Біртановпен айқасқан дәрігер: 200 мың адамдық митингіге рұқсат сұрадым

  • 10.09.2020
  • Алмас НҮСІП

Қазақстанда коронавирус жағдайында санкцияланған алғашқы митинг өтпек. Ұйымдастырушы невролог, балалар дәрігері, қоғамдық белсенді Қайырғали КӨНЕЕВ.  Ол өзінің Facebook-тағы ресми парақшасында Алматы қалалық әкімдіктен бейбіт митинг өткізуге рұқсат алғанын жазды.

«Маған Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске және денсаулықсақтау жүйесіндегі жемқорлыққа қарсы Алматы қалалық әкімдігінің 2020 жылдың 9 қыркүйектегі  № 3/357 қаулысымен 18.09.2020 ж 15:00 мен 17:00 аралығында «Сары Арқа» кинотеатрының артында митинг өткізуге рұқсат берді-ау әйтеуір».

Осыған орай Malim.kz тілшісі Көнеевтің өзіне хабарласып, бірнеше сұрақ қойған.

- Сіз Кодекстегі нақты қандай мәселелерге қарсысыз?

- Былтырдан бері осы Кодекс туралы шуласып жатырмыз. Біз ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша белсенділер қарсы. Өйткені, оның көп нормалары ойға сыймайтын еді. Дегенмен, Денсаумин байланысқа шығып, біраз депутаттар араласып, бізге ұнамайтын бұл нормалардың біразын алып тастаған.

Десе де, қазіргі нормалардың да кейбірі бүгінгі өмірге сай емес. Алдымен, бұл коррупциягенді сипатқа ие. Екіншіден, емделушілерді құқығын шектейді. Бірінші кезекте, бұл мәжбүрлі ваксинацияға қатысты. Бұрынырақта олар балаларды балабақшаға вакцинациясыз жіберілмейді десе, кейін Мәжілісте қарап, ұжымдық иммунитет дегенді шығарды. Яғни, екпе алмаған балалар 95 пайыз екпе алған балалардың есебінен балабақшаға жіберіледі. Бұл балабақшаға екпесіз жіберуге болатын балалардың өзінің білім алуға деген конституциялық құқығын шектейді.

Негізі, менің дәрігер ретіндегі, балалар неврологы ретіндегі ұстанымым, мұны міндетті түрде айту керек, екпе салдыру өте маңызды. Екпенің арқасында балалар көптеген инфекциялық ауруларға оңай төтеп береді.

- Сонда да, азаматтар баласына екпе салдырудан бас тарта алуы керек қой?

- Әрине. Бірақ, осының салдарынан олардың баласын балабақшаға қабылдамайды. Қысқасы, «блатнойлардың» балаларын қабылдаймыз, «блатной» еместердікін қабылдамаймыз деген сөз. Яғни, денсаулықсақтау жүйесін сыбайлас-жемқорлыққа итермелейтін тағы бір қысым пайда болады. Ата-аналар жалған вакцинация «жасатып», жалған қорытынды алуға тырыса бастайды. Бұл ешқандай да «ұжымдық иммунитет» қалыптастырмайды, керісінше, ата-аналар көптеп бас тарта бастайды. Өйткені, өзгелердің салдырмай-ақ барып жатқанын, жалған анықтама алып жатқанын көреді ғой...

Екпе алу маңызды әрине, бірақ, оны мұндай жолмен шешудің ақыры өте қауіпті. Балаларды балабақшаға қабылдамай қою – олардың психикалық дамуын тежейді. Мен невролог ретінде айтайын, коронавирусқа байланысты балабақшалар жабылған жарты жыл ішінде ғана психикалық және сөйлеу тұрғысынан жетілмей қалған балалар саны қатты көбейді.

Екінші мәселе – Кодекстегі трансплантология. Бұл тақырыпта да қаншама дебат өтті, содан кейін олар трансплантологиядан жақын туыстары бас тарта алады деген шешімді қосты. Бұрын бұл норма мүлде болмаған. Бірақ, Кодексте медицина қызметкерін қайтыс болған адамның туыстарына оның ағзасын алғалы жатқанын айтуға, рұқсатын сұрауға міндеттеуге тиіс еді. Ал, медицина қызметкерінде ондай құқық немесе міндет жоқ. Яғни, марқұмның туыстары қайғы үстінде бұл жағдайды ойламауы да мүмкін, демек, олар бәрі бір ешқандай ескертусіз қайтыс болған адамның ағзасын алып тастай алады деген сөз.

Кодексте бұдан басқа да мәселелер толып жатыр. Мәселен, жеке басқа қатысты ақпарат мүлде қорғалмаған,санитарилық аудит та сол сияқты. Қысқасы, Кодексте көптеген қайшылықтар бар.

- Митингке қатысуға қанша адам келеді деп ойлайсыз?

- Мен бірнеше рет рұқсат сұрадым ғой. Сонда 10 мыңнан 200 мыңға дейін адам қатысуы мүмкін деп жаздым. Ал, олар ылғи адамдардың топтасуына болмайды деген жауап берді. Адамдардың топтасуы деген не? Бұл 1999 жылғы заңда «адамдардың топтасуы деген – 10 әлде 10-нан көп адамның жиналуы» деп ап-анық жазылып тұр. Қызығы, бұлар маған 200 мың адамға рұқсат бермейді де, 199 адамға рұқсат береді. Сонда, 199 адам жиналса, бұл адамдардың топтасуы болып саналмай ма?..

199 адамнан артық наразы топ жиналуы мүмкін. Бірақ, біз артық адамды жібермеуге мәжбүрміз.

- Біз деген кімдер? Ұйымдастырушылық жағынан көмектесіп жатқан белсенділер көп пе?

- Әрине, біздің бастамашыл топ бар. Өте үлкен, салмақты топ. Психологиялық ауытқулары бар жандардың құқығын қорғайтын «Қорғау» бірлестігі, қоғамдық және азаматтық белсенділер, қоғам қайраткерлері, әншілер қосылып жатыр.

- Бұл Қазақстандағы коронавирус жағдайындағы санкцияланған алғашқы митинг. Санитариялық талаптар толықтай сақталады деп жаздыңыз, наразы топтың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етесіз?

- Бәрі міндетті түрде маска тағады. Белсенділер санитайзерлер ұстап жүреді, яғни, митингіге қатысушылар қолдарын жиі-жиі жуып отырады. Әлеуметтік қашықтық сақталады. 1,5 метр. Арнайы белгілер саламыз, бұл жайлы әкімдіктегілермен әлі ақылдасамыз, болмаса, екі қолымызды екі жаққа созғанда жетпейтіндей жерде тұрамыз. Бұл біз бір бірімізден 2 метрдей қашықтықта тұрамыз деген сөз.

- Сіздің Біртановтың отставкасын табанды түрде талап еткеніңізді білеміз. Енді қазіргі денсаулықсақтау министрі Цойға қатысты пікіріңізді айта кетсеңіз, Біртановтың қателіктерін түзете алып жатыр ма?

- Цойға қатысты әзірге жеткілікті түрде пікір білдіру қиындау. Кейбір нәрселерді дұрыс істеп жатыр деуге болады. Ол келе салып, алғашқы күні: «Неге симптомсыз түрі коронавирустың жалпы статистикасына кірмейді?» деді. Біртановтың екеуін екі бөлек есептеуі түбірімен қате болатын. Бұл тек 30 пайыз ғана симптомсыз есептеледі, қалған 70 пайызы кәдімгі коронавирус. Одан кейін, марапаттар мен сыйақылардың заңсыз берілгенін айтты. Біртановтың кезінде бұл мәселе туралы да шу болғанбыз. Жаңа команда осындай марапаттардың кейбірін заңсыз деп тауып, қайтарып алды. Бұл үлкен қадам деп ойлаймын. Алексей Цой көп нәрсеге кең ауқымда қарайды. Сосын, әлеуметтік желіде Біртановқа қарағанда өзін мәдениетті, сауатты ұстайды.

Жаңа министр келе салып, бәрі бірден өзгеріп кетпейтіні түсінікті, мәселен, Цой әлі күнге Молдағасымованы орнынан ала алмай отыр. Осы сияқты кейбір проблемаларды шешуге мүмкіндігі болмағандықтан шеше алмай жатыр ма, әлде, шешкісі келмегеннен шеше алмай отыр ма, оны қазір айту мүмкін емес. Уақыт көрсетеді.

- Цой бүгін қашықтан оқуға байланысты мәлімдеме жасап, бірнеше себебін айтты. Ал, жұрт арасында «сауда орындарында топталып жүруге болады, ал, мектепке баруға болмайды», «оқушыларды штаттық режимде оқыта беру керек еді», «интернет жетіспейді», деген мәселелер жиі айтылып жүр. Дәрігер ретіндегі сіздің пікіріңіз қандай?

- Қазір мемлекет қиын жағдайды қалды, ақшасы таусылуға айналды, т.б. Жарайды. Бірақ, өте қарапайым шешім жасап, былай істеуге болар еді: Оқушылар мен мұғалімдер анализ өткізуі керек еді. Егер коронавирусқа қарсы антидене қалыптасқан болса, бала мектепке бара берсін. Антиндене жоқ болса, үйде отырсын. Осыны ұйымдастыра алмады. Ресей осылай жасады ғой. Солай істесек, көптеген әлеуметтік проблемалар мен интернет пен компьютер жетіспеушілігінің алдын алуға болар еді...

- Сұхбатыңызға рахмет!

Байланысты жаналықтар

Жанболат Мамай да вакцина салдырыпты

04.04.2021

Аймағамбетов Жұмағұлов пен Сағадиевтің университеті жайлы айтты

11.06.2021

Ахметов Жақсылық Омарды сынап тастады

28.01.2021

Хоккей: Қазақстан құрамасы кіл мықтылармен күш сынасады

17.05.2021

Қазақстанда ішкі әскер саны көбейеді

02.03.2020

Тағы 9 адамнан коронавирус анықталды

26.03.2020