Мен Фаризаның көшірмесі емеспін

Malim Админ

  • 28.09.2020

Ақын Серік Ақсұңқарұлы: « Қыздардың бәрі Фаризаның ең бір сәтсіз көшірмесі. Сонысына қарамай көкіректері даладай, өздерінен басқа ешкім жоқ. Асып-тасу, әліне қарамай сөйлеу деп осыны айтар едім» деп сұхбат беріпті "Қазақ әдебиеті" газетіне. Ғабит Мүсірепов «Талпақ танау» атты шығармасында «Сары атан ойлай алса, әрине, атанша ойлар еді» деп күлдіретіні бар ғой. Дүниеде түрлі адам болса, сонша түрлі мінез бар, талғам бар. Өлеңге келген қыздардай мен де алғашында Фаризаға еліктедім, бірақ мен оның көшірмесі емеспін.Фариза Оңғарсынова әдебиетте әйелдердің галереясын жасады десек те болады. Ділдә Матайқызы туралы «Алақан» атты поэмамды жазып болғасын, Фариза апама хабарласып: «Оқып шығып, пікіріңізді айтыңызшы», - дедім. Екі күннен кейін телефон соғып: «Аш қарынмен екі рет оқып шықтым. Бұл не? Осылай да жаза ма екен? Сен одан да менің Кәмшат Дөненбаева туралы поэмамды оқысаңшы. Поэма деген сондай болмай ма?», - дегені. Содан Фариза апайдың «Кәмшатын» тағы бір рет оқып шықтым. Ойландым. Сосын апайға телефон соғып: «Фариза апай! «Кәмшатыңызды» оқып шықтым. Қазір мұндай поэма жазу мода емес. Бүгінгі әйел заты темір тұлпардың құлағында ойнайды. Өздері де темірдей қатты. Сіздің поэмаңызда басқа шауып, төске өрлеп бара жатқан шойын әйел бейнесі көзге ұрып тұр. Бұл Кәмшатта жан-жүрек, жүйке жоқтай. Ол неге егістік алқабында тракторы бұзылып, қолдары күс-күс болып, неге қиналып қалмайды? Әйел болып неге еңіреп жыламайды? Себебі, Кәмшат – коммунист. Коммунисті жылатуға болмайды. Егер сіз осындай халін суреттесеңіз, Кәмшаттың соңынан ерген сіңлілері трактордан қорқып, егіс алқабынан қашып кетер еді ғой?! Сіз кінәлі емесссіз! Бұған социалистік реализм кінәлі!» - дедім. Фариза апай менің сөзіме күлді де, трубканың тұтқасын қойып қойды. Фариза апайдың әнші, композитор Майра Уәлиқызы туралы циклдік жырлары бар. Бір жерінде Майраны би-болыстар жиналысқа салады. Сонда Майра Уәлиқызы қамығып жылап: «Тым болмаса мына сендер мен құсап , Өміріңде бір сүйіп көрдіңдер ме?» дейді. Мен осы сөзді Майраға артық көрдім.«Қызы едім Уәлидің Майра атым,Тартады бозбаланы магнитім» деп жырлады емес пе сұлу Майра , ақын Майра. Осы екі ауыз сөзімен – ақ өзінің портретін жасады. Осыдан кейін "магниті бар" Майраға бірдеңе айту артықтау енді. Майраны соцреализм әдісімен қыздар жиналысына салғандай бетін қызартып , сезімін тергеудің қажеті артықтау деп ойлаймын. Бұл Фаризаны сынау емес, өз пікірім.Әр заманның өз пікірі бар.
Поэзия десек, Фариза дейміз. Әрісі Сара Тастанбекқызы берісі Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова, Мариям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова сияқты ақын апалар қазақ поэзиясында әйелдер поэзиясының іргетасын қаласа, Фариза Оңғарсынова «Әйелдер поэзиясы» деген биік қамал тұрғызды. Фаризаның жыр-құдыретінің әсерінен болар, қазақ поэзиясында Фариза дәстүрі, Фариза мектебі қалыптасты. Фаризадан кейін шыққан ақын қыздарға өте оңай және өте қиын екі жол тұрды. Оның соңынан ерген қыз ақындар «Фаризаша сүю», «Фаризаша мұңдану», «Фаризаша мұң шағу», «Фаризаша күрсіну». «Фаризаша жылау», «Фаризаша қаһарлану», «Фариза –мінезді» әбден бойларына сіңіріп алды. Өзіңше ой ойлап, басқа жол іздеп, ми шаршатып, бас қатырғаннан, Фаризаға еліктеу, Фаризаша ой толғау, Фариза салған соны сүрлеуге түсіп алып, жыр жазудың оңайырақ екенін бүгінде «Фаризаның көшірмесіндей» толып жатқан ақын қыздар танытты. Ал менің өлеңде өз бағытым бар, өз қолтаңбам бар. Мен Фаризаның көшірмесі емеспін.

Маржан ЕРШУ
«Шығармашылық лаборатория» кітабынан

Байланысты жаналықтар

Асылзат Арыстанбек. Дір-дір еткен жапырақ ем қураған...

07.04.2021

Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...

29.03.2021

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

11.03.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

06.03.2021

Әбіш Кекілбайұлы. Фариза

25.12.2020
MalimBlocks
Асылзат Арыстанбек. Дір-дір еткен жапырақ ем қураған...

Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

Айдында жүзген ақ желкен

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

Әбіш Кекілбайұлы. Фариза