Жаркент тариф бойынша Нұр-Сұлтанға жетті

  • 10.02.2020
  • Malim Админ

Алматы облысында жылу бағасына қатысты дау шықты. Жаркентте «Жұмыспен қамту» бағдарламасымен пәтер алған тұрғындар тарифтің қымбаттығына наразы. Жұрт айына 1 бөлмелі пәтерге – 15 мың теңге төлесе, 2 бөлмеліге – 25 мың, ал, 3 бөлмелі баспанаға – 35 мың теңгеден төлеп отыр. Тіпті, кейбірінің пәтері жылынбайтындықтан, электр жылытқышын қосуға мәжбүр. Сөйтіп, тоққа да, жылуға да ақша төлеп, қолдан жасалған қымбатшылықтың зардабын шектік деп ашулы. «Мұндай баға еліміздің ешбір қаласында жоқ» деп  мұңын шаққан тұрғындар облыс басшысы Амандық БАТАЛОВТАН көмек сұрап отыр.

Аталған тұрғын үйлер 2012-2013 жылдары Панфилов ауданындағы болашағы жоқ елді-мекендердің тұрғындарын қала маңына қоныстандырып, баспанамен қамту мақсатында жаңадан тұрғызылған екен. 5 қабатты 3 тұрғын үйде 100 пәтер бар. Мұнда көбіне әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Баспана жекешелендіру құқығынсыз берілгендіктен, ай сайын арендалық құнын өтеуге міндетті. Бұның сыртында коммуналдық қызмет төлемдері бар. Мамыражай күн кешіп келген тұрғындар аяқ асты тариф бағасының бірнеше есе қымбаттағанын айтып отыр.

«Төлемесеңіздер сотқа береміз деп қорқытты. Амал жоқ 2 айдікін төлеп тастадым. Енді 3 айға 19 мың теңге төлеу керексіз деген қағаз шығарып беріпті. Ондай ақшаны қайдан табам? Үйім тастай суық. Мына электр пеші түнімен қосылып тұрады», - дейді Жаркент қаласының тұрғыны Ғалия БАЙТІЛЕСОВА.

Бұл үйлердің тұрғындары үшін жылу мәселесі бас ауруына айналған. Шығынды азайтамыз деп, әр пәтер 40 мың теңгеден қаржы жинап, пешті де ауыстырыпты. Былтыр қыста жұмысшы жалдап, от жаққанда айына 5-10 мың теңгеден төлегендерін айтады. Ал, енді осы маусымда қазандықты «Панфиловсуқұбыры» мекемесінің балансына өткізіп беріп, қымбатшылыққа ұрынып отыр. “Тапқан табысымыз ішіп-жеуіміз бен жүріс-тұрысымыздан артылмайды. Жылуға төлей алмай, қарызға белшемізден баттық” дейді ашуға булыққан тұрғындар.

«Горводоканал енді бізге ай сайын 1 бөлмелігерге – 15 000тг, 2 бөлмелілерге – 28 000тг, 3 бөлмелілерге – 35 000 теңге әкеліп, квитанция таратып жатыр», - дейді қымбатшылықтың зардабын шектім деген тағы бір Жаркент тұрғыны Әсел ДОСАЛИЕВА.

Мақпал ҚҰСБЕКОВА Жаркент қаласының тұрғыны: «Күйеуім ай сайын 60 мың теңге табады. 30 мың теңге жылуға төлеймін. Қалған ақшаны баламның тамағы мен сабағына жеткізуім керек. Одан басқа жүретін жолыма ақша керек. Қалай жеткіземіз? Бұл тариф біз үшін өте қымбат».

Әкімдіктегілер бұл мәселеге қатысты мардымды жауап бере алмады. Айтуларынша, аталған үйлерді жылыту үшін кететін шығын көлемі 8 млн 800 мың теңге шамасында. Әрі бұл тарифті өздері емес, арнайы мекеме бекітіп берген көрінеді.

«Бұл - антимонпольный комитетпен келісілген тариф. Бұл қаражатқа  үйді жылытуға қатысы бар 4 адамның жалақысы, сондай-ақ, 198 тонна көмірдің ақшасы, сатып алынатын электр энергиясының құны мен салықтар кіреді», - дейді, Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман ТАЗАБЕКОВ

Салаға жауаптылар жылу бағасын төмендетуді қарастырамыз, - деп сендірді. Яғни, көмірге субсидия алу арқылы арзандатпақшы. Алайда, болашағы жоқ ауыл-аймақтан тұрмысымыз оңылып қалар деген үмітпен көшіп келген тұрғындар мәселе шешілгенше шыдауына тура келеді.

Ербол ІЛИЯС

Фотолар автордікі.

 

Байланысты жаналықтар

Сайлау-2021. COVID –тен сақтану һәм тегін тест.   

03.01.2021

Ұлттық қордың ақшасы дұрыс жұмсалып жатыр ма?

22.04.2020

Нарынқолда қоныс той

21.11.2020

Президент: «Газ, су, электр қуаты үшін төлем тоқтатылады»

17.03.2020

Нұр-Сұлтанда биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

10.06.2021

"Жеке карантин" жайлы

13.06.2020