«Қазір кәсіпкерлер волонтерларды өздері іздейді»

Олжас Қасым

  • 17.07.2020

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Қазіргі пандемия кезіндегі жағдайда COVID-19 індетімен күресте алдыңғы шепте жүргендердің бірі волонтерлар. Әдетте көпшілікке үлкен қалалардағы еріктілердің жұмысы көбірек таныс. МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы волонтер – Ислам ЖОЛБАСХАНОВПЕН сұхбаттасқан еді. 22 жастағы азамат алыс аудандағы ерікті жастардың жұмысы жайлы баян етті.

-Ислам, қай уақыттан бері волонтерсың? Жалпы, волонтерлықты қалай түсінесің?

- Түлкібас агробизнес және саяхат колледжіне студент атанғалы волонтермын десем болады. Яғни 16 жасымнан бастап еріктілер қатарындамын. Осыдан бес жыл бұрын «Мейірім ерікті жастар» ұйымын құрдық. Осы уақытқа дейін бізде 500-ден аса қатарласымыз тәжірбиеден өтті. Қоғаммен қалай жұмыс жасау керектігін үйренді. Азаматтық көзқарас қалыптастырды. Ерікті өз жұмысына бір тиын алмаса да орасан зор пайдасын көреді. Біздің қатарымызда болған жастар кейін жұмысқа тез орналасып кетіп жатады. Соған дән риза боласың. Үлкен қалаға кеткендер волонтерлық жұмыстарын жалғастырып жүр. Жалпы, волонтерлық біздің қанымызда бар. Бұрыннан келе жатқан «асар» волонтерлық емес пе. Қысқасы, қайрымдылық десе де болады. Ал біздің халқымыз қашан да қандастарының ауыр хәліне бей-жай қарамаған. Қолындағысымен бөліскен. 

-«Мейірім ерікті жастар» ұйымының бес жылдық тәжірбиесі пандемия кезінде көмек болған шығар?

Әрине, сол бес жыл бойы жинаған тәжірбиеміз талай шаруаны атқаруға өз септігін тигізді. Біз наурызда төтенше жағдай басталғаннан-ақ белсене жұмысқа кірістік. Мұқтаж жандарға азық-түлік апардық. Қорғаныш маскалы таратып, бекетте тұрған сала мамандарына тамақ тасыдық. Үкіметтен бөлінген 42 500 теңгені қалай алу болатыны жөнінде түсіндіру жұмысын жүргіздік.

 

-Қазір қандай шаруалар атқарып жатсыңдар? 

- Біздің жұмыста қазіргі жағдайда жоспар жоқ. Ситуацияға байланысты қимылдаймыз. Қатарымызда 100-ден аса ерікті бар. Мысалы осы соңғы 2 аптаның ішінде біздің қыз-жігіттер ауыл-ауылды аралап жүріп 240 баллон жинап алып келді. Оның барлығын ауруханаларға апарып бердік. Бұл ісімізді көрген жергілікті билік өкілдері 70 шақырым жердегі Шымкентке барып келу үшін арнайы көлік бөлді. Енді біздің жинаған баллондарға оттегі алып келіп отырады. Тұрар РЫСҚҰЛОВ кентіндегі орталық ауруханаға 5 бірдей автоматтандырған кір жуу машинасын апарып бердік.

- Еріктілердің қаржысына ғой.

- Иә. Бұрын пандемия жоқ кезде сөздің шыны керек бұндай дүниелерді жасау қиындау болатын. Қазір кәсіпкерлер волонтерларды өздері іздейтін болған. Қандай көмек керек деп есігімізді қағады. Біз кәсіпкерлер һәм қайрымды жандар мен халық ортасында дәнекерміз. Кәсіпкерлердің қолынан ақшадан гөрі заттай алғанды қалаймыз. Олардан алған дүниені таратқанда кәсіпкерлерді қасымызға ертіп аламыз. Елдің ішін араласын, жағдайды көрсін дейміз. Кейін бізсіз қайрымдылықты жасай берсе деген ниет қой. Қазір бізсіз өз беттерімен қайрымдылық жасайтын жандар ауданымызда бар.

-Сендер алыс ауылдарды аралайды екенсіңдер. Орталықтан қашықтықта жатқан ағайынның көңіл-күйі қалай?

- Қазір әрбір отбасында құрығанда бір-бір отбасы ауырып шықты ғой. Халық әлемді әбігерге салып жатқан бұл індеттің қиын жағдайға тап қылғанын түсінеді. Сондықтан қарапайым халық қолындағысын бөлісіп отыр. Өткенде Ақбиік ауылының азаматтары бірігіп мал сойып, мұқтаж ауылдастарына бөліп берді. Бұл ақпарат вацаптағы топтарымызға лезде тарады. Содан кейін бұл үрдісті Абайыл, Жаскешу ауылының азаматтары жалғастырып алып кетті. Олар 30 мұқтаж отбасыға құрбандыққа шалынған 2 ірі қара мен 2 қойдың етін тендей бөліп берді. Шерхан МҰРТАЗА атындағы қайрымдылық қоры ауданымызға 6 ИВЛ бергелі жатыр. Бұл мен білетін ғана шаруалар. Басқа да қаншама адамдар қайрымдылық жасап жатыр. Ауданымыздың барлық ауыл әкімдері қызметтік көліктерін медицина қызмектерлеріне берді. Бүгінде үйлерінде де адамдар емделіп жатыр ғой. Соларды үнемі бақылау үшін дәрігерлерімізге көлік аздық етпейді.

- Көптің алғысына бөленетін сауап істер ғой бұл.

- Халықтың алғысынан артық не бар! Осындай қиын қыстау кезде қолымыздан келгенше әрекет ету азаматтық парызымыз дейміз. Бұрын адамдар волонтер десе түрлі жиындарда массовкада жүретін жастар ғой деп білетін. Қазір волонтерлықтың не екенін түсінгендейміз.

Фотоларды «Мейірім ерікті жастар» ұйымы ұсынды. 

Байланысты жаналықтар

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

11.08.2021

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

09.07.2021

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

13.05.2021

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ

23.04.2021
MalimBlocks
Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

Министр Райымқұлова – ойыншық

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

Шындықты айту да өнер!

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ