Коронавирустан аман қалған А.Баталов індеттің неден өршіп жатқанын түсініпті

Берік Жанатханұлы

  • 18.07.2020

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, астанаға барып емделіп келген Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ өңірде  індеттің не себепті өршіп кеткенін хабарлады.

Facebook желісіндегі парақшасында облыс әкімі «соңғы кезде бірқатар аудан, қала әкімдері коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алды. Әрине, оған кейбір облыстық бақылаушы құрылымдар басшыларының сырқаттануы сияқты объективті себептермен қатар басқа да факторлар әсер еткені белгілі» депті. Әкім «соңғы кезде» деп өзі ауырып, Нұр-Сұлтанға барып ем алған кезді айтты ма, әлде жұмысқа шыққаннан кейінгі мезетті меңзеді ме, онысын нақтыламаған.

«Сонымен қатар белгісіз себептермен оперативті штабтың жұмысы тоқтап қалған, бірақ ең бастысы - инфекциялық және провизорлық бөлімдердің жұмыс алгоритмі бұзылған. Жекелеген жағдайларда коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болған, "қызыл аймақта" саналатын медицина мамандары қоғамдық көлікпен қатынап, отбасы ортасына оралып жүрген» деп сабақтайды сөзін әкім. Елде төтенше жағдай жарияланып, күллі әлем алысып жатқан сәтте, бұл өңірдегі оперативті штабтың жұмысы неге белгісіз себептермен тоқтап қалғанын да облыс әкімі ашып айтпайды.

А.Баталовтың сөзінше, ол мұндай жағдайларды аудан, қала әкімдерімен өткізген  жиындарында анықтап алыпты. Жергілікті жерлердегі әкімдердің, денсаулық сақтау басқармасы басшылығының,  бас дәрігерлердің қателіктері мен олқылықтарын атап өткен әкім Талдықорған мен Текелі қалаларында індет жылдам тарап,  коронавирустың өсімі сəйкесінше 11-12 пайызға жеткенін назарға алыпты.

Сосын, әрине вирусты одан әрі таратпау үшін үйіп-төгіп тапсырма беріпті.

«Мұндай шараларды қабылдауға қажетті барлық мәселелер шешілген, облыстық бюджет қайта қаралып, барлық қажетсіз бағдарламалар қысқартылып, мұқтаж адамдарға медициналық көмек көрсетуге және медицина мамандарын қолдауға қажетті көлемде қаржы бөлінді. Жалпы коронавируспен күрес шараларының өзіне ғана жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді» дейді әкім бір сөзінде. Қызығы, бюджетке қысқартылатын  «барлық қажетсіз бағдарламалар» қайдан кіріп алғанын да ашып айтпайды.

Оқи отырыңыз: Құрылыстағы афера: әкімдік жобалаушыны, кәсіпкер әкімдікті сынайды

Сөзінің соңында облыс басшысы «ауыр кезеңде сырқаттарға, медицина мамандарына қайтарымсыз, шын пейілмен азық-түлік, дəрі-дəрмек, құрал-жабдық жəне басқа да қажеттіліктер əкеліп беріп, қолдау көрсеткен барша жандарға шын жүректен алғыс» айтады. Және «өздеріңізге, жақындарыңызға жанашыр болыңыздар!» дейді.

Коронавирус Алматы облысы әкімдігіндегі жандарға да оңай тимегенін айта кетейік. Облыс әкімін емдеуге облыстан дәрігер табылмай, А.Баталов астанаға барып емделіп келді. Ал Алматы облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов пен облыс әкімінің орынбасары Бескемпіров Серікжан осы індеттен көз жұмды.

 

 

Байланысты жаналықтар

Өңір өміріндегі өнер сапары

19.12.2020

Тұрлашов "тірілтіп" жіберген Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі білмей ме?

15.12.2020

Дихандар: Екпесең айыппұл төлейсің, ексең сусыз қаласың

24.06.2020

Талдықорғанның әкімі Назарбаевтың сөзін құлағына ілмепті

06.02.2020
MalimBlocks
Өңір өміріндегі өнер сапары

Тұрлашов "тірілтіп" жіберген Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі білмей ме?

Дихандар: Екпесең айыппұл төлейсің, ексең сусыз қаласың

Талдықорғанның әкімі Назарбаевтың сөзін құлағына ілмепті