Алматы облысында өрттен 2 адам көз жұмды

Алматы облысы Іле ауданы Кенен Әзірбаев ауылында 3 үйді жалын шарпыды. Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйлердің толықтай өртке оранғаны анықталған. Қоңыраудың кеш түсуі өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқан.
Өртті сөндіруді жоғары температура, қатты түтін мен ғимараттардың құрылыс ерекшеліктері қиындатты. Сондай-ақ тар өткелдер мен тығыз салынған құрылыс қосымша кедергі болды — ғимараттар арасындағы қашықтық небәрі 1,5–2 метр еді. Өрт орнынан екі адамның мәйіті табылды, тағы бір адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады Алматы облысы ТЖД.
Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД күштері мен құралдарынан 18 адам және 6 техника тартылды.
Фото: Алматы облысы ТЖД