Жиырма жылда салған суретімнің бәрі шетелге кетті

  • 13.02.2020
  • Бағашар Тұрсынбайұлы

К. Ісләмжанұлы: Биылғы Жаңа жылдың басындағы дәрісті біз суретшілерге арнап отырмыз. Қазақ сурет өнері азаттық пен атамекен идеясын айтуда алдыңғы қатарда болып, ерекше дамыда десек артық айтқандық емес. Мәселен, «Асауға тұсау», «Асауды құрықтау» деген атақты суретті көріңіз немесе «Атамекен» деген туындының астарында бір романның дүниесі жатыр. Бертіндегі «еркіндік» тақырыбы да сурет өнерінің басты және жанрлық жағынан дамуының үлкен бір ұлы арнасы болды деуге негіз бар.

Бір қызық жайт: суретшілердің көбі қазақ тілінде сөйлеуге шорқақ, бірақ ұлттық идеяны айтуда олардан шебер, олардан отаншыл ешкім жоқ. Бұл да осынау ұлы өнерді жасаушылардың айрықша бір қасиеті деп мойындалуы керек.

Сонымен, осынау саланың 70-жылдардағы өкілі, талантты суретші, ортамызға келіп отырған Жұмақын Қайрамбаев ағаның дәрісін тыңдайық! Біз сізді «Ақырын жүріп, анық бас» дейтін Абайлық талаптың үдесінде жүріп ұстаздық еткен қазақтың қарапайым суретшісінің бірі ғана емес бірегейі деп білеміз! Сөз сізде, аға!

Ж. Қайрамбаев: Қырық жылдан бері Өнер академиясында сабақ беріп келемін. Сондықтан, маған балалармен сөйлесу жеңілдеу, өйткені олар қарсы келмейді. Ал бәрін көріп біліп, хабардар болып отырған адамдарға айтқан кезде, бұл енді балалармен сөйлескендей болмайды ғой. Себебі, балалармен сөйлескенде біз олардың нақты істеп отырған жұмыстарын талқылаймыз. Мәселен, мына жұмыстың (суреттің) қай жері артық немесе кем, жетпей тұрғаны не деген сияқты нақты мәселе болады.

Мені Құдайдың суретші ғып жаратқанына шүкір деймін! Құдіреттің күші қандай, айналаңда тұмса табиғат тұнып тұр ғой, бірақ соны көбіміз көре бермейміз. Былайша басып, таптап өтіп кете береміз. Ал біздің суретшілердің міндеті соны тоқтатып, көздеріне көрсету (адамдарға).

Менің әкем қойшы болған. Біздің тұқымымыздағы ең соңғы қойшы. Бір әріп білмейтін. Сол кісіден төрт ұл туылдық. Әкем қолөнер шебері еді. Қасық, тостаған, ертоқым жасайтын. Эпостарды жатқа айтатын және өлеңдетіп айтатын. Соны тыңдап өстік. Көз жасын төгіп отырып тыңдайтын үлкен кісілерге таң қалушы едім. Әсіресе, апалар мен әйел адамдар жылап отыратын.

Өскен ауылым шағын болды. Бәрі бір-бірімен туысқан еді. Соған сай мекетебіміз де кішкентай. Айналдырған үш мұғалім барлық сабақтан бере беретін. Осылай өстік, білім алдық, адам болдық. Адамда түйсік болу керек. Ал талант болса, ол еш уақытта далада қалмайды. Алтынның кесіндісі қайда көмілсе де, әйтеуір бір себеппен ол жер үстіне шығады ғой. Сол сияқты баланың неге ыңғайы бар соны байқап, баулу керек, ал жарқырап көзге түсу еңбекпен келетін нәрсе. Ол үшін пәлен деген күшті, беделді мектепті бітіру керек деген шарт жоқ: менің қырық жылғы ұстаздың тәжірибем осындай тұжырымға келтірді.

Санкт-Петербургтегі «Императорская Академия художестваны» бітіргем. Ол жерге он бес республикадан жиналып барады. Мысалы, мен түскен жылы бір орынға 12 адам болды. Өзім орысша білмеймін. Оның бәрі толып жатқан хикая. Мысалы, біздің ауылда бәрі бір-бірімен туысқан. Бала кезімде кинодағы бір қыздың сөмкесін көтеріп жүретін жігіт, оның ғашық боп қалатын эпизоды, осыны түсінбейтінмін. Менің аулымда ондай жоқ. Бәрі ағайын ғой. Сондықтан, біздің ағаларымыз өскенде көрші ауылдан келіншек алса, қыздарымыз соларға кететін. Сондай ауыл болдық. Ал орыс тілі туралы сөз болып қалды ғой, болған оқиғаны айтып берейін. Ауылымыз шекараға жақын еді. Солдаттар келіп тұрады. Бір ағамыз болды Алматыда оқыған. Соның шешесі баласынан естіген болуы керек кейбір «орысша» сөздерді білуші еді. Бірде солдаттар келіп, ауыл адамдарынан жол сұраса керек, бәрі оларды әлгі апамызға жіберген ғой. Сөйтсе, ол кісі солдаттарды тыңдап тұрыпты да: «Айран әлі ұйыған жоқ, біраздан кейін келіңдер!» депті. Солдаттар кетіп қапты. Ауыл адамдары аң-таң бопты.

Мен басында Таңсықбаев атындағы коледжді бітіргем (бұрыңғы Гоголь атындағы). Одан жолдама алып кеттік, онда барған соң тағы да экзамен тапсырдық, оқуға түстік (Петербургте). Содан бітіріп келгелі бері осы Жүргеновтемін.

Ал енді суретке келуімнің қысқаша тарихын айтайын. Біздің ауылға жарық мен 7-ші класта оқып жүргенде келді. Оған дейін дөңгелек үстелде шам жағып қойып, аға-іні жағалай отырушы едік. Сол жерде сабаққа дайындаламыз. Біз 1959-шы жылы Қытайдан келгенбіз. Әкем сиыр баққан. Сол кезде бір үйде тұрамыз. Сыртын борлап қойған. Соның қабырғасына мен самауырынның көмірімен айналдыра сурет салып жүреді екем. Сонымен қатар, қарға да сурет салып жүріппін. Әкемнің айтуынша, қолыма ағаш береді екен, түрегеп тұрғанда жерге жететін. Ақыры, үйдің іші қап-қара болып кеткен соң маған дәптер, қарындаштар әкеп берген екен. Сол кезде-ақ қытайлардың қарындаштарының артында резинкасы (өшіргіші) болатын.

Ал мектепте географ айтады: алма салып келіңдер деп. Бағымызда алма бар, әсіресе маған қиын емес, бәріне түгел салып беремін. Қалғандары сала алмайды. Кейде кесе салып келіңдер дейді, қарап тұрып салам, ұқсап қалады. Үйдегілер мақтайды. Басқаларыныкі ұқсамайды, сосын бәріне салып беремін. Содан мені «художник» деп атайтын болды. Өзім тірі суретшіні 10-шы класта оқып жүргенде көрдім. Ол кезде мен «Шоңжы» деген аудан орталығында интернатта оқып жүргем. Біздің ауылда 4-класқа дейін ғана мектеп болды. Сонда бір суретші келді. Қазіргіше айтсақ, «халтурщик» дейтін, мектепті безендіретін, көрнекі жерлерге жазу жазып беріп, ақша табатын. Сол кісінің қасына барып қараймын. «Химия», «физика» деген жазулары печатьпен басқандай. Мен оны сызып алып, ішін бояп отыратынмын. Сөйтсем, «трафарет» деген болады екен ғой, оны қайдан білемін. Оның шеберханасына барып жүремін, салған суреттерімді көрсетемін. Ол маған адамды былай саласың деп түсіндіріп берді. Интернатқа келіп Нұржұма деген баланы отырғызып қойып салсам әлгі ұқсап қалды. Содан кетті дейсің, интернаттағы жүз елу бала кезекте тұратын болды суретін салдыру үшін. Қарындашпен саламын, ал қаламмен салу керек екенін маған ешкім айтқан жоқ. Елу шақты баланың портретін салып болған соң ана кісіге көрсеттім. Ол кісі директорды шақырып көрме жасады, мәз болды, мен де мәз болдым. Жаңағы «халтурщик» деп жүргенім маған училищеге бар деп кеңес берді (Гоголь атындағы). Жалпы, барлық сабақты жақсы оқыдым. Инженер-механикаға барамын деп жүргем ғой, СХИ-ға. Ол кісі маған айтады: «Сельхоз-да нең бар, сен суретші боласың» деді. Мен бірден келістім. Сөйтіп, училищеге келіп, бір жыл дайындық курсынан өттім, тапсырдым, түстім, оны да бітірдім, ары қарай Петербургке кеттік. Сөйтіп, Құдайдың бұйрығымен суретші болып шықтық.

Менің ойым: бізде Абай сияқты небір үлкен тұлғаларымыз бар, мысалы әрбір суретші ақындардан Абайды салмаса болмайды деп. Арманымыз тек қана шебер болу ғана емес, салған суретте мағына болуы керек қой. Мысалы, «Жолаушы» деген суретімнің прототипі әкем. Екі жасында әкесі, бес жасында шешесі өлген, жетім өскен. Содан біз өрбідік. Соның бәрін көріп-көріп келіп, өзі айтып отыратын: «адам өмірге келген жолаушы» деп. Сол сөзін тыңдап өстік, кейін өзім өскенде қарап отырсақ, шынымен жолаушы болып шықтық қой. «Жолаушыда» әкем келе жатыр, атын жетектеп жүрген жоқ. Бұл өмірдегі серігі ғой. Жаңбырды алған себебім: М.Әуезовтің «Абай жолы» сияқты бірдеңе істегім келген де. Жұмыстарымның бәріне де осындай мағына бергім келеді.

Ал Абылайдың шыққаны мен оқу бітіріп келгенде, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін өзіміздің хандарымыз бен батырларымызды шығара бастадық қой. Сол кезде конкурс жарияланды. Абылай ханның суретіне. Содан баспаға барсақ, жазушылардың біреуі Германиядан ба, Франциядан ба сол жерден тарихшыларға бір суретті әкеліп беріпті. «Бір саяхатшы Орта Азияда болған екен, «Абылай хан» деп жазулы тұр, сендердің хандарың ба?» депті олар. Соны фотоға шығарып, бәрімізге таратып берді. Қарындашпен салынған сурет. Ол кезде саяхатшылардың бәрі де сурет салатын болған ғой. Мысалы, біздің Шоқан сияқты. Бірақ, суретті европалық салғандықтан ба жаңағы жұмыста европалық тұр, ақ қалпақты. Әркім әртүрлі ғып салды. Мен түпнұсқаны қазаққа айналдырдым. Абылай туралы тарихи деректерді оқысам «ақ ту», «ақ боз ат», «ақ түйе», «ақ қалпақ», бәрі ақ екен. Осы ерекшелікті басшылыққа алып, «Абылай ханды» салып шықтым. Конкурста менікі жеңіп шығып, сонымен кетті. Басқа суретшілер қызыл киім кигізді, бұл түс сал-серілерге лайық қой. Әртүрлі әдіс-тәсілдерге барды. Ал хандар киімі бөлек болған, қай елді алсаңыз да өзіндік айқын белгілерімен ерекшеленген. Бізде «ақ киізге» салып хан көтергендіктен, ақ түс хандарға ғана лайық деп ойлаймын. Бәйге жарияланғанда президентіміз теледидардан айтқан, естігем: «Енді ел болдық бұрынғы көсемдердің орнында біздің мемлекетімізді білдіретін хандарымыз бен батырларымыз болуы керек» деп. Сол түрткі болды. Ал Кенесарыға конкурс болмай қалды. Шота Уәлиханов ағамыз осы «Абылай» шыққанда жұмысқа мені іздеп кепті. Менің бабамды тірілткен суретші маған керек деп. Мен Телжанов сияқты ақсақалдардың қасында жүрген баламын ғой. Қайрамбаев деген мынау деп мені көрсетеді. Шотекең кеп мені құшақтап, амандасып, рахметін айтты. Ақсақалдарға сендер өз жұмыстарыңды істей беріңдер, менің Жұмақынмен сөйлесетін сөзім бар деп, қолтықтап алып кетті. Ол кісі маған 12 Кенесаринді тауып берді. Тұқымдары, Кенесарының қаны бар бәрінде. Таныстырды, бәріне жеке-жеке тапсырма берді, аталарыңның суретін салады, сондықтан мына күні сен келесің деп жұмыс кестесін жасап берді, сөйтіп жұмыс бір жылға кетті. Кенесары туралы оның заманында жарық көрген көптеген шет ел адамдарының тарихи жазбаларымен таныстырды. Олар өз елдеріне барғанда есеп берген ғой. Жасы, бойы, түрі, көзі осындай екен деп таныстырған. Бәрінде көзі қысық, көпеңкөк, қараған кезде өңменінен өтеді, таңқы танау, шықшыты үлкен дейді, ал сақалын әртүрлі жазады (үшкір, жалпақ). Бір орыс жазады «клин» (үшбұрыш сына) тәрізді деп. Бәрінің айтып тұрғаны бір-ақ адам, бірақ Кенесариндердің біреуі де жоқ. Олардың бәрі қазақ боп кеткен, әп-әдемі қазақтар. Шотекең айтты: сельхоз институтында сабақ беретін, профессор, техника ғылымдарының докторы Кенесарина деген сол тұқымнан қалған жиен ба біреу бар деп. Сол кісіге барып көрейікші, оқығандарыңмен салыстырып шық деді. Барсам алдымда шикіл сары, көзі кекпеңкөк, қысық, шықшытты, тек сақал жоқ, әйел адам отыр. Соны негізге алып, Кенесарының портретін жасап шықтым. Мына сурет. Басқа кенесарылар есімді шығарды. Оларды жуасытамыз деп «Қазақ әдебиетіне» мақала бергізіп, қалай шыққанын, тарихын түсіндірдік. Сөйтсек, біреулер жазыпты: «Қатынға қарап, хан жасау» не сұмдық деп. Түпнұсқаны президентке Шота екеуіміз алып барып барып көрсеткеміз. Ол кісі қолын қойып жіберіпті. Сол сурет «Абылай хан» қорында ілінулі тұр.

Президенттің үйінде де менің картинам бар. Шымбұлақтағы үйінде де суретім тұр, ол кісінің шешесінің картинасын салып бергем, қосалқы кабинетіне іліп қойыпты (оны маған айтқан М.Құлмұхамед), бірақ соны фотоға түсірмей қаппын, мен оны жасап жатқанда президент келеді деп қарбалас болып кетті. (Ол картинаны Суретшілер Одағы маған берген, басшымыз Мергенов болатын, ол кісі Одақтың атынан табыс етеміз, ақшаң мынау деп алып кеткен еді.) Мен суретті бергем де кетіп қалғам, үш күн ұйықтамаған болатынмын. Тапсырма берген күн 29-шы желтоқсан, ал үші күні президент келеді. Жаңа жыл жұрттың бәрі қырғын мас болып жүрді. Сол кезде маған беріп қойды. Бояуы кеппей әкеп бердім, бірақ артында атым жазулы. Қабылдауына келген адамдармен сол қосалқы кабинетінде отырып сөйлеседі екен, сонда болған Мұхтар айтты маған, бірақ оны суретке түсіруге рұқсат етілмейді, өйткені онда телефон немесе басқа түсіру құралдарымен кіре алмайсың ғой. Сондықтан, ол сурет менде жоқ, кітабыма да кірмеді. Айтайын дегенім, Нұрсұлтан Әбішұлы мені біледі. «Абылай хан» шыққанда да ол кісі маған (шеберханама) келген. 1993 жылы 23 желтоқсан күні. Есігімнің алдында мұз қатып қалған, далада 380. Өзім толқып тұрмын. Ұйымдастырушы – Шота аға. Сонда президент айтты: «Мына Жұмақынның шеберханасына қараңдар, төбесі аласа, өзі кішкентай ғана, іші тастай суық, сендер ақшаны осы суретшілерге беріп көмектессеңдер, болашақта бұлар мемуар жазады, сонда осындай адам маған қол ұшын берген еді деп жазып жіберсе, балаларың мәз боп жүрер еді ғой!» деп. Бұл бір менің өмірімдегі тамаша оқиға еді... Сөйтіп, «Абылайдың» арқасында талай жерге кеттім. Конкурста «Абылайға» алғаным 380 рубль ғой. Үш айлық ақша. Сол жұмысым мені әлі көтеріп жүр. Танымайтындарға таныстырғанда, «Абылай ханның» авторы десеңіз – бітті!

Мен оқыған Академияны Екатерина ІІ салдырған. Оған 300 жыл болды. Ал бізде академия жоқ әлі. Біздің өнер академиясы дегеніміз – әртістермен араласып кеткен. Палау ғой енді. Суретшілер Академиясы қырғыздарда, тәжіктерде, түркімендерде т.т. бәрінде бар. Шеберханаларымыз ыңғайсыз: жан-жағынан күн түседі, ал бізге күн түспеу керек. Сөйтіп жүріп, балаларымызды қараймыз, шетелге барғанда шеберлік сабағын өткіземіз.  Қарап отырсақ, қазақтың балалары құдай берген бе, әйтеуір жартысын айтсаң болды қағып алады. Тек мүмкіндік бер, ал осы бізде жоқ. Ол аздай шенеуніктер сағаттарды кесіп әлек. 18 сағат кескіндеме болу керек, қазір 10 сағатқа түсірді. 8 сағатымыз басқа сабақтар. Ән, би, саясат, тағы бірдеңелер, әуелі бізге итальян тілін кіргіземіз деп есті шығарды. Сондай нәрселер болып жатқанның өзінде біздің қазақ халқының жалпы талантты болғанына ғана шүкірлік қыламыз. Қырық жыл ұстаз болғанымның нәтижесі – 120-дай баланы шығардым. Мақтанып айтуыма да болады: үлкен көрмелер жасағанда қарасам, солардың жартысы менің шәкірттерім. Менің ең үлкен студентім биыл 73-ке толады. Одан кейінгі студентім опера театрында бас суретші, өзіммен жасты. Е.Нұразхан да менен оқыған. Басында мұғалім болам деп ойлаған жоқпын. Оқуды бітіріп келгенде, басқа жұмыс таба алмадым, ешбір жер жұмысқа алмады. Театрға бар деді, ол жерде мен не істеймін, театр суретшісі емеспін. Музейге бар деді, безендіруші болып, мен өзім кескіндемешімін. Ақыры, амал жоқ сабақ беруге тура келді. Сөйтіп, құдайға тәуба осы күнге дейін жеттік. Академия ашу туралы оймызды жоғары жаққа да, ректорға да айттық. Ол кезде ректор Арыстанбек болатын. Арыстанбек айтады: «Қастарыңда әртіс толып жүр, ал салған суреттерің жоқ, академия болсаңдар не саласыңдар, баяғы сол ғой, қандай айырмашылық бар» деп. Мен айтамын: «Оу, Ареке өзің білесің, бізге тыныштық керек. Мына жерде әртістермен бірге жындыханамыз, балаларға сурет салғызайын десең, дәлізде әртістер айғайды салып жатады, қақырады, түшкіреді, жылайды, күледі, бір өлең айтса, тығылып қалған күйтабақ сияқты қиқ-қиқ...» десем, ол кісі ашуланып қалды. Оның бәрі өткен жайттар ғой.

Қазір осы жерге кеп бірдеңе айтып, бірдеңе көрсетем деп ойлаған жоқпын. Кенжеханның арқасында келіп қалдым. Бұл кісімен таныстығым ертеден басталған. Менің суреттерімді көріп мынау жақсы екен деп шын бағалаған азамат, ал басқалар «мынау немене?» деп аяғымен теуіп көрсетеді. Оған қаның қайнағанмен ол кез қиын еді ғой. Айлығымыз 12 доллар, оған не аламыз, пәтер шығынынан әрең артылатын. Шетелдіктер келеді, 200 доллар деген еңбегіңді 100 долларға алғанда, аналардың анадай әрекетіне ештеңе дей алмайсыз. 1991 жылдан бастап, 2012 жылға дейінгі 20 жылдық еңбегім бәрі шетелге кетті. Олардың тағдырын біліп болмайсыз, қайда кеткенін. Алғашқы осындай жұмысым кеңес заманында болды. Космосқа бір жапон ұшты ғой. Соны Москваға апармай, әуелі Қазақстанға әкелді. Сол жылы 7 қарашада үлкен көрме болды, оны сонда ертіп кепті. Мен бір «Келін» деген картина жазғам. Қызыл көйлекті, ақ жаулықты келін қолында шәйнегі бар, фонына табиғаттың көк түсі салынған еді. Ол соны ұнатыпты, Одақ оған сыйлады, маған айлық берді. Сақталды ма, оны білмеймін. Кейін түрлі дәулеттілер, әсіресе резиденция салынған кезде көп картиналарымды француздар сатып алды, олар жақсы төледі.  Содан бастап ес жидық қой...

Ал Қазақстанда 35 жұмысым бар. Қазір менде бәрі бар: шеберхана, үй, машина т.т. Бірақ күш кетіп жатыр. Бұрын бір айда 10-12 картина жазбасам үйде тыныштық таппайтынмын. Тойдың бәрінен басымды ала қашатынмын. Ал қазір 2-3 айда бір картина жазсам, құдайға шүкір деймін. Бұрын шал болмайтын сияқты едік, міне, шал болып қалдық. Айт айтпа болатын нәрсе, бәріміздің басымызға түсетін өмір заңдылығы.

Петербург кезеңінде суретші ретінде не көрдің десеңіз, алғаш онда барғанда 9 сабақтан сын тапсырдым. Соңғысы орыс тілі одан үш алып шықтым. Қалай үш алып кеткеніме таң қалам, ауылдан барған баламын. Қалған 8 сабақтан түгел үш алдым! 9 емтиханнан 9 үш алдым ғой! Ол кезде бес қоймайды, қазір біз ғой бес қоятын. Үш деген үлкен баға болатын. Бір қызық оқиға: сол орыс тілінен сын тапсырған кезде үш сұрақтың екеуіне жауап бердім, қанша дегенмен училищеде оқыдым ғой, ал үшіншісіне келгенде мұғалімге орысша: «кешіріңіз мен тек союзды ғана білемін» дедім. Ол сұрайды: «Ол не?» деп. Мен айтам: «Советский Союз» деп. Ол шек-сілесі қатып, көзі көгергенше күлді. Басқалары да естіп күлісіп жатыр. Күлкі жарты сағатқа созылды. Арасында бір егделеу әйел бар еді, сол айтты: «оны несіне қинайсыңдар, қойыңдар бағасын, онсызда жолдамамен келген бала емес пе?» деп. Үш алу тарихым солай болған. Кейін орыс тілі керек болған соң амал жоқ үйреніп алады екенсің. Академияда өзінің дәстүрі бар, негізгі пәннен жақсы оқысаңыз, басқа сабақтан бір экзамен тапсыртқызбайды.

Бірде политэкономиядан азуын айға білеген доктор әйел маған екі қойды. Арнайы пәннен озат студент болсам да қараған жоқ. Алдына үш рет бардым. Болмайды. «2» деген баға тұрып алды. Сабағына да қатыспағам, сұрағына да жауап бергем жоқ. Бір-бірімізді бірінші рет көріп отырмыз. Мен Лениндік стипендияға өткелі тұрғам. Ақыры, ректорға барып мәселені айтып жүріп тапсырдым. Ректор оған айтып жатыр: «бұл 4 мың км жерден сурет салу үшін келген, мыжуға емес» деп. Ол кезде коммунистердің болып тұрған кезі. Бұл 1977 жылдары. Қойшы әйтеуір, ол «жақсы» деген бағаны қойып, зачеткамды столдың ана басынан маған қарай сырғанатып жіберді, мен ашып қараймын, шынымен «төрт» қойды ма екен деп. Осындай орыс тіліне байланысты хикіметтер болған еді...

Енді суреттерге келейік. Абылай ханның суретінің тарихы өз алдына үлкен әңгіме. Ол хан, қалай болса солай сала беруге болмайды. Ал біз көрген сурет наброска болса да түпнұсқадан салынды ғой. Онда көп нәрсе бар. Енді бұған қосымша тарихи, әдеби еңбектердегі Абылай ханның образы, ондағы ақ түс, міне осылардың бәрін қарап, сұрыптап, саралап кеп Абылайдың портретін жаздым. Тарихшылардан қалпақтың ұзындығы қанша болады деп сұрадым, өйткені ана суреттің өзінде де қалпақ сыймай тұр. Мен сыйғызып салайын деп едім, ешбір өлшемге келмей қойды, содан мен де кесіп тастадым. Кім  қалай ойлайды, оны өздері біледі, ал маған образы керек болды. «Абылайға» өмірлік барлық материалдарымды түгел қамтып, сарқып салдым десем де болады.

Абайдың портреті. Оның үш суретін де қарағам. Мен салған сурет бұлардан басқашалау болатыны мынау: тақырыбын «Менің Абайым» деп қойып жүрмін. Кезінде бұл жұмысымды өнертанушылар сынаған. Бір баспагер айтады: «суретіңіз ұнайды, ал баспаға бассаң жап-жасыл бақа сияқты, түрлі-түсті ғып істесеңші» деп. Абай ол басы дөңгелек, толық кісі. Осы тұлғасына оның ақындық арманы мен мақсатын, махаббаты мен мұңын, ашу-ызасын енгіздім. Сөйтіп ем, ол кісі рамкаға сыймай қалды. Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар. Демек, Абай ешбір өлшемге сыймайды, ал оны өзінің өлшемімен салу немесе сыйғызу соншалықты сәтті бола бермейді. Мен үшін әуелі Құдай, содан соң Абай бар, осы қос құндылық өмірімнің де, өнерімнің де шамшырағы деп білемін!

Жоғарыда айттым: 30-дан аса еңбегім өз еліміздегі түрлі мекемелерде, мемлекеттік музейлерде тұр. Оның сыртында көптеген ойларым болды, солардың кейбірі жүзеге асты, кейбірі кеңес үкіметі құлап қалған соң, сонымен бірге кетті. Жаңа идеялар өмірге келді. Идеялар да іске асады, қалып та қалады. Суретші болған соң мынаны салдым, ал мынаны сала алмадым-ау деген ойлар болады, ол бәрінде бар. «Жолаушы», «Кенесары», «Аллегория», «Жамбыл», «Құрманғазы», «Мұқағали» тағы сол сияқты және басқа да тақырыптағы суреттерім жазылды. Кей суреттерімнің бірнеше нұсқалары бар, ал кей еңбектерімнің түпнұсқасы да қолымда қалмады. Тұрмыс мәселесі осындай суреттерімнің көшірмелерін жасауға мәжбүрледі. Шетелдіктер жақсы төлейді, енді қайтесің біраз қаржылық мәселеңді шешіп аласың. Оған өкінбеймін, сатып алған адамдар байлар, ешқашан лақтырып тастамайды. Ештеңе жерде қалмайды, әсіресе, істелген іс пен еткен еңбек. Мүмкін 100 жылдан кейін елімізге қайтып келер, біздің еліміз байып, байлар көп шыққан соң қайтадан өзімізге сатып алады!.. Сол сияқты суреттегі әртүрлі ағымдарға мен дұрыс қараймын, мүмкіндігім болғанда, онымен де айналысып көргім келген... Тіршілікпен жағаласып жүріп те әлі де істегім келетін нәрселер аз емес. Мен өмірімде 2 жеке көрме жасадым, ал қызым 17 жеке көрме жасады. Америка, Англия, Россия, Алматы, Астана, т.б. Менің ата-тегім жалғасып жатыр! Мені айтып мақтанады, ал мен осында қызымды айтып мақтанып отырмын!

К.Ісләмжанұлы: Суретшілердің картинасын көру мен оларды тыңдау екі басқа нәрсе. Бүгін Жұмақын ағамен бетпе-бет отырып әңгімелескеніміз бұл дәрісіміздің мағыналы болғанына дәлел.

КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Праймериз жастарға жол ашты

10.11.2020

БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ. ҚАМАУ                                                   

07.07.2021

Кірме сөздер жаңа әліпби бойынша қалай жазылады?

10.03.2021

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты

03.02.2020

Жұматай Көксубайұлы. "Жалғыздық, жалықтырып алдым сені..."

25.09.2020

Қилы тағдыр

15.06.2021