Дүңгендер кім және қайдан келген?

Malim Админ

  • 08.02.2020

Кешелі бері бүкіл Қазақстан «дүңген» деп дүрлігіп тұр. 100% дүңгендер тұратын Масанчи деген ауыл толықтай жабылды. Тіпті, Алматы қаласындағы дүңгендер көп жұмыс істейтін «барахолка» да күн сенбі екеніне қарамастан жұмыс істемей тұр. Президенттен бастап қарапайым жұрттың аузынан түспей тұрған бұл дүңген ұлты кім? Қайдан келген? Қазіргі тіршілігі қандай? Осы төңірегінде Malim.kz  тілшісі қысқаша шолу жасап көрді.

Қазақстанда 50 мыңнан астам дүңген ұлтының өкілдері тұрады. 85 пайызы Жамбыл облысында, 70 пайызы Қордай ауданында (халықтың 26%-ы) тұрады.

Дүңгендер Қазақстанға Солтүстік Қытайдағы мұсылмандар көтерілісі басып-жанышталғаннан кейін, 1877 жылдардан бастап келе бастаған. Көтеріліске қатысқандарды қудалайды деген қорқынышпен патшалық Ресей мен Қытай үкіметі арасындағы келісімнен кейін Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан тарапына қоныстандырылған. Қазір ең көбі Қырғыз Республикасында – 62 мыңнан асады. Өзбекстанда 3 мыңдай дүңген ұлты бар.

Бір қызығы дүңгендер өздерін дүңген деп атай бермейді. Хуэй ұлтымыз дейді. Бұл хуэй – Қытайдағы саны 10 миллионға жуық ұлт. Тілдері жергілікті қытай тілі. Аздаған айырмашылық болмаса, хуэй тілі немесе дүңген тілі, диалектісі деген ұғым жоқ. Ал, «дүңген» деген атауды олар патшалық Ресей көлеміне жер аударылған кезде иеленген. Одақ тарапынан берілген жаңа атау. «Дүңген» этнонимінің шығу тегі туралы нұсқа да әр түрлі. Бір деректерде түркі тілінен шыққан десе, енді бір нұсқада қытайша сөзден алынған дейді. Соңғы кездері осы қытайлық нұсқа жиі қолданылып жүр: «дүңген» – «тунькэнь» деген қытай сөзінен шыққан, «шекаралық аймақтағы әскери қоныс» деген мағынасын береді.

Дүңгендердің өз аңызы бойынша, олардың шығу тегі осы әскери қарым-қатынастан тәпсірленеді. Қазақстандағы дүңгендер жастайынан естіп өсетін аңыздың мәні арабтарға барып тіреледі. Таң дәуірі кезінде Таң патшасына көмек ретінде Мұхамед пайғамбардың өзі тікелей көмек – 3 мың әскер жіберіпті. Іргеде тынышын алып тұрған көшпенділерден қорғану үшін. Араб қолы міндетін орындап, Таң династиясын бір жолғы сүргіннен қорғап қалыпты. Император риза болып, араб әскерлеріне қыз беріп, қолпаштап, сол елде тұра беруін сұрапты... Міне, содан бастап хуэй ұлты пайда болыпты-мыс.

Тағы бір дерек те – алдыңғы нұсқаға жақын, яғни, әкелері – араб, шешелері – қытай. Бірақ, әскер болып емес, сауда арқылы келген. Араб-парсыдан шыққан саудагерлер Қытайға келеді де, сонда тұрақтап қалады. Көп өтпей тілі қытайланып кетеді, десе де діндерін, бірқатар дәстүрлерін сақтап қалады. Осы күнгі дүңгендер өздерін ірі саудагерлер мен бай бизнесмендер, банкирлер көп шыққан деп мақтанады.

Одан кейінгі бір нұсқа – моңғолдарға қатысы бар ұлт ретінде аталады. Тікелей моңғол ұлтына қатысы жоқ, Юань патшалығы кезінде моңғолдар бүкіл басшылық орындарға қытайларды емес, өзге ұлттарды тағайындап отырған. Әрине, таңдаулыларын, сауаттыларын. Оның ішінде түріктер де, арабтар да, славяндар да, жергілікті түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері де болған дейді. Соның бәрі кейіннен бірігіп, жеке ұлт ретінде қалыптасып кеткен көрінеді. Өздерін элиталық топқа жатқызатын бұл топ жергілікті жұрттан бөлек тілде сөйлейтін болған. XIV ғасырда патшалық құлаған соң бұл құрау-құрау ұлтты қытайландыру басталған. Негізгісі – қытай қызына ғана үйленуге рұқсат беру. Десе де, олар өз діндерін, салтын сақтап қалған.

Қазіргі дүңгендер қалай тұрады?

Қазақстанда негізінен тек дүңген ұлты тұратын екі ауыл бар. Кент деп те атайды: Біріншісі Масанчи ауылы, екіншісі Соркент аталады. Соркент 1998 жылға дейін Шоркент деп аталған, ресми атауы өзгергені болмаса соркенттіктер ауылды әлі күнге Шоркент деп атайды. Екеуінде де 99% (бейресми 100%) дүңген ұлты тұрады. Және Қырғыздағы дүңгендермен барыс-келіс жақсы жолға қойылған. Шекарада қырғыздан қыз алып келе жатқан немесе қыз алып бара жатқан тойшыл дүңгендерді көптеп көруге болады. Қазақтың теңгесімен қатар қырғыздың сомы қатар жүреді, ұялы байланыс та солай, негізінен қырғыздың желілері ұстап тұрады.

Қыздары мектеп бітіре салып, тіпті, 15-16 жастан бастап ұзатыла бастайды. Негізгі меже – 18 жас. Одан ары асқандар – 19-20 жастағылар отырған қыз есептеледі де, 20-дан кейін кәрі қыз аталады. Ұлдары да солай, мектеп бітіре салып (бітірмей тұрып та) үйленеді. Жасы 25-ке жеткен бойдақтар сирек кездеседі.

Дүңгендерде қыз алып қашу «гүлденіп» тұр. Өйткені, қызға талас көп, сол себепті, олардың жүректерін жаулауға, романтикаға уақыт өлтірмейді. Жастар көбіне үйленіп алған соң ғана танысып жатады. Құдаласып үйленсе де солай. Қызға беретін жасау туғаннан бастап дайындалады, көлемі де аз емес. Жалпы, дүңгендердің «достоинствосы» осындай салт-дәстүрлер есебінде ешкімнен кем қалмау тұрғысында бағаланады деуге болады.

Бір шатыр астында бірнеше отбасы тұра береді. Негізінен бір әулет бір аулаға бірнеше үй салып немесе бір үйден бірнеше есік шығарып, бірге тұрады. Туыстық қатынас қатаң ұсталады. Патриархалдық мәдениет сақталып қалған. Келіндер ертемен тұрып аула сыпырады, су шашады, дәретке су дайындайды, т.б. Әр 15-20 үй сайын бір мешіт салып алады. Мәселен, Сортөбе ауылының өзінде 17 мешіт бар екен.

Шаруашылығы – негізінен бау-бақша, егіншілік. Сауда-саттық. 4-5 жастан бастап-ақ еңбекке араласады. Бейресми ақсақалдық басқару жүйесі қалыптасқан. Солар қалай шешеді, солай болады. Жағдайы төмендерге көмектесу, бұзақыларды, жалқауларды жазалау көбіне заңға жүгінбей, өз араларында шешіліп жатады. Ал, әкімдері өз араларынан шыққан, дүңген ұлтты болып келеді.

Ресми түрде қазақ, орыс тілдерін жақсы біледі дегенмен, бүкіл қарым-қатынаста, мектепте дүңген тілі қолданылады. Мектеп демекші, дүңген ұлтты балалар оқуға көп талпына бермейді. Мектеп бітірген соң үйленеді де, бірден шаруаға араласып кетеді. Қыздарының жағдайы белгілі, келін болған соң үйде отырады. «Қыздары моншақты, ұлдары он шақты» деген сөз тура дүңгендерге арналып айтылған», деп әзілдейді жергілікті қазақтар. Бір кездері Жамбыл облысы республика бойынша соңғы орыннан шыға алмай кеткенде де көрсеткішті түсіретін халқы ең көп Қордай ауданы екені, оның ішінде осы дүңген ұлтты балалар екені айтылған. Содан кейін, дүңген ұлтты оқушыларды ҰБТ-ға жібермеуге тырысатын болған. Дүңгендерде де соншалық бір ұмтылыс болмаса керек. Жер емген, шаруақор, оқу-білімге онша мән бермейді дейді. Дегенмен, соңғы кездері рас-өтірігі белгісіз, ел ішінде «дүңгендер бір бала грантқа оқуға түссе ауыл болып астына машина мінгізеді екен» деген де дақпырт бар.

Дүңгеннен шыққан белгілі адамдар

Ең атақты дүңген, яғни, хуэй ұлтынан шыққан адам – Чжен Хэ. Американың Life журналы жасаған әйгілі 100 адамдық тізімде Екінші мың жылдықтағы ең ұлы адамдар тізімінде 14-ші тұр. Әлемде «Қытайдың Колумбы» аталып кеткен бұл теңізші Мин династиясы кезінде әлемнің біраз жеріне саяхаттаған.  Оның діні ислам болғанына қарамастан, қазір оның атында храмдар салынған. Бірнеше ескерткіш қойылған. Сондай-ақ оның атында кемелер де бар.

Одан кейінгі атақты дүңген – Масанчи болса керек. Мағазы Масанчи – Орта Азия елдеріне Совет үкіметін орнатуға қатысқан революционер. Жетісу облысы милиция басқармасы бастығы болған. Алматыдағы алғашқы дүңген мектебін ашқан және «Кеңестер елі» дүңген ұжымшарының негізін қалаған. Алматыда атында көше және ескерткіш орнатылған. Масанчи ауылы Қазақстандағы дүңгендердің орталығы іспетті.

Дүңгеннен шыққан белгілі жазушы ретінде ақын  Ясыр Шиваза аталады. Дүңген-совет ақыны өз заманында империя тарапынан біраз марапатқа жеткен.

Қырғызстанда туған Абдужалил Юнусов — ХХ ғасырдағы Қырғыз Республикасының ең үздік дзюдошысы атанған. ССРО деңгейінде кеңінен танылған спортшы.

Одан кейінгі бұл этностың атақты өкілдері ретінде аты шулы (!) Майя Манеза мен Зульфия Шиншанлоны атауға болады.

Айта кету керек, кеше Жамбыл облысындағы Масанчи ауылында төбелес болып, ұлтаралық сипат алған. Қазір ауыл толықтай жабық тұр. Соңғы ресми мәлімет бойынша қақтығыстан 8 адам қайтыс болып, 40-тан астам адам жарақат алған. Оның ішінде полиция қызметкерлері де бар.

Фото: travelask.ru

Алмас НҮСІП

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Ағасы кетті, інісі келді, баласы «өсіп» келеді – Мәшбек әулеті

07.04.2022

Сапарбаев та кетті

07.04.2022

Ұшып кеткен шатыр немесе Сапарбаевқа сәлемдеме  

30.11.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Ағасы кетті, інісі келді, баласы «өсіп» келеді – Мәшбек әулеті

Бердібек Сапарбаев - Назарбаев дәуірінде қалыптасқан, әкім болудан рекорд жасаған шенеунік. Қазір зейнет жасында. Бүгін Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылды. Бірақ, ол құрған отбасылық династия рекордсмен әкімнің орнын жоқтатпайтын сияқты...

Сапарбаев та кетті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ұшып кеткен шатыр немесе Сапарбаевқа сәлемдеме  

Редакциямызға Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауылынан Гүлмира Әлиасқарова есімді тұрғын хабарласып, «қорыққанды ғана сыйлайтын мына заманда шатырының ұшып кеткенін» айтып күйінді. Оқырман сөзін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.