Жоқ коронатесті іздеген жүкті әйелдің зары

Елнұр Бақытқызы

  • 22.06.2020

Алматы тұрғыны Лариса Акользинаның екінші баласына аяғы ауыр. Маусымның 30-ы күні жоспарлы кесар операциясымен босану үшін Лариса Акользина перзентханаға коронавирусқа тексеретін ПТР тест анықтамасын тапсыруы керек. Алайда Лариса Акользина өткен аптаның ортасынан бері ПТР тестін тапсыра алмай жүр. Өйткені ол тіркелген №31 емханамен келісімшартқа отырған "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасы коронавирусқа ПТР тест алуды тоқтатқан.

Жоқ тесті іздетіп қойды

"Қазір жүктілігімнің 38-аптасы кетті. 30 маусым күні Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына кесар операциясына жатуым керек. Ол перзентхана коронавируске тапсырған тест анықтамасын алып келуді сұрады. Бастапқыда ол тест босанатын әйел перзентханаға түскенде жасалатын шығар деп ойладым. Олай болмай шықты. Жоқ тесті іздеп тауып, тапсыру жауапкершілігін біздің мойынға іліпті. Міндетті медициналық сақтандыру қатысушы болғандықтан, тесті тегін тапсырғым келеді. Өзім тіркелген №31 емханаға барып, тестке жолдама беріңіз дедім. Ол жақтағы медбике бірден ақылы тест тапсырған дұрыс деді. "Олимп" зертханасында тест жоқ, ал емхана тек сол зертханамен ғана келісімшартқа отырған", - дейді Лариса Акользина.

Жекеменшік клиникалық-диагностикалық "Олимп" зертханасы 19-21 маусым аралығында Алматы қаласында, 19-22 маусым аралығында Атырау қаласында, 19 және 23 маусым аралығында бас қалада зертханаға техникалық жұмыстар жүргізілетіндіктен, коронавирусқа ПТР тест алуды тоқтататынын хабарлаған. Зертхана Алматыда ПТР тест алуды бүгін жалғастыруы тиіс еді. Алайда зертхана белгісіз себептермен бүгін де коронавирусқа анықтайтын тестерді алып жатқан жоқ.

Лариса Акользина дәрігер "бүгін коронавирус анықтайтын тесті емханада тапсырасың, оны "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасына өзіміз жібереміз" деп уәде берген соң,  таңертең ауруханаға қайта барған.

"Бүгін емханаға барсам, тест тапсыру үшін кезекте төрт адам отыр. Медибике менің көзімше "Олимпке" хабарласып еді, ондағылар "бізде реагент жоқ, 29 маусымға дейін қабылдамаймыз" деді. Менің алдымда кезекте отырғандар операцияға жатуы тиіс екен. Бір әйел енді 24 маусым күнгі операцияға қалай жатамын деп жыларман болды. Осындай әлсіз топтар сонда не істеуі керек?" - деді Лариса Акользина.

Коронавирусты анықтайтын "Олимп" зертханасы 18 маусымнан бері телефон қоңырауларын қабылдамайды, оның орнына операторға онлайн хат жазуың керек. Сайт арқылы біз жазған хатқа жауап берген оператор "Олимп ПТР тесті уақытша тоқтатты, Нұр-Сұлтан мен Алматыда ПТР тестке 24 маусымнан бастап жазылуға болады", - деді.

Босанатын ай-күні жақындап қалған Лариса Акользина өзі тіркелген аурухананың неліктен "Олимп" зертханасымен ғана келісімшартқа отырғанын түсінбейді. "Емханадағылардан неге бір ғана зертханамен келісімшартқа отырғанын сұрадым. Оны жоғары жақ шешті дейді. Бұл да бір лобби сияқты. Тестті 4-7 күн күтуің мүмкін дейді. Оған жазылу, оның нәтижесін күту тағы бар. Мен күткеніммен, іштегі балам күтпейді ғой. Егер толғақ басталса, коронавируске тест тапсырмаған мені өзім таңдамаған, басқа перзентханаға алып кетіп босандырады", - дейді амалы таусылған ол.

1,2 миллион тест қайда?

19 маусым күні денсаулық сақтау министрінің міндетін уақытша атқарушы Ляззат Ақтаева брифинг кезінде елде 390 мың тест бар болса, оның 200 мыңы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы зертханаларда екенін айтқан. Ляззат Ақтаева денсаулық сақтау министрлігі алдағы он күннің ішінде 1,2 миллион ПТР тесті сатып алатынын мәлімдеген.

Елде коронавирусты анықтайтын тест тапшы болса, денсаулық сақтау министрлігі қосымша тест сатып алуды неге күні бұрын ойластырмаған? Ақпан айында министр Елжан Біртанов пандемияға дайынбыз дегенде, маман да, аурухана да, тест те жеткілікті дегенді меңземеп пе еді? Ал 5 мамыр күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күреске 6 триллион теңге немесе 13 миллиард доллар бөлінгенін айтқан. Бұл – бүкіл Қазақстан халқын жаппай тестіден өткізуге жетіп артылатын ақша.

Ляззат Ақтаева 1,2 миллион тест 10 күннің ішінде сатып алынады дегенімен, олардың зертханаға нақты қай күні түсетінін ашып айтпады. Денсаулық сақтау министрлігі тест сатып алу үшін әуелі тиісті бюджет өтінішін қаржы министрлігі арқылы өткізетіні белгілі. Министрлік бұл тесті нақты қашан сатып алады, қаржы министрлігіне тиісті өтініш қашан жолданды, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы зертхана тест алуды неге тоқтатты? Біз Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріпке хабарласып, осы сұрақтарды қойып көрдік. Алайда ауырып қалғандықтан, қашықтан жұмыс істеп жатқанын айтқан Диас Ахметшәріп: "Соңғы ақпаратым бойынша, осы аптада 1,2 миллион тест алынады", - деп қайырды.  "Сонда ол әлі алынған жоқ па?" дегенімізге Д.Ахметшәріп: "Осы дүйсенбіден бастап келуі керек, тапсырыс бердік" деді. "Олимп" зертханасы неге тестілеуді тоқтатты?" деген сұрағымызды Д.Асхметшәріпің жұмыста жүрген әріптесі, денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Бисаринаға қоюды сұрады.

Г.Бисарина болса, "Олимп" тесті жүргізбей жатса, сұрақты бізге емес, оларға қою керек", - деді. "Министрлік тесті сатып алды ма?" деген сұрағымызға "Бүгін брифингіге сарапшылар шығады, солар түсіндіріп береді", - деп қайырды.

Сонымен, тестер алынды ма, қаржы министрлігі тиісті өтінішті мақұлдады ма, осы қарапайым сұрақтарға жауап алу үшін денсаулық сақтау және қаржы министрлігіне сауалдар жолдадық.

Лариса Акользина мемлекет ай-күні жақындап қалған аяғы ауыр әйелдер мен операцияға жатуы тиіс науқастардан тест нәтижесін талап етпей, оны тікелей ауруханаға түскенде жасауы керек деп есептейді. "Басқа елдерде тесті ауруханада жасайды, бізде неге оны өзіміздің мойынға артты? Емхана неге басқа зертханаға жіберіп, тегін жасатпайды? Мен аяғы ауыр әйелдерден коронавирусқа тест тапсыру талабын алып тастауды сұраймын. Тест тапсыруға барғанда-ақ індетті жұқтырып алуымыз мүмкін. Екіншіден, тестің өзі жоқ. Үшіншіден,  коронавирусқа ауруханада анықтауға болады. Немесе дене қызуын өлшеп, компьютер томографиясын жасасын. Қысқасы, онсыз да ай-күні жақындап қалған аяғы ауыр әйелдерді онан әрмен қинамаңыздар", - деді ол.

Г.Бисарина айтқан Орталық коммуникациялар қызметінде кешке өткен брифингіде денсаулық сақтау министрінің зертханалық қызмет бойынша кеңесшісі Жанар Сүлейменова тестке сұраныс артқанын және тапшылық туғанын жоққа шығармады. Дегенмен айтуынша, тестер бәрібір жасалып жатыр. Соңғы тәулікте елде 28825 ПТР тест алынды, оның 80 пайызы тегін жасалды дейді.

"Елде 56-дан астам зертхана жұмыс істейді, миллионнан астам тест жасалды. Алдағы уақытта індеттің өршуі мен күзгі толқынға дайындық ретінде тәулігіне 35 мың тест жасауды жоспарлап отырмыз. Алты жылжымалы зертхана және қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады. 1,2 миллион тест сатып алып туралы өтініш мақұлданды. Соңғы тәуліктерде аурулар саны көбейгендіктен, тестке сұраныс артты. Бірақ тесті медицина және эпидемиологиялық қызметкерлердің жолдамасымен жасаған дұрыс. Халық өз бетінше барып тапсыратын жағдай көбейді, тіпті екі-үш зертханаға қатарынын тапсырады. Оның үстіне кей қалаларда зертханалардың санитарлық жұмыстарға жабылуы да тапшылық тудырды. Зертханалар үш ай бойы үздіксіз жұмыс істеді. Оларда да санитария режимі болуы керек. Әрі зертханалар құрал-жабдықтар істен шықпауы үшін профилактикалық шараларға байланысты жабылуы мүмкін", - дейді ол.

Фото Лариса Акользинаның жеке мұрағатынан алынды

 

Байланысты жаналықтар

42 500-ді қайтарғың келсе – қайтар, қайтарғың келмесе – қайтарма

20.04.2020

Тойшыл Назарбаев коронавирусқа қарсы 150 миллион бөлді

21.03.2020

Халық үшін нағыз қауіп - антиваксерлер

02.08.2021

Қазақстанда пневмония өршіп барады

13.12.2020

Демалыс күндері қай қалаларда карантин күшейтіледі?

18.06.2020

Алматыдағы оқшауланған зоналар ашыла бастады

22.04.2020
MalimBlocks
42 500-ді қайтарғың келсе – қайтар, қайтарғың келмесе – қайтарма

Тойшыл Назарбаев коронавирусқа қарсы 150 миллион бөлді

Халық үшін нағыз қауіп - антиваксерлер

Коронавирустың таралуы асау өрттей қаулап барады. Шарпымаған жері жоқ. Елдің барлық өңірі қызыл аймаққа өтіп, ажал төндіріп тұр. Өкпесі күйген, Құдайдың тегін ауасымен қиындықсыз тыныстауға зар боп қалған науқастар күн санап емес, сағат сайын көбейіп барады. Ана күні ғана 3 мың еді, кеше 7 мыңнан асып жығылды. Былтыр ғалымдар коронавирустың күші мен залалын таппай жатқан сәтте дәл осылайша сырқаттар көп болмаған. Ал биыл, былтыр коронавирустан қорыққан жұрт биыл коронавирустың түбіне жететін вакцинадан үркіп әлек боп, түзу жерде сүрініп жүр.

Қазақстанда пневмония өршіп барады

Демалыс күндері қай қалаларда карантин күшейтіледі?

Алматыдағы оқшауланған зоналар ашыла бастады