"Өнер Қырандары" театрының танымал актері Меліс Наурузбеков денсаулығына қатысты мәлімдеме жасап, қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде актердің ауырып, ауруханаға түскені жөнінде ақпарат тараған еді. Кейін өнер иесі Instagram желісіндегі ресми парақшасында жағдайды өзі түсіндірді.
Актердің айтуынша, ол бірнеше жылдан бері грыжа ауруымен күресіп келеді. Жуырда "Абай бол" фильміне байланысты ұйымдастырылған маркетингтік гастроль кезінде ауруы қатты ұстап қалған.
"Ассалаумағалейкүм, ағайын. Көбі "не боп жатыр?" деп сұрап жатыр. Көп жылдан бері мен "грыжамен" ауырамын. Өткенде біздің "Абай бол" фильмінің маркетинг-гастролінде ауруым қатты ұстап қалды. Жігіттер сол кезде "сен қайта бер, қалғанын өзіміз жасаймыз" десе де, "қайтпаймын, соншама еңбек, ақша кетті" деп бой бермеген едім. Содан ауруым асқынып, "грыжам" ісіп, тіпті жарылып кеткен еді. Уайымдап, дұға етіп жатқан барша қазақ еліне рақмет. Палатаға шықтым. Ота сәтті өтті. Уайымдамаңыздар, кәзір жақсымын", – деді Меліс Наурузбеков.
Сонымен қатар "Өнер Қырандары" театры Шымкент қаласында жоспарланған концерттің өткізілуіне кедергі келтіріліп жатқанын да мәлімдеген болатын. Театр ұжымы бұл туралы Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлаған.
Өнер ұжымы өкілдерінің айтуынша, концертті ұйымдастыру барысында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты QYZGALDAQ Sarayi тарапынан белгілі бір қиындықтар туындаған. Театр бұл жағдайға қатысты толық мәліметті кейінірек жариялайтынын жеткізді.
Айта кетейік, "Өнер Қырандары" театры алғаш Өнер академиясында құрылған. Ұжымның алғашқы құрамында Меліс Наурузбеков, Әнуар Шымырқұлов, Дана Тұрарбек және Мадияр Серікбаев болды. Кейін театр қатарына Құдірет Топаев, Жанболат Найзабеков және Сырымбет Бейбосынов қосылды.
Өнер ұжымы шығармашылық жолын Көңілді тапқырлар клубынан (КВН) бастап, түрлі телебағдарламаларға қатысу арқылы тәжірибе жинаған. Кейін жеке театр ретінде концерттер ұйымдастырып, көрерменнің үлкен ықыласына ие болды. Қазіргі таңда ұжым кино саласында да жұмыс істеп, "Молда" және "Абай бол" фильмдерінің жарыққа шығуына үлес қосты.