"Қуаттай батырларға Бекболаттай жыраулар аға боп жүретін"

  • 15.09.2020
  • Malim Админ

Күні кеше аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтың желідегі видеосы қоғам назарын аударып, шу болған. Артынша ІІМ Қуат Хамитовты жауапқа тартып, қоғам тыныштығын бұзып, көтеріліске шақыру әрекеті деп бағалаған еді.

"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында азамат Қ.Хамитовтың зорлық-зомбылыққа шақырған видеосы анықталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 272-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Азамат Қ. Хамитов тиісті іс жүргізу әрекеттерін жүргізу үшін Алматы қаласының полиция департаментіне жеткізілді. Қылмыстық іс бойынша тергеу іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Іс-әрекеттер аз. Хамитовқа түбегейлі баға беріледі", - делінген полиция хабарламасында.

Бүгін Қуат Хамитов босап шығып, өз видеосының әзіл ретінде жарияланғанын, ешкімді жамандыққа шақырмайтынын айтқан еді. Осы оқиғаға байланысты «Асыл арна» директоры, айтыскер ақын Мұхамеджан ТАЗАБЕК пікірін фейсбук желісінде бөлісті.

«Қолымен істегенін мойынымен көтеруден ер жігіт қашпайды ғой. Заң орындарының әрекеті, Қуат бауырымның қапасқа кіріп-шығуы өмірде боп жататын заңдылықтар деп ойлаймын.

Менің айтпағым басқа. Жалпы, Қуат Хамитов батырымызды әжуалап, сыртынан әр нәрсе жазып қажет емес. Қашаннан батырдың бір сипаты сол - әрекетінің артын ойламау. Артын ойлап,“басыма соққы тисе не болам,” деген жігіт рингке шықпайды. “Жауымнан жарақат алам ба” деген батыр майданға бармайды. Батырдың негізгі қасиеті сол - ренжіттің бе ашуланады, қарсы шықтың ба ұмтылады, қорладың ба құлатады.

Мәселе, батырды басып отыратын, байыптылыққа шақырып бағыт сілтеп отыратын, ойына ой қосып, сабырын ұйытып отыратын ағаның жоқтығында. Батыр да бір - қанжар ғой. Жүзінен ұстасаң қолыңды кеседі, сабынан ұстасаң қажетіңе жарайды.

Наурызбай батыр сұмдық өжет, көзсіз батыр болған екен. Соны білген ағасы Кенесары әрдайым інісінің арынын басып, ақылын сіңіріп, алдын тосып жүреді екен.

Бірде Наурызбай жолбарыс соғып әкелсе керек. Жұрттың бәрі шулап, “пай-пайлап” тамсанып, жиналып қалыпты. Елдің дүбірін естіп, сыртқа шыққан Кенесары масайрап тұрған інісіне қарап:” Тәйт ары, мұнысы несі, бір мысықты өлтірдім деп, сонша мәз болғаның не” деп, мән бермеген қалыпта үйіне қайта кіріп кетіпті.

Кейін, “мұныңыз қалай болды, неге олай дедіңіз” дегендерге Кенесары : ”Наурызжан көзсіз батыр ғой, оны қолпаштай берудің қажеті жоқ, қызып кетіп, керек емес жерде пайдасыз нәрсенің үстінде мерт болуы мүмкін” деген екен...», - деді М. ТАЗАБЕК.

Айтыскер ақын бұл жағдайды қоғам дерті ретінде қарап отыр. Бекболат Тілеуханның да қол аяғын байлап, қыбыр еткізбей отырған осы дерт екен.

«...Сахнаның гүлі боп жүрген ақынды да сақыр-сұқыр еткен алаңға итермеледік, ту көтеріп жүрген батырды да байсалдылыққа шақырып, жүрегін жұбата алмай қызбалықпен айтқан сөзін қайтып алғыздық.

Уызына жарып өскен, ұлттық рухтың байрағандай Бекболат жырауды да аға болар шағында, ағаш атқа мінгізіп, ала тайдай қуалап, қыр соңына түсіп, қыбыр еткізбей отырмыз...

Ініні ірітіп, ағаны алалап әуреміз. Қазаққа кім жаққан?!

Сырттан кеп сыбағаңды түгендейтін, жыртығыңды жамайтын ешкім жоқ қой. Алауыздық атамыздан қалған енші ме еді?

Неге, ел алдында сықиған сырбаз боп көрініп, оңашада өсектен басқа айтары жоқ, “хан сыртынан жұдырықтан” басқа қарекеті жоқ “зиялысымақ” көбейді?!

Ініге аға бола алмасақ, аға болар тұлғаларды жау тұтсақ, елдің естияры кім, жұрттың жол бастары кім?

Қуаттай батырларға Бекболаттай жыраулар аға боп жүретін, Бекболаттай ағаға батыр інілер ізбасар боп жүретін, қазақтың ынтымақ пен берекесі тасыған күнді көруді Алла баршамызға нәсіп етсін!», - деп жазды айтыскер.

Байланысты жаналықтар

Ермахан Ыбрайымов: Мен титушка емеспін

11.01.2021

Өлеңге сүйеніп өстім, өлеңге сүйеніп өлемін

22.04.2021

Мұрагер Әлімұлы: Ендігі арманым – Қазақстан азаматтығын алу

19.10.2020

Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою

17.04.2020

Адвокат: Қастер мен Мұрагерге азаматтық берілуі тиіс

19.10.2020

Кореядағы қазақ: Кәрістер вирус жұқтырып жатқан жоқ

12.05.2020