457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Жолдау-2024: Үкіметтің ағымдық есебіне үңілсек

Астана, malim.kz. Соңғы бірнеше күнде премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы жолдауының орындалу барысына қатысты бірнеше шолу жарық көрді.

Біз сол жарияланымдардағы бірнеше тұжырымдарды қарап шықтық.

Тоқаевтың  жолдауындағы басты модульдердің бірі - денсаулық сақтау саласы болатын. Мемлекет басшысы әсіресе,  салаға бөлінген 3.3 трлн теңгенің нәтижесі жоғына ерекше тоқталып өткен. Қоғам тарапынан да шағым көп бұл сала басты көрсеткіштер бойынша ойдағыдай нәтиже көрсете алмаған. Оның ішінде, Президент тарапынан - мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде көрсетуден бастап, цифрланудың мардымсыздығына дейін айтылды. Мысалы, денсаулық сақтау саласы ондаған дербес софт түрін пайдаланып келген.

Үкіметтің жариялаған ағымдық шолуына тоқталсақ, қазір еліміздің денсаулық саласы басты проблемалар мен бағыттарды айқындау үстінде. Мемлекет бәрінен бұрын ем-дом шараларын қаржыландыру көздерін реттеуге шүйліккен. Мысалы, 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу көзделген. Мұндай өзгеріс азаматтардың сақтандыру мәртебесіне еш байланыссыз - кең тараған дерт түрлері бойынша базалық ем-дом шараларына кепілдік береді.

Сонымен бірге, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ұсынылып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманованың айтуынша, бұдан жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін жарналар көтерілмейді.

Ләззат ШомановаPhoto: ©primeminister.kz

Бірақ ұзақмерзімді перспективада медициналық көмек жүйесіне қолғабыс болады. Есіңізде болса, былтыр емханаларда "ем алды" деген жалған фактілер анықталып, қоғамдық резонанс болған. Ел азаматтарының Damumed сияқты қосымшаларында әлдебір ем-шаралар жасалды деген жазба пайда болған. Ләззат Шоманова бұл орайда халықтың сенімін нығайту мақсатында Денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық қызметінің ашықтығын арттыратын норма енгізілгенін жеткізді.


Қазақстан былтыр соңғы онжылдықта болмаған рекорд орнатып, 26.7 млн тонна астық жинады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумы кезінде мемлекет басшысы мұндай ауыз толтырып айтатын нәтижемен қоса, мал шаруашылығындағы проблемаларды қатар атап өткен болатын. Сонымен бірге, мемлекет басшысы - беталды субсидияларды доғару жөнінде, бақылауды күшейту жөнінде Жолдауда айтқан еді. Үкіметтің ағымдық есебі іспеттес жарияланымға тоқталсақ, ауыл шаруашылығы саласында былтырғы көрсеткішті құлдыратып алмау әрекеті байқалады. Астық беретін басты өңірлер - Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстандағы егін орағы ерекше бақылауда екені осыны көрсетеді.

Астық-2025Photo: ©primeminister.kz

Үкімет бұған қоса, астықты сақтау және тасымалдау жөнінде айқын бағдарламасы бар екенін көрсетіпті. Консолидациялық есеп шықпағанмен, биыл да мол түсім болуына трендтер Үкімет келтірген сандәйектерден анық байқалады. Мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде егін орағына дайындық көрсеткіші 93% құрайды.


Жолдаудың көлік инфрақұрылымына қатысты тармағы Үкімет үшін күрделі бағыт екені түсінікті. Себебі, Президенттің Транскаспий бағытын дамыту сияқты тапсырмасы тек ел ішіндегі жұмыстарға емес, сонымен бірге, халықаралық келісімдерге де байланысты. Оның үстіне, бұл бағыттың маңызы соңғы 3 жылдағы оқиғаларға қатысты екені, ендеше кезек күттірмейтін мәселенің бірі болғаны айқын. Бұл бағытта да ағымдағы көрсеткіштер келтірілген, бірақ соның өзі оптимизм ұялатады.

ЛогистикаPhoto: ©primeminister.kz

Мысалы, қазір ұзындығы 1,3 мың шақырымнан асатын теміржол тартудың төрт жобасы жүзеге асырылуда («Достық – Мойынты», Алматы айналма теміржолы, «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз»). Сонымен бірге, мультипликативтік пайдасы болатын, мысалы, туризмді дамытуға айтарлықтай әсер ететін - 125 вокзалды жаңғырту сияқты жұмыстар бар. Ал Транскаспий бағыты - Еуразиялық логистиканың негізгі түйіні болуға жақын: 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артып, жүктеме тек үстеліп келе жатыр. Автомобиль жолдарына келсек, биылғы жөндеу-төсеу жұмыстары 13 мың шақырымнан астам жолды қамтып отыр.


Бұларға қоса, Үкімет - тұрғын үймен қамту, энергетика, экспортты қолдау сияқты бірнеше бағыт бойынша ағымдық көрсеткіштерді жариялаған. Олардың күтілетін нәтижеге сәйкестігін алдағы уақытта шолып өтетін боламыз.