"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

  • 11.08.2020
  • Malim Админ

"Билік өкіліне күш қолданып, қорлады" деген айып тағылған азаматтық белсенді Әсия Төлесованың сотында жарыссөз аяқталды. Прокурор Ерлан Құланбаев Төлесованы бір жылға бас бостандығынан айырып, айыппұл салуды сұрады. Ал айыпталушының адвокаттары Джохар Өтебеков, Әлімжан Оралбай мен Назерке Ризабекова оның кінәсіздігін айтып, ақтауды сұрады. Әсия Төлесова соңғы сөзінде өз әрекетін полицейлердің митинг кезінде күш қолданғанымен байланыстырып, ұстамсыздығы үшін кешірім сұрады.

"Бұл процестен полицейлер де сабақ алды деп үміттенемін"

Ә.Төлесова жарыссөзде тергеу шындықтың түбіне жетуге мүдделі болмағанын айтты. "Сол себепті біз оқиға тізбегін қалпына келтіру үшін көп уақыт жұмсадық. Барлық дәлел бола тұра, бәрібір айыптау актісіне әкеп тіреп жатты", - деді Төлесова.

Әсия Төлесова бұл процестен құқық қорғау органдары, прокуратура және азаматтық қоғам сабақ алуы тиіс деп санайды. "Бәріміз объективтілік пен адамгершілікке ұмтылуымыз керек. Бәрі ап-анық істе сонша қайшылық болғаны мен үшін күтпеген оқиға болды. Прокурор жарыссөзде сөйлегенде де айыптау актісіндегі анық қателерді мойындағысы келмеді. Меніңше, объективті болуды үйренуіміз керек".

Жарыссөзден кейінгі соңғы сөзінде Ә.Төлесова полицейлердің митингті тарату кезіндегі әрекетімен келіспейтінін кесіп айтты. "Бейбіт митингіні таратқан кезде күш қолданғаныңызбен келіспеймін, Бұл – азаматтардың конституциялық құқығын бұзу, заңсыз әрекет. Бірақ бұл ұстамсыздығымды ақтамайтынын түсінемін. Сол себепті тағы да сіздерден кешірім сұраймын. Құқық қорғау органдары, сіздердің әріптестеріңіз маған күш қолданғандықтан сондай әрекетке бардым... Бұл процестен мен ғана емес, сіздер де сабақ аласыздар деген үміттенемін. Өзім бұдан сабақ алдым, дұрыс емес әрекет еткенімді білемін. Бұл процесс сіздер, прокуратура мен полицейлер үшін де бетбұрысты кезең болады деп үміттенемін. Мұның бәрі сіздердің жұмыс істеу әдістеріңіз бен азаматтарға қарым-қатынастарыңызды өзгертеді деп үміттенемін. Меніңше, Қазақстанда күш қолдану, қорқытып-үркіту мен заңсыз ұстау болмауы тиіс", - деді Ә.Төлесова.

Қорғаушы: Видеожазба әдейі монтаждалды

Әсия Төлесованың адвокаттары сот кезіндегі қайшылықтарға назар аударып, белсендінің кінәсі дәлелденбегенін тізді. Жарыссөзде алғашқы болып сөйлеген қорғаушы Джохар Өтебеков айыптау актісінде оқиға хронологиясы бұзылғанын, ал видео қасақана оқиға тізбегін бұрмалап монтаждалғанын айтты. Адвокаттың айтуынша, бас киімді қағып түсірген оқиғадан бұрын автозак жанындағы оқиға болған. Ал айыптау актісінде керісінше Төлесова әуелі полицей Темірхановтың бас киімін қағып түсіріп, кейін автозак алдында жүргендей етіп көрсеткен. Джохар Өтебеков куәгер Данияр Молдабековтің жауабы мұны растайтынын жеткізді.

"Сонда тергеуші неге шатасты? Әлде мемлекеттік айыптау әдейі Төлесова әуелі Темірхановтың бас киімінен ұрды деп көрсетті ме? Меніңше, оның себебі айқын. Бұл қасақана бұрмалау", - деген адвокат бұл жедел-криминалистика бөлімінің қызметкері Гончаров бастаған қызметкерлердің заңсыз әрекетінен басталды деп қайырды.

Адвокаттың айтуынша, криминалист жеті видеожазбаны біріктіре салған. Артынша видеожазбалар монтаждалған. Джохар Өтебеков Төлесова автозак алдында тұрғанда оны азаматтық киімдегі адам ұстап, сүйрелегенін баяндады. "Тұрғанбек сотта бұл адам өзіне бейтаныс екенін айтты, сөйте тұра сол адамға қосылып, Төлесованы арқасынан ұстай бастайды", - деді Өтебеков.

Адвокаттың айтуынша, бұл шын мәнінде әкімшілік құқық бұзушылық, алайда істің саяси астары болғандықтан, насырға шауып, қылмыстық іске айналды.

Адвокаттар Әлімжан Оралбай мен Назерке Ризабекова істегі, куәгерлердің жауаптарындағы қайшылықтарды келтіріп, Төлесованың кінәсі дәлелденбегендіктен, оны ақтауды сұрады.

Прокурор Төлесованы бір жылға соттауды сұрады

Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев жарыссөзде Әсия Төлесова сот процесінде өз әрекетін полицейлердің өзіне қарсы жасаған заңсыздығымен ақтап алғысы келгенін айтты. Алайда полицейлердің әрекеті заңсыз деген Төлесованың өз уәжі ғана дейді прокурор. Ерлан Құланбаев куәгер ретінде жауап беріп, полицейлердің Төлесованы жерге құлатқанын айтқан журналист Данияр Молдабековтің сөзіне соттан сын көзбен қарауды сұрады. Прокурордың айтуынша, куәгер "заңгерлік білімі жоқ болса да полицейлердің әрекетіне баға берген" "мүдделі тұлға".

Жарыссөзде сөйлеген прокурордың айтуынша, Төлесованың кінәсі сотта толық дәлелденді. "Сотта Төлесова бұл қылмысты жасағанға ұқсамайтын жазықсыз қыз сияқты көрінеді, бірақ видеожазба оның кінәлі екенін көрсетті. Сотта Төлесова бар кінәні полицейлерге жауып ақталуға тырысты, бірақ сөйте тұра өзінің ұстамсыздығы үшін кешірім сұрады... Ол өзін-өзі қорғады, оқиға кезінде есеңгіреп қалып, полицейлерді бір-бірінен айыра алмай қалдым, Тұрғанбекті ұрғаным есімде жоқ деді. Сұрақтарыма нақты жауап алмадым. Бірақ видеожазбаға келгенде бәрі есінде: алдымен оған шабуыл жасалды, содан кейін басқа оқиғалар болды, видео монтаждалған дейді", - деді прокурор.

"Төлесова Төлегенов, Абиболла, Сабалақов, Талдыбаев пен Темірхановқа қарата "гад, и ты гад! Никто из вас не достин носить форму. Мерзкие менты!" деп оларды қорлаған. Полиция қызметкерлерінің ешқайсысы Төлесоваға қатысты заңсыз әрекет жасамады. Төлесова Темірхановты себепсіз басынан ұрып, ол соққыны дарытпаған соң, екінші мәрте ұрып, бас киімін қағып түсірді. ол Төлесованы ұстамақ болғанда үшінші соққыны жасады", - деді прокурор.

"Төлесованың полицейлердің әрекетін заңсыз деуі негізсіз.  Төлесова неге ол сол уақытта полицияға шағымданбады? Өйткені оған негіз болмады", - деді прокурор.

Прокурор Құланбаев Әсия Төлесованы бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (222 240 теңге) айыппұл салуды сұрады.

Төлесованың үстінен арыз жазған полицейлер – Темірханов, Талдыбаев, Төлегенов, Тұрғанбек, Сабалақов және Абиболла жарыссөзде сөйлеуден бас тартып, прокурорды қолдайтынын жеткізді.

Сот үкімі ертең,  12 тамыз күні  шығады.

Байланысты жаналықтар

Көлгінов Нұр-Сұлтанды безендіруге 311 миллион жұмсайды

07.12.2020

Қазақстанда халық кедейленіп барады

12.04.2021

Тоқаев Үкімет отырысында: "Қажет болса, басқаларға да сөз беріледі"

10.07.2020

Тұрғымбаев Қасымовқа қарсы ма?

15.05.2020

Сағынтаев Жаңа жылды 135 миллион теңгемен қарсы алмақ

14.12.2020

Ассамблея басшысы неге ауысты?

29.04.2021