Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы Шахтинск қаласындағы тұрғын үйде болған газ жарылысы салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханада 8 адам ем қабылдап жатыр.
«Алты адам жансақтау бөлімінде, екеуі бөлімшеде жатыр. Барлық науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Бұған дейін хабарланғандай, зардап шеккендердің арасында бірнеше полиция қызметкері мен күдіктінің өзі де бар. Ол күзетпен ем алып жатыр.
Еске салсақ, 22 наурыздан 23-іне қараған түні Қарағанды облысының Шахтинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Полиция күдіктіні ұстады.
Алдын ала мәлімет бойынша, 40 жастағы жергілікті тұрғын газ баллонын ашып, сіріңке жаққан. Оның мұндай әрекетке не себеп болғаны нақты айтылған жоқ.
Ресми расталмаған ақпаратқа сәйкес, ер адам мас күйде болған. Бұған дейін құқық қорғау органдары оның ұсталу сәтінен бейнежазба жариялаған.