Көп күттіріп кеудемнен көктеп шыққан ғұмырым

Malim Админ

  • 18.06.2020

Төсегімнің басына Айдың ізі төгілер...

                                                    Ли Бәй

Түркінің бейуаз тастарын сүйіп тұлданған мен бір жануар,

шымыр да шымыр тұманға сіңген шыңырау жолдан танып ал.

Бейуаққа шомған таулардай үнсіз түксиген түнек ғасыр бұл,

көл бетіндегі кестелі іздей көзімнен ұшқан жасыл нұр.

Қанымдай ыстық, арымдай таза шарабым дайын, шайырым,

жабырқау күзде жағада мұңсыз тербеле тұрсын қайығың.

Алақандайын ақ отауыма аспанның елін көшіріп,

Соябтан ұшқан самұрықтайын ұзаннан ұзақ көсіліп.

Сонар да сонар Соябтың жолы Құс жолы сынды құлаған,

көл бетіндегі кестелі ізге аршылып қара күнәдан.

Теректей басым теңселіп түзде, теңіздей шулап атырап,

Шу бойындағы бәйтеректерден құлаған біз бір жапырақ.

Біз туған жер мен біз көмген жердің мұнарға шомған деміндей,

таң ағарған сайын көл бетіндегі кестелі сәуле өлімдей.

Күншығыс жақтың көбесін сөгіп көтеріп жетім желкенін,

жоза тастардың жонынан тіліп жанымның ділін шертер кім?

Қанымдай ыстық, арымдай таза шарабым дайын, шайырым,

жабырқау күзде жағада мұңсыз тербеле тұрсын қайығың.

2018 жыл

***

Алыс-алыс жолдарға жортсам дедім алқынып,

Ай астында арқырап, арғымақтай тарпынып.

Жеткізбейді қалалар, өткізбейді көшелер,

айқай салған дауысым өз кеудемде жаңғырып.

 

Қарашаның жаңбыры қабырғадан сорғалап,

сор да кештім, ой кештім, аспан қарап, жол қарап.

Жол дегенім жол емес – туралған бір тұяқтар,

түн дегенім түн емес – кілең қара арғымақ.

 

Көкжиекке қызыл күн құрық сала бергенде,

ескі үмітім оянар басын шұлғып кеудем де.

Қасат-қасат қар кешкен, ауыр-ауыр ой көшкен,

қасиетті қара өлең, менде өзіңдей шерменде.

 

Торғын бұлттар төбемнен төгіп өтсе ғазалын,

ақ қағаздан көрем бе, қара сөздің азабын.

Алпыс бақсы апаннан ертіп келіп жазамын,

Күлтегіннің тасынан кертіп-кертіп жазамын.

 

Тұман шөккен, бұлт көшкен, аспанда Ай бозарған,

қашқан жандай қашан да құтылмайтын ажалдан.

Бір қолымда жүрегім, бір қолымда анашым,

ерте қайттым ештеңе бұйырмаған базардан.

 

Шешем сынды жалғызым, шешем сынды шерлі өлең,

самайына ғасырдың боз жусаны бүрлеген.

Самұрықтай сілкініп, сайкүліктей сыланып,

қанша ғұмыр көшті екен, пай-пай біздің кеудеден.

 

Көкжиекке қызыл күн жапсарласа бергенде,

қанат бітіп қапыда аспанға аса бергенде.

Қара түнді қақ тіліп арқыраған арғымақ,

менде өзіңдей шерменде, менде өзіңдей шерменде.

2017 жыл

Желтоқсан

Қарашы...

тау – меңіреу,

дала – жауыр,

тамырға тарап бітті санадағы у.

Желтоқсан келді міне,

дәтің жетсе,

көзіне тура қара,

қара бауыр!

 

Желтоқсан келді міне,

ұлы аңсарым!

қала үнсіз,

шөккен тұман,

сіңген сағым.

Көтеріп жел ойнайды етегімен,

қар асты қалған қыздың қолаң шашын.

 

Тұз бүркіп жүрегімнің жарасына,

желтоқсан салды міне, борасынға.

Қызғыштай қорып жатыр топырағын,

қыршын қыз қасат-қасат қар астында.

 

Жаратқан жер кие ғып,

аспан өр ғып,

желтоқсан келді міне,

шашқан ерлік!

Алаңда ару жатыр мұз бүркеніп,

қайда оны барасыңдар таптап өтіп?!

 

Алаң бұл – төгілген қан,

үзген бұрым,

жүзіндей тілім-тілім түздегі ұлдың.

Қаптаған тобырлардың арасынан,

жоғалған намысымды іздеп жүрмін.

 

Алаң бұл – қанға құмар,

тойға жерік.

доңыздар қорсылдайды,

қойдай өріп.

Мендағы топ ішінде теңселемін,

көзімді қарға шоқып,

құзғын ойып.

 

Қайда деп,

кербез кезім,

бұлаң шағым,

көк тұман көтерілер күнді аңсадым!

кіл тобыр,

тартып ойнап барады әне,

алаңда қалған қыздың қолаң шашын.

2016 жыл

 

АҚМҚОЛА. АЛЖИР. АҚ БОРАН

Ақмола, Қарағанды арасында,

қой бағам Батық, Жарық даласында.

Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,

ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.

Алыста жылай-жылай бала қалды,

жүрген жер Ақмола мен Қарағанды.

Қайран ел сені көркер күн бар ма екен,

мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен.

«АЛЖИР» тұтқыны. С. Қожановтың жары Күләндам апаның өлеңінен.

Селеу семген,

жусан өлген,

ақ даладан ажал исі аңқыған.

Ақмоланың ақ бораны аш бөрідей ұлыған.

Құшағында қу таяғы, сәбиіндей аялап,–

қандай ана қой соңында көздің жасын бұлаған?..

Қамыс басы төгіледі, егіледі желменен,

көкірегін кеміреді, улы өксік кернеген.

Құр тұлыпқа телміргендей, телміреді далаға,

қандай кінәң болды сенің,

қайран ана, ұлы ана!?

Ақмола мен Қарағанды, Батық, Жарық даласы,

сендер айтып беріңдерші, қандай оның күнәсі?!

Атар таңды арқалаған, белдер айтып беріңдерші,

кейуананың жасы тамған, көлдер айтып беріңдерші,

көрдей ауыр сауалым бар, жазылмаған жарам бар,

сендер айтып беріңдерші, қазылмаған арандар!?

Қызғалдағы гүл ашпаған, жусаны бүр жармаған,

жасы сіңіп сары далаға сауулы інгендей боздаған.

Шөккен нардай шойырылып жатқан анау төбелер,

сендер айтып көріңдерші, неге мұнша момын ел!?

Ауыр ойды арқалаудан жауыр болған, далам-ау,

қара тастай ауыр қайғы бауыр болған, далам-ау,

асыл шашы ақтарылып жатыр неге кейуанам,

көзі – бітеу, көңілі – көр, сөйле қане, ей, заман?!

Ақмола мен Қарағанды, Батық, Жарық даласын,

жаным ұшып шарлағанмен, таба алм ба моласын?

Тас обалар күңіреніп нені айтады түнімен,

әлденені жоқтайды олар қара тастың тілімен.

Ұлы уақыт дауылы да ақтай алмас күнәсін,

айналайын, аруақтар, оған да өзің куәсің.

Ақмоланың ақ бораны аңыраса іңірде,

осы өлеңді айтып іштей, дұға оқимын Тәңірге.

2016 жыл

ШҰҒАРА

Қызыма

Анау нұрлы әлемде,

мынау сырлы ғаламда,

жұпар аңқып жырымнан Хақты іздедім, Шұғара.

Қаламымның ұшымен жынды жасқап дүбәрә,

құдайсыз құл қоғамнан биік тұрдым, Шұғара.

Сансыз баптың сайраған ізі жусап төбемде,

бабалардың жолы деп ырым еттім өлеңге.

Қара сөздің қуатын,

қара өлеңнің киесін,

жеті ғалам бояуын,

жұмақтың пәк самалын,

маңдайыңа қондырып сенде келдің өмірге,

айналайын, Шұғара.

 

Есімің дүр Құраннан Хақтің сөзі, Шұғара,

бесігіңе бейістің жақсын нұрын, Шұғара.

Күн батыста, шығыста ердің сойы, Шұғара,

аспан атын жамылып Құдайды іздер, Шұғара.

Иман гүлін сіміріп, жүрегіңмен, кеудеңмен,

алыс-алыс жортқайсың әкең түскен сүрлеуден.

Көп күттіріп кеудемнен көктеп шыққан ғұмырым,

ай маңдайың жарылсын қасқасындай құлынның.

Бесігіңді Алтайдың аршасымен аластап,

туған далаң секілді тұғырыңда тұр асқақ.

Сансыз баптың сайраған ізі жусап төбемде,

соның бәрін өзің деп ырым еттім өлеңге.

Өзің келген бұл өмір, махаббаттан жаралған,

маңдайында мамырдың ақ бұлттары таранған.

Әуез бар ма әлемде, әлдиіндей әжеңнің,

ал әзірге ұйықтай ғой, о, кішкентай әлемім.

2017 жыл

Омарғазыны алғаш оқыған сәтті еске алу

Сүттей сәуле дәптеріме тамады,

сол сәулемен билеп бейіс самалы.

Перілердің салқынындай бір әуез,

бейуаз қылып кетті мендей баланы.

 

Сол жұпыны жыртық-жамау аулама,

көлеңкесін түсіреді тау ғана.

Батар күннің бояуына малынып,

бір сағыныш ұйып жатты жылғада.

 

Махаббат пен ғадауатын жалғанның,

сонда ойладым,

өзім қайта жалғармын.

Олдағы бір ғұмыр екен қапыда,

саусағынан сусып түскен жылдардың.

 

Симайтындай ғұмыр көрдім тағдырға.

мен білмеймін,

жоқпын ба, әлде бармын ба?

Мыңжылдықтар дұғасындай бұрқырап,

Омарғазы жататұғын алдым да.

 

Есігіңді ашпадым ба,

аштым ба?

Қыл-пернесін баспадым ба,

бастым ба?

Сары сүйегі сықырлайды уақыттың,

кәрі таулар астында...

 

Сол момақан аңқау, адал пішінде,

өмір болып өксіді ол түсімде.

Оңды-солды шаштым білем жалғанды,

соның бәрін сиғыза алмай ішіме.

 

Ауыр алған ырғағындай өлеңнің,

бір шығады, бір батады келер күн.

Кәрі құрлық кеудесінде қалжырап,

қалғып кеткен ұғымдарға не дермін?

 

Тамыр алып аспан текті ілкіден,

туса осылай туар шайыр түркіден.

Оралмайтын жолаушыны іңірде,

шығарып сап, жүрем ылғи күтумен.

 

Тұрпан ба еді,

Тарым ба еді,

тағдыр ма?

мен білмеймін,

жоқпын ба,

әлде бармын ба?

... Мыңжылдықтар дұғасындай бұрқырап,

Омарғазы жататұғын алдымда.

2016 жыл

Сәуір

Қуатқа

Сәуірдегі қайтқан құс қанатынан,

саумал жұлдыз жатады таратып ән.

Сұлу болса егерде бұл дүния, –

ол сәуірдің демінен жаратылған.

 

Ақ қанатын қап-қара түнге малған,

мұнша ессіз болар ма біздегі арман.

О, сәуірдің салқыны сен шығарсың,

болса бір зат өз-өзін былғамаған.

 

Өлең тыңдап еліктің әупілінен,

күй төгіліп жатады тау тілінен.

Ескі жұртқа енді өлең өргізейін,

ерте қонған «құралай салқынымен».

 

Ертіс бойлап ессе жел тау жоталап,

Үркер ауып жатады бұлт бошалап.

Өрекпіген кім еді өз көңілін,

өресінен адасқан құсқа балап.

 

Сәлем жолдап Алтайға жыл құсынан,

бұлт көшеді бусанып көз ұшынан.

Баяны жоқ жылдардың бодауы үшін,

уыс-уыс өзіңе у ұсынам.

 

Неге мұнша тән–ыстық, көңіл–салқын,

Қаба қайда ағатын қоңыр салқын.

Ертісіне жете алмай ентікті ме,

күткен жандай тірліктің соңғы сәтін?

 

Өзен еді ол өзегі мұңға жақын,

толқынында тербелген кіл қара түн.

О, сәуірдің демінен жаратылып,

о, сәуірдің көзінде тұнған ақын.

2017 жыл

Қайықшы

Қабағы түндей тұнжырап,

теңіздің тыңдап өксігін, –

Қайықшы отыр жағада,

кеудесін тырнап ескі мұң.

 

Шақырып оны толқындар,

шымырлап теңіз телегей.

Бозарып бұлттан шыққан Ай,

желкені жыртық кемедей.

 

Шығады Ол қазір сапарға,

толқынға қарсы қасқайып.

Өзіндей кәрі теңіз ғой,

сүйегі кеткен сарғайып.

 

Түседі Ол қазір теңізге,

тұтатып алып бір шылым.

Тіледі ескі ескегі,

тұманды түннің тұмсығын.

 

Шығады Ол қазір сапарға,

тәуекел етер ойланбай.

Тағдыры жалғыз табытын,

теңізден қашап қойғандай.

 

Қиянға сүңгіп барады

қияқ Ай сүйреп шылбырын.

Қайықшы және қарт теңіз,

арбайды үнсіз бір-бірін.

 

Арбайды үнсіз толқындар,

арбайды оны кешкі ымырт.

Жағада енді тұрмайды,

жағаны жұтқан ескілік.

 

Қабағы түндей тұнжырап,

бүркейді тұман кескінін.

Қайықшы қалды табытта,

теңіздің тыңдап өксігін.

2016 жыл

Байланысты жаналықтар

Тіл біткен жыландар

13.04.2022

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті

23.09.2021

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

16.03.2021

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

11.03.2021

Ақберен Елгезек. Өмір мені өзгертті

24.01.2021
MalimBlocks
Тіл біткен жыландар

Мүмкін әділдік деген құтқарушы емес, айқас шығар?

Мұқағали минуттары

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

Ақберен Елгезек. Өмір мені өзгертті