Тұрлашов "тірілтіп" жіберген Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі білмей ме?
Тұрлашов "тірілтіп" жіберген Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі білмей ме?
Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі тарихи тұлғалардың қатарына қоспайды екен. Қоспай ма, қосқысы келмей ме деген сауалдан бұрын, «осылар Еркіннің кім екенін біле ме?» деген күдікті, күмәнді, қорқынышты сұрақ мен-мендеп көкейіңнен кетпейді.
Сонау жас күнінде-ақ Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілов, Жұмағали Саин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Асқар Тоқмағамбетов, Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков сынды әдебиеттің ақсақалдары мен үлкендері бас қосқан кітапханадағы жиында, асығыс ауылға кетіп бара жатып, «Қойшылар» поэмасын оқып, бәрін тегіс бас шұлғытып, бәріне «бәрекелдісін» айтқызып, қазақ өлеңінің салтанатты көшіне қалың қошеметпен, ақ батамен қосылған Еркін Ібітановтың ақындық ғұмыры тарихқа, өзі тарихи тұлғаға айналғалы қашан. Әбіш Кекілбайұлының «Хан-Тәңірінің етегінде немесе Тянь-Шянь эскиздері» деген мақаласында сол сәт керемет баяндалады. Әрі Еркін Ібітановтың ақындығына ерекше баға беріледі.
Оқи отырыңыз: Әбіш Кекілбайұлы. «Хан-Тәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шянь эскиздері»
Осыдан 5 жыл бұрын ақынның 80 жылдығы Қарасаз ауылында дүркіреп өтті. Алматы облыстық мəслихатының сол кездегі хатшысы Ермек Келемсейіт бүкіл елдің алдында «Бұл мəдениет үйі Еркін Ібітановтың атымен аталатын болды» деп айтқан екен.
Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаев музейімен қатар тұрған Мәдениет үйіне досы Еркін Ібітановтың аты берілсе, тарихтан алған тағылым, тұлғаға жасаған тағзым болмас па еді?
Мәдениет үйіне Еркін Ібітановтың атын беру туралы ұсынысқа Алматы облыстық тіл басқармасының басшысы Болат Керімбектің атынан мынандай жауап келген.
«Ономастикалық нысандарға жеке адамдардың есімін беру жұмыстары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің (27.09.2019ж.№19-32-20.357) тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес жүргізіліп келеді.
Осы орайда Еркін Ібітановтың есімі бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізімінде көрсетілмегендіктен, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігіне «Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес атау беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуге келісім беру туралы» хат жолданған. Алайда аталған ұсыныс жоғарғы атқарушы органдар тарапынан қолдау таппады (04.11.2020ж. №20-694 (19-32-20.357)-4).
Сол себепті Баққожа Мұқай атындағы Райымбек аудандық Мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қарасты Қарасаз селолық Мәдениет үйіне – мәдениет қайраткері Еркін Ібітановтың есімін беру туралы ұсынысты қанағаттандыру мүмкін емес екендігін хабарлаймыз».
Демек, Алматы облысы әкімдігі Еркін Ібітановтың кім екенін біледі. Бірақ Президент Әкімшілігі Ібітановты танымайды, білмейді. «Тарихи тұлғалар» тізіміне о баста кірмесе, енді кіргізуге құлықсыз.
[caption id="attachment_10406" align="alignleft" width="261"] Асқар Наймантаев[/caption]
Қарасаздағы Мәдениет үйіне ақынның атын беру туралы бастаманы қайта көтеріп жүрген актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев: «Маған ақынның баласы Ерлан Ібітанов телефон соғып, Еркін Ібітановтың атын сызып тастаған туралы айтты. Бұл жерде тағы сызылып қалған тұлғалар бар. Олардың бірі – Сәдіқожа. Оған Кетпен ауылындағы Мәдениет үйінің аты берілуі керек болған. Сәдіқожаға байланысты жауапты қолыма алмағаннан кейін ашып айтпай отырмын.
«Тарихи тұлғалар» деген тізімді кім жасайды, қалай жасайды білмеймін. Оның өзіндік заңдылығы бар шығар. Ертең айтар. Бірақ сонда отырған көзі ашық азаматтар Ібітановтың атын естігенде тұлға деп қосса болады ғой. Және бес жыл бұрын айтылған ұсынысқа жауап енді келген. Бес жылдан бері айтса, басқа да әрекеттер істелер еді. Бес жыл бұрын неге айтпаған? Бес жылда бірнеше тізімге қосып тастар едік қой. Жауаптың сауатсыздығына күйіндім. Берілмегенінен бұрын. Бұл әшейін сылтау. Өйткені бес жылдағы жауап дұрыс болуы керек. Мен осы ұсынысты күзде қозғап жазғанымда, облыстық әкімшіліктің азаматтары: «Асеке, хат астанаға кеткен. Жақсы жауабын күтіп жатырмыз», - деді. Ол кезде тарихи тұлға деген ештеңе айтылған жоқ. Енді келіп, басқаша жауап беріп отыр. Өздері ұсынған сөзді облыс әкімдігі өздері орындай алмай отыр.
Енді мыналарың заңсыз деп бетімізден алсын. Олардың әдеті ғой. Билік өздерінің кемшілігін түсінбейді. Беттен алып, төске шабатын қағаздарын алдымызға қоятын шығар. Содан кейін тағы сөйлесеміз», - деді.
[caption id="attachment_10405" align="alignleft" width="300"] Ерлан Ібітанов[/caption]
Еркін Ібітановтың ұлы Ерлан Еркінұлына да хабарласып, осы жағдайға байланысты пікірін білдік.
«2015 жылы күзде әкемнің 80 жылдық мерейтойы болды. Сол кезде облыстық маслихаттың хатшысы ұсынған болатын. Өздері ұсынған. Республикалық ономастикалық комиссиядан өткен. Неге «Тарихи тұлғалар» деген тізімге кірмей қалғанын түсінбеймін. Облыс өзі ұсынып, өзі өткізе алмай қалды. Ол жерде жалғыз әкем емес. Сәдіқожа өтпей қалды. Заманбек Батталханов өтпей қалды. Академик Кеңес Нұрпейісов қана өтіпті.
Сәдіқожаға Кетпендегі Мәдениет үйінің аты, Заманбек Батталхановқа ауылындағы мектептің аты, Кеңес Нұрпейісовке Кегендегі мектептің аты сұралды. Кеңес Нұрпейісов тарихи тұлға екен. Оған берілетін болыпты. Әкем екеуі сыныптас, Алматыда бірге оқыған. Бір партада отырған.
Мен осы уақытқа дейін облысқа айтып шаршадым. Бізге берген жауаптың астында орындаушы Ермек Ақшабаев деп тұр. Сонымен сөйлестім. Бүкіл құжат сода. Қай уақытта ұсынылғаны бәрі айтылған.
Бірінші Еркін Ібітановты тарихи тұлғалар тізіміне енгізу керек. Ол үшін Райымбек батырдан анықтама алу керек пе екен (күліп). Түсінбеймін. Қайтадан осы мәселені көтеріп, Тарихи тұлғалар тізіміне енгізуге аудан жұмыс істеуі керек. Еркіннің тұлға екенін дәлелдеу керек. Баяғыда Ләззат Тұрлашов әкемнің сексен жылдығында «Өміріңіз ұзақ боп, қызығын көре беріңіз» деп құттықтаған. Ол кезде әкем қайтыс болып кеткен. Сол сияқты білмейтіндердің зияны тиіп жатыр ғой».
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Сенатта депутаты кезінде Ләззат Тұрлашов Еркін Ібітановты құттықтап: «Шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр» тілеп хат жолдаған. Ал ақын 2009 жылы қайтыс болған еді. Бұл хат сол кездері қоғамда кәдімгідей әңгіме туғызған болатын. Ләззат Тұрлашов қазір Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары.
Президент Әкімшілігі танымайтын, Ләззат Тұрлашов бір кездері «тірілтіп» жіберген Еркін Ібітанов туралы Тұмашы – Тұманбай Молдағалиев бүй дейді:
«Мен өз басым Еркіннің ақындығын, азаматттығын, бауырылғын ерекше бағалаған кісімін. Тұмаш деп мені аузынан тастамаушы еді. Оны мен сезінетінмін. Бір-бірімізді жақсы көретінбіз. Әйбат-әйбат өлеңдері болды. Ерекше бағаладық. Өзі де соны сезінетін. Мықтымын деп ойлайтын. Шынында да мықты еді».
Ал мынау Фариза Оңғарсынованың сөзі:
«Ақындар ауылда туып, астанада өледі» деген пікір бар ғой. Ешқандай әдеби ортасыз, Алла тағала анасының сүті, әкесінің қаны арқылы берген талантының өзімен өсіп-өнген ортасында жүріп-ақ айтулы ақын, жазушы боп шығатын суреткерлер болады. Сондай аты шулы Хан-Тәңірінің бауырында Мұқағалимен қол ұстасып, бірге өскен, өмірінің соңына дейін киелі мекенінде ғұмырын өткізген аса дарынды ақын Еркін Ібітанов ағамыз еді. Ол кісінің елдің астанасына күн құрғатпай келіп: «Кітабымды шығарыңдар, өлеңімді басыңдар» дегенін көрген де, естіген де емеспін. Ұлы адамдардың өзі солай болады ғой. Оларды орта, қоғам, халық, оқырман іздеуі керек. Ерекең ауылда жатып, талай ғұмырлы шығармалар жазды. Мұқағали мен Еркінді бірін – Мекке, екіншісін – Медине деп қабылдайтынмын. Шынында да солай деп ойлаймын. Көсемдердің кітаптарындай алтынмен әшекейлеген кітап шығарып, ақынбыз деп төстерін қағатындардың бәрінен биік, бәрінен терең Еркін ағамыздың жырлары болатын».
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бас болып, облыс әкімшілігі Еркін Ібітановтың атын «Тарих тұлғалар» тізіміне енгізуді қолға алуы тиіс. Мұқағали мен Еркін туған топырақтан көктеп, көгеріп өскен қалам иелері де бұл мәселеге ат салысады деп ойлаймыз.