Айлық табысы 3 млн-нан асқан жеке тұлғалар 15 пайыз жеке табыс салығын төлейді
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық әдіснамасы басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова 2026 жылы жеке табыс салығына қолданылатын прогрессивті шкала қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
2026 жылдың қаңтарынан бастап жалпыға бірдей салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер мен фермерлік шаруа қожалықтарынан басқа жеке тұлғалардың бәрі дивиденд түріндегі табыстан бөлек табысының бәріне прогрессивті шкала бойынша жеке табыс салығын төлейді. Бұл үшін табыс көлемі жылына 8500 айлық есептік көрсеткіштен (36 млн теңге) жоғары болуы керек. Жылдық табысы бұл сомаға жетпейтіндер 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын төлейді. Ал бұл сомадан асқандардың бәрі 15 пайыз төлейді. Сонда бізде прогрессивті салық шкаласының екі сатысы болады деген сөз, — деді ол онлайн брифингіде.
Бұл жерде жеке табыс салығы жеке тұлғаның еңбекақысымен ғана шектелмейтінін ескеру керек.
— Жеке тұлға бір жылдағы табысының бәрін есептеу керек. Мысалы, бірнеше жерде жұмыс істейтіндер болады. Оларға бүкіл жұмысынан түсетін табыстың жылдық жиынтығын есептеу керек. Бір негізгі жұмысының сыртында шетелден табыс алатындар немесе қосымша кәсіпкерлікпен айналысатындар айлығынан тыс табысын жыл қорытындысында қосып есептейді.
Прогрессивті шкала жеке тұлғаның таза табысына қолданылмайды. Салық жеңілдіктері есебінен шегерілген жеке табысының мөлшері есепке алынады, — деді Айгүл Аббасова.
Фото: pixabay.com