"Әз басының қадірі мың ердің құнынан артық"

  • 25.07.2020
  • Malim Админ

Қасиетті топырақта Ясауи дәстүрін қайта жаңғыртушы Исматулла Мақсымның ортамызға қайта оралғанына да, шүкір, жыл толыпты. Ол кісі осы отырғанның өзінде қазақтың рухани тарихынан өз орнын ойып тұрып алғанына мысқалдай күманым жоқ: мейлі біреулер қызғаныштан жарылып кетсе де. Бір жыл бұрын құтты орнына қайта кеп жайғасқан бойы, дұға ғып, бет сипағаннан кейінгі бірінші айтқан сөзі: "Тоғыз жыл қапас тоғыз күндей болған жоқ. Егер тап қазір Аллажан осы 9 жылды аласың ба, әлде алдыңғы 65 жылыңды аласың ба десе, еш ойланбастан соңғы (яғни қапастағы) 9 жылды алам!"-деп еді қайраған қылыштай жайнап! Марқұм Бейсен бауырымның: "Пах шіркін! Хас Батыр екен ғой!"- деп, көңілінің хошы келіп, сүйсіне бас шайқайтыны да осы сөздің үстінде еді.
Ата пірдің тұяғы, ақ Пайғамбарымның көзі, Аллам екі дүниеде айырмағай! Әттең, баяғы Көкбай ақын айтпақшы, дарияның шетінде тұрып, ел-жұртым қана жұтып, есе ала алмай тұрғаны - көңілде жалғыз сол арман! "Құдай берді, өзің алмадың" деген сол екен.
Хан Абылай дүниеден өтерінде айтыпты дейді: "Арманда кетіп барам: қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ. Үшінші құралайды көзге атқан қас мергеннің құнын қос ердің құны болсын дегізгенім жоқ! Осы үш арман сүйегіммен бірге көріме түсті!"- депті. Сол айтқандай, әулиелер Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Тақсырдан (рғ) қазаққа мирас боп жеткен ЖҮРЕК ҒЫЛЫМЫНЫҢ бүгінгі тірі мұрагері Исматулла Қаридың әз басының қадірі мың ердің құнынан артық екенін көріп тұрдым, сездім, бірақ төрдегі көсемдерге ұқтыра алғам жоқ. Қазақтың басынан бұл-бұл ұшқан бақ құсының қайта оралмағы, баяғыдай баршындап, бір ауызды болмағы, Әлемге тағы үлгі болмағы сол киеге, Исматулла Қари алып келген қасиетті ілімнің шарапатына байланғанын анық көрдім, бірақ жақсының жанына арашашы бола алғам жоқ. Көп шибөрі жабылып талағанда қасында қарап тұрдым, қолымнан түк келген жоқ. Ұрпақ алдында, тарих алдында не жауап айтам, білмеймін, Құдай аруақ былай тұрсын...
Айуанға алтын сатам деп,
Айландым мен ақымақ.
Бiрi шөп, бiрi жемтiк жеп,
Кеттi алтынды таптап (тағы Шәкерім р.ғ.).
Жалғыз-ақ Тақсырымның мына сөзін кеудеме үміт қып жақтым: "Бұл жол - Ұлы Сабырдың жолы. Атаң айтыпты: бұл ілім телегейдей тасып төгілмейді, жай-жай, бұлақша ағып Әлемге тарайды депті.
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы,
Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достық пенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.

Жапанда жалғыз бұтақты
Терек еткен кең Құдай!
Тамшылап аққан бұлақты
Теңіз еткен кең Құдай! Рухани үлгіні әр қазақтың жүрегіне орнатып, дүниеге сол жүректен шашу ғып шашқайсың! Ұлтымыздың басындағы бар қиындық жақсылыққа айналдырғайсың! (Ал "жүрегім нені сезесің": алда бір ҮЛКЕН жақсылық бар-ау! Құдай бірдеме берерінде өстіп қолқа салушы еді...)

Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ,
Жүректің кең дариясы құрып қалмақ.
Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып,
Оны өзі бір өзгеше жолға салмақ.

Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ,
Кірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ.
Оны сатып, ол кімді уатады?
Оның өзін тағы да кім уатпақ?

Жүрегімізді ұсақтап алмайық, ағайын! Мейлі, кейде сол жүректің кең дариясы құрғап, Махаббат теңізі суалып қалғандай көрінсе де. Біздің жолымыз пайдакүнем, суық ақылдың жолы емес, Ақ Жүрек, Ардың жолы екенін ұмытпайық: мейлі кейде бүтін "өркениетті әлем" суық ақылдың жолымен кеткендей, біз "қазақшылықпен" көш соңында қалғандай көрінсек те.

Ар түзер адамның адамдық санасын,
Ақ жеңіп шығады арамның қарасын.
Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,
Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын.

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар
Өтірік, өсекті біржола қойыңдар.
Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат,
Қажымай адалдық жағында болыңдар.

Адамның бәрі бір, болмайды аласы,
Оларды бұзатын нәпсінің таласы.
Ар билейтін заманда нәпсі өліп,
Бірігер еңбекте барша адам баласы.

Ардың туын жықпайық! Бұл кез - өзімшілдікті ұмытып, нәпсіні балталап өлтіретін кез! Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез!

Саят Ыбырай

Коллаж: МӘЛІМ КЗ

Дереккөз: facebook.com

Байланысты жаналықтар

"Қызыл аймақтағы" Алматы: "70 науқасқа 1 дәрігер. Барлығы шаршаған"

13.04.2021

Біздер, біздер ВИЧ жұқтырып алғанбыз...

16.02.2021

Қазақстан пневмонияны коронавирусқа қосып санамақ

17.07.2020

Мемлекет басшысы «Астананы» дамытуға тапсырма берді

20.05.2020

Астаналық саудагерлер ереуілге шықты

14.05.2020

Медсақтандыру қоры PR-ға 214 миллион теңге бөлген

24.09.2020