Курьер-студент: Айына 450 мыңды қиналмай табамын

  • 31.08.2020
  • Malim Админ

Үлкен сары қорап асынып алып асыға кетіп бара жатқан адамдарды жиі көресіз бе? Олар тапсырыспен тағам, дәрі-дәрмек жеткізуші курьерлер.  Пандемия кезінде курьерлердің саны күрт көбейді. Олардың жалақысы қанша, жұмысы қаншалықты қиын? Осы секілді сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Шадияр Нұрмахан курьерлік қызмет атқаратын студент. Ол курьер ретінде Glovo компаниясына 2019 жылдың қыркүйек айында тіркелген. Алғашында 2-3 апта жұмыс істеп, кейіннен жеке шаруалары шығып әрі көліктің болмауынан жұмысты уақытша доғара тұрған.

Алғашқы карантин кезінде таныс курьерлер айына 600 мыңға дейін табыс тауып жатыр дегенді естіген Шадияр жаздың басында Түркістаннан Алматыға қайта жұмысқа шығуға келеді.

Шадияр Glovo-да «жеке кәсіпкер» келісімшартымен жұмыс істейді. Алматыға келген соң тапсырысты жылдам жеткізу үшін қарызға 300 мың теңгеге мопед сатып алған.

– Дәмханалар, кафелер тек онлайн тапсырыс қабылдайтын болғандықтан, сәйкесінше курьерлер де көбейген. Мопед, велосипедтердің де бағасы қымбаттаған. Жұмысқа тәуекелмен келдім. Басында қарыз ақшаны қайтара аламын ба деген қорқыныш болды. Ол кезде рейтингім де төмен болатын, - дейді Шадияр.

Шадиярдың айтуынша, жұмыс қатты қиын емес, жеңіл. Қай уақытта шыққың келеді, сол уақытта шығасың. Жылдам жүретін көлік болғаны дұрыс, себебі қаншалықты көп тапсырыс жеткізсең, соншалықты көбірек табыс табасың. Әдетте велосипедпен жүріп-тұратындар күніне 10-11 мыңның айналасында, ал мопедпен жүретіндер 15 мыңдай ақша табады. Тапсырыс көп болып жатса, 20 мыңнан да асады дейді Шадияр.

– Қатты қиналмай айына 450 мың теңге табуға болады. Бір күнде ең көп тапқан табысым 21 мың теңге болды.

Әр дүйсенбі және бейсенбі күндері курьер үшін жаңа жұмыс уақыты ашылады. Кімнің рейтингі жоғары болса, сол көп уақыт алады. Күніне ең көп дегенде 11 сағат алуға болады.  Рейтинг тапсырысты жеткізу арқылы жоғарылайды. Егер уақытынан кешігіп жатса тұтынушы қосымшада курьерге сәйкес бағасын қояды. Рейтингтің төмендемеуі өте маңызды, себебі жұрт жұмысты сапалы істейтін адамдарға жүгінгісі келеді.

Жеңіл әрі табысы жақсы жұмыстың өзіндік кемшіліктері де бар. Шадиярдың айтуынша, жол қозғалысы кезінде көлік жүргізушілері мопедпен жүрген курьерлерді қысып, жол бермейді.  Жарақат алған жағдайда «жеке кәсіпкер» келісімшартын жасағандықтан, компания тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді екен.

– Негізі мопедпен жүру қиын емес. Бірақ қалада көлік көп болғандықтан, қиындықтар туындайды. Өзің тапсырысты жеткізуге асығып тұрған кезде көліктер жол бермей кетеді. Жаңбырлы күндері дөңгелек тайып кетіп жатады. Өзім көлікке соғылуға бірнеше сантиметр ғана қалып, өлім аузынан бір-екі рет аман қалғанмын. Сондай кезде өлім періштесінің көлеңкесін көргендей боласың. Осындай жағдайдан соң асықпай, барынша сақтықпен жүруге тырысасың,- дейді Шадияр.

Тұтынушылармен күнделікті қатынас кезінде Шадияр бай, кедей, ұрысқақ, ашушаң, әртүрлі адам көргендігін айтады. Алайда ең есте қалғаны алғаш рет гей көрген кездегі біртүрлі сезім дейді Шадияр.

Қауіпсіздік шараларын толықтай сақтап жүргеннің өзінде Шадияр коронавируспен ауырып шыққан. Емханаға бармай, үйде жатып емделген. Оқу басталған уақытта Шадияр жұмысты доғарып, бар назарын оқуға салатынын айтты.

Дінмұхамед Русланұлы.

Байланысты жаналықтар

Бекшин той тойлау мен ас беруге тыйым салды

17.03.2021

Қордай дауы: Қазақтілділер кінәні басқа жақтан іздейді

10.02.2020

Төтенше жағдай кезінде супермаркеттер жабылмайды

15.03.2020

Министр Нұрымбетов мүгедек аналарды әуре-сарсаңға салып отыр

04.02.2020

Министрлік алдында түнеп жатқан аналарды полиция күштеп алып кетті

10.06.2020

Бас санитар: Той өткізуге рұқсат жоқ

02.06.2020