Асылзат Арыстанбек. Дір-дір еткен жапырақ ем қураған...
Бүгін тағы жаңбыр жауса дүркіреп,
Кәрі талдың сүйектерін сілкілеп.
Қара аспанның қарнын жарса найзағай,
Дәл сол сәтте айтып қалам бір тілек.
Сынық Айды сұр бөктерге жасырып,
Жөңкіп көшкен жөке бұлттар асығып.
Жасын іші жарқ еткенде жұлдыздар,
Айтып қалмау бір тілекті асылық.
Сонан кейін сәуле шығар бөктерден,
Болашаққа сәлем жолдап кептермен.
Таң арайлап атқан кезде көмейде
Бір тілекті айтып қалам кептелген.
Тас төбеге шыққан кезде шырай-Күн,
Шыр айналам, өз-өзіме ұнаймын.
Күннің нұрын алақанға толтырып,
Тағы да бір арманымды сұраймын.
Барқынданып, алтындатып түн-шырын,
Күтем сол сәт айналаның тыншуын.
Сол жағымда тағы да бір жүректің,
Тілеп тұрам естісем деп дүрсілін!
***
Әне-міне үзілердей ғұмыры,
Дір-дір еткен жапырақ ем қураған.
Күйрегенде ғұмырының тұғыры,
Санам ішін сарыуайым улаған.
Үлкен-үлкен ойдың жүгін арқалап,
Кіп-кішкентай ұршық-миым дөңгелеп.
Жабырқауға жанымның да еті өліп,
Оқ жыландай обыр деген өрмелеп.
Өз деміме өзім түнде тұншығып,
Кірпік ілмей шығушы едім көрмпеден.
Жан мен тәнім бір-біріне қырсығып,
Үмітті де күл болғанша өртеген.
Менікі емес сияқты еді денем де,
Менің ойым емес еді ой-санам.
Тәп-тәуір боп жүріп-жүріп келем де,
Келсең кел де ажалыма жар салам.
Сөйтсем, бәрі бекер екен ойымның,
Қырсыққаннан қабырғаға жоқ дауа.
Қолдан жасап құйып алған қою мұң,
Жанды жағып жіберетін шоқ қана.
Дерт дегенің дендеп алған мінезің,
Мезі қылған туыс пенен бауырды.
Соңында тек қалған кезде құр өзің,
Көтере алмай уайым деген ауырды.
Ауру да жоқ, сырқат та жоқ, дерт те жоқ,
Мұның бәрі санамыздың сарсаңы.
Санаң сау ма өз-өзіңе серт те көп,
Бақыттысың бұла таңды қарсы алып.
Тәнді сылап, тәнті болып бояуға,
Сыртымызға сиқыр қосып құбылма.
Адам өзін болмайды екен «аяуға»,
Өз өмірің тек өзіңнің қолыңда!
***
Дәл осы көктемге сенің есіміңді бердім,
Осы күнді көрдім, мың шүкір!
Санамның сан түрлі бояуға малынып есі гүлдеді,
Езуіңді тартқаныңның өзі шын пікір.
Біз жүрген көшені атаймын сенің атыңмен,
Ескілеу сүйкімді үйлердің арасы.
Бас изеп күлгеніңнің өзі мен үшін мақұл-дем,
Көктемге малынған көзіңнің шарасы.
Тіпті осы жылды да сенің жылың деп белгілеп,
Тойлаймын әр күнді мейрам ғып.
Жүректің түбінде жып-жылы бір сезім мөлдіреп,
Оны да жасырмай айтуға ұйғардым.
Бұл өлең, тіпті бір кітап,
Ой, қойшы, соңына дейін ғұмырдың,
Жазылған жырымды сенің атыңмен бастайын.
Бәлкім мен адастым есімнен, жын ұрдым,
Әйтеуір көңілім сен десе мас-дәйім!
Жазамын соңғы өлең, соңғы сөз, жан дәрмен,
Семсердің жүзіндей махаббат сертімен.
Адассам ақылдан арман не,
Жын ұрсам махаббат дертінен!
***
Мен жүректі ішінен құлыптап жүрсем,
Махаббат іздеуден шаршаған, сарқылған.
Қай жылы дүниеге келу керек екенін білсем,
Бойжеткен қалпымда шығар ем алдыңнан.
Жолығу керек болдық та. Жолықтық,
Біз емес, уақыт қой жаңылған.
Жап-жаңа ғасырды жаңаша сезіммен жарық қып,
Махаббаттың мұнарасын соқтық лағылдан.
Өкінбеймін де, өкпелемеймін де ешкімге,
Ризамын сүйдіре алатыныма,
Сүйе алатыныма өзімнің.
Уақыт дегенің жылдар емес қой.
Бес күнде,
Кірпігін қағып үлгермейсің де көзіңнің.
Адамның жасын да жылменен өлшеудің жоқ мәні,
Жүрек қой бастысы.
Уақытқа бағынсақ кетер ек тағы боп,
Жаныңның орнында тас түсіп.
Кезігу керек болдық та. Кезіктік.
Біз емес кінәлі. Уақыт қой ұтылған.
Ертелеу жолықтық, мейлі ғой кешіктік,
Осының өзі де оқиға шытырман.
Өкініш жоқ менде, ризамын бәріне,
Ризамын Саған да, Өзіме, Жылға да,
Сүймесең,
Сүйікті болмасаң өмірдің мәні не?
Сүреңсіз мұң ғана!
Тәшкен шайы
Татымы бөлек тәшкен шайындай,
Тәп-тәтті еді бұл сезім.
Жартысы кесілген лимондай ұдай,
Жалбызбен тауып үндесім.
Жүректе әжім болмайды бірақ,
Жапырақтарындай жалбыздың.
Бір қасық балды науатқа шылап,
Тәшкен шайын салғыздым.
Цейлонның қара шайымен бірге,
Қытайдың салып көк шайын.
Шыны шәйнекте хош иіс бүрлеп...
...Гүлді көйлегім патсайы.
Жарты лимондай сөлін сарқыған,
Арманы сең ең үр қыздың.
Шайдың бетінде жалғыз қалқыған,
Жұпар аңқыған жалбызбын.
Бал мен науаттай тәттіні құрап,
Татпағн шайың әлі көп.
Лимон мен жалбыз болмаса бірақ,
Тәшкен шайының дәмі жоқ.
Ұйқыдағы қала
Дүние-дүрмектің тылсымын,
Ішіне бүгіп ап сұрлана.
Ақша бұлт үйіріп ұршығын,
Түбітін түтеді бұлдана.
Бүгінгі толысқан Ай бөлек,
Бұлттардың құшағын паналап.
Жарыса жүйткіген дөңгелек,
Қаланың қатпарын аралап.
Екеуміз ояумыз... қалғаны,
Қала да түс көріп жатқан шақ.
Жымыңдап бағана шамдары,
Бағдаршам баладай мақтаншақ.
Жауынға шомылған көшелер,
Жаураған сыңайлы дірілдеп.
Бізді ешкім естімес, десе де,
Отырмыз неге осы күбірлеп.
Өтінем, әріге бармайық,
Көктесе сезімдер көктесін.
Қаланы оятып алмайық,
Қарбалас басталып кетпесін.
Ауысып бір күйден бір күйге,
Не жетсін шаттана күлгенге.
Екеуміз тараймыз үйді үйге,
Қалаға таң қылаң бергенде.
Түн. Қала. Оянып кетпесін,
Оянып кетпесін сезімдер.
Көктесе махаббат көктесін,
Төгіліп кетпесін төзімдер.
Кеудемді шымшылап арай-мұң,
Жүрекке хат жазып жолдайық.
Тарихын жасырған талайдың,
Қаланы оятып алмайық.
***
Көтере алмай жүрген кезде еңсені,
Жүрегімнің болып алдың бөлшегі.
Арманына аялдаған ақын ем,
Оқасы жоқ күтіп қалсам мен сені.
Түн баласы түндігімді мұң қамап,
Жастығыма жас тамады сырғанап.
Оқасы жоқ, шаша салсаң аспанға,
Жұлдыз қылып түн ұйқымды ұрлап ап.
Сәттеріме сәуле құйған жан сауға,
Болмай ма әлде армандауға, аңсауға.
Оқасы жоқ, не көрмеген мына бас,
Санамызды салсаң салшы сарсаңға.
Өлең болып құйылады сөз-демім,
Дей алмаймын мендік мұңды сезбедің.
Күйген өмір күйіп кетсін амал не?
Оқасы жоқ сүйген болсаң өзгені.
Кеуде тұсым бүлкілдеген татым ет,
Бұрындары биік еді, батыл ед.
Оқасы жоқ, түйіспесе жолымыз,
Осы өмірде болғаныңа рақмет!
***
Жан хошыммен жарық қылып әлемді,
Өмір сүріп көргім келген көлемді.
Жоқ іздеуге келгендейміз жалғанға,
Қай жоғыңды түгендейсің ал енді.
Ал мен әрсіз әріптердің ішінен,
Тауып алдым өлеңді.
Бүтіндігін сезінген соң бүлдемнің,
Жанталасқан жан да бір сәт бірленді.
Ажалменен арпалыстым отыз жыл,
Адал жолмен аламын деп жүлдемді.
Ішкі сырын біліп алып тағдырдың,
Үш көшетке өмір беріп үлгердім.
Құрттың өзі күн кешеді ә, қыбырлап,
Қыл-көмейін қыл-қыбырмен тығындап.
Тәннің соры айналғанша бағына,
Жанның сөлін сорып алар сығымдап.
...Бір төбеге белгі қойып кеткенше,
Тағдырменен ойнайды адам тығылмақ.
***
Қадіріне жеткен кезде бес күннің,
Кешіре алмай өзімді өзім кештім мұң.
Кере-кере кеудем бір күн тесілді,
Көргім келмей табалауын ешкімнің.
Сөйтіп-сөйтіп сансыраған күйге ендім,
Достарымның мысқылына түйрелдім.
Ұстамыма қарсы келіп тұрса да,
Дұшпанды да кешіруді үйрендім.
Жаман доспен қайтем босқа өшігіп,
Жақсылыққа ашық дәйім есігім.
Өзгелердің қателігі үшін де,
Өзім кейде сұрай салам кешірім.
Бақ күшімнен тастың өзі еріген,
Дақ түсірмей өтсем деп ем тегіме.
Қателікпен жаза бассам, адамдар,
Кешіріңдер мені де!