Кімге қамқорлық: дәрігерге ме, бизнеске ме?

  • 07.09.2020
  • Malim Админ

Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы ковидпен күресіп жүрген алматылық дәрігерлерге қымбат ресторандардан тамақ әперіп жүр. Бірақ қоғамдық денсаулық басқармасының мұнысы дәрігерлерге жанашырлықтан гөрі бизнеске көрсеткен қамқорлыққа ұқсайды.

12 тамыз күні қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерді тамақтандыру үшін AB Restaurants ЖШС-мен 325,5 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Келісімшарт бойынша, AB Restaurants жыл соңына дейін дәрігерлерді күніне үш мезгіл тамақтандыруы тиіс. AB Restaurants желісіне Del Papa, Афиша, Дареджани, Арома тәрізді талғампаз жұрт көп баратын мейрамханалар кіреді. Бірақ дәрігерлерге бұл мейрамханаларда әзірленетін итальяндық пицца, грузин хинкалиі мен қымбат қызыл балық берілмейді. 

Ас мәзіріне қарағанда, таңғы асқа ботқа, бутерброд, шай, нан мен йогурт кіреді. Түскі асқа сорпа, бір қою тамақ, салат, нан, шай мен компот беріледі. Ал кешкі асқа екінші тамақ, салат, шай мен нан тартылады. AB Restaurants иесі Асқар Байтасов әлемжеліде мейрамхананың ас мәзіріндегі тамақ дәрігерлерге беруге келмейді, оларға бөлек мәзір әзірленген, ал мәзірі дәрігерлерге сай келетін ірі мейрамхана желісі келісімшарттан бас тартты деп жазды.

Бәрінен қызығы, қоғамдық денсаулық басқармасы бұл қызметті бір көзден, яғни тендерге басқа бәсекелестерді жолатпай ала салған. Бұл тендерді әлемжеліде талқылаған жұрт үкімет карантиннен зардап шеккен ресторандарға осылай көмектескісі келген шығар деп топшылады. Енді бірі салық төлеушілердің ақшасын ресторандарға бергенше, дәрігерлерге таратып беруді ұсынды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы неліктен AB Restaurnts-пен келісімшартқа отырғанын бізге былай түсіндірді: бұл келісімшарттан бұрын, наурыз айынан бері дәрігерлерді басқа төрт өнім беруші тамақтандырған, бірақ олардың асы мен тамақ мөлшері дәрігерлердің көңілінен шықпаған. Сондықтан басқарма басқа өнім берушіні іздеген. "Өкінішке қарай, мынандай жағдайда медқызметкерлерді сонша көлемдегі тамақпен үздіксіз қамтамасыз ететін өнім берушілер нарықта көп емес", - дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Сөйтіп, басқарма Асқар Байтасов иелік ететін компаниямен келісім жасасқан. А.Байтасов келісімшартта 325,5 миллион теңге көрсетілгеніне қарамастан, әлемжеліде келісімшарттың нақты сомасын білмейтінін айтты.

Қоғамдық денсаулық басқармасы әр медициналық қызметкердің асына күніне 3500 теңге жұмсалатынын жеткізді. Бірақ қанша дәрігерге тамақ берілетінін ашып айтпады. Біздің есептеуімізше, келісімшарт 12 тамыздан басталды деп есептесек, AB Restaurants күн сайын шамамен 659 дәрігерді тамақтандырады.

Еліміздегі ірі ресторатор Асқар Байтасов компаниясының жылдық айналымы 6-7 миллиард теңге шамасында (2016 жылғы дерек). Алайда AB Restaurants-тың 2017 жылдан бері бюджеке аударып жатқан салығы кему үстінде. Мысалы, 2017 жылы бюджетке 149,9 миллион, 2018 жылы 99,7 миллион теңге төлеген. Биыл әзірге 16,8 миллион теңге салық аударған.

Билік жанындағы БАҚ пен әлемжелідегі хабарларға қарағанда, Байтасовтың Алматы әкімдігімен қарым-қатынасы жақсы. Ол қаланың дамуы талқыланатын іскерлік кеңеске қатысады. Ал қала әкімі Сағынтаев өз жазбаларында оның атын атап жүр.

Ал қоғамдық денсаулық басқармасы карантин басталғалы бері 17,7 миллиард теңгеге түрлі келісімшарт жасасты. Тіпті бөтелкедегі суға 114,7 миллион теңге жұмсады. Дәрігерлерді уақытша тұрғызуға кемі 774 теңге кетірді. Мәселен, қонақ үйлердің біріне шілдеден қазанға дейін 348 миллион теңге жұмсайды. Қоғамдық денсаулық басқармасы қонақ үйлер мен мейрамханалардың иелері ковидпен күресуге көмектесіп жүр, бұл жерде пайда табу туралы әңгіме жоқ деп отыр.

Telegram-канал Ras Aitamyn

Материалды көшіріп басуға болмайды

Байланысты жаналықтар

"Тоқаев үстемақыны ұпай жинау үшін айтқан жоқ шығар?"

16.06.2020

Жемқорлық халықтың ақшасын ғана жемейді

10.11.2020

Әкім орынбасарының жұмбақ өліміне орнына таласқандар кінәлі ме?

23.06.2020

Шымкенттіктер «Наурыз тал» акциясын өткізді

18.03.2021

Жабайы сауданы заңдастырып, кәсіпкерге мүмкіндік беретін мекеме

17.03.2021

«Қытайлар айлығымызды көтермесе ереуіл тоқтамайды»

29.01.2021