Үкіметте шаруасы жоқ Бекболат қалай депутат болып жүр?

Malim Админ

  • 16.10.2020

Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат ТІЛЕУХАННЫҢ үкіметте шаруасы жоқ. Бұл жайлы Азаттық радиосының депутаттарға жүргізген сауалнамасында депутаттың өзі айтыпты.

«Екінші толқынға үкімет дайын ба?» деген сұраққа депутат жүре жауап беріпті:

«Мен дайынмын әйтеуір. Үкімет үшін емес, өзім үшін жауап берейін, дайынмын мен. Өлсек өлерміз, тірі қалсақ тірі қалармыз, Құдайдың жазғаны болады».

Тілеухан бұл сөзімен үш нәрсені ескермей отыр.

Біріншіден, Тілеухан соншалық жақсы көретін партиясы мен оның төрағасы және сол партияның тағы бір мүшесі – президент бастап, басқасы қостап осыған дейін ашылып-шашылып, улыған-шулыған болып жүріп, пандемиямен күресу үшін атқарған шаруасының бәрін «өлсеңдер өліңдер, тірі қалсаңдар тірі қалыңдар» деп жасаған жоқ шығар?

Екіншіден, өзінің, яғни, депутаттың міндетін ұмытып кеткен сияқты әлде мүлде білмейді. Депутаттың міндеті не? Үкіметтің дайын, дайын еместігінде шынымен шаруасы жоқ па? Ара-тұра болса да министрлерді сынап, елдегі «келеңсіз жайттарды» ортаға тастап, бар екенін көрсетіп, жиындарда министрлерге сұрақ қойып, яки арнайы сауал жолдап жататын жұрт – осы депутаттар емес пе еді? Оның дайындығын пысықтап, кем-кетігі болса түзеп, сынайтын жері болса сынап, ел ішіндегі елдің көзі мен құлағы болуға ант бермеуші ме еді? Әлде, үкімет ұсынған заңды «бірінші оқылымда мақұлдап тастап», қарап отыратын қызмет қана ма бұл? Оны енді Мәжіліс үйінде жүрген Тілеухан мырза нақтырақ біледі. Біздің ниет «халық қалаулысы» деген атына кір келмесін деген сөз ғана.

Үшіншіден, соншама жыл саясаттың айналасында жүрсе де, Тілеухан мырза Конституцияны жетік білмейтіндей көрінді. Өйткені, біздің құбылмалы болса да, қасиетті саналатын Конституциямыз бойынша Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің Парламент – Үкімет – Сот деп аталатын үш тармағы болатынын, олардың өзара байланыста болуы керек екені айтылған. Конституцияны оқуға ерінсе, Уикипедияның өзінде «Заң шығарушы билікті — Парламент, атқарушы билікті — Үкімет, сот билігін — соттар жүзеге асырады. Әрқайсысы Конституция және заң арқылы белгіленген міндеттерін атқаруға тиісті. Мемлекеттік биліктің үш тармағы күнделікті қызметінде өзара тығыз және келісімді байланыста болуы керек», деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Бұл ғана емес, осы үш тармақтың байланыста болуын тікелей президенттің қадағалайтыны да жазылған: «Президент мемлекет билігінің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етеді». Демек, Тілеухан мырза қазіргі президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ міндетіне де көлеңке түсіріп тұр. Көріп қалған елдің көңілінде: «Депутат үкіметте шаруам жоқ деп жүр, президент дұрыс ұйымдастыра алмай жүр екен ғой», деген күдік-күмән пайда болуы да мүмкін ғой.

Сауалнамаға қайта оралайық. Әншілігімен ғана емес шешендігімен де аты шыққан Тілеухан жүре жауап берсе де қысқа аралықта біраз әңгімеге арқау болатын сөз айтып үлгеріпті.

Депутат коронавирустың екінші толқынына анау айтқандай дайындық керек емес екенін айтады. Оның ойынша, пандемиядан сақтану үшін ең керегі – тыныштық. Қандай тыныштықты айтып тұр десек, оның айтпағы – ұйқы екен. Яғни, ұйқыны қандырсаң, ауырмайсың.

«Дайындық болғанда не, маскаңды тақсаң, тиыш жүрсең, ұйқыңды қандырсаң болды емес пе?» - дейді Тілеухан.

Бұл кісінің бір ауырып тұрғанын ескерсек, ұйқы туралы кеңесіне құлақ асуға да болады. Бірақ, ылғи да арыдан тартып сөйлеп, тарихты білетінін көрсетуге тырысып жүретін Бекболат Тілеуханның есіне VII-VIII ғасырда жасаған Білге қағанның: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым», деген атақты сөзін салсақ дейміз. Әлде, бәрін бір Құдайға итеріп қойып, ұйқысын қандырып жүрген депутат тәңіршілдік заманындағы әдебиет пен тұлғаларды мойындамай ма екен...

Осы тұста Тілеухан мырзаға жұрттың бәрінің өзі сияқты ұйқы қандыратын депутат креслосында отырмағанын да ескерте кетсек дейміз.

Алда келе жатқан сайлауды ескермей, бұлай, үкіметтен іргесін бөліп, еркінсіп жүргеніне қарағанда Бекболат Тілеухан не Nur Otan-ның қалай да жеңіске жететініне, ондағы бір мандаттың өзіне берілетініне тым сенімді. Не депутаттықтан кетуге дайындалып жүр. Ел ішінде депутаттардың ұйықтап отыратынына қатысты жиі сөз болады ғой, Тілеухан осыған ерегісіп, «сендерге ұйықтағанды көрсетейін!» - деп, кетсе кеткелі жатқан болар. Бір жағы пандемия кезінде «тиыш жүргенге» де жақсы...

Байланысты жаналықтар

Олимпиада 2021 жылы өтетін болды

24.03.2020

Азаматтық қоғам сұранысынан туған заң

26.03.2020

Біз мұнайшыларға, мұнайшылар үкіметтің аузына қарап отыр

28.05.2020

Мәмин вирусқамақта, Аймағамбетов пен Сапарбаев қайтер екен?

14.06.2020

"Тоқаев жауап бермесе, халықтық парламент құрылады"

15.10.2020

Депутаттар Қазақстанды аутсайдерлер қатарынан көргісі келе ме?

16.09.2021
MalimBlocks
Олимпиада 2021 жылы өтетін болды

Азаматтық қоғам сұранысынан туған заң

Біз мұнайшыларға, мұнайшылар үкіметтің аузына қарап отыр

Мәмин вирусқамақта, Аймағамбетов пен Сапарбаев қайтер екен?

"Тоқаев жауап бермесе, халықтық парламент құрылады"

Депутаттар Қазақстанды аутсайдерлер қатарынан көргісі келе ме?