2020 жыл: Өтірікші, "көріпкел" және сараң шенеуніктер
2020 жыл бүкіл Қазақстан үшін ауыр жыл болды. Елді 30 жылдан бері жайлаған жемқорлық, барлық саладағы шенеуніктердің салғырттығы мен салақтығының кесірін бүкіл қазақ тартты: дер кезінде ем ала алмады, дәрі-дәрмек іздеп сабылды, сол дәрі мен ИВЛ жетпей қалғандықтан қайтыс болған туыс-туғандарынан, жақындарынан айырылды.
2020 жыл әсіресе денсаулық сақтау жүйесіндегі былық-шылық пен бүкіл проблемаларды, осы саланың тоқырауға ұшырағанын ашып берді. Денсаулық сақтау жүйесін басқаратын шенеуніктердің бос уәдесі, ебедейсіз шешімдері мен даулы мәлімдемелерін топтастырып беріп отырмыз.
Өтірікші шенеунік – Елжан Біртанов
Елжан Біртанов ақпан айында да, елде коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталғанда да денсаулық сақтау жүйесі пандемияға дайын екенін мәлімдеген.
"Біз пандемияға толық дайынбыз: ауруханадағы төсек орын дайын, дәрі-дәрмек қоры бар. Медициналық қызметкерлер қалай әрекет ететінін біледі", - деді Е.Біртанов 13 наурыз күні.
Алайда індет басталғанда дәріханаларда қарапайым масканың өзі жоқ болып шықты. Кей медициналық мекемелерде наурыз айының аяғы, сәуір айының басында жеке қорғаныс құралдарын былай қойғанда, маска жетіспеді. Ал індет өршіген маусым-шілде айларында ауруханалар науқастарға лық толып, төсек орын жетпей жатты. Дәрігер көмегін ала алмаған науқастар үйде жатып емделуге мәжбүр болды. Дәріханаларда антибиотиктер мен қарапайым парацетамолдың өзі қат болып, жұрт дәрі-дәрмек іздеп сабылып кетті. ИВЛ, дәрі-дәрмек, төсек орын жетпегеннен, дер кезінде медициналық көмек ала алмағаннан жантәсілім еткен коронавирус құрбандарын туыстары жоқтап қала берді.
Коронавирус денсаулық сақтау саласының былық-шылығын, тоқырауда екенін ашып берді. Ал Біртановтың “індетке дайынбыз” дегені қып-қызыл өтірік болып шықты.
Елжан Біртанов елде коронавирус індеті өршіген тұста отставкаға кеткен. Одан бұрын ол өзі де коронавирус жұқтырып, ауруханада емделген. Өзінің отставкасын Біртанов емделу қажеттігімен түсіндірді.
25 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев Елжан Біртановты қызметінен босатып, орнына Алексей Цойды тағайындаған болатын.
Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күнгі мәлімдемесінде коронавирустың өршуін денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жіберген қателіктерімен байланыстырып, сол қателіктерді тексеруге комиссия құруды тапсырған болатын.
2 тамызда Біртановтың бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің «бюджет қаржысын жымқырды» деген күдікпен ұсталғаны хабарланды. Ал 14 тамызда дәрі-дәрмек сатылымына жауап беретін «СК-Фармация» компаниясының экс-басшысы Берік Шәріп қамауға алынған. Ол төтенше жағдай кезінде медициналық бұйымдарды сатып алғанда қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
Қазанның 31-і күні бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы хабар тарады. Қарашаның 3-і күні Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитеті экономикалық тергеу қызметі Е.А. Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлады. Біртановқа тергеу соты қамауда ұстау бұлтарптау шарасын қолданған. Алайда кейін кейін экс-министр үйқамаққа ауыстырылды.
"Көріпкел" шенеунік – Жандарбек Бекшин
Наурыз айының алғашқы аптасында сол кездегі бас санитар дәрігер қызметін атқарған Жандарбек Бекшин "коронавирус елге ақыры 11-16 наурызда келеді" деп болжам жасаған. Оның бұл сөзі әлемжеліде тез тарап, мемге айналды.
Қазақстанда коронавирус 13 наурыз күні анықталды. Ал болжамы дәл келген Бекшин бас санитар дәрігер қызметінен 20 наурыз күні босатылды. Бас санитар дәрігердің орынбасары қызметіне тағайындалған Жандарбек Бекшин сәуір ортасында Алматының бас санитар дәрігері қызметіне ауысты.
Жылдың қате болжамы
Сәуір айының аяғында сол кездегі еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мамыр айында коронавируспен ауыратындар саны 4000-ға жетеді деген болжам жасаған. Алайда мамыр айының аяғында вирус анықталған адамдар саны 10 858-ге жетті.
Жылдың абсурд бастамасы
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 30 шілдеде елдің бәрі: тәй-тәй басқан сәбиден бастап, жүгіріп бара жатқан спорт сүйер адамға дейін маска тағуы керек деген болатын. Ал маскасыз жүргендерге 80 мың теңге көлемінде айыппұл салынаты қосымша хабарланған еді. Журналистердің "сәбилерге арналған маска дәріханада жоқ" деген уәжіне денсаулық сақтау министрі Алексей Цой одан проблема тудырмай, сәбилерге масканы мәрліден жасаңдар деді. Немесе ересектерге арналған масканың рәзіңкесін қысқартып тағыңдар деді.
Цойдың жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балаларға маска тақтыру бастамасы қоғамның ашу-ызасын тудырды. Ал дәрігер, АҚШ отбасы дәрігерлері қауымдастығының мүшесі Дмитрий Киреев екі жасқа толмаған сәбилерге маска тағуға болмайды, бұл геноцидпен бірдей деген мәлімдеме жасаған.
АҚШ педиатрлар қауымдастығы 2 жасқа толмаған сәбилерге маска тағуға болмайды, олар тұншығып қалуы мүмкін деп, ата-аналардың оларға маска тағуына тыйым салды. Өйткені нәрестелер ауыз арқылы дем ала алмайды. Сондықтан маска таққан кезде мұрын арқылы тыныс ала алмай қалған нәрестелер ауыз арқылы да дем ала алмай қалады. Сәби маска таққан күйі ұйықтап қалса, тұншығып, шетінеп кетуі мүмкін.
Бір күн өтпей Алексей Цой бастамасынан айнып қалып, қоғамдық орындарда жүрген сәбилер және спортпен шұғылданып, жүгіріп жүргендер маска тағуы міндет емес деген ережені қаулыға енгізді.
Жылдың ең сараң шешімі
Жұмыс орнында коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төленетін 2 миллион теңге көлеміндегі өтемақы 20 қазаннан бастап алып тасталды. Мұны денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов мәлімдеді.
“20 қазаннан бастап аймақтық комиссиялар медицина қызметкерлерінен өтемақы төлеу жөніндегі өтініштерді қабылдауды тоқтатты. Вирус жұқтырған 12 983 медицина қызметкерлерінің 9309-ы жұмыс орнында кәсіби қызметін атқарып жүргенде жұқтырған. Оларға өтемақы төленді”, – деді М.Шоранов.
Осылайша президент Тоқаев коронавируспен күреске 6 триллион теңге немесе 15 миллиард доллар бөлінді десе де, індет өршіген тұста төсек орын, ИВЛ мен дәрі-дәрмек жетпеді. Пандемия аяқталмай жатып дәрігерлерге өтемақы төлеу тоқтатылды.
Жылдың бұрмаланған статистикасы
Маусым-шілде айларында індет өршігенде "шығу тегі белгісіз" пневмонияны денсаулық сақтау министрлігі коронавирус статистикасына қоспай келді. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының кеңесінен кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бастап ПТР нәтижесі теріс, бірақ коронавирус белгісі бар пневмония коронавирустың жалпы статистикасына қосылады деп уәде берген. Алайда статистикаға 2 тамыздан бастап тіркелген вирусты пневмонияны қосатын болды. Сөйтіп, 1 тамызға дейін пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандарды статстиктикаға қоспады.
2 тамыз күні денсаулық сақтау министрлігі жыл басынан бері 256,5 мың адамға пневмония диагнозы қойылғанын мәлімдеген. Оның 152 мыңға жуығы шілде айында анықталған. Бірақ 2 тамызға дейінгі вирусты пневмония дерегі коронавирус жұқтырғандардың жалпы статистикасына сол бойы қосылмады.