Құлпытас қояр-қоймас басымызға...

  • 13.07.2020
  • Malim Админ

Бүгін - 2020 жылдың 13 шілдесінде жалпыұлттық аза тұту күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 12:00-де коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланады.

Өлгендер қайтып келмейді. Бірақ өшкенің жану керек. Жер басып жүрген тірі пенденің ойын сарсаңға салған, тіршілігін әбігерге түсірген осы бір індет көп нәрсені пенде ретінде сезіндірсе керек, ойландырса керек.

Аза тұтқанда не деп тұтасың? Еске аласың, жоқтайсың, дұға арнайсың. Сонымен қатар өлімнің де бір келерін ұғасың. Бәрін қойнына алып жатқан жер-бесікті де ауық-ауық ойлайсың. Қазақтың көрнекті ақыны Әбдіраштың Жарасқаны жазған мынау бір жыр осы сәт, осы күн туралы жан толғанысының бір сырын сездіріп өтердей-ақ.

Кім едік?

Кім болдық біз? –

Халық таныр!

Әйтеуір, ұмтылғанбыз жарыққа бір!

Марқұмбыз – бәріміз де болашаққа,

Жер деген – Адамзатқа Алып қабір.

 

Еттік пе екі келмес тірлікті мәз?

Сағымдай басымыздан сырғыпты жаз!

Алданып алғы күнге алаңдаумен,

Үстінде сол қабірдің жүрдік біраз!..

 

…Жазар ма «Еңіреген ер!» – деп бізді,

Жазар ма «Көкірегі көр!» – деп бізді?..

Жоқ әлде отырар ма ойға шомып,

Жанары терезедей терлеп күзгі?

 

…Көргенде сол бір күнді көзін ілер,

Даланың, бәлкім, иттей төзімі дер.

Құлпытас қояр-қоймас басымызға,

Ол жағын уақыттың өзі білер!..

 

Біздің де кетеріміз мұра қылып –

Сол арман, сол баяғы бір-ақ үміт.

Жапанда жараланып жалғыз қалған

Бөрідей… басымызда тұрады ұлып!..

 

Жанына маза бермей жырақ тылсым,

Жас ұрпақ мына бізге жылап-күлсін…

Жапанда жалғыз… жалғыз… ұлып тұрған

Бөріге… жиі-жиі құлақ түрсін!..

Байланысты жаналықтар

Аманхан Әлімұлы дүниеден өтті

30.03.2020

"Билікке ыңғайлы": Қазақстан тележүргізушілеріне бәсекелес пайда болды

20.02.2020

Бақытжан Позилов: Шымкент трансплантация орталығына айналады

29.04.2021

Қашықтан оқу: Докторанттар зертханаға бара алады

30.08.2020

Covid-19 анықталғандардың саны 271-ге жетті

29.03.2020

Мұғалімдер күні үздік ұстаздар марапатталады

24.09.2020