Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Malim Админ

  • 25.08.2024

*  *  *

Ей, дүние, жаныма дем бересің,
Демің тартып ішіңнен сен келесің.
Киелі қара ормандай жайқалып бір,
Ғажап толқын – ұрпақпен тербелесің.


Ей, дүние, жүректе қан ойнаттың,
Қан тасытып, кей-кейде абайлаттың.
Сүріндіріп, кей-кейде құлап тұрып,
Тіршіліктің тағдырын сан ойлаттың.


Ей, дүние, жиылып көзіме ендің,
Мендей ме екен, білмеймін, сезімі елдің.
Сан қилы, сан тараулы ұлы жолда,
Ерітіп, кей-кей жанға өзім ердім.


Мені де мойындайтын кезі келер,
Ақынның құпиялы – сезімі – өнер.
Ей, дүние мен сенің бөлшегіңмін,
Бір өзіңнен бөлініп, өзіңе енер.


Тыншымай таңғажайып мына тылсым,
Кеудем – толқын көгіме бір атылшы.
Жүрегіме дем беріп Ей, дүние,
Сен көзімнің алдында тұра тұршы...

 

Дүниені жалт қаратсам деп едім

Неткен жұмбақ шексіз аспан көк едің,
Ғалам деген қандай ғажап кең едің.
Жүрегімнен өлең сыйлап өмірге,
Дүниені жалт қаратсам деп едім.


Өмір қызық, адам оған тоймайды,
Ғұмырымды ұзартсам деп ойлайды.
Таулар үнсіз құлақ салған жырыма,
Не жазсам да бір қозғала қоймайды.


Жердің өзі бір орнында тұрмайды,
Өмір деген бір ешқашан тынбайды.
Шалқар айдын өлеңімді кей-кейде,
Теңіз терең толқынымен тыңдайды.


Табиғатта зат болмайды тіл білмес,
Өмір-жұмбақ, құпиясын білдім кеш.
Өзен-бұлақ, дариялар да асығыс,
Жыр шумағын тыңдауға да үлгірмес.


Тағдыр деген сан мың саққа сүйрейді,
Тіршілік пен өмір өзі билейді.
Тауларға да бір қарауға қол түгіл,
Көзіміздің қолы кейде тимейді.


Тірлік сыйлар тұз-дәмдерін татамын,
Ойға шолып, бір ғажапқа батамын.
Дүниенің бәрі сондай қарбалас,
Сонда да мен өлең жазып жатамын.

* * *

Айналамда кұстар үні, құс үні,
Құлағымнан, жүрегіме жеткен бір.
Табиғат-ау, жасыл-желек пішіні,
Мені қоршап, айналамда көктем жүр.


Аман болса қауіп пенен қатерден,
Бұл тірлікке сапар кешкен жол – бақыт.
Осы көктем, мені өмірге әкелген,
Жан анаммен бірге өзі толғатып.


Бір үмітті ұялатып көңілге,
Мезгілімен келген маусым – әр қонақ.
Осы көктем, көз ашқанда өмірге,
Әлдилегеншуағымен жанды орап.


Бастау алар – тауға сүйеп иегін,
Өзендерге жүрегімді тасыттым.
Осы көктем мінезімен сүйемін,
Осы көктем жанарымен ғашықпын.


Бұлбұл әуен көктем деген қызық ән,
Аққу бейне, ару-жүзді, қыз-көрік.
Менің көктем жүрегімнен жылыған,
Үш ай қыста тас боп қатқан мұз да еріп.


Дария тасып, арнасы асып күш толған,
Өзіңе-өзің қалай ғана сиясың.
Менің көктем жүрегіме құс қонған,
Қайта оралып, салып жатыр ұясын.


Сан алуан сәулелерге боятып,
Бұл дүние жаралғандай өлеңнен.
Күнмен бірге тіршілікті оятып,
Көктемменен бірге жырлап келем мен.

*  *  *

Біреуге еркелейтін Заман ба осы,
Бәрі де ағайынның аман болсын.
Қарбаласқан дүние арасымен,
Бастады тәуелсіздік далам көшін.


Қол тиер кез емес қой серуенге осы,
Даламның аман болғай керуен көші.
Дұшпан көп жан-жағынан анталаған,
Халқымның тәуелсіздік сенген досы.


Өзендер тасып-толып кемеріне,
Кеңейіп келіп өмір кемеліне.
Осынау тәуелсіздік аман болса,
Қазақты жеткізеді дегеніне!


Тағдырға жайып-жаймай алақанын,
Көгіне құс ұшырар балапанын.
Қазақты жеткізеді дегеніне,
Бүгіннен біз ойласақ бала қамын.


Жайнаған дүниеге жарасат гүл,
Ертеңге – сын артады болашақ бұл.
Тәуелсіз ғұмырларды баянды етер,

Сәбилер жанарында – болашақ тұр!..

*  *  *

Күнәмді кешір, болса егер,
Жаратқнн Құдай – сол шебер.
Пендеңнің бірі мен едім,
Азапты мүмкін мол шегер.


Азаптан басқа жоқ қайғы,
Ажал оғын оқтайды.
Қарттыққа мәңгі дауа жоқ,
Түбінде жүрек тоқтайды.


Тығырыққа тірелер,
Өлім барын біле бер.
Балаңдай жастар алдында,
Қартаю да бір өнер.


Талай мұң бар меңдеген,
Ойлай-ойлай тербелем.
Жастығым қолдан сусыды,
Сол қарттыққа мен келем.


Не көрмедік, не көріп,
Бастым қадам бөгеліп.
Құдай жазса қайтеміз,
Қартайып та көрелік.

Байланысты жаналықтар

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

10.10.2024

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024

Махаббат туралы өлеңдер

25.09.2024

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024
MalimBlocks
Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

Гүл Зарқұмар (1974 - 2022) – 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады. 2022 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Махаббат туралы өлеңдер

Ақындардың бәрі де махаббат туралы жазады. «Поэзия махббатпен басталып, парасатпен аяқталады», –деген Мұқағали. Бұл жырларды оқи отырып, сан түрлі сезімді, тағдырды, мінезді көресің. Ойыңа өзіңнің ғашық болған, сүйген, сағынған сәттерің оралады.

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.