Құбылыс

  • 10.09.2020
  • Malim Админ
Құдайдың кез келген құбылысы – адамзаттың маңдайына жазылған тағдыр. Әу баста сол тағдырды жазған, дүниенің барлық құбылысын ғаламның келбетіне тізіп көрсеткен Құдіретті Ие сол қаламды сөз иелеріне аманат қылып берген. Сол аманат жүгін арқалаған аймаңдай жақсылардың тасқа басылған тегеурінді сөзі, текті болмысы ұлттың тағдырындағы ұлы бір шежіре. Ұлы қазақ даласының дегдар жаратылысы Арқадан шығып, Алашқа айналып сала берген адуынды ақын Серік Ақсұңқарұлы осындай тегеурінді топтың бел ортасында тұр. Ақынның көкейін күйдірген шер, жанын қозғаған мұң да қаламның өн бойынан өлең болып төгілуде.
Біз көбінесе ақынға мінездің керектігін айтып жатамыз. Бірақ, сол мінезіңіз біреумен жаға жыртысу, біреуді тілдеу емес екені белгілі. Мінез, біздің ойымызша, ол – берік ұстаным. Абай айтқан «Асыл адам айнымас» қағидаты. Тумысы бөлек, толғамы ерек Серік Ақсұңқарұлы сол мінезді ақындардың қатарынан. Жалған сөзге жаны қас ақын өзінің айтқанынан, өзіндік ұстанымынан ат басындай алтын берсең де айнымайды. Жаны күйсе де өлеңге өтірік айта алмай, жалған әуезге салмай, үйреншікті үрдіспен жүрмей келе жатқаны содан. Ақынның өз шындығы бар. Шындық дегенде де бұл біреуге «жаптым жала, жақтым күйе» еместігін бүкіл болмысымен білетін сөз иесі дәуірдің, заманның, адамның шындығын жазады. «Мұнай заманы» деген өлеңінде де ақын терең тебіреніспен, шынайы шабытпен ой толғайды.
Күнім түсіп қайдағы бір жаманға –
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда.
Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,
Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім.
Иномаркалардың маторларында,
Бензин болып жанып кетті өлеңім...
Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап,
Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап;
Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым), –
Лаулап!
Заулап!
Өршіп өрде –
Лапылдап!!!
Мөлт-мөлт еткен көздің жасы жанарда, –
Жанып кетті – тамшы болып тамарда!
...Отқа оранған мендей ақын болған жоқ,
Мұнай келіп құдай болған заманда.
Әлемдегі күн сайын қырық құбылған саясат, түрлі әлеуметтік-экономикалық оқиғалар, алпауыттардың бас ауруына айналған кенеусіз байлық, тағы да сол сияқты көзді арбап, сананы сергелдеңге салып қойған нәрселердің бәрі адамзат санасын рухани құндылықтардан өзге жаққа бұрып жіберді. Адамзат ақыл-ойына сәуле түсіретін, рухында мәңгілік шырақ болып тұратын сөз өнерінен гөрі, көпшілікке тиынның сылдыры артық көрінген кезеңнің келбетін бүркемелеу ешбір мүмкін емес. Содан әлем де өзгеріп шыға келді. Әйтпесе, дүниенің төрт құбыласынан шығып, төрткүл әлемге жан сөзін, рух сертін жеткізетін сөз иелерінің болмысы адамзат танымының құбыласы болып қала беретін еді. Бірақ, өлең өзгерген жоқ. Тәңір танып, маңдайынан сүйген шын талант жаны шырқырап, санасы алақұйынданып, өтпелі нәрсенің бәрін тәрк етіп тұр. А.Пушкиннің «Ғасыр алаңдамай алға жылжи береді. Бірақ поэзия орнында қалады» дейтіні сол.
Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері көп адамның жан-дүниесінің тыныштығын бұзып жібереді. Әрине, жақсы мағынасында. Ақын астарлап, ашық болса да, өлеңдерінде үнемі шындықты айтады. Кейде көп адамның шындықты айтуға тілі де, шеберлігі де жетуі мүмкін. Бірақ, оған екінің бірінің жүрегі жете бермейді.
Талант – Мұхит,
Көрінбейтін бір түбі.
Жылға болып, жылап ағу –
Күлкілі!
Отпен, сумен егіз бітім, болмысың,
Теңіз болып тебіренесің бір күні.
Жағалауға жан таласып, лақылдап,
Құрлыққа да құйылуға жақын ғап;
Кенет судан шыға салып,
От болып, –
Өртке айналып кетесің ғой –
Лапылдап!
Ғаламзаттың бір бөбегі – қазақ-ты;
Тәрк қылып мына жалған, азапты.
Сондай сәтте тереңіңе тұншығып,
Күлге айналып, жанып кеткен –
Ғажап-ты...
Болмыстың шындығы осы. «Жылға болып жылап аққысы келмейтін» ақын жан-дүниесінің кеңістікке атой салған рухының көрінісі. Әрі-беріден соң мұны қазақтың жаратылысын бейнелеген туынды дер едік. Талай құқайды көрген, бірақ Құдай деген қоңыр қазақтың қасиеті мен қасіреті қатар өрілген. Серік ақынның «Абай – Алаштың Рентгені» деген сөзі бар. Ия, Абайға үңілсек, біз өзіміздің кемшілігімізді көреміз. Оның әрбір жолынан өзімізді танимыз. Сол сияқты, Серік Ақсұңқарұлының өлеңдеріне де өзіңді тану үшін үңілу керек. Мен кіммін, көкейімде не бар, жалпы не істеп жүрмін деген сауалдар жаныңды жеп, өзегіңді өртегенде ғана өзіңді көресің. Бірақ оған дәт жете ме? Тәкаппарлығың төзе ма? Бұл енді қиындау нәрсе.
Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» жыр жинағында бәрі бар. Заман мен адамның арасындағы сұхбат, оның ішіндегі өзекті мәселелер, тағдыр, болмыс, кие, ар-иман, обал-сауап құндылықтары кеңінен жырланады. Кейде өршіл, кейде қоңыр, кейде асқақ, кейде тұнық жыр жолдары оқырманға ой салады. Бірде көктемнің бұлтсыз күніндей бұла шақпен кездессең, бірде күздің жауынды, найзағайлы сәтіне куә боласың. Ұлы дала, қасиетті өріс, көне обалар, тастағы таңбалар бәрі де көз алдыңда көлбеп, көңіліңдегі кірді тазалайды. Бір сәт ақын өлеңдерінен жылқының кісінегенін, бөрінің ұлығанын, қобыздың сарынын, домбыраның шерлі күйін естисің. Өлеңдегі Құдіреттің жазуымен берілген сурет, дауыс сияқты тылсым күйлер әрбір өлеңнің өнбойында бар.
Алаш талай жылады,
Алашпен қоса Абай жылады.
Алапат сан боранында тарихтың,
Көрінбей қап атының да құлағы, –
Оппа қарға омбылай кеп құлады.
Көкжиекке асық болып жыр-әні,
Көбінесе ғашық болып жылады.
Сынады оны заман отқа, боққа сап,
Замананы Ол да оңдырмай сынады.
Бітті...
Болды!
Таға берме кінәні,
Тарих қана таразылар мұны әлі:
Абай неге баз кешті бұл жалғаннан?
Алла неге үнсіз!
Іштен тынады?!!
Арқан бойы көтеріліп Күн әні,
Айықпай тұр қалай мұның тұманы?
Алаш деген – Мағжанның Шолпаны –
Күнәсіз!!!
Һәм күнәлі...
Серік Ақсұңқарұлының басты тақырыбы – Алла, Алаш һәм Абай. Алла дегенде де көзсіз діншілдікті, шектен тыс тақуалықты дәріптеу емес, Алланың ұлы атын атап сыйыну, Алла мен ақынның арақатынасын жаңа деңгейге көтеру бар. Ең бастысы иман кемелдігіне жету, ғаламның күллі кір-қоңын болмысынан сілкіп, рухынан аулаққа салу бар. Арылу бар. Алла қазақты қолдап келеді. Жар болып, жақсылыққа бастайды. Алаш – Алланың жазмышы, ал, Абай – Алланың кемел жаратылысы. Осындай рухани игіліктер әлемде әртүрлі озбырлықтар, азғындау, айтуға адамның аузы бармайтын әртүрлі әрекеттер қаптап кеткен кезеңде, санасының сәулесі бар әрбір пендеге бағдар болуы керек. Жалпы, бұл өлеңде Абай арқылы, Мағжан арқылы тектілікке жасалған шабуыл, адам санасының өзгеріп, көзқарасының басқа арнаға бұрылып кеткенін айтатын ақиқат бар. Ал, «Алла неге үнсіз! Іштен тынады?!!» дегені – Алланың шексіз құдіретін көрсететін ілімнің өзі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай, «Алланың сөзі қаріпсіз, дауыссыз» екенін айтып кеткен. Серік ақынның Алла туралы пайымдары да Оның Абай айтқан сипаттарына иман келтіруден басталады.
Өлең деген белгілі бір оқиғаларды ұйқасқа салу, болмаса, бастан кешкен сезіміңнің бәрін ақ қағаздың бетіне ақтара беру емес. Өлеңнің өте басқа нәрсе екені сонда, ол ақынның жанын күйдіріп, шерін толқытып, өзегін өртеп барып шығатын дүние. Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерінен біз шайырдың шынайы келбетін, кейде қылдан нәзік жүрегін, көз жасынан мөлдір көңілін, ал кейде «жынды», «шатақ» мінездерін көреміз. Бірақ ақын өзінің мұңын, өмірде кеткен өкінішін, тағдырдан көрген теперішін айтпайды. Серік сияқты саңлақ ақынның әлемі мүлде басқа. Ақын заманның, қоғамның, адамның трагедиясын айтады. «45 градус аяз» деген өлеңі соның дәлелі.
45 градус аяз.
Алқынады қос өкпе,
Өмір бастан көшсе өстіп көшед те.
Базарда тұр Баян сұлу боп-боз боп,
Қозы Көрпеш күтеді оны төсекте.
Қап арқалап, буынынан әл тайған,
Келеді олар Стамбулдан, Алтайдан.
О, Баяндар! Жолың болсын қайда да,
Отыз жасқа толар-толмай қартайған!
Жасай алмай жас дәуренін жас болып,
Өңшең цифр, калькулятор – баста өріп,
Көздерінің оты сөніп, аруақтай
Плацкартта ішіп отыр –
Мас болып!
Қарағандыға келсе бәрін аттап кеп,
Қара табыт шығады одан қаптап кеп:
Бетін ашсаң – Баян сұлу өзіңдей,
Қара шашы кеткен қудай аппақ боп!
Көлдер кепкен қоғалы,
Ерлер кеткен…
Кімге соның обалы?
Баянсыз-ақ базар боп тұр найқалып,
Қодарлар мен Жантықтардың қоғамы…
Ауыр болғанмен мойындамасқа болмайтын ақиқат. Көбіміздің де пенделікке салынып жақсы, жайсаң, керемет болып көрінгіміз келетіні бар. Бірақ, өмірдің шындығы адамдардың мұндай әрекеттерінен өзгеріп кетпейді ғой. Тағдыр ешкімнің көңіл-күйіне қарамайды. Мойындасаң да, мойындамасаң да осы. Баян сұлулардың, Қозы Көрпештердің қасіретін түсінетін кім бар?! Қодарлар мен Жантықтардың қоғамы қай кезде де үстем болған. Ақын осы бір ақиқатты ашына жеткізеді. Жалпы, Серік ақынның өлеңдерінде өзінің жаратылысымен, өзінің мінез-болмысымен дараланып тұратын кейіпкерлер бар. Ақынның ұлы кейіпкерлері Ақсұңқар мен Һалифа.
Өңім бе деп, – түсім бе,
Сан қиянда сандалған, –
Зар заманның запыраны ішінде,
Ақсұңқар мен Һалифа да өтті-ау, жалғаннан, – дейді ақын. Бұл – ақын жанының мәңгілік сағынышы, көңіл көзінің ағытылуы. Жанының дұғасы, құдіретіндей бас ұрған көңілінің қос қасиеттің рухымен үнсіз сырласуы.
Серік Ақсұңқарұлының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» деген кітабы өзінің шындығы, өзінің айтары бар дүние. Алпыс екі тамырында түркінің рухы атой салған, жасындай жарқырап, көктемгі нөсердей төгілетін, кейде кемерінен асып-төгіліп жататын, кейде тұнық күйімен көңіл жайландыратын ақынның болмысы мен мінезі – Тәңір танып, маңдайынан сүйген таланттың өзі.
Ақынның «Сайтанның сайран салуы» деген поэмасы адамзат танымынан жоғалып бара жатқан құндылықтарды іздеп, шарқ ұруы. Автордың өзі «Ескі жырдың жаңа нұсқасы» деп көрсеткендей, көптің санасында талай уақыттан бері қатып, қасаңданып қалған танымның еркіндікке шығып, бас бермей тұрған көрінісі. Адамзат пен әзәзілдің күресі дүние жаратылғаннан қияметке дейін жалғасатын нәрсе. Шығармада да Адам ғалейһиссаламнан басталатын адамзаттың тағдыры, оларды әзәзілдің арбауы туралы айтылады.
Уа, Алла!
Алдыңа кеп аялдайын,
Айтайын ақиқатты, аянбайын:
Адам мен Хауаңыздың нәсілдері,
Не істеп жүр?
Енді соны баяндайын?
Не істеп жүр? Не істеп жүрміз бәріміз? Төбемізден сайтаныңыз сайран салып, тәубемізден танып кетіп жатқанымыз рас қой. «Алла деген сөз жеңіл» деп Абай айтқандай, Алланы айтамыз-ау, бірақ сол сөзге амал қылмайтынымыз қалай? Кейбіреулердің әзәзілдің әскері болып, сайтанға жанын сатып, арын саудалап жатқаны да шын ғой. Ақын адамзат болмысындағы, ұлттың көкейіндегі сан түрлі сауалдарға жауап іздейді. Ал, негізгі өзек ақынның өзі жақсы көретін қасиетті Құран Кәрімдегі Адам Ата, Хауа Ана баяны. Ақын соны жаңаша байыптап, өзгеше өріп, басқаша баяндай білген. Ақын өлеңдеріндегі Пушкин-Дантес, Моцарт-Сальери, Лермонтов-Мартынов текетірестерінің асқынған түрі. Адам мен сайтанның айқасы. Бірақ, адамның дәрменсіздігі – бұл қасірет. Мәселен, Фауст – ұлы тақырып, бірақ мұнда адамзаттың трагедиясы көп. Фауст туралы Гетеден екі ғасыр бұрын ағылшындық Кристофер Марлоу, кейін француздық Поль Мюссе жазды ғой. Негіз – халық аңызы. Сол Мюссенің «Бақыт іздеуші» деген романында өз басының ғана бақытын көксеп, табиғаттың құбылыстарына қарсы шығып, адамзатқа әмірші болуды көксеген, жанын сайтанға сатқан адам туралы айтылады. «Сайтанның сайран салуы» болса, адамның әзәзілдің айтқанына көніп, айдағанына жүретін азғырындысына айналғаны айтылады.
Серік Ақсұңқарұлы қазақ өлеңіне құбылыс болып келген ақын. Бала күнімде «Қызыларай» деген жұқа ақ түсті кітабы қолға түскен. Ноқтаға басы сыймайтын түркінің текті рухы сол кітаптағы әрбір өлеңде атой салып тұрған. Кейіннен ақынның басқа да жыр жинақтарын оқыдық. Өзі айтқандай, «Өлең деген – Рухты іздеп өттім, Өмір деген кітаптің ішінен мен». Өлеңге өтірік айтпайтын ақынның жан сөзі осы.
Хамит ЕСАМАН,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағы
Жамбыл облыстық филиалының директоры
Байланысты жаналықтар

Бір жауынгердің тарихы

08.05.2020

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

07.04.2021

Тағы да 140 адамнан коронавирус анықталды

26.10.2020

Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"

02.10.2020

Дариғаны идеал тұтқан Райымқұлованың ендігі халі не болмақ?

01.06.2020

«ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫ МЕН МУЗЫКАСЫНЫҢ МЫҢ ЖЫЛЫ»

24.12.2020