Экс-министр Біртановтың соты тағы шегерілді
ZOOM платформасында өткен сот отырысы ұзаққа созылмады
Экс-Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің үстінен қозғалған аппеляциялық сот тағы кейінге шегерілді.
Бүгін Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы министр Елжан Біртанов пен оның экс-орынбасары Олжас Әбішевтің ісі бойынша апелляциялық сот өтті. ZOOM платформасында өткен сот отырысы ұзаққа созылмады.
«Елжан Амантайұлы әлі ауырып жатыр. Емделу мерзімін келесі дүйсенбіге дейін ұзартты. Сондықтан апелляциялық сот отырысын кейінге қалдыруды сұраймыз», - деді Е.Біртановтың адвокаты Серік Сағалиев.
Өз кезегінде істі қарауды кейінге шегеруді сотталушы Олжас Әбішев пен бұрынғы министрдің қорғаушысы Есжан Біртанов та қолдады. Келесі сот отырысы 10 қаңтар сағат 10:00-ге белгіленді. Судья Айбек Әмірғалиев «Сот отырысы офлайн форматта және ашық өтеді», - деді.
Еске сала кетейік, Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған еді.
Былтыр қаңтарда Елжан Біртановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа түскен. 2022 жылы 28 қазанда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты үкім шығарды.
Бұрынғы министр сот шешімімен келіспейтінін айтып, шағым түсіретінін айтқан. Біртановтың апелляциялық соты мұның алдында да бір мәрте шегерілген.