, ежелеп барып. Егерде осы “құбылды” тырнақшаға алып жіберіп:

Қулық пенен “Құбылдан”,

Жалықсаң, жақсы жансыңдар, –

деп жазсақ Абайдың кекесінді ойының мағынасы да ашылады әрі бүгінгі көркем тілді жатырқап өскен жас оқырманға да түсінікті болады.

Ал мұндай емлелік екшеуден өтуге тіленіп тұрған сөздердің саны біршама. Мысалы: “Әзімнің әңгімесі” дастанындағы үшінші шумақ 1961 жылғы жинақта:

Мал тапқан бір іздеп таппақ болып, –

ал, 1995 жылғы басылымда:

Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып, –

жүр.

Буын, ырғақ, мағына жағынан екінші мысал бұрынғыға қарағанда барынша анық. Дегенменде, өлеңнің ырғағы мен мазмұнына қарасақ, екі айырылған ағайынды екі жігіт бір-біріне:

Мал тапқанда бір іздеп таппақ болып, –

яғни, «өз қолдары өз аузына жеткенде, немесе, ес жиып, етек жапқанда іздеп таппақ болып» уәде берісіп айырылысқаны көрініп-ақ тұр.

Енді осы дастанның соңындағы адасқан Масғұтқа кезіккен екі қыздың жігітті алып қалығысы кеп:

Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,

Достықпен жүрек еріп, тәуір еттік.

Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,

Еліңе жеткізуге біз де жеттік, –

дегендегі екі “жеттіктің” біреуі әрі артық, әрі мағынасыз.

Қыздар неге “жетті”? Қалай десекте қолжазба қате оқылған. Анығы:

Еліңе жеткізуге уәде (уағда) еттік.

Мұнда араби қолжазбадағы “уәде (уағда) еттік” дегендегі “уәдені” қате оқып жіберген. “У” мен “д”, “ж” әріптері қосылып кеткенде ажыратылмай қалады. Араб пен қазақ қарпіндегі сәйкессіздіктер бір ізге түспеген, орфографиялық, грамматикалық жүйе қалыптаспаған тұста кеткен, Кәкітай мен Тұрағұл айтқан “көп қатенің” бірі. Одан басқа мұнда тұрған түк те хикмет жоқ. Дәл сондай қадым мен жәдидтің арасындағы оқу әдісінен кеткен “опық” жердің бірі Лермонтовтан аударылған “Ой” өлеңінің екінші шумағындағы екінші жол. Барлық басылымдарда да:

Жасынан білер ескі шалдың мінін,

Аптық жерін, ақылға кеш енгенін, –

деп жазылып келеді.

Осындағы “аптық жері” деген сөз – түп нұсқадағы “ошибками отцов” дегенннің баламасы екенін тек көңілмен болжап, сезім түйсігімен ғана түсіне аласың. Ал осы сөздің түпкі төркіні “опық жерін” екеніне мен еш күмәнсіз сенемін. Өйткені барлық араб сөзінің алдына, оның ішінде “о”, “ғ” әріптерінің алдына көбінесе ғайын (“ға”) белгісі міндетті түрде қойылады. Мұны “аптық” емес, “опық” деп оқу керек. Сонда шалдың: опық жерін, ақылға кеш енгенін, яғни, өткен өмірінің мәнсіз өткенін кеш білгенін түсіну оп-оңай. Оған қолдан “аптықты” қолданудың еш реті жоқ. Қазақ “аптығы басылмады, аптығыңды бас” деп асығып-үсігіп, желігіп келген, ентігіп тұрған адамға айтады. Ал бұл арада өткен өмірге опық жеп, “қолын мезгілінен кеш сермеген” адамның өкініші бейнеленген. Сонда бұл шумақтағы:

Жасынан білер ескі шалдың мінін,

Опық жерін, ақылға кеш енгенін.

Өзі өнерсіз өмірден тез суынар,

Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін, –

деген басты ой ап-анық әрі жатық ашылады.

Осы өлеңнің соңғы шумағындағы:

Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың, –

дегендегі буын мен ырғақ санын арттырып тұрған “тыныштың” әу бастағы Абай қолданған нұсқасы “тыш жатасың”, яғни, “тек жатасың” екені анық.

Бірақ ауызекі сөзді жазба сөзге түсіріп, “тыштан” қорқудың реті бар ма еді? Бұл сөз мәдениетін сақтаудың ақ жолы емес. Абайдың өзі “не жазып кетсе – жайы сол” демеп пе еді? Дәл осы “тыныштық” тағы бір жерде өлеңнің ырғағы мен буынын бұзып тұр. Өлең: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» – деп «өңкей келісіммен сыңғырап» келеді де, ортасында:

“Саудагер тыныштық сауды қыла алмай жүр”, –

деп сөйлемге айналып кетеді. Дұрысы:

Саудагер тыныш сауда қыла алмай жүр, –

екенін өлеңнің өзі сұрап тұр.

“-Тықты” тықпалағанмен өлең тықылдап тұрған жоқ. “Бір дәурен кемді күнге бозбалалық” атты өлең академиялық басылымда барлық қателіктерінен арылып, сөз де, емле де орынына қойылыпты. Тек:

Той болса тон киелік, жүр баралық,

Бірімізді біріміз аударалық, –

дегендегі “аударалық” деген сөз менің назарымды аударғанына да бірталай жыл болды.

Бұл арада “Бірімізбен біріміз аударыспақ ойналық” дегенді меңзеп отыруы мүмкін – деген оймен бұл сөзге мәтіндік салыстыру жүргізілмегенге ұқсайды. Ол да мүмкін. Дегенмен де, мынадай сұрақ қойып көрелікші. Жігіттер жаңа тонды аударыспақ ойнау үшін киді ме? Жоқ, керісінше:

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп шуламалық, –

деп бірін-бірі сабырға шақырып отыр. Демек бұл Абайдың:

Бір жерде отырсаңдар басың қосып,

Біріңнің - бірің сөйле сөзің тосып, –

деген өлеңіндегі ойдың жаңғырығы. Ендеше мұндағы екінші жолда: Сол тойда:

Бірімізді біріміз аңғаралық, –

деп отыр.

Бірімізді біріміз силап, сөзімізді тосып сөйлеп, бірімізге біріміз қарай жүрейік, сонда қадіріміз артады – деген емеурін жасайды. Бұрынғы “сүйкімі, киімі жоқ шалдуарлық” деген сөзге мағынасы бойынша – “сүйкімі, икемі жоқ” деп қалай мәтіндік өзгеріс енгізілсе, бұған да сондай қисынды қолданған дұрыс.

Реті келгенде және оқтай тиетін ұтымды тұста, әсіресе, кекесіннің қисыны келгенде жат тілдегі жаргондарды сөз арсына қыстыра қою – әлемнің барлық ақындарына тән мінез. Мұндайда арабтар – парсының, орыстар – француздың, ағылшындар – немістің, не өлі латын тілінің сөздерін қолданған. Әр ақын өнерді қай тілде бойына тоғытып, сөзін сіңірсе, сол елге тән ұтқыр сөзді орынымен өлеңіне кіріктірген. Гетенің, Байронның, Пушкиннің пародиялары мен памфлеттері соған дәлел. Абай да бұл “дәстүрден” сырт қалмаған. Танымдық-философиялық туындыларында араб пен парсы, ал сол заманға қатысты билік, сайлау саласына қатысты өлеңдерінде орыс сөзін пайдаланған. “Занимайся пряматой”, “самордный сары алтын”, “өзі залым зәкүншік”, “прошение жазуға”, “единица жақсысы” сияқты сөздерді орыс әдебиетіне ден қойып, өзі де қалада қыстап шығып, кәтәләжкеге “бас сұққан” жылдары сөз арасына жиі кіріктірген. Менің ойымша:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға, –

атты кекесінді-ызалы, астарлы сарказмға толы өлеңінде сөз арасына сіңіріп жібергені сондай тегі білінбей кеткен, “Біләткенің байы – ақша” – деген сияқты орыстың сылқита қолданатын бір жаргоны бар.

Бұл жылдары Абайдың тергеу астында жүріп жандармдармен, солдаттармен, абақты күзетшілерімен жиі араласуына тура келгенін ескерсек, күнде естігендіктен де “пес” деген сөздің құлағына сіңісті болып қалуы әбден заңды. Әрі бұл өлеңді: “1890 жылы Семейге Барон Таубе “ деген генерал-губернатор келіп, бірсыпыра болыстарға шекпен, қылыш силаған, өзіне де қос ауыз мылтық бұйырған кезде, әлгіге есі кете мәз болған болыстарға ыза болып”, қалада шығарған. Қысқасы әңгіме:

Бір бес надан, оңбассың,

Нансаң, онын қосқанға.

Жасық, жаман болмассың.

Жамандықтан қашқанға, –

деген шумақтағы “бес надан” туралы болып отыр.

Өлеңді де, шумақты да тұтас оқып шығып, ой екшеген адам осындағы “бес наданның” кекесінге қандай қатысы бар екенін түсіне алмай кідіріп қалады. Неге он надан емес? Абай бұл өлеңінін алдыңғы екі жолында:

Қуанарлық қыз емес,

Жылтырауық таққанға, –

немесе:

Осы да есеп бола ма,

Ар, абұйыр тапқанға?, –

деп ессіз қуаныш иелерінің қамсыз мақтанын кекеп алады да:

Қасиетін бойының

Бекер төгіп шашқанға, –

деп, немесе:

Миың болса жолама,

Бос желігіп шапқанға, –

деп ызалы зіл тастайды.

Өйткені, “ақыл көзбен бақсаң” шен-шекпенді жабудағы себебі, аярлықпен алдап-арбап, сені “түсірмекші қақпанға”. Соны ұқпай арсалаңдаған ағайындарына:“Бір пес надан оңбассың” – дейді. Бір де, бес те, емес, «пес!»? Қазақшаласақ “бір ит надан екенсің, оңбассың!” – деп отыр. Бұл “пес” кейін “ит” мағынасында Абай өлеңдерінде жиі қолданылады. Сонымен қатар дәл осы “пес”, “пәс” деген сөз парсыша да, ұйғырдың ауызекі сөзінде де “бұралқы” деген ауыспалы мағынаны білдіреді. Мұндағы “Бір бес надан” – “бір бес күндік дүниенің” өзгертіліп қолданған түрі емес. “Біләткенің байы ақша” дегендегі “біләтке” сияқты сімтік, “пес “ деген сөз.

“Песті» орыс және парсы поэзиясын қанына сіңірген Абайды былай қойғанда, қарапайым халық өкілі Ауған ақынның өзі сараң да қытымыр Көшен болыс өлгенде:

Айналайын Көшенім,

Сөзге жүйрік шешенім.

Қыс өлмедің, жаз өлдің,

Қозыға тиді кеселің.

Қазғанда көрің қатты боп,

Майрылды жүзі тесенің…

Басыңнан асты-ау кеселің.

Қызыңды ұрайын пес едің.

Сексен жаста өлмейтін,

Құдайдың сонша несі едің? –

деп сөз арасына “сіңіріп” жіберген.

Демек, Абай да “бес наданды” емес, “жайы мәлім шошқаның түрткенінен жасқанған” “песті” айтып отыр. Егер сөз төркіні осылай болса, онда, екінші жолдағы “нансаң, онын қосқанға” деген тіркесті де қайта қарауға тура келеді. Алдыңғы “пес” – “беске” айналғанда, санды қуалап, “оған” мен “анықтың” – “онын” болып оқылып кетуі әбден мүмкін. “Ғ”мен “ң”, “ы” әрпі жоқ қадыми араб жазуы үшін бұл барынша ықтимал. Мысалы, қаріптеп жазылғанда “тәнк” деп оқылатын сөздің “таңның” болып оқылғаны сияқты. “Танктің” таң екенін “атар таңның” деген тіркесті ойға түсіру арқылы арасындағы әріптер дұрыс қойылған. Сол сияқты “бір пес” деген сөз де “бір бес күннің жөні жоқ аптығарға” деген әйгілі өлең жолының санадағы жаңғырығы арқылы “бір бес надан” болып дұрыс ажыратылмаған деген болжау айтамыз. Сонда “қақпанға түсіру үшін” өтірік алдап-арбап, оқалы шапан жапқанға: губернатор мені құрметтеді, кісі қатарына қосылдым – деп сеніп, жас баладай қуанып, ауылына шүйіншіге кісі шаптырып, ар-ұятын сатқандарға ызаланып:

Бір пес надан оңбассың,

Нансаң анық (ұлық қатарына) қосқанға,

Жасық, жаман болмассың,

Жамандықтан қашқанға, –

деуі орынды-ақ сияқты. Кейінгі:

Жәйі мәлім шошқаның,

Түрткенінен жасқанба.

Бір ғылымнан басқаның,

Кеселі көп асқанға, –

деген жолдар да алдыңғы “пес наданға” иек сүйеп тұр.

Мұндағы “шошқа” – шелтірейіп шекпен жауып тұрған “орыс” генерал-губернаторы екені түсіндірмесе де белгілі.

Абайдың өлеңдері жиырма реттен астам қайталанып, салыстырылып, орынды-орынсыз түзетулер енгізіліп басылды. Соларды салыстыра оқып отырып, Кәкітай мен Тұрағұлдың: 1909 жылғы басылымда қаріп пен сөз қатесі көп кетіп, өлеңнің мазмұны бұзылып шықты. Жер алыс, қол қысқа болғандықтан да, оны түзетуге мұрша келмеді –деген сөзін есіме алған сайын төменде келтірілетін екі сөзге еш ойланбай-ақ түзету жасағым келіп тұратын еді. Егерде “билік тізгіні менде болса”, осындағы “Менсінбеуші ем наданды” атты өлеңдегі:

Татулықты, тыныштықты,

Қоңыр көрер, кем көрер, –

дегендегі “қоңырды” – “қорлық” деп; “Антпенен тарқайдыдағы”:

Таласып тарқайды,

Ақшадан төрт -беске, –

дегендегі “ақшадан»” сөзін – “ақшамға” деп еш ойланбастан өзгертер едім, – дейтінмін.

Қазір де бұл екі сөздің грамматикалық қате екеніне еш күмәнім жоқ.

Сенбесеңіз талдап көрейік. Абайдың осы өлеңдегі басты ойы және ызалы пікірі: наданды – ақылсыз деп қор тұтып, менсінбей, өзін-өзі зор тұтып, заманды түзетпек болғанда – көп надан қарысып ырқына көнбеді, түрлері жан шошырлық боп еліріп, кейін шегіне кекжиді. “Әрине” деп қойып әрекеге кетті, қоқиланып, мазақ етті. Содан әбден қажыған “арық” әрі анық зарлы ақын, өзге жұрттың алдында өз жұртын жұрт деуге ұялды. Өйткені барымта мен “партияның (биліктің)” алкаголигі (мастық) мен апиыншысына (құмар) айналған “сыпыра елірме, сұрқия, көп пияншік” түк ұқпады. Себебі олар:

Татулықты, тыныштықты,

Қорлық көрді, кем көрді.

Назар салыңызшы, “қоңыр көрген” жоқ, қорлық көрді. Ілгері жүр десе – кекжиді, түзел десе – бұзылды. Орынсыз мақтанды – зор тұтты, татулықты, тыныштықты – қор тұтты.

Ұрлық пенен қулықты

Қызық көрді, өңі енді.

Сонда әлгі терісбаққандардың “қоңыр көрініп” тұрған “қоңыр” қылығы қайсы? Қоңыр мінезі ме, қоңыр желі ме, қоңыр күйі ме? Жоқ және жоқ, тіпті, қисынсыздан өткен қисынсыздық бұл. Абай зор тұтқан қасиеттерді қор тұтып жүрген күлембайлар:

Татулықты, тыныштықты,

Қорлық көрер, кем көрер.

Ұрлық пенен қулықты,

Қызық көрер, өңі енер.

Олай етпесе, “татулықты, тыныштықты “қоңыр көрсе”, “ұрлық пен қулықты” жай қызық үшін істеп, қылмысына “өңі енбесе” түзеліп кетпей ме?! Ілгері ел болып кетпей ме?! Онда Абайдың “түзетіп, ұялып, қорланып” несі бар? Ендеше:

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым сен қажы!

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы?, –

деп неге түңіледі.

Өйткені, тату, тыныш жүрсе, ұрлық пен барымтаға шықпаса, екінші бір керауыз оны азғырып: “жуас, момын, әрекетсіз, ез”,– деп мазақ етті. Барымтаны –  батырлыққа санайтын қазақ үшін жуас, адал атану “қорлық” емес пе? Әрине, қорлық. Ендеше жоғарыдағы сөз де “қоңыр” емес, “қорлық”. Ендеше мұны өзгертпеу – абайшыл атанып жүрген сіз бенен бізге де “қорлық” болмақ.

Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске, –

деп басталатын өлеңнің соңғы шумағындағы “ақша” да сондай қисынсыз сөздің біріне жатады.

Тіпті мұны мәтіндік емес, әріп қатесі десе де болады. Себебі мұнда жетпей тұрғаны “м” деген жалғыз-ақ әріп. өлең мазмұны былай: Кеңеске жиналғандар бірімен бірі аңдысып, егесіп, сөзбен ырғасып, ақыры біріне-бірі жаулық етпеске ант беріседі. Еш

Байланысты жаналықтар

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

10.02.2023

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай «құрмет-қошеметке» қарсы

18.03.2021

Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

03.12.2020

"Орыстар маған орысша сөйле деген емес"

29.10.2020

Саша Коэн неге Қазақстанды әжуалағанын айтты

27.10.2020
MalimBlocks
«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай «құрмет-қошеметке» қарсы

Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

"Орыстар маған орысша сөйле деген емес"

Саша Коэн неге Қазақстанды әжуалағанын айтты