Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

Malim Админ

  • 06.03.2021

ШЕШЕ

Қатайдық қой бірер самғап, бір құлап,
Қара бастан қарлы жаңбыр ұрғылап.
Қаймана боп жүрген ұлың баяғы,
Жон арқадан жылқы иісі бұрқырап.

 

Жалғанымен таба алмаған жарасым,
Қайран дәурен, қыстан да өріп барасың.
Қапалақтап қар жауады көз жұмсам,
Қарды кешіп сен жүресің, анашым.

 

Құлыншағым құлдыраңдап қай жақтан
келеді-ау деп,
еңсеңді езген ой батпан.
Сені көрем, таңмен бірге жарысып,
Будақтатып самауырын қайнатқан.

 

Сені ойласам бәрі өзгеріп бір демде,
Соқыр, мылқау отырамын күркемде.
Жолға нәлет айтам сосын шатқаяқ,
Шеке тепкен қара өкпекті сүртем де.

 

Мұз көк атым шапты ме екен бір үдей,
Қалай жүрмін сүт сүдінім ірімей.
Сені ойласам тыныштығым жылан боп,
Сол жыланды жұтамын кеп тірілей.

 

Өткел бермей тұрса дағы жар, тұман,
Өзің жаққа іштей болсын талпынам.
Кер тағдырға кеңірдекпен байлансам,
Өлең үшін шығар деймін бар кінәм.

 

Өмірімен қалған құлға бетпе-бет,
Әзіз анам, сенің орының бөп-бөлек.
Маңдайыңды тесетінін білем ғой,
Менің қырық қабырғамнан өткен оқ.

 

Еске түсті-ау балқаймақ сәт өткен бір,
Өткен күнім – өзен демі көктеңбіл.
Шеше-оу, саған ешкім бойлай алмайтын
Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

ИІС

Қай жаққа ақтың, менің қасқа бұлағым,
Сәлем саған, бетегелі боз далам.
Айналайын, атам жатқан Ұланым,
Іздеп келген өз балаң.

 

Бұлт боп неге түнердің,
Бар ма алдыңда әлдеқандай жазығым?
Мен бір тапқан күреңмін,
Қайта айналып қазығын.

 

Ізі қалған қаймалдың,
Ызбан оты қаулаған.
Қасиетті топырағыңнан айналдым,
Менің мынау реңімнен аумаған.

 

Боз ағашы бөрте қалған күздерде,
Шоқ боп ұшқам томардан.
Бөрі жортқан түздерде,
Бір тағамыз (талтүсте ме?) жоғалған.

 

Қара өлеңдей – шөптей болсам деп едім,
Қасқа құлын емін-еркін аунаған.
Құс самғаған көктей болсам деп едім,
Қара нөсері жерді оярдай саулаған.

 

Тайынты-Тарғын... Тау жайлаған бұ жұртта,
Кім, кім өткен, кім өткен?!.
Күннің өзін тегін сөзбен қызарта,
Билер орта гулеткен.

 

Тауды көрсем қасқайған,
Көргендеймін қарыс маңдай әкемді.
Ат тағалап жастайдан,
Сүйген мынау селеу басқан мекенді.

 

Қосын тігіп құлан ауған далаға,
Сыры бардай өзі ғана білетін.
Аттың терін алабажақ жағама,
Жаға салып жүретін.

 

Шыбынды су, шұбар сайым – сағымым,
Сауыр желі кеулеген.
Аттың иісі – арқыраймын – әлі күн,
Бұрқырап кеп кеудеден.

 

Жүрекке ыстық туған жердің иісі ол,
және мынау мекеннің.
Туған жердің иісі ол,
Иісі ол – менің асқақ әкемнің.

ЖАЙЫЛЫМ

Аяңы аққұла аттың кекілқақпай,
Шаршатпай жылдамдайды, не құлатпай.
Ойнақты белден-белге ойыстырсам,
Қариды аңызақ жел бетімді оттай.

 

Біз жақта әуір, өкпек, ызғырық бар,
Жел сөзге және емеспіз біз кіріптар.
Сай құлдап "Дүния-ай"-ға салған сайын,
Жөңкиді аласұрып күзгі бұлттар.

 

"Дүния-ай, қудым сені жалықпастан,
Кездерім көп те шығар шалыс басқан.
Ұлардай ұлы Алтайда көп шулаған,
Бұл дәурен барады аттап ғаріп бастан...", -

 

дегенше азынатып көк қасқасын,
Сәурік сап, үйірінің топтап басын.
Иіскеп насыбайын әпенді қарт,
"Әкеңді бар ғой сенің...", - деп бастасын.

 

Кербұғы мүйізінен тақысы бар,
Бес-алты тайлы бие ақысы бар,
Атамның ақ шақшасы осы шалда,
Ақсақал не десе де һақысы бар.

 

Сөз бастап құнан жайлы, құлын жайлы,
Уақытын ұрпағына шығындайды.
Байғыздың үні жетіп, сам жамырап,
Жон-арқам аракідік шымырлайды.

 

Даламдай дарқан қайдан табам құшақ,
Мен де шат, мал жайғаған бабам да шат.
Отырам ойраншөптен мұрным қышып,
Біртүрлі көпті көрген адам құсап.

 

АЛТАЙ
Алтай таудың бөктері,
Кімдер келіп кетпеді.
Жарау тартып жылқыдай
Жер көксеуім өтпеді.

Өткен күннен орасақ,
Саған болып алашақ -
Шаңырағын иді әкем,
Күнгей жерден ағаш ап.

Алтай таудың ұшары,
Қобыз күйім құсалы.
Жусан түбін босатып,
Созаң торғай ұшады.

Шеше иіскеп маңдайдан,
Әкем қағып арқамнан.
Теріс біткен бұтаққа
Қан жиренді қаңтарғам.

Алтай Алтай болғалы,
Алып құстар қонғалы.
Тәңір тұттық біз де оны,
Тамыр тартты ол дағы.

Табан тілген тас-құмы,
Кіл қара жал қасқыры.
Қаһарынан айналдым,
Қара Ертістің тасқыны.

Сусап қалған серегің,
Борт-борт саған келемін.
Орман болып тәу етер,
Оман дариям сен едің.

Алтай тауым - өрлігім,
Тау көрмесем шерлімін.
Мүйіз төсеп толқынға,
Күн жайлатқан кербұғың.

Ескі жарам қанап бір,
Алыс кетсем тағат қыл.
Ақ селеуің үкісін
Жүрегіме қадап тұр.

 

***

Алтай таудың алқызыл боп торабы,
Бұлт ойнайды...
Бабажапырақ тоңады.
Үшаталық қоңыр талға қош айтып,
Көкжиекке құстар сіңіп барады.

Нар қобыздың үні жетіп қиырдан,
Көш, бәдік, көш, біздің ойға бұйырған.
Жарбайда ауып бір шаңырақ тағы да,
Гөй-гөй зары көкірекке құйылған.

Гөй-гөй зары жәһаннамдай, түнектей,
Соның бәрін удай көрген жүрек қой.
...Бес биенің сабасындай жеңгемнің,
Берген сүті өңішемнен тұр өтпей.

Ілесерміз, ілеспеспіз көшке енді,
Уһ күрсініс дәл осылай кешке өлді.
Желмаяның жерге тамған жасынан,
Таушымылдық шоғырланып өскен-ді.

Жылтыр тартып тас төбеде сынық ай,
Суық түннің сусып жатқан құмын-ай.
Қара Ертіске қарайлайды желмая,
Сағынышын,
Қимастығын,
Мұңын-ай.

Өкпесі бар секілденіп бес күнге,
Қараңғылық перде басып кескінге,
Шыли түнге еніп кетіп жоқ болды ол,
Содан қайта жолықпады ешкімге.

Содан қайта...
Көкіректе бір мұз бар,
Таныс маған сол сағыныш...
Түнгі ызғар.
Желмаяның көз жасы ма дей берем,
Түн кеудесін тіліп ақса жұлдыздар.

***

Ертістің бір терең сай арғы жағы,
Бүркеген тоғайлығын бар мұнары.
Бабамның кісінейді (түсімде ғой),
Шашасын шаң қаппаған арғымағы.

 

Құлан жал, талыс танау, бөкен сағақ,
Сыныңды, серегім-ау, не етем санап?!.
Бірге ішкен қара өзенді жалғыз кешіп,
Мен кеттім,
Мекен болып бөтен сорап...

 

Жел гулеп, селеу сыңсып, дала тынбай,
Бұйра бұлт боз жартасқа қонатын жай.
Сондайда құйқылжиды көкіректе ән,
Ыңылдап атам айтқан - "Қараторғай".

 

Жүруші ем үйіріммен қатар ойнап,
Күрпілдеп саумал аңқып жатар аймақ...
Қанша күн өтті содан,
Мен білмеймін,
Ол да бір қашқан түлкі бұта бойлап.

 

Еспейді салқын самал жайлап қырдан,
Бұл күнде баба аруағын айбат қылғам.
Қаншама үкі-түнге кез боп келдік,
Тұмсығын қара тасқа қайрап тұрған.

 

Сағымы арбаса да жүз белеңдер,
Керме үзген күлік, шіркін, Түзге елеңдер.
Алтайдың иығында туған мені,
Қаланың көшесінен іздемеңдер.

 

ТУҒАН ЖЕР

Осы ма ұзын дүнием қарыс болған,
Қай кезде қара жұртым алыс қалған?!.
"Әжеңнің құрты бар ма?" - деп сұраймын,
Ауылға барып-қайтқан таныстардан.

 

Құйындай құла дүзде ескен серек,
Аңсаймын еру-еру көш көрсе деп.
Аңсаймын шаңырақтың желбауын да,
Есілген ат қылынан бестемшелеп.

 

Қонса егер қазбауыр бұлт түсіме ерен,
Бұл қызыл топырағымның күші дер ем.
Аспаннан әр төбеге қарағым бар,
Орауыз кезқұйрықтай кісінеген.

 

Аз күннің көрінгенде бәрі жалған,
Ауылдың құбылады-ай сағымы алдан.
Тайлақ та туған жерін аңсайды ғой,
Тізесін тандыр құмға қарып алған.

 

Қасқа атым босағандай жетегімнен,
Күйік пе, көкіректе от өрілген?..
Жайлы бір жазды аңсаймын, қазды аңсаймын
Мамырлай көл бетінен көтерілген.

 

Білмеймін, балаң көпке жарыды ма,
Ризамыз рауан таңның жарығына.
Туған жер!
Жүрсең - ыстық, өлсең - суық,
Құдай-ау, тең болар ма ең әр ұлыңа.

 

Қасқайып не күтсек те енді күннен,
Сәттерде қас-қабақтан шер білінген,
Атамның иісін сезіп мәз боламын,
Көкжалдың терісінен төрге ілінген.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Шақтарыңда ұзақ жолдан шаршаған,
Жүрегіңе толса қан.
Шертіп тұрып кереғарыс маңдайды,
Шарап емес, у құяды ол саған.

Арбап-алдап қарайды ол,
Сосын тағы сенделтеді талай жол.
Қауіптенсең сол бәледен қауіптен,
Абайласаң сол бәледен абай бол.

Сүйеніш жоқ, тіреу жоқ,
Жүргенің тек өз ойыңнан жүдеу боп.
Ұйқаспаған тағдырыңды түн сайын,
Құлағыңа сыбырлайды біреу кеп.

Көкірегің үскірікке толғанда,
Адасасың тылсым дейтін аңғарда.
Көргеніңнен қателігің жасаған,
Әлдеқайда көп боп шықса, таң қалма.

Тікен біткен тар жолдарды таптап кеп,
Қан түкірсең – қар жауады аппақ боп.
Бұл өмірде құзғынның да орыны бар,
Тұлпарлар да сүрінетін соқпақ көп.

Жуық болып туады ғой көрге ақын,
Кетілесің кете-кете шерге ақың.
Жалғыздықтай, жек көретін кімің бар,
Одан өзге кім бар еді ең жақын?!.

Ұпайыңды түгел алып ұры-күн,
Саған кебін қалдырады тірінің.
Екі сөз бар – «Талант» және «Керексіз»,
Екеуі де, ойлай берсең, бір ұғым.

Соны ойласақ көңіл неге түседі,
Үзілгендей домбырамның ішегі.
Өлең жаздым деп ойлайсың, солайша,
Ол өзіңді тауысады, ішеді.

Түсіндіре ала алмаспыз дәл мұны,
Өткен күннің төпелейді жаңбыры.
Суреткердің шығармасы ең сәтсіз –
Ол өзінің тағдыры ғой,
Тағдыры!..

 

ЖОЛБАРЫС

Сүлдерімді сүйретіп кеп жолға айырық,
Тағдыр тоз-тоз еткен кезде бордай қып.
Алтай ауған қызыл жирен жолбарыс,
Ақ сапарға бастайды ылғи алты айлық.

 

Сондай кезде дұға тілеп дала сан,
Сол қолыма Ай қонады,

Сана – шам.
Көкірегімнің түп иісін танытып,
Сөз бүрлейді көзіне оның қарасам.

 

Қапы кетсем азуыма қаяу түс,
Жау дегенде білген бе еді аяуды іш?!.
Кеудем ішін қан-қан қылып тырнайды ол,
Тұрпаты най, сойдақ тырнақ, сояу тіс.

 

Мен бақсының қос иығына шөк, тұман,
Жолбарысым салғысы бар көкке лаң.
Жеті түнде жұлдыз түсін жамылып,
Жон терісін қанжыға етсем деп тұрам.

 

Бұл дәуірде мендей ғаріп жоқ, мейлі,
Бір хайуанның жыртқыштығы-ай... жетпейді.
Ақырғанда айдай жерге от шарпып,
Өзегімнен өкпек шағым өтпейді.

 

Жолбарысым, пысқырмаған мұң-даққа,
Мен де ақыры таусылам бір ырғақта.
Сол кезде, аң-ау, атыларсың кеудемнен,
Сәулесімен арбап жатқан Күн жаққа.

 

КЕРБҰҒЫ

Алтайым менің, өрлігім,
Хабаршы бізге жел бүгін.
Еңкейіп Ертіс ішетін,
Есен бе асқақ кербұғым?!.

Аңғалақ ісер бал-шерден,
Арылдық пе екен қан-сөлден?!.
Атсейіс шалым түске енді-ау,
Айылын ызып, қамшы өрген.

Шалымның батты-ау кемсеңі,
Жіліктей алман мен сені.
Шақалақ болған кезімде-ақ,
- Әулиең - Бұғы! - деуші еді.

Өзгені, Құдай, тізде сен,
Құрықсыз ғана күз кешем.
Самырсын асты бұғымды,
Табам ба бір күн іздесем?!.

Бұйырған бізге бақ сол ма,
Әкетті таулы шат солға...
Кербұғы көзін қан жапса,
Өртенуші еді ақшам да.

Жете алмай жәннат мекенге,
От шаша қарап шетенге.
Кербұғы-ау, мен де өзіңдей,
Еркіндік аңсап өтем бе?!.

Көзімнің алды жарық боп,
Құласам сонда талып кеп.
Он екі сала мүйізің,
Көтеріп ал да алып кет.

Болмады деме ұтымды ұл,
Айтуға бар-ау құқым бір.
Көтеріп тауға шығарып,
Арша иіскет тағы жұтындыр.

Бозарып атар таң, білем,
Ажалмен өзге әңгімем.
Өлу де үшін біздерге,
Еркіндік керек алдымен.

 

Бір кісі туралы соната

Тағдыр оны тауға да ұрды, тасқа ұрды,

Қатты қылды, аярлыққа қас қылды.

"Бөрі арығын білдірмейді" десе де,

Жанарында төгілмеген жас тұрды.

Көшер-көшпес көңілінің ақ бұлты,

Ода да бар шуақты күн, шат-күлкі.

Атақ іздеп айналмады ол көкені,

Даңқтан бұрын, басым боп жүр дақпырты.

Құдай салса қонар дейсің оған бақ,

Асыраушы боп жүр бүгін, амалдап.

Жүзінде оның бір ызаның ізі бар,

"Ағам ғой" деп, қалды ма екен арандап?!.

Жүзінде оның бір ызаның ізі бар,

Жауар күндей жарқ ете қап бұзылар.

Жақсы сәтін көрсеткесін тек елге,

Жұрттың көбі өміріне қызығар.

Бірге көрген суықты да, сұмдықты,

Ортадағы достары да кіл мықты.

Ізетінен жаңылмаған іні еді,

Іздеп жүрген болса керек ірілікті.

Аңқауды да, алдауды да, арбауды,

Аламанның ең соңында қалмауды,

Бәрін-бәрін көрсетті оған бұл шаһар,

Оған ғана емес, мүмкін, арнаулы.

Бұл шаһарда, міне, осындай ұлың жүр,

Болашағы дей алмаймын бұлыңғыр.

Шаңға көміп кетеді ылғи шеменін,

Кеудесінде кісінеген құлын-жыр.

 

Бояу толы байсын қырдай күз күнгі,

Біреулерге ол да өзінше ізгі үлгі.

...Оны көрсем мен біреуді танимын,

Оған қарап таныдыңыз Сіз кімді?!.

 

***

Алтайдың жүйрік басы ала су-ды,

Ала су ақтарылып, тағы ашулы.

Жатырқап жар тепкенмен жалпақ өзен,

Сүйеді өз-өзімен таласуды.

 

Сүйеді өз-өзімен алысқанды,

Бастауы бұл тентектің алыс қалды.

Жарғанда тас-талқан ғып тағдыр мұзын,

Жайпайды жолындағы қамыс, талды.

 

Білдірмей бірде ортайып қалғандығын,

Тентіреп түрлі аңғарда толғанды мың.

Талайды тең-теңімен қоса жұтқан,

Өңеші тілім-тілім болған мұның.

 

Содан-соң...

Тағы толып, қыза жарыс,

Қақпасын қарлы таудың бұзады ағыс.

Ешкімге бас ұрмаған бұл өзеннің,

Айдынын баяу сызған бозала құс.

 

Долыға дауа болған сен бе, ей, жаным,

Теңселген қара орманды кернейді әнің.

Бұл құстың аты қандай, мен білмеймін,

Бұл құстың заты қандай, ол - беймәлім.

 

Иіріп әкете алмай сағасы көп,

Ақ көбік атады өзен,

Шарасы жоқ.

Тұнады бірте-бірте, мөлдірейді,

Ал, енді тырмысып көр, таласып өт?!.

 

Айтайын осы аңыздың несін ұғып,

Бөрімен өзен бойлап, қоса ұлыдық.

Бойына тіршіліктің нәрін жиған,

Айналдым құдіретіңнен, о, сұлулық!

 

***

Өзен кешіп өскем мен,

Сөйтсем...

Өмір, сірә, лас.

Қотыр тайлақ көшке ерген,

Добал таяқ, дың ағаш.

 

Әрі сүрең, әрі сел,

Кез келмей жүр «кетсем...» дер.

Ескі жырым әлі сол,

«Есік алды топ шеңгел».

 

Бүрікпе мұз, жол бүрік,

Мал жатқандай тоңға нық.

Ома қапсақ сол жүріп,

Омақастық оң барып.

 

Тар кезеңде тарбаң боп,

Тартар жапырақ, түбір-ай.

Өзім таңдап алғам жоқ,

Солай болған ғұмыр-ай...

 

***

Жылжыма мұз жылдардан,

Мұз бекіген шыңдардан,

Бұдырмағы омбы-омбы боп қалған,

Басын өзі алатұғын ақ қардан,

Менің жаным жаралған-ау, жаралды,

Оның іші – жәһаннамдай қараңғы.

Оның іші – алай-дүлей боран-ды,

Содан болар, жиі жаурап қалам-ды.

 

Содан болар, жоқ көктемім, жоқ күзім,

Есімім де еш тізімде жоқ-ты ұзын.

Көзден жасым ыршиды кеп, ыршиды-ау,

«Керсенімді» керген кезде көк мұзым.

 

Оның іші – тұтас жылтыр, қабыршақ,

Қабыршақты қарпып жеген – ауыр сәт.

Тоңып ғана ауырамыз, ауырсақ,

Қар астынан табыламыз, табылсақ.

 

Сүрік етік, сұп-сұр тартқан сұрық бар,

Сұсты күнге боп барамын кіріптар.

Құстар мұнда қонбағалы қай заман,

Қанат-қанат қар жауады...

Суық қар.

 

Суық қардан – айбат, жігер, дәрменім,

Көз ашқалы қаңтар еді көргенім.

Құрсағынан жаралғасын Мұзтаудың,

Мұз болмауға қандай хақым бар менің?!.

 

Содан, содан менің жаным – шағыр мұз,

Мәңгілік мұз – шағыр мұз,

Ерімейтін ауыр мұз!

...Айбарынан пенде атаулы сескенген,

Аяз төгіп, қар боратқан дәуірміз.

Байланысты жаналықтар

Бір аптадан бері жоқ. Өскемендік 18 жастағы қызды іздеу жалғасып жатыр

19.11.2024

Өскемендегі жылу магистраліндегі апат жөнделіп жатыр

17.11.2024

Өскеменде құтқарушылар 6 адамды өрттен құтқарды

17.11.2024

Өскемен тұрғынын пойыз қағып кетті

31.10.2024

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

30.10.2024

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов референдумда дауыс берді

06.10.2024
MalimBlocks
Бір аптадан бері жоқ. Өскемендік 18 жастағы қызды іздеу жалғасып жатыр

Әнел Ерік 12 қараша күні Металлург саябағының маңындағы үйінен шығып кеткен

Өскемендегі жылу магистраліндегі апат жөнделіп жатыр

Жөндеу жұмыстары біт сәтке тоқтамаған

Өскеменде құтқарушылар 6 адамды өрттен құтқарды

Арасында кішкентай балалар да болған

Өскемен тұрғынын пойыз қағып кетті

Оқиға «Өскемен-1» (Защита) станциясының теміржолында болған

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов референдумда дауыс берді

Ол референдумның демократияны нығайту жолы екенін атап өтті