"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты

  • 10.08.2020
  • Malim Админ

"Билік өкіліне күш қолданып, қорлады" деп айып тағылған Әсия Төлесованың сотында бүгін қалған екі жәбірленуші полицей – Тілек Төлегенов пен Ұлан Абиболладан жауап алынды. Екі полицей де Төлесова өздеріне 6 маусым күні тіл тигізді деп отыр.

Тілек Төлегенов Әсия Төлесованы Ернат Сабалақов ұстай жөнелгенде "гад, и ты гад" деген сөздерді өзіне қарата айтты дейді. Төлесованың адвокаты Джохар Өтебеков сол сәт түсірілген видеоны көрсетуді сұрады.

Видеода Әсия Төлесованы бірнеше полицейдің оқиға орнынан ұстап, сүйрей жөнелгенде, белсендінің "гад, и ты гад!" деген сөзі анық естіледі.

"Осы сөздер айтылғанда сіз қайда тұрдыңыз?" деген сұраққа Тілек Төлегенов "Төлесованы ұстаған полицей Ернат Сабалақовтың жанында тұрдым" деді. Бірақ видеода Төлесова бұл сөздерді айтқанда Тілек Төлегеновтің оның артында тұрғаны көрінеді. Джохар Өтебеков те Төлегеновтің Төлесованың артында тұрғанына назар аударады. Бірақ Төлегенов Төлесова бұл сөздерді айтқанда өзіне тура қарағанын айтып, бой бермейді.

"Бәріміздің көзіміз бар ғой. Ол видеода оңға қарап тұр, ал сіз солға қарап тұрсыз. Сонда да ол сізге қарап айтты дейсіз бе? - деген Өтебековке Төлегенов "иә" деп жауап берді. "Төлесова "гад" дегенде тіке қарап тұр, ал "и ты гад" дегенде Сабалақовқа қарайды, ал Сабалақовтың артында мен тұрмын", - дейді Төлегенов.

"Гад" и ты гад" деген сөздердің қайсысы сізге қарата айтылған?" - деп нақтылады Өтебеков. "Меніңше, екі сөз де маған қарата айтылған", - деді Төлегенов.

Т.Төлегеновтің айтуынша, "мерзкие менты" сөзі де өзін қорлапты. "Бұл көпшілік түрде айтылған сөз. Сондықтан маған да қарата айтылды деп қабылдадым", - деді полицей.

"Ал "мент" деген сөз сізді қорлай ма?" деп нақтылады Өтебеков.

Полицей бұл сөз де өзін қорлайтынын айтты. "Қазір 21-ғасыр. 2000 жылдар емес, Полиция қызметкерімін. Ондай паразит сөздерден арылу керек", - деді Төлегенов.

Т.Төлегенов осы сөздерден кейін полицейлермен бірге Төлесованы ұстап, арнайы көлікке жеткізіп, отырғызып, полицейлерге тапсырғанын айтты.

Айыптау актісіне сәйкес, дәл осы оқиғадан кейін Төлесова автозактың жанында Мейіржан Тұрғанбек есімді полицейді үш рет ұрған. Мұны өткен сот отырысында Мейіржан Тұрғанбек те айтқан. Сабалақов пен Төлегеновке Төлесованы ұстауға көмектескенде, белсенді өзін үш рет ұрып жібергенін жеткізген.

Төлесованың адвокаттары бүгін осы оқиғаны Т.Төлегеновтен нақтыламақ болды. Бірақ Т.Төлегенов Төлесованы автозакқа жеткізіп, отырғызғанын, Төлесова жол-жөнекей М.Тұрғанбекті  ұрғанын көрмегенін айтты.

Ә.Төлесованың тағы бір адвокаты Әлімжан Оралбай "Автозакқа Төлесованы жеткізген соң, оның автозактың алдында жүрген видеосын қалай түсіндіресіз?" деп сұрады. "Ешқалай түсіндірмеймін", - деді жәбірленуші полицей. Адвокаттың "айыптау актісіндегі автозак алдындағы оқиға сіз Төлесованы газетльге жеткізген соң болды" деген тұспен келісесіз бе?" деген сұрағына Төлегенов "келісемін" деп жауап берді.

Полицейлерден кейін қорғау тарабы куәгер ретінде сотқа шақырған Vlast порталының журналисі Данияр Молдабеков Төлесованы әуелі автозак алдында көргенін айтты. Журналистің айтуынша, Төлесова Назарбаев даңғылының бойында полицейлер автозакқа ұсталғандарды тиегенде, автозак алдындағы топтың ішінде болған. Бұл топ автозактың жолын бөгемек болған.

Сәл кейінірек Д.Молдабеков белсендіні үйдің жанынан көрген. Амандасып, хал сұрасқан. "Бір кезде телефонымды шұқылап тұрғанда Әсияның айқайлағанын естідім. Бұл уақытта ол полицейдің бас киімін қағып түсіріп, айқайлаған. Кейін оны қолынан ұстап, автозакқа апарды. Мен олардың артынан жүріп, ұстау сәтін видеоға түсірдім", - деді Молдабек.

Куәгердің айтуынша, Төлесова әуелі автозак алдындағы топ ішінде болып, артыша дүкен алдында полицейдің бас киімін қағып түсірген. Ал айыптау актісінде Төлесова әуелі полицейдің бас киімін қағып түсіріп, артынша автозак алдында басқа полицейді ұрды деп көрсетілген.

Тілек Төлегеновтен кейін сотта полицей Ұлан Абиболла жауап берді. Прокурор одан сол күнгі оқиғаны сұрағанда Ұ.Абиболла бір нүктеден көз алмай, оқиғаны ежіктеп тізе жөнелді. Адвокат Джохар Өтебеков полицейдің айыптау актісінде жазылған сөздерін айна-қатесіз оқып отырғанына назар аударды. "Біз тіпті Абиболланың парақты қалай аударғанын естідік", - деді Өтебеков.

Судья Шақыров Ұ.Абиболлаға ескерту жасап, оның шенін сұрады. Ұ.Абиболла капитан шеніндегі полицей болып шықты. "Сонда капитан шеніне жетіп, бір парақты жаттап ала алмадыңыз ба?" - деп таңырқады судья Шақыров.

"Төлесова сізге қалай тіл тигізді?" деген прокурордың сұрағына Ұ.Абиболла: "Гад и ты гад. Мерзкие менты" деген сөздерге қорланғанын айтты. Айтуынша, бұл сөздер өзіне ғана емес, жанында тұрған басқа полицейлерге де қарата айтылыпты. Қызығы, адвокаттардың нақтылаушы сұрақтарына жауап берген Ұ.Абиболла "мент" сөзіне ренжимейтінін, бірақ "мерзкий" сөзі қосылғандықтан, "мерзкий мент" сөзі өзіне ауыр тигенін жеткізді.

Ұ.Абиболла тергеуге жауабында Төлесова полицей Темірхановты оң иығының артқы жағынан ұрғанын айтқан. Ал сотта берген жауабында Ұ.Абиболла бұл уақытта Темірхановқа қарама-қарсы жерде тұрғанын түсіндірді. Ә.Төлесова "Егер сіз Темірхановқа үш метр жерде қарама-қарсы тұрсаңыз, Темірхановтың артында не болып жатқанын қалай көре алдыңыз?" - деп сұрады.

Бұған полицей еш саспастан "оқиға орнында болғандықтан көрдім" деді.

Ә.Төлесова қарама-қарсы тұрған адам Темірхановтың артында не болып жатқанын көре алмайтынын шегеледі.

Бұған Абиболла "Бірінші соққы... екінші соққы желкесіне тиді", - деп нақтылады.

Сотта осы сәт түскен видео қайта көрсетілді.

"Ал енді Темірхановтың желкесін қайдан көрдіңіз? (видеода Темірхановтың артында дүкен витринасы тиіп тұрғаны анық көрінеді). Темірхановтың арқасы дүкенге тиіп тұр, желкесін қалай көрдіңіз?" - деді Ә.Оралбай.

"Енді маған көрінді ғой" деді полицей.

Әңгімеге араласқан судья полицейге: "Сіз өзі адамның басы, желкесі, иығы қайда екенін білесіз бе? Мүмкін, ол оны ішінен ұрған шығар?" деді. "Бас жағынан ұрды", - деді полицей.

Сұрақ қоюды жалғастырған адвокат "басты ұрмай, бас киімді қағып түсіру мүмкін бе?" деп сұрады. Оған жәбірленуші "білмеймін, тергеу экспериментін жасап көріңіз", - деп қайырды.

Ертең сот жарыссөзге көшеді.

 

Байланысты жаналықтар

Ресей Ауғанстаннан дипломаттарын алып кетіп жатыр

13.07.2021

Ысқақов өзін қылмыскермін деп есептемейді

11.12.2020

Қазаққа жерді Ресей сыйға беріпті....

12.12.2020

Алексей Навальный Мәскеуге ұшып келе жатыр

17.01.2021

Жоқ оппозицияны парламентке қайдан таппақ?

06.05.2020

Аида Балаева: Гендерлік саясат тұжырымдамасының екінші кезеңі басталды

29.06.2020