Ғалым Доскен қолтаңбасы

  • 19.07.2020
  • Malim Админ

Бүгін – Ғалым Доскеннің алпыс жасқа толған туған күні. Көп ортадан саяқтау жүретін, жасаған мазмұнды, кәсіби деңгейі биік дүниелерін мақтан, жарнама етпейтін, үлкен жобаларының өзіне аты-жөнін елеусіз ғана қосатын ағамызға бірауыз лебізді жазуды жөн көріп отырмыз. 

Ақпанның соңында Алматыдағы Республика сарайында «Абайдан аманат» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Режиссёрі – бастаған ісінің әр штрихына дейін талғаммен қарайтын Ғалым Доскен. Эссе-кеш деп аталған «Абайдан аманат» – нәзік пернелерді басатын, Абайдың шығармашылық болмысы, Абайдың биіктері мен тереңдері, Абай әлемінің әдемілігі туралы ойларға бастайтын шын мәніндегі эстетикалық кеш болды. Бір сағаттан астам уақыт бойы сахнада Ғалым Доскен әкелген көркемдік мәдениеттің жаңа биігі тұрды.

Негізінен Абай өлеңдерін оқуға ғана құрылған кеш несімен жаңа, несімен оның көркемдік деңгейі биік?

Ең әуелі Абай өлеңдерін оқыған актерлерде интонация басқа. Жалған күңірену, жаттанды ырғақтар жоқ. Пафос байқалмайды. «Өлсем орным қара жерді» «ақ киімді, денелі» кісі емес, жас актриса оқиды және жай оқымай кертолғау тартқандай мүлде басқа тембрмен оқиды. Рас, сахнада өңкей кәсіби, танымал актерлер. Сөйтсе де, кейде «алтын иек, сары-ала қызды» жол тұтқандар «Анық Абай» пәлсапасынан туындайтын интонацияның нәшін келтіре алмай жатты. Тіпті, актердің бірі «Қараңғы түнде тау қалғыпты» «тау қалқып» деп тасырлата сыдыртып оқи салып, әп-әдемі әсердің тас-талқаны шыққан сәт те болды, дегенмен жалпы интонация жаңа ізденісті байқатып-ақ тұрды.

[caption id="attachment_5769" align="alignleft" width="300"] Ғалым Доскен[/caption]

Ғалым Доскен өзін қайталамауға тырысатын, үнемі жаңаша мәдени форма жасауға ұмтылатын тұлға. Әрине, бұл кеште сахнаға шыққан жанрлық-формаларға ұқсас дүние бұрын-соңды қазақ сахнасында болмаған десек, қателесеміз. Бірақ, сахналық бірнеше өнер түрін араластыра отырып, полифониядан біртұтас композиялы қойылымды селкеусіз шығара алатындар сирек. Актерлер біресе сахнада, біресе сахна сыртында оқыған өлеңдерді сүйемелдеген естілер-естілмес музыкалық фонды таңдаудағы дәлдік, ол музыканың орнымен әрленуі, біресе күйші, біресе скрипкашылар ансамблі, біресе симфониялық оркестрдің өлеңге айшықтай контраст беретіні сүйсінтті. Сахнадағы жарықтың қойылымды аша түсіп құбыла ойнауында; нөмірдің мазмұны мен жанрына қарай үлкен экранда кезек алмасқан символизм элементтері, шартты реализм, жүз жыл бұрынғы қазақ өмірін көрсететін фотосуреттердің қолданылуында, Татьянаның хаты оқылғанда пушкин-гельмерсендік силуэт-иллюстрациялар беруде кәсіби білік пен талғам бар.

Осы кешті композиция десек, әр нөмір жеке композиция – жеке жаңалық. «Сегізаяқты» дәстүрлі үш әнші орындады – әсер бөлек. Абайдың сюжетсіз өлеңдерінің рухын режиссёр музыка немесе би образдарымен әдемі сезінтеді. Ал, «Асқа, тойға баратұғын» өлеңіне қойылған хореографиялық этюд – Абайды зермен оқыған адам ғана жасай алатын шығармашылық ізденіс. Абайдың көп түгілі, әдеби орта ауызға алмайтын балладасындағы махаббат трагедиясын балет тілімен жеткізу – Ғалым Доскен қолтаңбасы.

Бұл Ғалым Доскеннің Абай тойына арнап биыл ғана сахналаған дүниесі туралы әсеріміздің бір парасы. Бұл жазбамыз мақала емес. Фэйсбукте Нұрлан Атығай мен Қасым Аманжолдың постынан өзге газет-сайттардан ештеңе байқамаған соң, елеулі дүние елеусіз қалмасын деп, ағамыздың туған күнінде реті келіп айтып жатқанымыз. Ал, ағамыздың ұлттық өнер мен мәдениет, қазақ руханияты, елдік дамуымыз үшін істеп жатқан іргелі еңбектері, біз білетін һәм білмейтін, авторлығы мүлде айтыла бермейтін дүниелері қаншама?

Осыдан оншақты жыл бұрын кабельдік арналардың бірінен шетел фильмін көрдік. Картина «Бұл фильм Италияның ұлттық мұрасы саналады» деген титрмен басталды. Осы сөз әлі күнге ойдан кетпейді. Мұқағали Расулдай болсам деді. Мұқағали мұрасы қазір ұлт мұрасы. Ал, бүгінгі өнер, шығармашылық адамдары алдарына ұлы мақсат демейік, биік меже қоя ма? Кейінгіге нендей дүние, қандай өнеге қалдырам деген ой бар ма бізде?

Ғалым Доскен талапшыл, шығармашылықта конъюнктураны ұнатпайды. Межесі биік. Оңғаққа еру жоқ. Басқаны былай қойғанда, оның жетекшілігімен шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» сияқты жобалары біз айтқымыз кеп отырған ұлттық мұра жобасы. Қазақ руханиятының асылын түгендеуші ардақты ұлдан бұндай әлі талай жоба күтеміз.

Осындай жобаларыңыз көп болсын!

Туған күніңіз құтты болсын!

Болат Мүрсәлім, журналист

Сурет Әдебиет порталынан алынды.

Байланысты жаналықтар

"Әзілің жарасса..." немесе кімнің рөлін ойнауды білетіндер

06.07.2020

Путинге жауап: Аштықтың құнын төлесін

24.06.2020

Malim Cinema: Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)  

27.02.2021

Димаш туған күн - аяулы күн

24.05.2020

Серік Әбікенұлы – «Жетісудың» директоры

04.06.2020

Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

25.02.2021