Қазақстандықтарға алаяқтардың жаңа әдісі туралы ескерту жасалды. Енді олар өздерін домофон компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырады, деп хабарлайды Malim.kz КТК арнасынa сілтеме жасап.
Алаяқтар пәтер иелеріне домофон кілттерін тегін ауыстыруды немесе тіпті кілтсіз қолжеткізу функциясын қосып беруді ұсынады. Бірақ ол үшін SMS арқылы келген кодты айтуды талап етеді.
Бұл жаңа схема туралы Абай облысының тұрғынына алаяқтар қоңырау шалғаннан кейін белгілі болды. Олар бұл қызметтің жаңа әрі ресми екенін сенімді түрде мәлімдеген. Алайда сақ әйел кодты айтудан бас тартып, өз домофон қызметінің кеңсесіне өзі қайта хабарласқан. Сол кезде компанияда мұндай қызметтің жоқ екені анықталды.
Полиция тұрғындарды мұндай қоңырауларға сақ болуға және сенбеуге шақырады. Азаматтардан таныстары мен туыстарын ескерту сұралады — бөгде адамдарға ешқандай кодты айтуға болмайды.
Алаяқтар өздерін домофон қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғындарға «қосымша кілттер» немесе подъезге «жеке кодпен кіру» қызметін рәсімдеуді ұсынады. Абай облыстық полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады: мұндай қызмет түрлері жоқ. Алаяқтар жеке деректерді алдап алып, оларды заңсыз әрекеттерге қолдануы мүмкін, – деді Абай облысы ПД ақпараттық саясат басқармасының басшысы Дина Әмренова.