Марихуана құны – құрдым

Malim Админ

  • 27.07.2020

Есірткі қолданудан бұрын оны сақтау, пайдалану, тарату да елімізде заң жүзінде қудаланады. Жазаланады. Есірткінің кеселді кесірі мұны тікелей қолданатындармен шектелмейді. Мәселен Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылының тұрғыны үйінде тоқсан килограмм «кептірілген марихуана» сақтағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында А-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылының тұрғыны А-ның үйін тінту барысында жалпы салмағы тоқсан келі «кептірілген марихуана» есірткі заты тәркіленген. Аса iрi мөлшердегі есірткі заттарды ол заңсыз сатып алып, одан әрі сату үшін сақтаған. Сот үкімімен А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Бірақ заң күшіне енеді. Сонда өзгеден бұрын өзіңнің өмірің ойран болған жоқ па? Ал өзгеге тигізген залалың қандай? Оны біреулерге саттың, тараттың. Ал ол адам денсаулығына қаншалықты кері әсер ететін білдің бе? Біздіңше, әрине, кез келген наша таратушы оның зардабын біледі. Бірақ соны сезінбейді. Қу ақша, қу құлқын, қу нәпсі жетегінде кеткен пенделер бұл пәленің ми және орталық жүйке жүйесін талқандайтынын неге ойламайды? Барлық есірткі түрлері ми мен орталық жүйке жүйесіне өте зиянды. Басқаша айтқанда ақыл-естің ең азулы дұшпаны – есірткі. Есірткіге тәуелді адамдар, ең алдымен, жүйке және психикалық ауруларға шалдығады. Ұйқысыздық, жындану, ерте алжып, есінен адасу, ұстамалар (сандырақтау, қисынсыз әрекеттер жасау), галлюцинациялар (бос қорқыныш, елес көру, дыбыс есту, шошыну), ұмытшақтық, секілді дерттерден көз ашпайды және шара қолданбаса өліп тынады.

Есірткінің улы әсерінен арылуда ең ауыр жүк бауыр мен бүйрекке түседі. Бауыр мен бүйрек жұмысының бұзылуы салдарынан бауырдың майлануы, қабынуы, және бауыр циррозы, гепатит және өте ауыр бүйрек аурулары пайда болады. Есірткі заттар қолдану көзге өте зиянды. Нәтижеде көздің жарықты көруде тепе-теңігі бұзылып, алысты көре алмайды. Қылилық, қараңғыда түк көрмеу, көз қарашығының үлкеюі немесе кішіреюі секілді көз аурулары асқынады.

Есірткі заттар тынысты тарылтып, жөтел, дем жетіспей қысылу, тыныс алу ағзаларының сал болуы және осылардың салдарынан оқыстан өлуге ұрындырады.

Есірткі салдарынан қан аздық, қанның улануы, қанның түрі мен құрамының өзгеруі, қанның ұюы, гангрена, қан тамырларының бітелуі секілді аурулар туындайды. Әсіресе, есірткіні инемен қан тамырға салу өте қауіпті.

Уланып, дүниемен қош айтысып жататындар ең алдымен денсаулығын осылайша құрдымға жібереді. Екінші ағынан өз өмірлерін де құрдымға тастайды. Барын сатады. Барынан айрылады. Ең соңында өмірінен де айырылып қалады.

Бұл індет секілді нашақорлықпен қоғам болып күресіп келеміз. Бірақ адам баласы әлі де тыйылар емес.

Байланысты жаналықтар

33 миллионға ПТР-тесттерді сатпақ болғандар ұсталды

08.07.2020

Екі полицейдің өліміне себеп болған жүргізуші полицияда қызмет еткен

26.05.2020

Коронавирустан кейін Шудың «шөбіне» сұраныс арта ма?

26.04.2020

Есірткі есіңді алады

30.03.2020
MalimBlocks
33 миллионға ПТР-тесттерді сатпақ болғандар ұсталды

Екі полицейдің өліміне себеп болған жүргізуші полицияда қызмет еткен

Коронавирустан кейін Шудың «шөбіне» сұраныс арта ма?

Есірткі есіңді алады