Тоқаев мырза, сіздің сыныңызды елеген ешкім жоқ

Malim Админ

  • 19.02.2020

Әліпби латын графикасына ауысады дегелі әр тараптан түрлі нұсқалар ұсынылып келеді. Бірақ, бір де бірі не елдің, не президенттердің (!) көңілінен шыққан жоқ. Қазіргі президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, тіпті, бұл әркім бір нұсқа ұсына беретіндей жеңіл желпі нәрсе емес екенін айтқан. Осыдан кейін Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты тағы бір нұсқа әзірлеп, ұсынған. Бірақ, бұл нұсқа туралы пікір де әр түрлі.

Осыған орай, латын графикасы төңірегіндегі дауға жиі араласып жүрген, бірнеше рет өтпей қалғанына қарамастан, Bailatyn нұсқасын өзгертусіз қайта-қайта ұсынып жүрген Нұраддин САДЫҚОВТЫҢ президент Тоқаевқа жазған ашық хатын ұсынамыз.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаға

АШЫҚ ХАТ

Құрметті, Қасымжомарт Кемелұлы,

Сізді соңғы инстанция көргендіктен ғана жазып отырмыз. Мәселенің басы 2025 жылы толықтай латын графикасына өтуден басталған. Осыған дейін ұсынылған латын графикасының барлығы шикі. Оған өзіңіз де куә болдыңыз, 3 рет ұсынылған латынның өзіне сіз сын айттыңыз, алайда, сіздің сыныңызды орынды қабылдаған ешкім жоқ. Оны бар болғаны "жоғары жаққа ұнамады", "жоғары жақ бекітті" деген сарында тонын айналдырып, осы латынның айналасында жүрген институттар өздері ұсынған, өздеріне қолайлы графиканы ғана лобби жасап отыр. Енді мына соңғы ұсынған латын графикасында, умляут, акут, диакритика, транскрипция ішіндегі дыбыс символы да жүр. Сіздің айтқаныңыз мынау еді: "Нужна реформа казахского языка, если хотите - модернизация нашего языка. Ждем авторитетного мнения наших ученых. Еще раз заявляю, что мы реформируем именно казахский язык. В таком судьбоносном для нации вопросе кампанейщина, легковесность недопустимы".

Енді тәуелсіздік алғанымызға биыл 29 жыл болады. Яғни, шамамен отыз жылдың көлемінде әмбебап латын графикасын ұсына алмаған ғалымдарды авторитет санауға болмайды. Себебі, бұл ғалымдар осы кезге дейінгі принципсіздіктерінің кесірінен қоғам алдында бүкіл абыройдан жұрдай болды. Бұл ғалымдарға қаншалықты карт-бланш берілген сайын, батпақтап, қазақ тілін модернизациялау түгілі, жөні түзу графика ұсына алмай отыр. Бірінші жасаған латын графикасы өтпеп еді, оны екіншісімен жамап-жасқады, оны Елбасы жақтырмап еді, алды да үшінші жарымжан нұсқаны ұсынды. Ол нұсқаның жарамсыздығын сіз қадап тұрып айтып едіңіз, енді 4-ші нұсқаны әзірлеп, соны өзара ғана "узкий кругта" талқылағансып, "жұрттың бәрі қолдады, жұртқа насихатталған" деп, Сізді ғана емес, бүкіл қоғамды алдап, өткізбекші. Тағы бір еске алатын жайт - мүлдем жарамсыз болған латын графикасының бұған дейінгі үш нұсқасын да осы институттар жалаулатып насихаттаған. Ал оның насихаты мен үйретуге, ендіруге мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы жұмсалды. Сонда қате болса да, латын графикасын қайта-қайта насихаттап, Қазақстан Республикасының бюджетін оңды-солды шашуға оларға мүмкіндік беріп отырған мүдделі топтар кімдер? Неге құзырлы орындар мұндай қаржыны талан-таражға салған институттардың есебін тексеріп, жауапқа тартпайды?

Және ең бір сорақылығы - неге мемлекеттік органдар әлі күнге дейін кәсіби тұрғыдан "мүгедек" осы топтарға еліміздің латын графикасына өту процесі секілді жауапты шаруаны тапсырып отыр?

Осы себепті, Сізді және бүкіл қоғамды Байтұрсынов институты болсын, Шаяхметов институты болсын, орфографикалық, терминологиялық, әдістемелік, сараптама және техникалық сүйемелдеу топтарындағы ғалымдарды кәсіби жарамсыз деп тануға шақырамыз. Өйткені, біздегі лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, математикалық лингвистика деген ғылым салаларын осы тіл институттары дамыта алмай отыр. Енді ойлаңызшы, 30 жылда бір ғана әліпбиді оңтайлы түрде латын графикасына өткізуге жағдай жасай алмаған ғалымдар, қазақ тілін жан-жақты саралай алмаған ғалымдар, 4-ші латын графикасын ұсынғанға дейін қазақ тіліне реформа жасап, заманауи талаптарға сәйкес модернизациялай алады дегенге сенесіз бе?!  Лингвист ретінде, мен сенбеймін. Керек десеңіз, олардың докторлық, магистрлік, PhD дәрежелеріне күмәнданамын. Яғни, елдегі ғылым саласы кенжелеп қалған деп түсінем. Оның себебі, ғылым институттары өзінің функционалдық міндетін атқара алмауында. Бұдан бөлек, бұл ғалымдардың ешқайсысы прагматик болмағанында.

Яғни, оларды латынға оңтайлы өтіп, ел дамуына үлес қосудан гөрі, сол науқанды пайлаланып, халық қаржысын оңды-солды шашу, менің ғана атым озсын, менің атым қалсын деген жымысқы пиғыл ғана бар. Бұны біз осы науқанға қатысты ондаған жиындар мен "для галочки" ұйымдастырылған конференцияларға қатысу барысында, олармен осы тақырыпқа полемикаға түсу барысында анық көзіміз жетті. Тағы бір сорақылығы - қоғам ұсынған латын графикасының нұсқаларын таңдап-талғау ісі де осы Үш мәрте қате латын графикасын ұсынған мүдделі тарапқа беріліп, сыбайластыққа жол беріліп отыр.

Осы ретте, сізден ҚР Конституциясының кепілі ретінде сұраймыз:

  • Қазіргі таңда латын графикасына көшу процесіне қатысты барлық ғалымдарды, осы екі институтты мүмкіндігінше латын графикасына өту процесінен алшақтатсаңыз.
  • Кез келген азамат һәм жұмыс топтарынан келген латын графикасын қарастыратын тәуелсіз кеңес құрылса.
  • Оның құрамында, осы 3 рет жығылған латынның сойылын соғушылардың бірі де болмауын қамтамасыз етсеңіз.

Елдегі ғылымның дамуына мынау сәт сайын өзгеріп отырған заман кінәлі емес, керісінше, тынбай еңбек ету керек ғалымдардың өзі кінәлі боп отыр. Өйткені, олардың күн тәртібінде ғылыммен айналысып, уақытқа икемделу емес, бұрыс болса да, қабылданып кеткен графикада өз аттарын қалдырып, соған бөлінер қаржыны игеру ғана болып тұр.

Құрметпен,

филолог Нұраддин САДЫҚ

Фото: inform.kz

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

23.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.