Павлодарда ата-анасынан жүктілігін жасырған студентке жаңа туған сәбиіне қатысты қайғылы оқиғадан кейін үкім шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
«Сот кабинеті» материалдарына сәйкес, ол бүкіл жүктілік мерзімі бойы өзінің жағдайын ата-анасынан және айналасындағылардан жасырған. Өткен жылдың қазан айында студенттік жатақхананың жуынатын бөлмесінде бойжеткен мерзімі жеткен қыз баланы дүниеге әкелген.
«Босанғаннан кейін бірден айыпталушы психологиялық күйзеліске түсіп, баланың жылаған дауысы оның туғанын әшкерелеп қоя ма деп қорқып, жаңа туған қызын сүлгіге орап, тыныс алу жолдарын жауып тастаған. Соның салдарынан нәресте қайтыс болды», — делінген іс материалдарында.
Сотта бойжеткен өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, ол екі жылдан астам уақыт бойы жігітпен кездесіп жүрген, алайда жігіт жүктілік туралы білген соң баладан бас тартқан. Студенттің жүкті екенін ешкім білмеген. Ол баланы жалғыз тәрбиелеуге дайын болмағанын және туыстарының сөгісінен қорыққанын айтты.
Сотта қыздың анасы жәбірленуші ретінде сөз сөйлеп, болған оқиға туралы топ старостасынан естігенін айтты. Жатақханаға келгенде ол қызын ауыр жағдайда көріп, бірден жедел жәрдем шақырған. Нәрестенің денесін полиция қызметкерлері алып кеткен.
Іс қысқартылған тәртіпте қаралды: сот айыпталушы мен жәбірленушіні ғана жауапқа тартумен шектелді. Қыздың әрекеті Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша — «психологиялық күйзеліс жағдайында жаңа туған баласын босанғаннан кейінгі кезеңде анасының өлтіруі» деп сараланды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады, ал жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні толық мойындауы, шын жүректен өкінуі, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы және жас жасы ескерілді.
Сот студентті кінәлі деп танып, оған екі жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, тұрғылықты жерін ескертусіз өзгертуге және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды.
Сондай-ақ ол жазасын өтей жүріп қоғамдық орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбек етуі тиіс, бірақ күніне төрт сағаттан аспауы керек.