Ұстаздар күні: Көңіл-күйің қалай, мұғалім?

Malim Админ

  • 30.09.2020

«Үздік педагог» атағы табысталар қарсаңда (Мұғалімдер күні мерекесі жақындағанда) ұстаздар қауымы әдеттегіден өзгерек күй кешеді. Әрине, мерекелік көңіл-күйдің болатыны өз алдына, ұстаздық еткен кез келген адамның арманындай – «Үздік педагог» атағы мен төсбелгісі, қомақты сыйақысы кімді де болса ұмсындырмай қоймайды. Қазақстанның екінші бір қиырында немесе көрші мектепте істейтін, осы атаққа жеткен бір әріптесі туралы есту – қандай мұғалім үшін де әдеттегі жаңалық емес, ерекше оқиға. Тіпті, өзі күнде көріп жүрген, бір мектепте істейтін әріптесінің «Үздік педагог» атанып келуі де ғажап емес. Осы күн жақындап қалғанд бірқатар жетістікке жеткен мұғалімдерге хабарласып, білім және ғылым төңірегіндегі соңғы өзгерістерге, педагог мәртебесіне, карантин жағдайындағы оқытуға қатысты бірқатар сұрақтар қойып көрдік.

Карантин жағдайында білім берудің ең бір қиын тиген жері – бастауыш білім беру саласы. Енді әріп таныды деген аты болмаса, оң-солын әлі тани қоймаған екінші сынып балаларының өзі оқудан қиналып жатқанда, әлі де әріп танымаған, мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылардың жайын айтпаса да түсінікті. Осы мәселеге қатысты, жауапты министрлік бірінші сынып оқушыларын қашықтан емес, әдеттегі оқу бағдарламасына ауыстыру туралы шешім шығарды. Десе де, көптеген тапсырмалар онлайн күйде қалды.

Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектебінің бастауыш мұғалімі, бастауыш мектебі мұғалімдерінің әдіскері Акмарал ОРАҚОВА бірінші сынып оқушыларын онлайн оқытудың мүмкін еместігін, сол себепті, қалыпты оқытуға ауыстыру шешімінің оң болғанын айтады.

«Сәл де болса ересектеу балаларды онлайн оқыту аса қиындық туғызбайды. Оның үстіне, қазіргі кезде көптеген балалар мектепке келгенге дейін-ақ компьютерді, телефонды, планшетті қолдануды меңгеріп келеді. Бірақ, бұрын әріп танымаған балаға экран арқылы тапсырма беру қиын. Мәселен, оларға қаламсап ұстауды, дәптердің қай жерінен бастап жазуды, әріптердің көлемі мен ара қашықтығы қандай болатынын көрсету керек. Оны телефонмен қанша айтсаң да, қалай көрсетсең де көптеген балалар түсіне алмайды ғой. Одан бөлек, жас балалардың бәрі дерлік психологиялық тұрғыда әлі толық жетілмеген, ұялуы мүмкін, қорқуы мүмкін, болып жатқан жайтты толықтай қабылдай алмауы мүмкін, сол себепті, олардың қасында тұрып оқыту өте маңызды. Бірінші сыныптан бөлек, өзге де бастауыш сыныптарды оффлайн оқытуды қолға алып, кезекші сыныптарға бөлу де бүгінгі күнге орай дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Әрине, бұл жағынан бастауыш мектеп мұғалімдеріне күш артығырақ түсетіні түсінікті», - дейді Ақмарал Орақова.

«Дарын» мамандандырылған мектебінің бір ерекшелігі, мұнда негізінен материалдық тұрғыда қамтамасыз етілген оқушылар оқиды. Сол себепті, интернет, компьютер мәселесінде қиындықтар жоқ. Роутер тарату қажеттілігі туындамаған.

Соңғы кездері мұғалімдер «Педагог мәртебесі» туралы заңға орай «еңсеміз көтеріліп қалды» деген сөзді айтатын болып жүр. Орақова да мұны қостайды. 26 жылдық тәжірибесінде біраз қиындықтарды, қосымша жұмыстарды бастан өткерген ол қазіргі қағазбастылықтан арылу, міндетіне жатпайтын жұмыстар мен жүктемелерді азайту тұрғысынан көптеген оң өзгерістер болып жатқанын айтады. Бұл мұғалімдердің кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал етеді дейді.

«Қазір қағаз толтыру азайтылды. Оның бәрі жақсы іс, бұрынғы басы артық нәрселер алынып тасталды. Мұғалімнің негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру ғой. Ал енді дәптер тексеру, әсіресе, бастауыш сыныптарда көп жүргізіледі. Бірақ, бұл да мұғалімнің міндеті. Жоспар жасау да солай – енді өзі беретін сабақтың жоспарын жасамаса, ол қандай мұғалім? Айта кетерлігі, дәптер тексеруге қосымша тқленетін ақы аса көп емес. Кейде бастауыш мектеп мұғалімдеріне күнде 100 дәптер тексеруге тура келетін кездер бар. Әрине, көптеген өзгерістер болып жатыр. Қазір мектепке келіп жатқан жас мұғалімдердің бәрі демеймін, кейбірінің деңгейі аса мықты емес. Өйткені, 90-2000 жылдар арасында педагогикалық мамандыққа көбіне басқа салаға түсе алмай қалған студенттер баратын. Сол жылдары оқып бітірген мамандардың көпшілігі диплом үшін ғана осы салаға келетін. Сондықтан, мұғалімдердің сапасын көтеруді жоғары оқу орындарынан бастау керек деп ойлаймын», - дейді.  

Соңғы бір өзгеріс – педагог мамандығында оқитын студенттердің стипендиясын 42 мың теңгеге (екі есе) көтеру болды. Алғашқы стипендиясын алды да. Бұл тек студенттердің ғана емес, мұғалімдердің де еңсесін көтере түскенін айта кету керек. Өйткені, бұрынғыдай емес, педагогтарға оқушылар да құрметпен қарайды, олардың арасында «мұғалім болсам», дейтін түлектер де аз емес. Білім және ғылым министрінің есебі бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің педагогикалық мамандыққа тапсыру көрсеткіші былтырғыдан 1,7 есеге артқан. Одан бөлек, бұрындары педагогика мамандығына тапсырған түлектердің орташа балы 65-ті құраса, биылғы көрсеткіш бойынша мұғалім болам деген түлектердің ішінде 100 балдан жоғары ұпай алғандар саны көбейген.

Биыл география пәні бойынша төрт оқушы дайындап, төрт шәкірті де оқуға түскен Қуат БАЙНАЗАРОВ өзінің ең үздік шәкіртінің педагогика мамандығын таңдағанын айтады. Қуат Маңғыстау облысы Мұнайлы  ауданындағы  №3  орта  мектепте география пәнінен сабақ береді.

«Мен 7, 8, 10, 11 сыныптарға сабақ берем. Карантин жағдайында тестке дайындауда арнайы платформалармен оқушыларға тапсырма беремін. Тапсырманы өзім құрастырып, оны жасау үшін оқушыларға берем. «ЗУМ» арқылы жүргіздім көбіне. Бұл сабақтан тыс кезде. ҰБТ тапсыру мен үшін, менің оқушыларым үшін жаман болған жоқ. Бір оқушым республикалық олимпиаданың жүлдегері еді, сол өте жақсы ұпай жинады. Орташа балл жинағаны да бар, бірақ, бәрі грант ұтып алды. ҰБТ тапсырудағы тәртіптің қатаңдатылғаны өте жұрыс болды. Бұл да спорт сияқты ғой, мен өзім футболды жақсы көрем, оқушыларға айтам, кім дайын – сол ұтсын, кімнің әлеуеті жетеді – сол өзіне тиісті ұпайды жинасын. Ылғи да дайындалып, бабыңда жүруің керек. Ал енді оқығысы келмейтін оқушылар да жоқ емес, жеңіл жолмен оқуға түсіп кеткісі келеді, бірақ, ол тым сирек кездесетін сенсация. ...Ал енді биылғы жоспарға келсек, әзірге енді бастап жатырмыз ғой, мұғалім болам дейтін оқушылар бұрынғыдан көбейіп келе жатыр. Әрине, бірден жоғарылап кетті деп айта алмаймын. Бірақ, қазір сана өзгеріп келеді, мұғалімге, педагог болуға деген көзқарас өзгеріп келеді. Оның үстіне көптеген қолжетімді игіліктер бар, сайттар арқылы, басқа да платформалар арқылы өзіңді дамытып отыруға мүмкіндік жеткілікті», - дейді Қуат.

Қуаттың жалпы тәжірибесі 17 жыл. Оның 9 жылында университетте сабақ берген. Кейіннен мектепке ауысқан, ол шешіміне өкінбейді. Оқушыларға тек сабақ беру аз, оларды ынталандыру үшін түрлі әдістер қолданып, оларды психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп отыру маңызды деп есептейді. Әлем қайда кетіп барады, біз қай деңгейде тұрмыз, озық білім беру жүйесіндегі әдіс-тәсілдермен танысуға мүмкіндік жеткілікті, сондықтан, мұғалімдер бір орында тұрып қалмауы керек дейді.

Ақтөбедегі М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаттық ҚАРАСАРТОВА өзі қызмет ететін мектепте карантин жағдайындағы онлайн оқыту үшін біраз оқушыларға роутер таратылғанын айтады.

«Нақты қанша оқушыға берілгенін білмеймін, өзімнің сыныбымда 2 оқушыға ноутбук пен сим карта, т.б. берілді. Қазір сонымен оқып жатыр. Осы мектепте жүргеніме 26 жыл болды, жалпы еңбек өтілім 32 жыл. Осы жылдар ішінде біраз нәрсені бастан өткіздік қой. Менің айтқым келетіні – мұғалім мәртебесі қазіргідей болған емес. Артық жүктемеден босату өз алдына, жалақы мәселесі шешіліп жатыр. Бір жылдары екі жыл қатарынан, 97-98 жылдары жалақы алмаған кездеріміз болған. Арыз айтатын жөніміз жоқ деп ойлаймын. Кейде әріптестеріме ренжимін, шағына бергенше, соны да ойлау керек қой. Мен жолдасым екеуміз осы мектепте қанша қиналсақ та сүйікті мамандығымызды тастап кеткен жоқпыз. Қазір басқа жағынан да көптеген жеңілдіктер бар, анда бар, мұнда бар деген сөз жоқ. Ал енді жоспар жасау мен дәптер тексеруге қатысты шағым айтатын жөніміз жоқ, өйткені, кез келген мамандықтың өзіндік қиындықтары болады, бұл да солай ғой. Техниканың тілін білсең, интернетті меңгерген адам болсаң, сапалы білім беруге болады», - дейді Шаттық Қарасартова.

Қарасартова «әйтеуір оқу керек болған соң оқи салған» мұғалімдердің ендігі уақытта бәсекеге қабілетті бола алмайтынын айтады. Өйткені, қазір мықты мамандар оқу бітіріп, мектепке келе бастады. Бұл тенденция алдағы уақытта тіпті күшейеді. Сол себепті, мұғалімдерге өзін жетілдірмей, заманауи технологияларды меңгермей болмайды. Өйткені, қазір тек мұғалім мәртебесін кқтеріп қана қоймай, оларға қойылатын талап та жоғарылап келеді. Кәсіби тұрғыдағы талап.

«Қазір мектебімізге практикаға келіп жүрген студенттердің ішінде өте білімді, тиянақты жастарды көп көрем. Сосын, біздің буынды алмастыра алатын жақсы бір толқын өсіп келе жатқанына қуанам», - дейді ол.

 

 

Байланысты жаналықтар

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024
MalimBlocks
Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.