Жазу мен адамгершілік

  • 09.10.2020
  • Malim Админ

– Осы отырған әрқайсыңның ішіңде талай нәрсе жатыр ғой, – деді бірде бастығымыз жиналыс үстінде. Жазушылардың өмірден алыстап қалғаны, адамның жан дүниесіне үңілу секілді тақырыптар сөз болып жатты-ау деймін. Ол кісі осылай оқыстан сөйлейтін. Бір қарағанда бір-бірімен байланыспайтын нәрселерді айтып отырғандай көрінуі де мүмкін еді, бірақ әңгіменің негізгі ауанын іздеп отырып тыңдасаңыз, ең түпкі ой қолға түскенде бәрі орын-орнына келе қалатын.

Сол кезде Жұмабай аға сияқты адамдардың талайымен әлі-ақ танысатындай, тіпті керек болса, алдағы ұза-а-ақ өмірімде тек сондай адамдармен ғана араласатындай жүреді екенмін.

Кейін бір жағдайдан тітіркеніп, осындай да болады екен ғой деп жағамды ұстай таңғалып отырғанда, сол жылдары табысқан досым:

– Сен жақсы орта көрген екенсің ғой, – деп еді басын шайқап. – Біз бұндай нәрсеге етіміз өліп кеткен.

Негізі мен көрген орта – соған дейін жақын араласқан, әсерленген бірнеше адам десем, соның ішінде ең қатты ықпал еткен, көп нәрсені үйреткен – Жұмабай Шаштайұлы тұғын.

Жазудағы «қулықтарға» жылдап баулыған екен (қаншалық сіңіріп, іске асыра алғанымды кім білсін): шығармадағы негізгі сарын; сөйлем-сөйлем арасында шоқалақ құсап, назарыңды басқаға аударып жіберетін кінәраттар; оқиға өрбітудегі әртүрлі алыстар; маңызды тұстарды ежіктеп суреттеп, жарқырата бермей, іркіп отыру... Көп енді. Кейде жазып әкелген нәрсеңе байланысты ескертпе қылып айтады, кейде қазақ әдебиетінің ең сәтті шығармаларын талдап отырып, мысал келтіреді. Өзіңе айтқанға дейін ой күйінде әбден ішкі талқыға түсіп, бірнеше жыл дұрыс-бұрыстығы сыналып келген нәрселер болғанымен, егжей-тегжей айтылмайды, шеті шығады да, шорт кесіледі. Оған дейін жазу кезінде қиналған болсаң, басқаларды оқыған кезде тамсанған болсаң және соның бәрін жадыңда сақтап жүретіндей кішкене қабілетің болса, бірнәрселерді түсіне қоясың. «Сонда ол қалай?», «Жаңағы жерде қалай дедіңіз?», «Түсінбей қалдым» деген сияқты сөзді айтпайсың. Керек ойды өзің аулауың керек. Құрап отыруың керек.

Сөзін бөліп, сұрақ қоймайтынымыздың бір себебі, әкеден қаймыққандай бір қаймығу болатын. Қорқу емес. Қанша ұрысса да, соншалық махаббаты бар екені сезіліп тұратын, сол үшін де зәредей қорқыныш болған емес. Ренжітіп алмасам екен деген ой ғана. Әйтпесе бірнәрсе айтамын десең, ешқашан тиған емес. Әсіресе емін-еркін әңгіме кезінде ештеңеден тартынбаушы едік. Ал бірақ шаруаға келгенде олай емес. Айылыңды жиып, айтар сөзіңді алдын ала дайындап алып бармасаң болмайтындай бір сес бар еді.

– Адамның өмірі қызық екен, – деді кейін бір сөйлескенімізде. – Жас келгенде, кезінде үлкен оқиға сияқты болған, өмір бойы ұмытылмайтындай көрінген жағдайлар көмескіленіп қалады екен де, елеусіз сәттер есіңе түсе береді екен. Біреудің қарап қалғаны, біреудің жай ғана бірнәрсені айтқаны...

Жұмабай ағаның сәттерді есте сақтап қалатынын бұрын да байқаған едім. Ә дегенде үлкен кісі болған соң, көп нәрсені байқамайтындай көрінетін. Сөйтсем, байқаса да, білдірмейді екен. Бірнеше ай, бірнеше жыл өтіп кеткен соң да, кейбір жағдайларды еске алып отыратынын көріп, бұл кісінің алдында әртіс болам дейтін адам ақымақ-ау деген сияқты ойға қалғанмын. Кейін замандастарының бірі айтқан сөзді естідім. Жұмекеңнің көзінің әржағынан қарап тұратын бір көз бар, сол – қорқынышты депті. Рас айтады, Жұмабай ағамен әңгімелесе қалсаң, өзіңде не бар, соны алға тарта отырып сұхбат құрғаның жөн. Жоқты бар етіп, барды жоқ етіп көрсетем деуден пайда жоқ.

Ол кісі өзі сөйтеді. Прозасындағы өз-өзіне сынай қарап, көңілі толмай, айналасындағы адамдардың ішіндегісін табуға тырысып жүретін кейіпкерлердің жан күйі – автордың өзінікі. Өтірікке сонша шырмалып, оны өтірік деуден қалған көпшіліктің (көбіміздің дейікші) ішінде Жұмабай ағаның ерекшеленіп, «біртүрлі» көрінетіні содан. Тағы бір замандасы бұл кісіні, әзіл-шыны араластыра, жат планеталық, яғни инопланитянин деп атағаны содан.

Адамның жады – әрі бағы, әрі соры ғой. Жақсы адамдарды еске алып, жаныңды жылытасың. Кейде өз иттігің еске түсіп, әлдекімдерден көрген жамандықтарың және ойға оралып, азапқа түсесің. Жадың болмаса, кешегіні бүгін ұмытып отырсаң, кімнің жақсы, кімнің жаман екенін, оны қойшы, өзіңнің қаншалық қауіпті екеніңді ұмытып кетер едің. Әрі, азды-көпті жақсылығыңның да бар екенін есіңе алып, үміттің үзіліп бара жатқан жібін жалғамас едің.

Өмірінің ұзақ бөлігін бірге өткізетін адамдар аз. Бала күннен бірге өскен дос, Құдай қосқан көрші, бірге туған бауыр болмаған соң, адамдардың жолы әртүрлі жаққа бұрылып жатады. Көңіл жақындығы, ой жарастығы – дәрменсіз.

Бозбала күнімнен бері көрген көп жақсылығымды былай қойғанда, сөйлескенде зәредей қауіп күтпей, аңдыспай, алаңсыз отыруға болатын адам көп емес екенін біліп алған соң, Жұмабай ағаның қадірі бұрынғыдан да арта береді. Алда әлі талай сөйтіп отырып, ақтарыламын-ау деген ойдың өзі көңілге медет.

Арман Әлменбет

Байланысты жаналықтар

Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын қарыз алып түсірмек пе?

04.02.2020

Билік ерекше балалар емсіз қалсын дей ме?

25.06.2020

Президент Көлгіновке коммент жазғыштар туралы тапсырма бермепті

25.05.2020

Шымкенттен Риддерге тағы да гуманитарлық көмек жөнелтілді

19.05.2021

Жаңақорғандықтар наразылық білдірді

06.08.2020

COVID-19-ға қарсы тиімділігі дәлелденген бірде-бір дәрі жоқ

05.07.2020