Депутаттар мен парламент қызметкерлеріне шамамен 8 млрд теңге жұмсалады

2026 жылы Қазақстан Парламентінің еңбекақы қоры 7,8 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz КазТаг-қа сілтеме жасап.
«Шамамен 7,8 млрд теңге көлемінде қаражат бар. Бұл – депутаттарды, сондай-ақ парламенттің саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерін қамтамасыз етуге арналған еңбекақы қоры. 2026 жылға жоспарланған сома осындай», – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда Мәжілісте 98 депутат, ал Сенатта 50 депутат жұмыс істейді.
Айта кетейік, бұған дейін қоғамда қызу талқы тудырған мәселе – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзіне 20 млн теңге айлық тиісті екенін айтса, ал Ардақ Назаров парламент мінберінен анасын құттықтап, сынға ұшыраған болатын.
Желі қолданушылары мұндай мәлімдемелерді сынға алып, минималды жалақы деңгейімен салыстырды.
Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстанда ең төменгі айлық жалақы 85 мың теңге болып бекітілген.
Фото: Мәжіліс