Apple компаниясы iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max смартфондарын таныстырды. Жаңа модельдерде камера жүйесі, өнімділік пен батарея жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілген, деп хабарлайды Malim.kz.
Компания мәліметінше, iPhone 18 Pro желісі A20 Pro процессорымен жабдықталған. Сондай-ақ смартфондарда жаңа буындағы салқындату жүйесі қарастырылған. iPhone 18 Pro Max моделінде батареяның жұмыс уақыты бұрынғы iPhone үлгілерімен салыстырғанда айтарлықтай артқаны айтылды.
Басты жаңалықтардың бірі - 48 МП Fusion негізгі камерасындағы өзгермелі диафрагма. Алты қалақшадан тұратын механизм әртүрлі диафрагма мәндері арасында ауысып, жарық пен кадр тереңдігіне қарай түсірілімді реттеуге мүмкіндік береді. Қолданушылар Camera қосымшасында диафрагманың төрт параметрін қолмен таңдай алады.
iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max. Трансляциядан алынған кадр: youtube.com/@Apple
Сонымен қатар жаңа смартфондарда Dynamic Island көлемі кішірейтілген. Құрылғылар iOS 27 операциялық жүйесінде жұмыс істеп, Apple Intelligence және Siri AI мүмкіндіктерін қолдайды.
iPhone 18 Pro мен iPhone 18 Pro Max төрт түсте ұсынылады: қара, күміс, glacier және жаңа burgundy. Алдын ала тапсырыс 12 қыркүйекте басталып, смартфондар 18 қыркүйектен бастап сатылымға шығады.
Бағасына келсек, АҚШ-та iPhone 18 Pro Max-тың бастапқы құны шамамен 1 299 доллар болуы мүмкін. Қазақстанда логистика, салық және сатушылардың үстеме бағасын есептегенде, жаңа модельдің құны шамамен 950 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін жетуі ықтимал. Ал iPhone 18 Pro бағасы 910-930 мың теңге шамасында болуы мүмкін. Нақты қазақстандық баға ресми сатылым басталғаннан кейін белгілі болады.
Компанияның дүниежүзілік маркетинг жөніндегі аға вице-президенті Грег Джозвиактың айтуынша, жаңа буында камера, өнімділік, батарея және жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінген.
iPhone Duo. Трансляциядан алынған кадр: youtube.com/@Apple
Сонымен қатар Apple өзінің алғашқы жиналмалы смартфоны - iPhone Duo-ны таныстырды. Құрылғы кітап секілді ашылып-жабылатын форматта жасалған. Желіде тараған кадрларда смартфонның ақ және қара түсті нұсқалары көрсетілген. Жиналмалы модель Apple смартфондарының жаңа форм-факторы ретінде ұсынылып отыр.