Карантин тәртібін бұзып, жауапқа тартылған шенеуніктер

  • 15.09.2020
  • Malim Админ

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері карантин тәртібін бұзған шенеуніктер жайлы ақпараттар аз шыққан жоқ. Әрине, олардың көпшілігі айыппұл төлеумен құтылды немесе ескерту алды. Айта кетерлігі, жұрттың наразылығынан кейін өз еркімен отставкаға кеткен шенеунікті көрмедік.

Malim.kz тілшісі карантин тәртібін бұзып, көзге түскен шенеуніктердің тізімін жасап көрді.

Бұл тарапта соңғы көзге түскен шенеунік Маңғыстау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Марина ӘЛІБЕКОВА. Ол өзінің туған күнін ақ шатыр астында өткізуді жөн көріпті. Әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен видеода әлдекімнің сөз сөйлеп, тілек айтқаны, артынша шенеуніктің мойнына алқа тағып, сыйлық беріп жатқаны байқалады. Туған күнінде билеп, өте көңілді жүрген Әлібекова санитария тәртібін бұзып, маскасыз жиын өткізіп, той тойлағаны үшін қызметтік сөгіс алып, 30 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.

Күні бүгін қаралып жатқан тағы бір жағдай – Өскеменнің прокурорлары көзге түсіп қалған тағы бір видео. Бұл жайлы да әлеуметтік желіде мәселе көтеріліп, прокурорлар билеп жүрген кез – карантин кезі ме, әлде, бұрынырақта түсірілген видео ма, сол анықталып жатыр. Жабық ғимаратта, қызылды-жасыл, жарқ-жұрқ еткен шамдардың астында маскасыз билеп жүрген прокурорлардың тәртіп бұзған, бұзбағанын облыстық прокуратура «ішкі тергеу департаменті жүргізетін қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын» хабарлады.

Бұдан сәл бұрынырақ тіркелген тағы бір жағдай да Өскеменнің шенеуніктеріне қатысты. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық ОМАР бастап, біраз әкімдік қызметкерлері карантин тәртібін бұзғаны үшін айыпты болды.

Тамыз айында қала әкімдігінің қызметкерлері Абай өлеңдерін оқып, видеоэстафета өткізген. Бұл мәдени шараға қала әкімі Жақсылық Омар мен орынбасары, бірқатар бөлім басшылары қатысқан. Рас, әкімдіктегілер маска таққан және ара қашықтық сақтауға тырысқан. Соған қарамастан, адамдардың жиналуына болмайтын кезде жиын жасаған Омардың бастамасы тәртіп бұзу ретінде бағаланды. Нәтижесінде осыны ұйымдастыруға бастан аяқ жауапты болған ақын, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман САРИН, қала әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Эльдар ТӨЛЕУБЕКОВ бастаған шенеуніктер 115 АЕК көлемінде айыппұл төледі.

Карантин тәртібін бұзу туралы анекдотқа бергісіз оқиға СҚО – Петропавлда тіркелді. «Облыс аумағында енгізілген шектеу карантиндік шараларын бұзғаны үшін» Петропавл қаласының әкімшілік-тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Дастан ҚАЗИЕВ автобустағы жолаушылардың маска таққан, тақпағанын тексермек болған. Бір қызығы, шенеуніктің өзі маска тағуды ойламапты. Бұл да таспаға түсіп, арты шуға ұласып, ақыры, 230 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Айта кету керек, бұл карантин тәртібін бұзғандар арасындағы ең үлкен көлемдегі (638 940 теңге) айыппұл. Дәл осындай айыппұл Жақсылық Омардың қоластындағы қызметкерлерге де салынған. Бірақ, оларға «бір апта ішінде жедел төлем бойынша» жеңілдік қарастырылыпты.

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Рүстем КӘРКЕНОВ елдің дәл ортасында тұрып, маскасын шешіп тастап (иегіне түсіріп қойып) сөйлеген. Бұл шенеуніктің ісі салыстырмалы түрде ұзаққа созылды деуге болады. Аудан тұрғындарымен кездесуге келген қала әкімінің орынбасары сөйлеп тұрғанда ешқандай арақашықтық сақталмағанын байқауға болады. Бірақ, орынбасар әкім «аудан тұрғындары мені есту үшін маскамды түсіріп сөйледім», деп, сотқа аппеляциялық шағым түсірген. Сот оның шағымын қанағаттандырғанмен, прокуратура оны қабылдамай тастады.

Нәтижесінде, оған 10 АЕК айыппұл салынды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың бұйрығына сәйкес, маска режимін бұзғандарға 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл салу қарастырылған. Кәркеновке жасалған жеңілдік оның масканы түгел шешіп тастамай, иегіне дейін түсіргені себеп болды ма екен...

Айтпақшы, Абай өлеңдерін жабыла оқимыз деп, бас дауға шатылған Өскемен қаласының әкімдігі бұл эстафетаны осы Қостанай қаласының әкімдігіне жолдаған.

Карантин тәртібін бұзып, жұрттың наразылығына себеп болған, тіпті, мәселесі қоғамдық кеңесте қаралған тағы бір шенеунік – Алматы қаласының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА. Оның коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейске мінгені анықталып, 14 күн карантинге оқшауланған. Оқшауланудан кейін ол жиналыстарға еркін қатысып, маскасыз жүргені үшін сынға ұшыраған.

Одан кейін БАҚ, әлеуметтік желі арқылы Молдағасымова есімі жиі аталатын болды. Орталық клиникалық қалалық аурухана дәрігерлері жаппай коронавирус жұқтырғанда, Молдағасымова «санитарлық нормаларды сақтамады» деп, дәрігерлердің өзін айыптады. Артынша, калалық аурухана дәрігерлері де Молдағасымованың адресіне біраз айыптаулар айтып, наразылық білдірді. Денсалық сақтау министрлігіне шағым да түсірген. Осындай даулы оқиғадан кейін көп ұзамай Молдағасымова қызметінен кетті.

Әлеуметтік желі арқылы карантин талаптарын орындамай, табиғат аясында демалыс ұйымдастырған Қызылора облысындағы ауыл әкімі де біраз сөзге арқау болғаны есте. Сөйтіп, Жаңақорған ауданы Қандөз ауылдық округінің әкімі қатаң сөгіс алғанмен, қызметінде қалды.

Ауыл әкіміне қатысты тағы бір оқиға Қостанай облысында тіркелді. Ол оқиғаға ауыл әкімінің жанама қатысы бар деуге болады. Өйткені, тәртіп бұзған әкімнің өзі емес, оның ұлы. Әкімнің ұлы әкесінің қызметтік көлігін мініп, ауыл сыртындағы көл жағасына барып, көңіл көтерген. Нәтижесінде, әкесі емес, тәртіп бұзған баласы жауапкершілікке тартылды. «Орынбасары ұсталса басшысы отставкаға кетеді» деген «заңнамасы» орындала бермейтін Қазақстанда ұлының әкімдік көлігін мініп алып, тәртіп бұзуына орай әкім әкесі не қатысты да ешқандай отставка мәселесі көтерілмегенін түсінуге болады.

Карантин тәртібін бұзушылар арасында түрлі мемлекеттік қызметкерлермен қатар, осы тәртіпті қадағалаушы орган қызметкерлері де бар. Солардың ішіндегі аты шулысы – Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат ЗИАДИН мен патрульдік полиция полк командирінің орынбасары Қуанышбаевтың қаланың шыға берісіндегі блокпосттан заңсыз өтуі болды. Жай ғана өтпеген, қымбат көліктердің кортежін ұйымдастырған. Ақырында, видеотаспа арқылы заң бұзушылық анықталып, екеуі де қызметінен алынды. Оларды блокпосттан өткізген полиция қызметкерлері де тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Төтенше жағдай тәртібін бұзғандар ішінде сыбайласжемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері де ұсталды. Ақмола облысы бойынша департаменттің тергеу басқармасының басшысы Руслан ТҰРҒАМБЕКОВ пен оның қоластындағы тергеушілер Мырзагелдин, Қағарман, Ақмолдин, Лұқмановтар карантин режимі кезінде моншада көңіл көтерген. Заң бұзғандары анықталған соң бесеуі де қызметінен алынып, мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет істеу құқықтарынан айырылды.

Бұдан басқа да маскасын дұрыс тақпаған немесе санитариялық талаптар орындалмаған шараларға қатысқан шенеуніктер де жоқ емес. Мәселен, мектептің ашылу салтанатына қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ айналасындағылардың не үшін маскасыз жүргенінен қатысты әлі де түсініктеме берген жоқ...

Маскасыз көзге түссе де, айыппұл арқаласа да ешбір шенеунік өз еркімен орнынан кету туралы мәлімдеме жасамапты. Соған қарағанда, мемлекеттік қызметкер ретінде этикалық нормаларды ұстануы ерекше қаралатын шенеуніктер карантин тәртібін бұзуды қалыпты жағдай деп есептейтін болса керек...

Байланысты жаналықтар

Цойдың орынбасары: Біртановтың ұсталғаны ауыр тиді

04.11.2020

Президент үндеуі: Қазақ шекарасына 100 жыл

30.05.2020

Ресейдің Қазақстанға саясаты өзгерді

23.12.2020

ЕЭО: Қазақстан Ресейге қарымта жауап қайтармайды

18.05.2021

Қазақстанда коронавирусқа қатысты қандай заң бұзушылықтар болды?

23.03.2020

Тоқаевтан Назарбаев атындағы Оқушылар сарайын салуды сұрап жатыр

22.06.2020