Праймеризге ақын-жазушылар да үн қосты

Malim Админ

  • 20.08.2020

Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев ақын-жазушылармен және өнер майталмандарымен праймеризге байланысты арнайы онлайн-конференция өткізді. Онлайн-кездесуге танымал ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Е. Жүрсін, ҚР жазушылар Одағының төрағасы Ұ. Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К. Матыжанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қ. Сәрсенбай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Д. Қожамжарова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М. Сарыбеков, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры Б. Жәутіков, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы М. Төлепберген, ақын айтыскерлер С. Дүйсенғазы, А. Жұмағұлов, М. Ниязов, Б. Шойбеков қатысты. Кездесу барысында Арман Қырықбаев жиынның маңыздылығына ерекше тоқталып, елдік мәселенің Парламент мінберінде шешілетінін баса айтты. Интернеті жоқ  елді мекендер қалай дауыс береді? Праймериз лайықты кандидаттарды таңдауға көмектеседі Бизнес өкілдері праймериздің барлық салаға оң ықпалы тиетінін жеткізді – Біз үлкен шараларды бастап кеттік. Шет жағасын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Науқанды өткізерде әлемдік тәжірибеге сүйеніп, ауқымды іс-шараның барлық жақсы жағын алуға тырысып жатырмыз. Әсіресе, қазақтың табиғатына сай келетін тұстарына ерекше назар аудардық. Барлық тәжірибелерді електен өткізгеннен кейін алдарыңызға осы праймериздің жобасы мен жоспары ұсынылды. Айта кетейік, бүгінгі таңда партияның құрамында 840 мыңнан астам адам бар. Бұл барынша ықшамдалып, екшеліп алынған құрам. Жалпы қандай істі бастар кезде алқалаған әлеуметтің, көпшіліктің қолдауы болмаса ешқандай шараның маңыздылығы да болмай қалады. Сондықтан біздің әр ісімізге қолдау білдірген сіздерге алғысымыз шексіз. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан науқанның ашық әрі әділ түрде өткізілетінін айтты. Осы орайда халықтың белсенділігі праймериздің жоғары деңгейде өтуіне ерекше ықпал етеді, – деді партия хатшысы.

Өз кезегінде модератор Дархан Қыдырәлі «Nur Otan» партиясы көптеген игі істерді атқарып жатырғанын, соның бірі осы праймериз екенін тілге тиек етті. – Бүгінгі онлайн кездесудің тақырыбы өздеріңізге белгілі. Елбасы да праймеризге қатысты Үндеу жариялап аталған науқанның басталғанын хабарлады. Елімізде партияішілік сайлау бірінші рет жүзеге асқалы отыр. Бұл ретте мен де «Nur Otan» партиясының Саяси бюросының мүшесі ретінде алғашқылардың бірі болып құжатпен таныстым. Халыққа қызмет етем деген азаматтарға мүмкіндік сыйлайтын, мінбер беретін аталмыш құжатты қолдап, қуана қол қойдық. Қазіргі уақытта праймериз басталып кетті. Оған қызығушылық танытып, құжат тапсырып жатқандар қатары өте көп. Олардың ішінде жастар да, көпбалалы аналар да, сонымен қатар, елімізге белгілі қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдері де бар. Оның ішінде осы жиынға қатысып отырған сіздер де барсыздар. Алдағы дода ең үздіктерді айқындап, болашақта Парламент мінберінде халықтың сөзін сөйлейтін халық қалаулыларын іріктеріне кәміл сенеміз, – деді  Дархан Қыдырәлі.

Ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет праймеризді ел болып бірлесе ұйымдастырудың артықшылығы көп екенін сөзіне арқау етті. – Партияішілік праймериз арқылы Парламентке депутаттар сайлау, іріктеу Қазақстанда бірінші рет болып жатыр. Сол себепті додаға бәріміз атсалысқанымыз жөн. Әсіресе, депутаттар халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болуы керек деп ойлаймын. Ертеректегі ханның қасында жүретін 40 уәзір осы заманда депутаттар ғой. Халықтың қалаулыларына үлкен үміт пен сенім артамыз. Соны ақтай білсе қуанамыз. Бұл бір жақсы әрі оңды бастама болды. Біз тек қана сәттілік тілейміз, – деді Ұлықбек Есдәулетұлы. Жиынды жүргізген Дархан Қуандықұлы ақынға алғысын білдіріп, ақын-жазушылардың әрқашан халықтың мұң-мұқтажын арқалап келе жатқанын,  елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін айтты. – Осы додаға қатысу арқылы кезіндегі Шерхан мен Әбіш ағаларымыз сияқты елдің сөзін сөйлейтін кісілердің саны артады деген үміттеміз. Сондықтан праймеризге ақын-жазушылардың көптеп қатысып отырғаны да руханияттың, мәдениеттің ғана емес, жалпы Парламентті елдік мінберге айналдырады. Партия қазіргі кезеңде айтысқа көбірек көңіл бөліп жүр. Жиналысқа қатысып отырған адамдардың ішінде де айтыс ақындары жетерлік. Жалпы ақындар қазіргі кезде партияның жақсы қолдауына ие, – деп атап өтті модератор. Праймеризге қатысатынын айтқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов доданың  мүмкіндіктеріне тоқталды. – Бүгінгі жиынның мәні ерекше, маңыздылығы жоғары. Праймериз жарияланғаннан бері «Nur Otan» партиясының орталық аппаратының шығармашылық ұйымдарға ерекше көңіл бөліп отырғаны, ортамызға Партия хатшысы Арман Оразбайұлының қатысып отырғанының өзі үлкен мәртебе. Шығармашылық ұйымдар, шығармашылық адамдар қоғамның барометрі іспеттес. Кез келген жаңалыққа, жақсылыққа елең етіп, қоғамның көңілін бұратын да сіздерсіздер. Партияның биылғы жаңалығы праймериз жөнінде шығармашылық ұйымдар мен одақтардың, шығармашылық адамдардың пікірі ерекше қажет болғандықтан осы жиын арнайы ұйымдастырылып отырған шығар деп ойлаймын. Жалпы прамериз дегеннің өзі әлемдік тәжірибеден алынған дүние. Сонау демократиялық елдер деп айтып жүрген Америкадан бастап Еуродаққа дейінгі саяси жүйелердің бәріне қарайтын болсақ оларда праймериз деген бұрыннан бар екеніне анық көз жеткіземіз. Еліміздегі ең басты саяси күші саналатын «Nur Otan» партиясының ішкі реттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ұмтылысы да халықтың көңілінен шығуда. Қай кезеңде болмасын, қай уақытта болмасын сайлау дегеніміз жалпы таңдау дегенді білдіреді. Соның ішіндегі ең жақындарды таңдау, ең белсенділерді таңдау, ең ұйымдастырушылығы шебер мамандарды таңдауымыз керек. Бұл тұрғыдан келген кезде праймериз сол таңдауды сапалы өткізудің әлемдік тәжірибеде сыналған жолы. Осыны партия өзінің тәжірибесіне кіргізіп отыр. Бүкіләлемдік тәжірибеде праймериз өткізудің түрлі жолдары мен тәсілдері бар. Біздегі ашық әрі әділ өтуді мақсат тұтып отырған праймериз халықтың да көңілінен шығатынана еш шүбә келтірмеймін. Аталған науқанның басталғанына 2-3 күн болғанның өзінде әлеуметтік желіге қарап отыратын болсақ, бұрын партияға кірмеген адамдардың өзі де өтініш беріп жатқанын байқауға болады. Ондағысы саяси өмірге белсенді араласайық деген ниеттен туған болса керек. Осы ретте праймеризге белсенді қатысқан жөн ғой деп ойладым. Сөйттім де додада мен де бағымды сынап көруге бел будым. Кез келген сәтте сырттан бақылаушы болу оңай, сын айту мен ақыл айту да оңай. Осыны ескеріп праймеризге қатысуға құжаттарымды тапсырдым. Мен партияның мүшелігінде бұрыннан жүрген адамдардың бірімін. Көпжылдық тәжірибемді праймеризге қатысып көрсеткім келді. Партияның ішкі өмірінде болып жатқан жаңалықтарға жақсы ниетпен, жақсы көзқараспен қараған дұрыс. Сондықтан еліміз үшін аянбай қызмет етуге даярмыз. Қазір әлемде үлкен өзгеріс болуда. Сайлау кезінде ұлттық құндылықтарды көтеру, қайта қарау қажет ететіні көрініп тұр. Бәріңізді осы науқанға белсенді түрде қатысуға шақырамын, – деді ол.

Ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман праймеризге озық ойлы, қоғамдағы жағдайларға көзқарасы қалыптасқан, байыпты, азаматтық позициясы берік, елдің тағдырына жаны ашитын азаматтарды іріктеу керек екенін тілге тиек етті. – Халықтың үнін жеткізіп жүрген алты-жеті ақынымыз праймеризге қатысуға бел буып отыр. Бұлардың барлығының артында жүздеген, мыңдаған жанашырлары бар, тілектестері бар. Олардың қай-қайсысы болсын, өз ойын ашық айтатын азаматтар. Ақындық трибунадан міндетті орындап келе жатқан айтыскерлер. Біздің жігіттер билікке бара қалса, олардың ұстанатын ең басты ұстанымдары ұлттың мүддесі. Кешегі Алаш арыстарының идеялары бұлардың бойына әбден сіңген. Оны айтыс сайын айтып келе жатқанынан-ақ анық аңғаруға болады. Тілдің тағдыры, жердің тағдыры, ұлттық дәстүр-салтымызға басымдық беру олардың бойына сіңірген асыл қасиеті. Бұл бұған дейін де болған, кейін де жалғаса беретін үрдіс. Айтыскерлер де билікте болған аға-әпкелерінің орнын басып, халықтың сөзін сөйлеуге ниетті. Біз бәріне сәт-сапар тілейміз, – дейді Жүрсін Ерман.

Тағы бір праймеризге қатысушы М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова да конференция барысында сөз алды. – Мен де белімді бекем буып, жастардың арасынан сайлауға түсіп, солар қолдайды-ау деген үмітпен сайлауға қатысудамын. Уақыттың өзі бізді осындай десократиялық қадамдарға алып келіп отыр. Еліміз үшін, халқымыз үшін бұл доданың саяси бағыты орасан зор. Бұл ел тарихында ерекше сақталатын елеулі тарихи оқиға. Қазақстанның өркендеп, өсуі үшін, келешек үшін, жастарды ұлттық нақышта тәрбиелеу үшін бізге әрине осындай додалардың маңыздылығы жоғары әрі өтуі қажет. «Білімдінің қолында алтын шырақ» демекші, біліммен сусындап жатқан жастардың арасында да науқанға қатысқысы келетіні мені қуантады. Елдің амандығын тілей отырып, болашағымызды ойлай отырып, үлкен бастамаларға атсалысуға бар күшімізді салып, елдің, халықтың өркендеуіне өз үлесімізді қосуға дайынбыз, – деп түйіндеді сөзін. Сондай-ақ кездесу барысында Алматы ақшамы газетінің бас редкаторы Қали Сәрсенбай праймериздің әлемдік деңгейде мойындалған тәсіл екенін айтып, көпшілікті аталған науқанға белсенді түрде қатысуға шақырса, журналист, жазушы Мейрамбек Төлепберген облыстағы, аудандағы тұрғындардың партияішілік сайлаудан қалыс қалмауын тілеп, көпбалалы аналардың да праймеризге қатысқанын жақсылыққа балады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махаметғали Сарыбеков праймеризге қатысып жатқан азаматтарға бірқатар ұсыныстарын айтты. Ол әсіресе кандидаттарға бірінші кезекте  әлемдік тәжірибеге назар аударған жөн болатынын ескертті. Праймериз тек қана сайлауға түсу емес, партияның халықтың алдындағы имиджін, деңгейін жақсарту әрі халықтың партияға деген сенімін арттыру екенін жеткізді. Жиында айтыскер ақындар Серікзат Дүйсенғазы, Айтбай Жұмағұлов, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов праймеризге қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Абылайхан ЖҰМАШ
Дереккөзі: https://aikyn.kz/praymerizge-a-yn-zhazushylar-da-n-osty/

Байланысты жаналықтар

Алматыда жер дауы басылмай тұр

05.03.2021

Бауыржан Байбек «Nur Otan» Жақтастарының лигасымен кездесті

20.08.2020

Праймериз де өтті күркіреп

04.10.2020

Тағы да 42500. Сондағы Смирнованың айтқан сөзі...

29.04.2020

Өздерінің «Nur Otan» партиясының мүшесі екенін білмейтіндер бар

26.09.2020

Байбек берген жерден тағы да дау шықты

19.02.2021
MalimBlocks
Алматыда жер дауы басылмай тұр

Бауыржан Байбек «Nur Otan» Жақтастарының лигасымен кездесті

Праймериз де өтті күркіреп

Тағы да 42500. Сондағы Смирнованың айтқан сөзі...

Өздерінің «Nur Otan» партиясының мүшесі екенін білмейтіндер бар

Байбек берген жерден тағы да дау шықты