Исматулланың жаңа сценарийі. Кешіккен Мәді, жиһадшы Путин, жазықты Назарбаев

Түрмеден шыққалы бері президенттерге үндеу жолдағаны болмаса, Қазақстан президенті Қ.Тоқаевқа «зікірге рұқсат бермесеңіз тыныш қана отырам», деген Исматулла Мақсым белсене бастады. Оның жақтастары да әр тұстан төбе көрсетіп, оның өткен аптада Ресейге жасаған сапарын – кереметке теңеп, Алтын таң атады деп ұрандай бастады. Қамаудан босағалы бері ләм демеген Саят Ыбырай арнайы сұхбат та берді...

Алмас НҮСІП

  • 26.09.2022
И.Мақсым мен Т.Таджуддинов, 2022 ж / Фото: С.Ыбырайдың Facebook парақшасы 

 

Сатыбалды түрмеде, Исматулла Ресейде

Сәләфиттердің серкесі делінетін Қайрат Сатыбалды Астана сотында жауап беріп жатқанда, сопылардың серкесі Исматулла Мақсым Ресейде жүрді. Бұл екі діни ағым өкілдерінің арасындағы тартыс жаңа ғасыр басынан бері жалғасып келеді. Тіпті, 2011 жылы Исматулланың сотталуын – оның сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінен жеңілуі деп есептейтіндер аз емес. Сатыбалды мен оның жақтаушылары Қаңтар оқиғасынан кейін жан жаққа бас сауғалап кетті. Ал, Сатыбалдының өзі ұсталып, түрмеде отыр. Бұл жағдайды исматуллашыл ақын Светқали Нұржан әлеуметтік желіде: «Ал бір кезде Мақсымға және оның шәкірттеріне қарсы мемлекеттің барлық құралын қару қылып жұмсаған қ.сатыбалды – абақтыда, ал «идеолог»-идиоттары тілеуханшық, тазабекшіктері шетелде бой тасалап жүр! Бұл дағы Құдай-Тағаланың таңғажайып істерінің бірі!» - деп, кереметке теңеді.

Исматулла  түрмеден шыққан соң Қазақстан президенті Тоқаевқа, араға бір күн салып Ресей президенті Путинге, артынша Ердоғанға, Трамқа үндеу жасағанмен, одан кейін аса бір белсенділік таныта қойған жоқ. Оның себебін тақсырдың ұлғайған жасынан іздегендер болды. Исматулла түрмеден шыққан кезде бірінші президент Назарбаев пен оның айналасының ықпалы әлі де зор болатын, көпшілік Исматулланың үнсіздігін сол кезеңде аттан түспей тұрған Сатыбалдымен байланыстырған. Осындай уақытта Исматулланың Тоқаевқа жасаған үндеуі ашынған адамның елеусіз ашуындай көрінген, қоғам онша бір мән де бермеді.

14 жылға сотталып, соның 9 жылын өтеп шыққан Исматулланы Қазақстан қоғамы ұмыта бастағанын да білдірген. Әлеуметтік желіде «бұл кісі кім еді?»; «не үшін сотталып еді?» деген сияқты сұрақтар жиі қойлып жатты. Иә, 9 жыл ішінде жаңа буын өсіп шыққан, оның үстіне бұрын сопылық жолды насихаттаған танымалы бар, басқақасы бар, Исматулланың мүридтері қуғындау, тергеу басталғанда-ақ түгелге жуық тасаға тығылып қалған, оған болмай бара жатса «саналы түрде бас тартқанын» айтып, басын арашалап алған. Исматулла түрмеге түскеннен бастап жақтастарының үнсіз қалуы Исматулланың қоғамдық пікірде көмескіленуіне қатты әсер етті.

 

Путинге елжіреп, Тоқаевқа дауыс көтеру

Исматулла Мақсым түрмеден шыға салып, басқасын былай қойғанда Путинге үндеу жолдауы ел күтпеген жағдай болды. Экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, заңсыз медициналық қызметпен айналысу ісі бойынша қамалған Мақсымның бұл тосын әрекетін көпшілік түсінбей қалған. Путинге жолдаған үндеуі жай үндеу емес, Путинді Ислам дінінің жанашыры деңгейіне бір-ақ көтеріп тастаған мәлімдеме еді. 

В.Путин мен Т.Таджуддинов, 2017 ж / kremlin.ru

«Мен сені Россияға бос жолдыбай, бос бекер президент екен деп ойламаймын. Муфти хазірет Талғат Тажутдиновке өзіңдей Құдай жүрегін ашып, кеудесін кеңітіп, өзіне қарай тартып, сүйікті құлынан етпесе, ол Талғат Тажутдинов мырза ғалымдарды жинап, бүтін мешітке бұл зікірді етуге бұйрық бере алмайды. Мұның түп-тамыры, ең негізгі асыл бұйрығы сізден шықты деп ойлаймын. Шынында да, Иншалла, сізден шыққан. Құдай Тағала Ұлықтығымен, фазылымен, мейірім-шапағатымен рахметіне бөлеп, өзінің сүйікті құлы Хз.Имам Маһди ғалейһиссәләмға өзіңдей адамды кездестіріп, жүздестіріп, шындыққа жүрегіңді берген деп ойлаймын», - деп бастап, ақырында «бес уақыт намаз оқисың, құранды десе аударасың», - деп, бір-ақ тоқтайды.

Неге Путин? Бұл оның осы үндеу арқылы Путинге арқа сүйеуге ұмтылуы еді. «Путиннің оң қабағына ие болсам...» деген шалажансар үміт. «Президент мырза, Путинжан. Бауырымсың, айналып кетейін», деп елжірей сөйлеген Исматулла тақсыр содан дәл бір күн бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуінің екпіні мүлде керісінше болды. Ресей президентіне иіліп-бүгіле, елбірей сөйлеген тақсыр Қазақстан президентіне «Құрметті, ел басқарып отырған Қасым-Жомарт Тоқаев», деп, бастап, «ел басқарып отырған ініміз» деп, жоғарыдан сөйлейді. Бұл да ат үсті болса да алдын ала ойластырылған, Қазақстан билігіне көрсеткен қыры деп қарастыруға болады.

«Мен 54 жылдан бері күйіп жүрген Құдайдың қотыр итімін. Хазіреті Мәһди ғ.с. шығады. Әркім, сізден рұқсат болсын, маған жаулық қылған адам қолынан келсе, келіп, басымды кесіп, төсіме оғымен ұрсын! Иншалла, Құдай Тағала тұқым-тұқымын екі дүниеде жүзін қара қылып, тұқымын құртады. Оған иманым, сенімім бар Аллаға. Бүкіл оралман біледі, мен 54 жылдан бері Маһди ғ.с. деп жылап жүрген Құдайдың қотыр итімін».

Осы үндеуінде ол дүние қумадым дейді. Медине қаласында төрт дүкенін тастап келгенін, елге келген соң да біраз азаматтар сыйлықты үйіп-төккенін, бірақ, оған қайрылмағанын айтады және соны біреулер көре алмайды дейді. «Шайтанға да жақсылық тілейтін» тақсыр осы үндеуінің өзінде-ақ біраз адамды қарғап-сілеп үлгерген. Одан кейін Тоқаевтан жер-жерде зікір салуға рұқсат беруін сұрайды. Сұрай келіп, өмір бойы көркем мінезді насихаттап жүрген тақсыр келесіне сыймай, ашудан қалшылдай отырып, бүй дейді:

«Осы айтқанды тыңдаңыз, тыңдамасаңыз мейлі, қазір әскеріңді, полицияңды, Құдайдан безгендеріңді жіберіп, мені атып жібер. Атпасаң... обалым сенің мойныңа. Болмаса қыл мына айтқан сөзді. Болды, мен осынша жыл күйдім, сендерге жаман сөз айтқан жоқпын, жаман тілек тілеген жоқпын, жақсы тілекпен жүрген адаммын. Осыған  түсініңдер, түсінбестік қылмаңдар. Сау болыңдар!» - деп, қарлыға сөйлеп, бұрқылдап, зіркілдеп кеп аяқтайды сөзін.

И.Мақсым Тәжікстанда / "Алдаберген Омаров" You-Tube арнасынан screenshot

Бір қызығы, осы үндеуден кейін, араға жарты күн салмай мүлде басқа тонда, байыпты үндеу жолдайды. «Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзам», - деп бастап, кішірейе сөйлейді.

«Бүгінде жігіттер аузына әлі келмей, аузына не келсе соны шығарып айтып жатыр маған. Маған мешіттің қажеті жоқ. Мешітті айта алмаймын мен. Менің өзімнің жиырма жылдан бері хз.Шәкәрім р.ғ. атамыздың атына заңдастырылған бүтін облыстарда медреселерім бар. Сол облыстардағы медресеме сізден рұқсат сұрадым. Шәкірттер жиналып, сол жерлерде зікір қылып, еліне дұға қылып, осындай бәледен құтылуға Құдай себеп қыла ма деп үмітпенен сұрадым. Соған сізден тілеймін мен, текке сол үкіметтен рұқсат алынған, ресми болған медреселеріме рұқсат сұраймын. Сұрадым, әлі де де сұраймын. Берсеңіз, өлгенімше, қызметімді қыламын. Рұқсат бермесеңіз, тыныш жайыма отырамын. Ешкіммен ісім жоқ», - дей келіп, коронавирустан Қазақстандағы өлім мен ауру саны басқалармен салыстырғанда аз екенін, оның Құдайдың Қазақстанға деген мейірімі екенін айтады.

Және осы үндеуінде «егер еліме жаман ниет болса, полицияларыңызды жіберіп, мойнымды кесіп, көкірегімнен аттырыңыз дегенім сол әңгіме», - деп, алдыңғы айтқан сөзін жуып-шайып, кешірім сұрағандай болады. Көпшілік оның зікір арқылы коронавирустан сақтанайық деген сөзін сан саққа жүгіртіп, санитария, дүмшелік туралы айтып кетті. Дәл осы тақырып қызып жатқанда Исматулла Әбдіғаппар Путинді Құдайдың сүйікті құлына теңеп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дегенмен, ол да бір аса резонанс тудыра қойған жоқ.

 

Путин - жиһадшы

Осыдан басталған Путинге деген «симпатия» жалпы исматуллашылардың ұстанымына айналғандай болды. Тіпті, Қазақстанға белгілі ақын Светқали Нұржан Путин Украинаға соғыс ашып, әлемді ядролық қаруымен қорқытып, «Ресейсіз әлемнің маған түкке керегі жоқ», деген доңайбатын ақтап шықты.

Бұл жерде ерекше көңіл аударатын бір мәселе бар. Әдетте діндарлар патшаны құдайдың жердегі көлеңкесі деп біледі. Көп жағдайда өз президентінің тілеуін тілейтін зікірші-сопылар да бұған дейін елбасы, президент үшін дұға жасап келген. Исматулла Мақсымның өзі оған дейін «Назарбаевтың тағына тақ, бағына бақ жалғануын» тілейтін. Бірақ, Қаңтар оқиғасынан кейін ақыны бастап, басқасы қостап, «Вор-солтан» туралы айта бастады. Яғни, кеткен президент ендігәрі ешқандай да «көлеңке» емес деген сөз. «Көлеңке» кезінде мадақ айтқан, тілеуін тілеген, биліктен айрылған соң ол – залым патшаға айналды.

Иран президентінің сунниттер бойынша кеңесшісі Нур Муфидидің үйінде / "Алдаберген Омаров" You-Tube арнасынан screenshot

Ресейдің «әскери операциясын» әлем басқыншылық деп танып жатқанда, Қазақстан билігі «нейтральная позиция» ұстанды. Демек, «жердегі көлеңкенің» позициясы исматуллашылардың да позициясы болуға тиіс еді. Бірақ, олар Украина-Ресей соғысына келгенде өз президентінің ұстанымын аттап өтіп, Ресейді ашық ақтауға көшті.

Осы кезде исматуллашылардың бірі Исматулланы диі сынап жүрген Тұрарбек Құсайынды қарғап, Исматулланы ақтай келе, Путинді жиһадшы деп салды.

«Исматулла тақсыр Путинге үндеу жасады, сен оны келеке қылдың, ал шын мәнінде хазіреті Мәді сүйікті пайғамбарымыздың хадис-шәрифі бойынша Ресей жерінен,  Еуразия құрлығынан шығады. Путин оны  жақсы біліп отыр және терең сұңғыла басшы ретінде хазіреті Мәдіге иман келтірді. Алланың қалауымен Путин әлемдегі қара күштерге, еврей-масон Зеленскийге қарсы жиһад жариялады».

Оқи отырыңыз: «Әз басыңның қадірі мың ердің құнынан артық»

Әлеуметтік желілерде осы сарындас пікір жазатын исматуллашылар аз емес. Исматулланың атақты ізбасарларының бірі, ғалым Саят Ыбырай күні кеше берген сұхбатында Исматулла Мақсымның Путиншілдігін ақтаймын деп, күллі дүниенің ілімін бойына сыйдырған, жүрек көзі ашылған, бір секундта әлемді жеті мәрте айналып шыға алатын әулие ұстазын «әпенде» ретінде сипаттады.

«Зікір заңға қайшы деген заң жоқ. Бізде тыйым салынды. Енді мына жақта Путин келеді де Қазан мен Уфадағы салынып жатқан зікірді көреді. Ол кісінің оған деген ықыласы ояна ма, оянбай ма? Қазақта түсінуге тырысушылық деген нәрсе бар еді. Мысалы, біреу дұрыс істемей тұрса да «қайтсін-ай» деген сөз болушы еді. Қазір ондай нәрсе бізде мүлде жоқ. Біз бірден негатив – теріс жағынан іздей бастаймыз. Бұл да қоғамдық дерті», - деді ол.

С.Ыбырай сұхбат беріп отыр / «Қасқа жол» You-Tube арнасынан screenshot

Яғни, Саят Ыбырай соңына дейін қасында болып, бірге сотталған жолбасшысының Путинді жақсы көруін – діни тәрбие алған адамның көзсіз махаббатына теңейді. «Қайтсін-ай» дейтін мүсіркеу – кембағал немесе бар-жоғы біліне бермейтін көп жаманға қарата айтылатын сөз. Ұлы миссия арқалап, әлі күнге Мәдіні күтіп жүрген Исматулла тақсырды дәл бұлай төмендетіп, баланы алдағандай басынан сипай салу, қалай айтсаңыз да, ешқандай логикаға сыймайды.

 

Мәді туралы жаңа сценарий пайда бола ма?

Саят Ыбырай осыдан екі күн бұрын сүйінші сұрап, пост жазды. Онда ол Исматулла Мақсымның Ресейге шақыртумен барғанына ерекше шаттанады.

«Мына сүйінші хабарды Алашқа жариялау бақыты бізге бұйырыпты! Осы қазір Башқұртстанда Ресей мұсылмандарының Орталық діни басқармасының ұйымдастыруымен Еділ бұлғарларының (татарлардың) Ислам дінін қабылдағанына 1100 жыл толуына байланысты өтіп жатқан шаралар аясында жаңа мешіттің тасы қойылу рәсімі жүріп жатыр. Осы дүбірлі тойға арнайы шақырылған Исматулла қари дүние жүзінің әр түкпірінен келген мұсылман ғалымдарының алдында адамзаттың жаңадан атар Алтын Таңын, Махдауият атты жаңа сападағы Өркениетке қадам басқалы тұрғанын сүйіншілеп тұрған сәті! Баршаңызға сүйінші ағайын!» - дейді тебіреніп.

Осы сүйіншіден кейін Светқали Нұржан да кеңінен толғап, арнайы пост жазды. Онда Исматуллаға қысым жасаған Назарбаевтың бүгінгі күйін мысалға келтіріпті. Және «Исматулла Мақсымның «түбіне жеткісі» келіп жүргендер Назарбаевтан «әулие» болса, көріп алдық!» - деген ызбармен аяқтайды.

Саят Ыбырайдың тағы бір жазбасынан түсінгеніміз, Исматулла қариды Ресейдің бас мүфтиі Талғат Таджуддинов Ресейге бірнеше рет шақырған. Қонаққа. Бірақ, шартты түрде босатылған Исматулла Мақсым шет елге шыға алмайтынын айтқанда, «оған бас қатырмаңыз, бұл менің шаруам» деп жауап берген. Яғни, Путиншіл Таджуддинов Қазақстан заңына пысқырмайтынын, кез келген шектеуді бұза алатынына аса сенімді болған. Ақыры міне, әділдік орнап, Құдайдың кереметі іске асып, Назарбаев басымен қайғы, Сатыбалды түрмеде сотын күтіп жатыр, сопы-зікіршілерді түрмеге қамауда басты роль атқарған Рахат Әлиев баяғыда опат болды... Ал, Исматулла Алтын таңды күтіп, Ресейде жүр. Бұл Исматулланың ұлы жеңісі саналады екен.

Исматуллашылар осылай шат-шадыман болып жатқанда бір кездері Исматулла тақсыр түрмеден шыққанда одан «бүкіл ел атынан кешірім сұраған», сүйіншілеген теолог Досай Кенжетайдың пікірін сұрадық. Ол:

«Исматулла – өзінің тағдырына қатысты жауабын алды ғой. Исматулланың қазіргі сопылық жолының Ясауи жолымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Себебі, онда саяси ислам тақырыбы бар. Ол тақырыптың аты -  Мәдішілік. Маһдишілік дейсіз бе, мейлі. Ал, енді, оның шәкірттері сол Мәдінің шәкірті ретінде Путинді таңдап отыр. Бұл – катастрофа деген сөз. Яғни, сенің өз қоғамыңды, өз мекеніңді, өз ареалыңды емес, басқа бір ареал, басқа бір мекенді таңдап, басқа бір тұлғаға қарап ұлып тұрған деген сөз – бұл нағыз рухани сатқындық», - деді.

И.Мақсымның бастамасымен құрылған Яссауи вокалды тобы Тәжіктсанда / "Алдаберген Омаров" You-Tube арнасынан screenshot

Қысқасы, Мәді тақырыбынан басталған «адамзатты құтқару» операциясының соңы жиһадшылық туралы қорқынышты сөздер шығып қалып жатыр. Исматулла тақсыр әлі күнге Мәдінің келетінін (2013 жылы келмей қалса да) айтып, ұрандап жүргенде Украинадан біреу, Қазақстаннан біреуі шығып үлгерді. Путин үшін дұға қылатын православ Игорь Данилов өзін 2017 жылы Мәді деп жариялады. Бірақ, Исматулла тақсыр оған қатысты нақты бір мәлімдеме жасаған жоқ. Тек, зікірші-сопы Зікірия Жандарбек қана осы Даниловты бес жыл бақылағанын, оның Мәді екеніне күмәні жоғын айтып, мәлімдеме жасады. Оның бірер шәкірті де осындай «жаңалық» ашты. Одан кейін Қазақстанда әйел кейпіндегі Мәді пайда болды. Исматулла тақсыр оған да қайрылып қарамады. Әлі күнге «Алтын таң» ататынына сеніп, адамзатты құтқаруға барын салып жүр. Исматулла қари Мәдіні Евразия жерінен шығады, көзі көк, бойы сұңғақ болады деп айтатын және дәл осы сапарына мүридтерінің қатты қуанғанына қарап, Талғат Таджуддиновті Мәді деп танып жіберер ме екен деген күдік те жоқ емес. Егер Исматулла Мақсым да Даниловтың Мәді екенін мойындап жіберсе, таңғалуға болмайды. Өйткені, Данилов та, Таджуддинов та Путиншіл, екеуі де Путиннің жеңісі үшін дұға қылған. Тіпті, Даниловты ФСБ агенті деген де болжамдар бар.

Қалай дегенде де, соңғы кезде белсене бастаған Исматулла тақсырдың соңғы әрекеттеріне қарап, «Алтын таң» Ресей жақтан атады деп күтуге болады. Ал, әлем Ресей жақтан түнере төніп келе жатқан қараңғылық қана күтіп отыр...

MalimBlocks
"Әз басының қадірі мың ердің құнынан артық"