Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша шетелде жүрген қазақстандықтардың 9050-і республикалық референдумда дауыс берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, референдум аясында әлемнің 54 елінде орналасқан 71 учаске жұмыс істеп жатыр. Шетелдегі дауыс беру үдерісі Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-ден бастап жүргізілуде.
Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19:00-ге дейін шетелдегі барлық референдум учаскелері ашылып, олардың 14-і өз жұмысын аяқтаған.
«Осы уақытқа дейін шетелдегі учаскелерде 9050 азамат дауыс берді», – деді Арман Исетов.
Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, Астана уақыты бойынша сағат 00:00-ге дейін шетелдегі 64 учаске жұмысын аяқтайды.
Ал АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып жабылады. Онда дауыс беру 16 наурыз күні Астана уақытымен сағат 08:00-де аяқталады.