Ербол Алшынбай. "Бұл бөлмеге жыр жазуға кіргенмін..."

Malim Админ

  • 23.09.2020

Кебеже

Қашан кірдім мен бұған,

Отырғаным шамалы һәм мұңданып.

Бір анығы терезенің алдынан,

Түрткілейді бір жарық.

 

Көздің жасы жусадағы тазармас,

Тереземнің қырық қабат кірі бар.

Ту алыста күннің барын ақ алмас

Тар бөлмеде қамалғасын кім ұғар?

 

Бұл бөлмеге жыр жазуға кіргенмін,

Терезеден дүниені бақылап.

Нұрмен бірге кірін жақты кірбең күн,

Күңгірттеніп бара жатты атырап.

 

Сырттан даусын көп естимін жылқының,

Әлде ол дауыс шықты жүрек тұсымнан.

Сайынбурыл жаңғырады санамда,

Тептеңгірдің үңгіріне жұтылған.

 

Көште талай кебежеге отырғам,

Қайда сол бір кебеже?

Сол ма мына күңгірт бояу жағылған,

Ала бажақ кереге.

 

Өзек

Талай-талай обаларды шаң жұтқан,

Тауларды да уақыт қой қалғытқан,

Молаларды қара тұман  қылғытқан.

Қалаларды сұры бұйра құм жұтқан.

Сұры бұйра құм жұта алмаған қала бар,

Қара тұман ұта алмаған нала бар.

Мың жыл бойы жел кеміріп жықпаған,

Мың жыл соққан екпініне ықпаған.

Қадау-қадау мұнара бар далада,

Соның биік басына шық, жан аға!

Күңіренген тыңда желдің дауысын,

Сол уілден ағарар ма жан ішің!

 

Түс. Каспий

Теңіздер де аңсайды жан ұшырып,

Зарығады, шаршайды, қаны суып.

Ішті өртеген өксігі буырқанып,

Соғылады жартасқа сағы сынып.

 

Сол толқында бар білем налалы өткен,

Зымыстан қыс, шерлі жаз, қара көктем.

Таутайлақтың дауылы тулағанда,

Қанжары бар боздақтың ала кеткен.

 

Сыр айтайын мен оған не деп енді,

Улы кекке толтырды ол кенеремді.

Дауыл сайын қағады қынсыз қанжар,

Теңіз жаққа қараған тереземді.

 

Ұмтыламын мен оның балдағына,

Патша құдай жеткіз деп арманыма.

Таутайлақтың демінен тұрған дауыл,

Дөңбекшиді жеткізбей қанжарыма.

 

Шулы толқын бір кетпей құлағымнан,

Сақ-сақ күлер келді деп мына құрбан.

Созған қолым ілінбей, бірде ілініп,

Сол қанжарға кекпенен суарылған.

 

Көк теңіздің көкжайқын атырабы,

Аласұрып тағы да жатыр әні.

Арасынан жарқыдлап алмас қанжар,

Тау тайлақтың толқыны шақырады.

 

Сарбидай...

«Сарбидай» сағынғанда салған қайда,

Санаңда сағыныш мұң сайрандай ма?

Талықсып зарықты әуен таусылғанда,

Алқызыл жанарыңда сәуле ойнай ма?

 

«Сарбидай» салған әнім қыр асырып,

Айналдым көздеріңнен бұла, тұнық.

Ұшама тік шапшыған сол әуендей,

Көгершін көңіліңнен тік атылып.

 

Жоқ бүгін сол текшеде қонған ауыл,

Сан ғашық, зарық өткен сар дала бұл.

Толқыған Сайрам көлдей сол әуеннен,

Тулай ма аласұрып ойда дауыл.

 

Керілген кермаралдай бұла күнім,

Кірпігің қыршын талдай гүл аруым,

Қойынын жел қыдырған ескі бақтай,

«Сарбидай» мен де салып құлазыдым.

 

Алаш

Ұзын Орал күн мен түн шекарасы,

Аржағы түн, бержағы күн баласы.

Арғы жағы көк көзді жын ұясы,

Бергі жағы түріктің сар даласы!

                                                                              Мағжан

Ұзын Орал түннің шегі бола алмай,

Көк көзді жын асты одан бері алқып.

Сар далама аузын ашып арандай,

Алып атам өр рухын омалтып.

 

Әулиемнің моласына оқ атып,

Гөй-гөйледі сан мың аруақ самсыған.

Ақымынан бабам басын тонатып,

Өртке бердім жазирамды шалқыған.

 

Ауыр мұңнан ару Арқа қансырап,

Күтті зармен асып туған бір ұлды.

Уайымнан өр Маңғыстау сансырап,

Алатаудың қарт жүрегі үгілді.

 

Байбөрі мен Аналықтың зарындай,

Бас тәңірге баратұғын жан сұрап.

Мойынына бұршақ салды.

А, құдай!

Заты қазақ көзінен қан тамшылап.

 

Сол тілекті қабыл көрді хақ құдай,

Алаш туды мұзды жарған кемедей.

Қайраңдағы қайырлаған жерімнен,

Көк теңізге алып шықты телегей!

 

Ойхой, онда мен кімдерден кем едім,

Алауладым көк түркінің туындай.

Желге қарсы шайқалмайды терегім,

Жасыл байрақ тұрар дедім жығылмай!

 

Пешенеме екі бірдей жұт дарып,

Тағдыр бізге теріс салды түренін.

Асылдарым көз жасымдай түсті ағып,

Содан бері беріш менің жүрегім!

 

Содан бері жаным менің жаралы,

Тәңір ием дарымаса бір емің.

Ұлтан құлға кегім кетіп барады,

Қашан туар Алпамыстай бір ерім!

 

Қойбастың зары

Басында Қаратаудың бұлт ойнаған,

Ойында қылаң беріп түлкі ойнаған.

Зарымен қай-қайдағы шерді қозғап,

Бұл әнді ескі әуенмен шырқайды ағам.

 

«Ей, дүние-ай!

Қайтейін қапы замана,

Дұшпаным салды табаға.

Бұйырмай ма екен бізге енді,,

Бабамыз жатқан сағана.

Барсаңдар сәлем айта бар,

Ақкетік дейтін қалаға.

Сия алмай кетіп барамыз,

Маңғыстау иен далаға»

 

Бұлғаққа салса да елді заман қалай,

Ер тумас ертеңіне алаңдамай.

Қоштасқан Қойбас ақын жерді қимай,

Әні осы Маңғыстауға қарай-қарай.

 

Көңілді көп шеменге қақпайлаттым,

Тағасыз тарланымды тасқа ойнаттым.

Шер қозғап, жер көшірген осы сөзден,

Кеудемде кісінейді көкмойнақ мұң.

Ер түссе есерлердің шарғасына,

Сезбес жұрт келмеген соң өз басына.

Бұл әлем көлден безген шерлі аққудың,

Тұра ма жалғыз тамшы көз жасына.

 

Тұнығын құм баспаған тұмалы елім,

Бейіштей пейіліңе құмар едім.

Жау алып жайнап тұрған жазирамды,

Мендағы үркіп ауған құлан едім.

 

Қағынан безбес құлан қағынғаннан,

Алағай салды басқа сағым жалған.

Тостақтай жанарыма жас толтырып,

Іленің ар жағында қағым қалған.

 

Қиялым жорт қиырға құба керік,

Зар қосып алты қазға жылап едік.

Маңғыстау сол ерлерден сізге қалды,

Ал, зары бізге қалды мұра болып.

 

Сыр

(Жақсылыққа)

Сен көктемге, арзу болдым мен күзге,

Қорғасын бұлт мекендейтін сеңгірде.

Мәңгі беріш боз төбеден аспанға,

Қолын жайған бір түп изен көрдің бе?

 

Асау, асқақ армандарың көп еді,

Қорғасын бұлтқа мінгіздің бе сен оны.

Бір түп изен назарыңа түспеген,

Сенің көзің аспанда еді себебі.

 

Асау басын ана жерге көп иген,

Айнымаған сол махаббат, сол күйден.

Боз төбеге тамыр жайған мекендеп,

Бізден гөрі асқақ екен сол изен.

 

Сүмбілеге таяды күн, су суып,

Бәр қалпында қыбырлайды тіршілік.

Бір түп изен өз қырында тұр гүлдеп,

Қайда жеттік екеуіміз құлшынып.

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

25.12.2023

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

11.11.2023

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

16.10.2023

Ақтаулық ақын «Өзенмұнайгазға» заңсыз жұмысқа тұрған

28.04.2023

Оразбек Сәрсенбаев. «Шаңғытбаев өлеңің нашар екен» деді

26.08.2022
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

Шындықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

Нұтфолланың әкесі де 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу қызыл науқанына ілінеді

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

Қаламгер ауыр науқаспен арпалысып, көз жұмды

Ақтаулық ақын «Өзенмұнайгазға» заңсыз жұмысқа тұрған

Ол кезекте тұрған 9000 адамнан аттап өткен

Оразбек Сәрсенбаев. «Шаңғытбаев өлеңің нашар екен» деді

Қандай әділетсіздік?!  деп ойладым