Өңір өміріндегі өнер сапары
Алматы облысы еліміздегі мәдени, әдеби өмірі сапырылысып қайнап жататын, рухани дағдығысы, рухани тіршілігі әбден қалыптасқан, тірі өңірге жатады.
Оның үстіне, Жетісу өңірі деп аталатын ғажайып, поэтикалық аты да өнерге қарай өріс тартып тұрғандай сезіледі.
Қазақтың ғажайып ақыны Ілияс Жансүгіров «Жетісу» суреттерін жазғанда, шабыты қалай қалықтатты деп ойлайсыз. Әрине, топырақ пен табиғат, халық пен қошемет ақынның туған жеріне деген сезімін түрткілеп оятты. Жыр жампозынан ары да Сүйінбай мен Жамбыл, Құлманбет пен Көдек, Бердібек пен Сайын, Мұқағали мен Жұматай, Есенқұл болып жалғасқан өнер көші еш тоқтаған емес. Сөз де, саз да, сахна да болды. Әлі де бар. Бұл тұрғыдан алғанда Алматы облысының әкімдігі жүйелі жұмыс істеп келеді.
Биылғы жылдың ең басты жаңалығы ретінде облыста ашылған екі халық театрын айтуға болады. Бұндай театрлар бұрын ел ішінде болғанымен, үзіліпе, жалғанбай қалды. Осы республика көлемінде тек Алматы обысында екі бірдей халық театрының ашылуы мәдени өміріміздегі елеулі жаңалық деп айтсақ болады.
Оның бірі – Райымбек ауданында ашылған «Хан-Тәңірі» театры. Бұл театрдың тамыры тереңде жатыр. Бір кездері «Нарынқол» халық театры жылы құрылып, 1963 жылы «Нарынқол Халық театры» атағын қорғаған.
Театрдың ірге тасын қалаушылардың бірі әрі алғашқы режиссері Мақай Нұрқасов. Театрдың негізін қалаушылардың қатарында айтулы ақын Еркін Ібітанов, жазушы Тұрсынбек Тілемісов, Тұрақан Сыдықова, Майдан аға, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқыайдаров бар.
1970 жылы театр Мәскеу қаласына барып, Бүкілодақтық байқауға қатысады. Мәскеудің бірнеше сахнасында өнер көрсетеді. Театрға бүкіл аудандағы өнерпаздар түгел жиналып, оркестр, би, драмалық қойылымдарға көптеген адам қатысады. Хореграфиясын даярлауға Қазақ ССР-інің халық артисі Дәурен Абиров ат салысады. Театр Мәскеуден Бүкілодақтық байқаудың лауреты атағымен оралады.
Әбдіғалым Наймантаев басқарған тұста театр қазіргі Қайнар ауылына, Н. Крупская атындағы ұжымшарға 1978 жылы көшеді. Себебі Нарынқолдың орталығындағы "Қазақстанның 40-жылдығы" атындағы ұжымшар картоп кеңшары болады. Ал, халық театры ұжымшардың балансында болу керек екен. Театр Қайнарға келген соң екі жылдан кейін ауылдың үлкен Мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Әбдіғалым Наймантаев 1971 жылдан мезгілсіз қайтыс болған 1984 жылға дейін театрдың режиссері болды. Аяулы жары Рафия аудан тарап, театр қызметін тоқтатқанға дейін еңбек етеді.
Әбдіғалым Наймантаевтан кейін театрды аз уақыт, оқуға кеткенше ұлы Асқар Наймантаев, сосын бір-екі жыл Әбіш Мейірманов (қазір Кеген ауданы, Тасашы ауылында тұрады), кейін Ибрагим деген театр-көркемсурет институтының түлегі, одан кейін Бақытжан Атакелдиев (қазір Шеңгелді ауылында тұрады) басқарды.
2018 жылдың сәуірінде Райымбек ауданы қайта ашылды. Аудан ашылған тұста сол кездегі әкім, марқұм Жолан Омаров осы театрдың қайта ашылуына ықылсты болған. Сол театр облыс әкімдігінің қолдауымен ашылып, Б.Римова атындағы Талдықорған театры сахнасында Райымбек ауданы «Хан Тәңірі» театрының шымылдығы қайта ашылып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы сахналанды. Сөйтіп, Халық театры өмірге қайта оралды.
Екінші театр - Алматы облысының Ұйғыр ауданында құрылған «Қарадала» халықтық театры. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында «Қарадала» халық театры ұлы Абайдың «Ескендір» қойылымымен шымылдығын ашты.
Қойылым соңында Алматы облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаев қарадалалықтарды құттықтады. Ал театр және кино әлемінің ақсақалы Тұңғышбай Жаманқұлов «Қарадала» театрына ақ батасын арнап, сахнада өнер көрсеткен бар өнерпазға Қазақстан театр қайраткерлері одағының Алғыс хатын табыс етті.
Соңында сөз алған Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хатын әртістерге табыстады.
Байқап отырғандарыңыздай, екі Халықтың театрдың да тұсауы Талдықорға қаласында кесілді. Бұл облысымыздың орталығы мәдени ошаққа айналғанын білдіреді.
Осымен Алматы облысындағы Халық театрларының саны онға жетіп отыр. Алматы облысыда халыққа мәдени қызмет көрсетіп, әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз ету бағытында 17 аудан, 3 қала бойынша 88 «халықтық» және «үлгілі» атағы бар өнер ұжымдары жұмыс істейді екен. Кезінде күллі Жетісу өңірін өнерімен тәнті етіп, екі рет республикалық байқаудың жеңімпазы болып дүрілдеткен Ақсу халық театрының репертуары Д.Исабеков, И.Сапарбай, Т.Нұрмағамбетов, Ж.Әлмашұлы секілді белгілі драматург қаламгерлердің шығармаларымен қамтылған. Ақсу, Көксу, Кеген театрлары 50 жылдан бері жұмыс істеп келе жатса, кейінірек құрылған Іле халық театрының өзі 36 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келеді. Алматы облысы бойынша екі жылда бір рет Қазақстанның халық әртісі Б.Римова атындағы облыстық халық театрлар фестивалі үнемі өткізіліп тұрады.
Алматы облысының әкіма Амандық Баталовтың қолдауымен салынған Б. Римова атындағы облыстық драма театрның орны ерекше. Ғимараты да салтанатты. Бұндай ғимарат республикалық деңгейдегі көп театрларда жоқ екенін баса айта кету керек.
Биыл қазақтың ойшыл ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Б. Римова атындағы облыстық драма театрында М.Әуезовтің «Абай» спектаклі қойылып, Жетісу жұртшылығына көрсетілді. Бұл жанрлық тұрғыдан ғана емес, мазмұндық жақтан да, актерлік шеберлік жағынан да аса күрделі шығарма. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қаламынан туған бұл пьесаны жетісулықтарға арнайы қою үлкен ғанибет болды. Бұл облыста дәстүрге айналып келе жатқан үрдіс десе де болады. Өйткені Алашорда үкіметінің құрылғанына жүз жыл толғанда, осы Б. Римова атындағы облыстық драма театрда Әлихан, Ахмет, Міржақып образдары халықпен сахнада қауышқан болатын. Бұл игі үрдіс одан әрі жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Жетісу өңірі ақын-жазушыларына да айырықша көңіл бөледі. Бұл халықтың әдебиетке деген ықыласын оятады. Жыл сайын Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылының мәдениет үйінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» ХІІІ облыстық әншілер байқауы екі номинация (эстрадалық, дәстүрлі ән) бойынша өтті. Байқауға 17 аудан, 3 қаладан барлығы 40 үміткер қатысқан. Байқаудың аймақтық іріктеу туры онлайн түрде өткізілді. Облыстық байқауға 18 үміткер жолдама алып, 12 өнерпаз ақтық сынға түсті. Барлық үміткерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталған.
Облыс әкімінің қолдауымен «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасы бойынша 40 млн. теңге қаржы бөлініп, 18 жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары баспаға ұсынылып, кітап қоры 9 мың дана кітаппен толықтырылды.
Сәуір айында «Жетісу балалар әдебиеті» жобасы аясында үздік балалар әдебиетін анықтау мақсатында арнайы байқау ұйымдастырдып, «Балаларға қазына» атты 3 томдық кітап 3000 данада шығарылып, облыс аумағындағы кітапханаларға таратылды.
«Жетісу кітапханасы» сериясымен осы облыстық ар тарапынан шыққан қолына қалам ұстаған жастардың кітабы облыс әкімінің тікелей қолдауынан жарық көрді.
Облыстан шыққан талантты жастар қазір республикалық бәйгелерде жүлделі болып жүр. Әлі де атқарылып жатқан игі істер қыруар. Жетісудың өнер десе ішкен асын жерге қояр жұртшылығы қазақ өнеріне, әдебиетіне үлес қосып келеді.