Бақытгүл Бабаш. Мен жылаймын, естен кетпей есімің...
Күрсінем бе, білмеймін, күлемін бе,
Бір алапат боп жатыр жүрегімде...
Аласұрдым басылмай жан аптығы,
Тоқтап қалған секілді сағат тілі.
Маусым ба еді далада, мамыр ма әлде?
Сағыныштан қалмады сабыр менде.
Түгесіліп теңіздей телегей мұң,
Күңкілін де ешкімнің елемеймін.
Қайғырмаймын, демеймін: – Ая, Құдай!
Қара көйлек кимеймін баяғыдай.
Алқызылға құмарттым, гүл түсіне,
Сосын, сосын бір жанның күлкісіне...
...Өңім сынық, құлазып көңіл суып,
Бұрын қалай жүргенмін өмір сүріп?
***
Тым сұрғылттау күндердің күбірінен жаңылып,
Күйбеңінен табылып.
Кезікпеген ғұмырда бір бейнені сағынып.
Сізді іздеген екенмін,
«Адастым» деп жүргенде жүрегіме шам іліп.
Жан дертімді қозғамай дүниенің мұңы түк,
Өзімді өзім ұмытып
Кеткен кезде – көзімде көктем күліп оянды,
Жалғыз сөзің жылытып.
***
Көзін ілді тағы Үміт.
Түн екеуміз сені іздедік сабылып.
Самарқау Ай сыбырлады төбемде:
– Оның орны өлеңде, – деп, – өлеңде...
Темірқазық теріс қарап тұр бүгін.
Сен жайлы ойдың түре де алмай түндігін.
Түн іздеді арасынан жұлдыздың,
Мен іздедім наласынан мың қыздың.
Таба алмадым. Жылау – көздің білері.
(Бұл не деген сор татыған күн еді!)
Бозала таң, сенің бейнең айнада:
– Сүйем, – дейді-і-і...
– Сүйем, – дедім... жай ғана...
***
Енді кімге өкпелеймін? Уақыт...
Уақыт қана шығарады шешімін.
– Көзің жасын төкпе, – дейді ол жұбатып.
Мен жылаймын, естен кетпей есімің.
Мен жылаймын, сағынғаннан шығар бұл?
Түн мұңайды: – Мойыныңа тұмар іл.
Саған деген сезімімнен сыр айтып,
Тереземде тұнжырайды сыңар гүл.
Мұңнан, гүлден, түннен тағы жерідім.
Сабыр ғана сертке берік серігім.
Өз ойымнан өзім жүрмін қызғанып,
Менен басқа сүйеді деп сені кім?
Үмітті іркіп Үркер ауған таңдарға,
Іңкәр еткен не істей алам арманға?
Менен өзге өлеңіне өзек қып,
Өміріне өксік толған жан бар ма?
Менен басқа қыздың бәрі ақылды
Көрінеді. Кімге айтамын датымды?
Сен де әйтеуір іздемейтін боп алдың,
Ай бетіне жаздым сосын хатымды.
Көңілімде күрсініс көп, алаң көп.
Жаза салшы: – Бәрі, бәрі тәмам, – деп.
Мың күйіктен өртенейін, тынайын.
Тым биіктеп кеткен едім, құлайын...
***
Болмады. Саған сенген ем.
Жұбатар дегем, үмітті ем.
Асқынған аңсар кеудемен,
Сеңіңді сенің жібіткем.
Үміттің сынды білегі.
Басыңды күйттеп кеттің сен.
Амал не, жыршыл жүрегі
Жұбатар үнсіз деп білсең...
Жолындай мұңлы өлеңнің
Бүрісіп жатып шер төгем.
Ессіздеу елес-денеңнің
Демінен ойша өртенем.
Ес-түссіз ұйып бар маңай
Құлағыма ынтық жетеді үн.
Елесіңді үнсіз қармалай
Ұйқыға батып кетемін.
***
Сыланған да,
Сыналған да кезім көп.
(Қашан өшіп үлгергенін көзімде от?)
Кейде ауып қонғанында бақ маған,
Сенің аппақ махаббатың сақтаған!
Керіағысқа көндіге алмай,
Жанның өртін сөндіре алмай,
Жел өтінде құба талдай
Мына өмірді ұната алмай,
Сенгенімнің бәрі бейуақ
Биігімнен құлатардай.
Шыңырау мен шыңды айырмай,
Өтірік пен шынды айырмай,
Кім дос, кім жау тағы білмей,
Бір үміттің бағы гүлдей,
Аласұрған кездерімде
Көңіліңе толды ма алаң?
Ұқпасыншы өзге мүлде,
Сен жұбатсаң болды маған...
Сен жұбатсаң болды маған...
***
Түсінгім де келмейді ештеңені.
Сезім өткен. Сақтайын есте нені?
Бар білерім – бұрын соң байқамаған
Бір бақытты жүрегім кешкен еді.
Борандарын тірліктің, ызғарларын,
Елемедім жауынын, құз-жарларын.
Өлеңіме өрнек қып өтсем дегем
Мына әлемде ең абзал бір жан барын...
Көңілімді қайтейін күйігі көп,
Қайғы жұтып, қалғанда жиі жүдеп,
Сол алыстан асқақ боп тұрса деп ем
Жан біткеннің ең абзал биігі боп...
Жазар Уақыт. Жанымды жылытар Күн,
Алданғаны болмаса үміт, ардың.
Көңіл еді кімдерден қалмаған бұл...
Бір жылап алармын да... Ұмытармын!
***
Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым.
Адасқан мен бір сөз едім – Тәңірім ғана табатын.
Жазмышым жұмбақ жасырған, жауабын мен де ұмыттым.
Жаураған мұздай ғасырдан жанымды неге жылыттың?
Жылыттың неге жанымды, өртеніп кетсін дедің бе,
Ұмытып мүлде барымды, дерт еміп кетсін дедің бе?
Көрдім де сені, күйге ендім – қалықтап көкте жүргендей.
Үміттенуді үйрендім – үркеншек көңіл үндемей.
Жер басып жүрген сүлдем тек, ақша бұлт болды аңсарым.
Мен мүлде өмір сүргем жоқ – армандауменен шаршадым!
Тұман да тұман таңдардан қалайша таптың сен мені,
Жазылмай қалған маңдайға, ей, тағдырымның кермегі?
Тұмар қып жырға тағатын қасиет тұнған көз едім.
Сенсіз де сынық қанатым. Дертіңе қалай төземін???