"Цой бізден қашып жүр". Тілшілер Қожахметовтің мазасын алды

Malim Админ

  • 11.09.2020

Бағдат Қожахметов денсаулық сақтау министрлігіне ресми өкіл болып келгелі тілшілерге шығуды қойған Алексей Цой бүгін де онлайн брифингіде төбе көрсетпеді. Журналистер Қожахметов келгелі бері қолы ұзарып қалған Цойдың қайда жүргенін ресми өкілден бүгін  қайта-қайта сұраумен болды.

Брифингтің өзі "күзгі-қысқы кезеңдегі КВИ және жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша эпидемияға қарсы шаралар туралы" тақырыпқа арналды. Брифингіге министрлікте "штаттан тыс және тегін" жұмыс істеп жүрген Бағдат Қожахметовтен бөлек, Ұлттық денсаулық сақтау орталығы инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов, Ұлттық денсаулық сақтау орталығының денсаулықты нығайту орталығының жетекшісі Жазира Ембердиева қатысты. Спикерлер күзгі кезеңде тұмаудың алдын алу шарасы мен алдағы аптадан екпе егу науқанын басталатынын асықпай түсіндіріп, өзі аз брифинг уақытын ала түсті. Бірақ Zoom-да сұрақ қою кезегін күтіп, тыпыршып отырған журналистерді "Цой тілшілерге неге шықпайды?" деген сұрақ көбірек мазалағандай.

"Тілшілер қауымын брифингіге  медициналық сұрақтарға кәсіби түрде жауап бере алатын Алексей Цой, Людмила Бюрабекова, Айжан Есмағамбетова қашан шығады деген сұрақ толғандырады. Сөзіңізден ұққанымыз, сіз тіпті министрлікте штатта жұмыс істемейсіз". "Цой қайда" деген осы алғашқы сұрақты  vesti.kg тілшісі Айнұр Коскина қойды. Сұрақтың төркінін түсіне қойған Б.Қожахметов "еш уақытта өзін дәрігер немесе ішкі істер министрлігінде жұмыс істеп жүргенде полицеймін деп көрсетпегенін" жеткізді. "Министр кеше осында брифингіге қатысты, ол барлық орынбасары сияқты қолжетімді. Қазір аймақтарда денсаулық сақтау жүйесінің екінші толқынға дайындығын тексеріп жүр. Брифингіге қашан шығатынына келсек, коммуникациялық жоспар жасадық. Соған сәйкес, министр, оның орынбасарлары мен құрылымдық бөлімше жетекшілері брифингіге шығуға міндеттеледі", - деді Қожахметов.

Бірақ тілшінің "министр қашаннан бастап тілшілерге шығады?" деген сұрағына сәл тосылып қалған Қожахметов бұл коммуникациялық жоспар бекітілген соң нақтыланып, жарияланатынын айтты.

Артынша Forbes.kz тілшісі Ирина Севостьянова "Цой нақты қашан шығады? Ең болмаса шамамен қашан шығатынын айтыңыз" деп Қожахметовті сұрақпен төпелей түсті. "Министр ашық, кеше осында отырып, сұрақтарыңызға жауап берді. Кез келген сәтте келіп жауап беруге дайын" деген Қожахметов тағы да коммуникациялық жоспарды дайындағанын, Цой оған қол қойған соң, кім қашан шығатынын жария ететінін мәлімдеді.

"Сонда да шамамен қашан шығатынын айтыңызшы, егер ол кез келген сәтте шығуға дайын болса неге ол емес, сіз шықтыңыз?" деп сұрағын нығырлай түскен тілшіге ресми өкіл "жалғыз өзім шыққаным жоқ, соңғы үш аптадан бері министрліктің мамандарымен шығып жүрмін. Мен дәрігер емеспін, журналиспін. Тура сіз сияқты мен де министрлік мамандарына сұрақ қойып, жауап алып, сіздерге жеткіземін", - деп ақталды.

"Сонда ол шамамен қашан шығады: қыркүйекте ме, қазанда ма, қарашада ма, әлде желтоқсанда ма?" деп қоймаған тілшіден Қожахметов "бұл сұраққа кейінірек жауап берейін, министрден ол жоспарға қол қойған-қоймағанын сұрап білейін" деп құтылды.

Бірнеше минуттан кейін осы сұрақты vlast.kz  тілшісі Тамара Вааль қайталап, Қожахметовті әбден қыспаққа алды. "Жоспар әлі бекітілгенімен, жоспарда ол шамамен қашан шығатыны жазылған ғой", - деп тықақтап қоймаған тілшіге Қожахметов: "Жоспарда нақты қандай мерзімде жазылғаны есімде жоқ. Бірақ министрге белгілі бір мерзім сайын шығуға кеңес берді.  Ол бойынша басқа жетекшілер де шығады. Мұны нақтылаған соң, министрдің барынша көбірек байланысқа шығуына барымды саламын", - деп уәдені үйіп төкті.

Бірнеше журналистен кейін Bloomberg тілшісі Нәубет Бейсенов осы сұраққа оралды. "Барлық министрлер брифингіге баспасөз хатшыларын жібермей, өздері шығады. Ал пандемия кезінде ұлт денсаулығына жауапты министр брифингіден қашып жүреді. Мұны қалай түсіндіресіз? Ол қашан шығады? Бұл министрліктегі жемқорлыққа қатысты тексеріспен байланысты ма?" деген сұрақтарын жаудырған тілшіге Б.Қожахметов "бұл онымен мүлде байланысты емес" деп ат-тонын ала қашты. "Цой мырзаға тілшілердің сонша көңіл бөліп жатқанына қуаныштымын. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі ақпарат сұранысқа ие екенін көрсетеді. Күнде министрмен сөйлесемін, бүгін де сұраққа жауап дайындағанда сөйлестік. Бұл министр мен орынбасарларға тікелей міндетпен айналысуға, екінші толқынға дайындалуға мүмкіндік береді. Әлбетте, тілшілермен сөйлесу де оның міндетіне кіреді. Бір-екі күн мұрсат беріңіздер, жоспарға қол қойған соң, министрдің қашан шығатынын айтамын", - деді ресми өкіл.

"Сонда брифингіге өздері шығып жүрген басқа министрлердің қолы бос, істейтін шаруасы жоқ та, Цойдың мүлде бос еместігі сонша, ұлт денсаулығы туралы сұраққа жауап беру үшін брифингіге шығуға мұршасы жоқ па?" деп қоймаған журналиске Б.Қожахметов "министр басқа медициналық қызметкерлер сияқты аурухана, дәрі-дәрмек, медицина техникасымен қамтамасыз етудің басы-қасында жүрсе, пайдасы көбірек тиеді" деп қайырды.

Байланысты жаналықтар

Қазақстандағы су тасқыны: елімізде жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін бе

08.04.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

27.09.2022

Денсаулық сақтау министрі міндетін атқару Бүркітбаевқа жүктелді

20.12.2021

Алексей Цой қызметінен босатылды 

20.12.2021
MalimBlocks
Қазақстандағы су тасқыны: елімізде жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін бе

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

Kaspi.kz Цифрландыру министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Денсаулық сақтау министрі міндетін атқару Бүркітбаевқа жүктелді

Алексей Цой қызметінен босатылды