Дихандар: Екпесең айыппұл төлейсің, ексең сусыз қаласың
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының егіншілері сусыз қалды. Бартоғай су қоймасынан егіндіктеріне су пайдаланатын шаруалар судың деңгейінің түсіп кеткеніне сенбейді. Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналаның Еңбекшіқазақ адуандық бөлімшесіне су сұрап барса, таудан кеп арнаны толтыратын судың аз екенін шенділер алға тартып отыр екен.
[caption id="attachment_5040" align="alignleft" width="169"] Ербосын Жақабай[/caption]
«Ерте көктемде егіндік шаруалары басталмай тұрғанда бізге: "Қорықпай егіндеріңді еге беріңдер. Биыл су жеткілікті болады" деген. Осы сөзге сеніп егіншілердің бәрі жерлерін жыртып, егіндерін екті. Бір жүгері, бірі беде, бірі соя салды. Жалпы 12-13 мың гектарға егін егілді. Енді егістікті суарайын деп су сұрасақ, сұраған көлемді бермей отыр. Бізге 3-4 куб сұрасақ, "1-2 куб деп заявка жазыңдар" дейді. Он күннен бері осымен алысып жүрміз», – дейді «Масақ-Су» кооперативінің төрағасы Ербосын Жақабай.
Егіншілердің айтуынша таудан келіп жатқан су жеткілікті. Бартоғайдың суы да осы ауданның егінін қамтамасыз етуге жетеді. Су қоймасының басшылар суды Үлкен Алматы каналы арқылы Алматыға қарай қуып жатыр екен. Суды біреулерге сатып жатыр деп есептейді шаруалар.
«Қазір Масақ, Нұрлы, Табаксовхоз, Малыбай, Сөгеті, Шелек, Авангард, Қорам, Жаңашаруа ауылдарының егістіктері сусыз қалып отыр. Судың азайып кетуін таудан су жоқ деп түсіндіріп отыр. Суды сатпаған болса, осы өңірге жетер еді. Енді он күннен кейін, тіпті, сусыз қаласыңдар дейді. Бұл қалай? Алматыға қарай су ағатын каналда өмірі толып су ақпаған. Біз осы ауылдың балаларымыз ғой. Қазір арнасын толтырған Үлкен Алматы каналымен су Алматыға қарай кетіп жатыр. Су кімге, не үшін кетіп жатыр, оны білмейміз. Бізге оны айтқан жоқ. Енді олардың бізге айтып отырғаны: "Егіндеріңнің елу пайызын суарып үлгеріп алыңдар. Елу пайызын тастаңдар. Әйтпесе тіпті бәрінен айырылып қаласыңдар" дейді. Біз қанша ақшамызды салып, еңбегімізді төгіп ектік. Сонда күнге күйдіріп, желге ұшыру үшін істедік пе?», – деп күйінеді Ербосын Жақабай.
«Нұрлы-Су» кооперативінің төрағасы Нұрлан Баймұхановтың 350 гектар егісі күюдің сәл алдында тұр. Басында су бөлімшесінің басшылығымен келісім-шартқа отырғанда, судың бір жылға жететінін айтқандар, енді суды аяқ астынан қысып, егінді күйдіріп отыр. Мемлекет басшынысың бос жер болмасын деген тапсырмасын орындап отырған егіншілерге жергілікті билік дұрыс назар аудармай отырғанға ұқсайды.
«Биыл біздің кооператив 1300 гектар жерге соя, жоңышқа, алма бақ, жүгері екті. Басында су жақсы болды. Су басшымен келісімге отырғанда су жетеді деді. Қазір жер бос жатпасын деген мемлекеттің тапсырмасы бар. Былтыр, тіпті, әкімшіліктен келіп, бос жатқан жер үшін айыппұл төлеген едік. Биыл бәріміз егін ектік. 1-2 гектар жері бар шаруалар да жанталасып, көктемде егін салды. Басында жақсы суғардық. Кейін шарт еткізіп суымызды қасқартты. Неге деп сұрасақ, Бартоғайдың суы азайды дейді. Азайса, біздің кінәміз не? Жеке шаруаларға қалай түсіндеріміз? Су басшылары бізге түсіндіріңдер дейді. Оған халық бізге сенбейді. Өйткені жоғары жақтағы Үлкен Алматы каналында су толып ағып, қалаға қарай кетіп жатыр. Оның басшысына барып айттық. Тоқтатыңдар, бізге су керек деп. Біздің Нұрлы тастақ жер. Алыс», – дейді Нұрлан Баймұханов.
Шаруаның айтуынша осы су мәселесі бойынша Талғар, Есік қалаларында да үлкен жиналыстар болған. Су бөлінетін Байсейітке жиналып, 4-5 куб су қосып береміз деп кеп, аяғы шуға айналып, ақыры су жоқ боп тыныпты.
«Бұл мәселемен Талғарға да, Есікке де бардық. Үлкен жиналыстар болды. Байсейіттегі су бөлінетін жерге басшылар келіп, содан шу болды. Ақыры «Қазір 4-5 куб су қосамыз» деді. Содан мәз болып, жеке қожалықтарға келіп, «қазір бір-екі сағатта су қосылады» дедім. Бірақ су келмеді. Ертесі су тағы бір куб қысқарды. Төмен жақтағы суды қысқанымызбен, қысым болмағандықтан жоғары жақтағы егістікке су жетпейді. Қазір 350 гектар егініміз күйіп жатыр. Былтыр күйіп кете сақтап, аман қалғанбыз. Алматы жаққа кетіп жатқан суды тоқтатсын», – дейді Нұрлан Баймұханов.
[caption id="attachment_5041" align="alignleft" width="150"] Арзыгүл Калашова[/caption]
«Біз 3500 гектар жерге жоңышқа, жүгері, соя ектік. Соның бірінші суарымын істей алмай отырмыз. Су аз. Сұраған көлемімізді бермейді. 1000 гектар егініміз күйіп жатыр. Кооперативте 480 шаруа қожалығы бар. Олардың әрқайсының артында қаншама адам бар. Қанша отбасы бар. Екі ауылдың еңбегі зая кете ме?», – дейді «Авангард» кооперативінің төрайымы Арзыгүл Калашова.
Су мәселесі дихандар үшін өте маңызды. Егер шынымен сусыз жер болса, судың шуын түсінуге болар ме еді? Өздерінде су болып тұрып, сусыз қалу егіншілердің жанына батқаны анық. Оған кім жауап береді?
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Ысқақ Биналі, Үлкен Алматы каналаның басшысы Орынтай Байтұрсынов, Үлкен Алматы каналының Еңбекшіқазақ ауданы бөлімшесінің басшысы Жусанбаев Нұрғожа осы мәселені назарларына алып, халық алдында жауап берулері тиіс деп есептейді дихандар.